Accessibility links

Кэмеронды терістеген СІМ, яхтадағы қазақстандықтарға айып таққан Грекия, Еуроодаққа жасыл энергия сату


Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Камерон (сол жақта) мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу. Астана, 24 сәуір, 2024 жыл.
Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Камерон (сол жақта) мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу. Астана, 24 сәуір, 2024 жыл.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Камерон ресейлік пранкерлермен әңгімеде қазақстандық әріптесі Мұрат Нұртілеумен болды делінген әңгімені жария етті, бірақ Қазақстан сыртқы істер министрлігі оны "жалған ақпарат" деп атап, теріске шығарды. Грекия билігі өртенген арал маңында яхтада болған сегіз қазақстандыққа айып тағып, оларды іздеу үшін Қазақстаннан көмек сұрады. Каспий теңізі аймағы Еуропаға энергия тасымалдайтын орталыққа айналуды көздейді. Батыс баспасөзі бұл аптада осы тақырыптарды қамтыды.

"УКРАИНДЫҚТАР ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ҚАЗА ТАУЫП ЖАТЫР". СІМ КЭМЕРОННЫҢ СӨЗІН ТЕРІСКЕ ШЫҒАРДЫ

Британдық Independent басылымы Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенконың кейпіне енген ресейлік пранкерлерге алданып қалып, бейнебайланыс арқылы халықаралық істерді талқылағанын жазды.

Украинаны 2014-2019 жылдар аралығында басқарған Петр Порошенкомен сөйлесіп отырмын деп ойлаған Кэмерон 15 минуттық әңгімеде негізінен Украинадағы соғыс, Владимир Путин, Дональд Трамп пен лейбористер партиясын әңгіме еткен, арасында Қазақстанға да тоқталған.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Камерон (сол жақта) мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу брифинг өткізіп тұр. Астана, 24 сәуір, 2024 жыл.
Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Камерон (сол жақта) мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу брифинг өткізіп тұр. Астана, 24 сәуір, 2024 жыл.

Видеоның аяғына қарай Кэмерон жыл басында Қазақстанға сапарлап барғанда сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен болды делінген әңгімені жария етті. "Путин солтүстік Қазақстанның бөлігін алғысы келетініне сенімдімін. Сыртқы істер министрі Ресеймен ұзын шекара болғандықтан, ахуал ушығып жатқанын айтты. Ол украиндықтар Қазақстан үшін қаза тауып жатыр, олар Ресейді тежеу үшін өз өмірін қатерге тігіп жатыр деді", дейді Кэмерон.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ресейлік РИА Новости агенттігіне "мұндай әңгіме болмағанын" айтты. Агенттік Смадияровтың "жалған ақпарат үшін жауапкершілік британ министрінің мойнында" деген сөзін келтіреді.

Ал Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі ведомство басшысы пранкерлердің құрбаны болғанын, министрмен видеоның манипуляциялау әрекетінің алдын алу үшін бұл туралы ашық мәлімдеуді шешкенін жеткізді.

"Сыртқы істер министрі өз қатесіне өкінеді, бірақ мұндай оқиғаны ашық айтып, жалған ақпаратпен күресті күшейту керек деп есептейді", деді Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі.

ГРЕКИЯ АРАЛЫНДАҒЫ ӨРТ: "ЯХТАДА БОЛҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА АЙЫП ТАҒЫЛДЫ"

Грекияның Kathimerini газеті билік өртенген Гидра аралы маңында яхтада болған сегіз қазақстандыққа өртке қатысы бар деген айып таққанын жазды. Кәмелетке толмаған екі қазақстандыққа айып тағылмаған.

Газеттің жазуынша, Грекия билігі Қазақстаннан көмек сұрапты, себебі яхтаны жалға алған қазақстандықтар өрттен кейін Грекиядан ұшып кеткен.

Бұған дейін Inside Story, OCCRP және Власть басылымдары қолына түскен құжатқа сүйеніп, "Персефония I" яхтасындағы қонақтар арасында Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің қатарына енген Данияр Әбілғазин, оның әйелі, Қазақстандағы ең ірі қайырымдылық қорларының бірінің жетекшісі Айдан Сүлейменова мен оның орынбасары, "Халық банк" басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова мен оның күйеуі, KMG International NV мұнай компаниясының бұрынғы топ-менеджері Бейімбет Шаяхметов пен олардың қызы болғанын жазды.

Журналистер Әбілғазин, Сүлейменова мен Шаяхметоваға хабарласқан, бірақ олар әзірге жауап бермеген.

Гидра аралындағы өрт. Грекия, 21 маусым, 2024 жыл.
Гидра аралындағы өрт. Грекия, 21 маусым, 2024 жыл.

Kathimerini газеті қазақстандықтарға айып тағуға сот-медицина сараптамасы кезінде табылған жаңа дәлелдер себеп болды дейді. Өрт сөндірушілер өрт шыққан бухтадан отшашу қалдықтарын тапқан.

Грекияның ақпарат құралдары 21 маусымдағы орман өртіне Қазақстаннан барған туристердің жалға алған яхтадан отшашу атқаны себеп болды деп хабарлаған. Гидра аралында шамамен 300 мың шаршы метр аумақты өрт шарпыған.

Оқиғадан кейін яхтаның капитаны мен оның бірінші көмекшісі қамауға алынды. Бастапқыда ұсталған экипаждың қалған мүшелері кепілмен босатылған.

Пирей прокуратурасы Гидра аралындағы өрт кезінде порттың билігі мен өрт сөндірушілердің әрекетіне қатысты алдын ала тергеу бастаған. Басылым өртке қатысы бар деген күдікке қарамастан яхтаны жалға алушыларға Грекиядан кетуге мүмкіндік берген салғырттық жіті тексеріледі деп жазады.

КАСПИЙ АЙМАҒЫ БАТЫСҚА ЭНЕРГИЯ ТАСЫМАЛДАЙТЫН НЕГІЗГІ ОРТАЛЫҚҚА АЙНАЛА МА?

Зерттеуші, АҚШ-тағы Gulf State Analytics компаниясының кеңесшісі Сергей Суханкин Jamestown қорының сайтында Каспий аймағы Еуропаға энергия тасымалдайтын орталыққа айнала ала ма деген сұраққа жауап іздейді.

1 мамыр күні Әзербайжан, Қазақстан мен Өзбекстан күн және желден өндірілген электр энергиясын Еуроодаққа тасымалдау туралы меморандумға қол қойды. Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев үш ел Еуропаға жасыл энергияны тасымалдау бойынша нақты жоспар жасап, энергетика салаларын интеграциялау мен бірлескен бизнес модельді жасауға кіріскенін мәлімдеді.

Сергей Суханкин Ресей 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кірген соң, Мәскеу энергия тасымалын Киевке қысым көрсету және Батысты Украинаға көмектен бас тартуға мәжбүрлейтін құралға айналдырып, бопсаға салғанын келтіреді. Ақыр аяғында Еуропа елдері Ресей энерготасымалдағыштарын сатып алудан бас тартты, сөйтіп, Батыс елдері балама тасымалдаушылар мен басқа транзит жолдарын іздей бастады. Мұндай жағдайда Каспий аймағы Еуропаға энергия тасымалдайтын орталыққа айнала алады. Каспий дәлізін балама бағыт ретінде қолдану көп ретте аймақтың сыртқы инвестицияларды Батыс, Қытай, Ресей тәрізді сыртқы ойыншылардан қаншалықты тарта алатанына байланысты.

Қазақстанның Ақтау портынан Әзербайжанға, одан ары қарай Грузия мен Түркияға тасымалданатын мұнай көлемі ұлғайған, бірақ Каспий құбыр желісімен жөнелтілетін мұнай көлемі одан әлдеқайда көп.
Қазақстанның Ақтау портынан Әзербайжанға, одан ары қарай Грузия мен Түркияға тасымалданатын мұнай көлемі ұлғайған, бірақ Каспий құбыр желісімен жөнелтілетін мұнай көлемі одан әлдеқайда көп.

Каспий аймағы энергетикалық ресурсқа бай, бұл ретте Каспий маңы елдерінің мұнай әлеуеті шешуші рөлге ие. Қазақстандағы мұнай қоры 30 миллиард баррель болса, Әзербайжандікі 7 миллиард баррельге тең. Мәскеу Украинаға басып кіргелі Қазақстан мұнай тасымалдау үшін Ресейді айналып өтетін балама дәліз іздеді. Астананың Еуроодаққа Әзербайжан арқылы экспорттайтын мұнай көлемі өсіп, қаңтарда Баку-Тбилиси-Жейхан арқылы тасымалданған жалпы мұнай көлемінің 17,3 пайызына жетті.

Еуропа елдері мен Каспий аймағындағы мемлекеттер жаңартылатын энергия көздері бойынша серіктестікті күшейтіп жатыр. Қазақстан, Әзербайжан мен Өзбекстан жасыл энергияны өндіру мен экспорттау көлемін арттыруды көздейді. Қазір Қазақстан 2,9 гигават электр энергиясын жаңартылатын көздер есебінен өндіреді, 2030 жылға қарай оны 5 гигаватқа жеткізбек.

Орталық Азияның сирек жер минералдары Каспий теңізі саудасының негізгі көзіне айнала алады. Қазақстанда уранның ірі қоры бар. Автордың жазуынша, Қазақстан ураны АҚШ санкциясына іліккен Ресей уранына балама болуы мүмкін. Астана уран экспортын әртараптандырып, балама жолдармен тасымалдауды қарастырып жатыр. Қазір Астана уранды Еуропа мен Солтүстік Америкаға Санкт-Петербург арқылы тасымалдайды. Транскаспий көлік дәлізі немесе Орта дәліз оған балама бола алады.

Орталық Азия мен Кавказ елдері географиялық орны мен табиғи байлығының арқасында Каспий аймағын Еуропаға энергия тасымалдайтын орталыққа айналдыруға мүдделі. Бірақ Ресей және Иран транзит пен экспорт дәліздерін өз аумағынан бұратын кез келген әрекетке қарсы тұруы мүмкін. Суханкиннің ойынша, Пекин "Бір белдеу – бір жол" бастамасына қайшы келмейтін, Шығыс пен Еуропаны жалғайтын жобаларды қолдайды. Осылайша, Каспий теңізі аймағын сауда мен транзит орталығына айналдыру үшін аймақ серіктестігімен қатар инфрақұрылымның дамуына салынған инвестициялар да маңызды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG