Әскер тапшылығына ұшыраған Ресей Украинадағы соғысқа жіберетін адам іздеп жатыр. Билік енді Солтүстік Кавказ өңіріндегі адамдарды соғысқа жұмылдырып, ұлтына қарай құрылған бөлімдерді соғысқа дайындықсыз жібермек.
Дағыстан, Ингушетия мен Қалмақ республикаларының шенеуніктері осы өңір тұрғындарынан тұратын атқыштар ротасын құру жоспарын жариялады. Кавказ.Реалии басылымының хабарлауынша, бұл ұлттық бөлімдер негізінен бұрын әскери борышын өтеп, келісімшартқа отырған сарбаздардан тұрады. Олардың көбіне билік қысым көрсетіп, Украинадағы соғысқа қатысуға мәжбүрлеуге тырысқан.
"[Солтүстік Кавказдағы республикалардың] губернаторларына әскери коммисариат арқылы қосымша күш құру тапсырылған" деді "Гражданин. Армия. Право" құқық қорғау тобының директоры Сергей Кривенко.
"Гражданин. Армия. Закон" тобы бұл бөлімдердің құрылуын мұқият қадағалап отырғанын айтқан ол сарбаздарға қандай шарт қойылғаны, олардың еңбекақысы мен қорғаныс министрлігінің әскері қатарына кіретін-кірмейтіні белгісіз дейді.
Ол қазіргі таңда мұндай бөлімшелер бүкіл Ресей бойынша құрылып жатқанын айтты. Тек өмір сүру деңгейі мен еңбекақы аз Солтүстік Кавказ ерекше назарға алынып отыр.
"Әскерге шақыртылғандар мен келісімшартқа отырғандар Ресей қарулы күштерінің құрамындағы әскери қызметкер статусына ие" деді Кривенко. "Бірақ еріктілер деген екінші категория да бар. Оларға келісімшартқа кім кепілдік беретіні және заң бойынша қандай міндеттемелері болатыны әлі күнге белгісіз".
Ресейдің әскери мәселелермен айналысатын құқық қорғаушы топтары мен заңгерлер әскери комиссариаттар резервтегі адамдарды "тексеру үшін және жеке деректерін жаңарту үшін" шақыртып, содан кейін оларға Украинадағы соғысқа баруға көндіруге тырысып, келісімшарт ұсынып жатқанын айтады.
Бірақ мұндай мәселелер үнемі анық бола бермейді. "Гражданин. Армия. Право" тобы кей азаматтар, әсіресе жуырда құрылған ұлттық бөлімдерге кірген адамдар қарулы күш құрамында қызмет етуге келісімшартқа отырамын деп ойлағанын айтады. Бірақ шын мәнінде оларды басқа санатқа енгізген. Осылайша олар заң бойынша әскери қызметкерге берілетін әлеуметтік жеңілдіктер мен кепіл берілген төлемдерден қағылған.
"Ұлттық бөлімдерді құру заңды саналады. Егер ол қорғаныс министрлігіне кірсе, оларды құруға тыйым салатын заң жоқ" дейді Кривенко. "Бірақ билік бұл бөлімдерді қорғаныс министрлігіне көмек көрсету үшін жинап жатса, онда бұл заңсыз. Бірақ қазір бәрі [заңға] көз жұмып жатқанға ұқсайды".
"ЖАСЫРЫН МОБИЛИЗАЦИЯ"
Соғыс басталғанына төрт ай болғанда Кремль көп шығынға ұшырады. Бірақ осы күнге дейін әскер жасына жеткен адамдарды мобилизациялауға бұйрық берген жоқ. Оның орнына билік елдегі ер адамдарға келісімшарт ұсынып, әскер қатарына тартуға тырысты.
"Бұл шаралар жасырын мобилизацияға ұқсайды. Бұл соғыста Ресей әскеріне қолдау алуға мүмкіндік береді, бірақ жұмыс күшінің жетіспеушілігінің орнын толтыра алмайды" деп жазды Вирджинияда орналасқан CNA-дегі Ресей зерттеулері орталығының директоры Майкл Кофман.
Ресейде көктемгі әскерге шақыру жүріп жатыр. Шілденің ортасына дейін елде 18-27 жас аралығындағы 130 мыңға жуық адам әскери қызметке шақырылады деп жоспарланған.
Заң бойынша, әскерге шақыртылғандар кемінде төрт ай дайындықтан өтпесе соғысқа жіберіле алмайды. Мәскеу бірнеше рет Украинаға әскери борышын өтеп жүргендерді апармайтынын мәлімдеген еді. Бірақ 24 ақпанда басқыншылық басталған соң бірнеше рет соғысқа тәжірибесі жоқ сарбаздарды жібергені анықталды.
Ресейлік құқық қорғаушы, Украинадағы әскери қылмыстарды құжаттап жүрген ресми топтың мүшесі Михаил Савва ұлтына қарай бөлім құру өте үлкен кадр дағдарысының белгісі дейді. Оның сөзінше, мұндай бөлімдер соғыстағы тәртіптің төмендеуіне және азаматтар өлімінің көбеюіне әкеледі.
"Мұндай құрылымдарды бақылау және тәртіпке келтіру қиын" дейді Савва. "Олар Украинаның бейбіт тұрғындарына ғана емес, Ресей әскерінің басқа бөлімдеріне де қауіп төндіреді".
Ресей Украинадағы соғыста ұлтына қарай құрылған әскери бөлімдерді бұған дейін де тартқан. Мысалы, Ресей басқыншылығына Рамзан Қадыров бастаған шешен бригадалары қатысып жүр.
Бұл бөлімнің украиндарға қарсы әскери қылмыс жасағанына дәлелдер табылып жатты. Кей сарапшылар шешен жартылай әскери құрылымдары мен Ресей әскерінің арасында өзара тартыстар болғанын айтты.
Бірақ бұл бөлімдер кейбір маңызды әскери әрекеттерге де қатысты. Ресей Украинаның Мариуполь портты қаласын алған кезде шешен әскерінің орны зор болды.
"Тәуелсіз Ресей қорының" Солтүстік Кавказ бойынша сарапшысы Денис Соколов Азаттыққа ұлты бойынша жаңа бөлімдер құруды сарбаздарды жігерлендірудің бір амалы деді.
"Бұл бедел мен әскери операциялардың тиімділігін байланыстыру амалы, себебі [Ресей әскерінің көбінің] дәл қазір күресті жалғастыруға құлшынысы жоқ" деді Соколов.
Дағыстан республикасында Украинадағы соғыс кезінде келісімшарт жасаған сарбаздар саны артты. Бұл республикада үш миллион адам тұрады.
Дағыстанда орналасқан "Черновик" тәуелсіз басылымы бас редакторының орынбасары Магомед Магомедов аймақтағы адамдардың көбі әскери қызметті "маңызды әлеуметтік баспалдақ" санайтынын, жоғары жалақы мен экономикалық тұрақтылық кепілі көретінін айтады.
"Дағыстанда келісімшартқа отырғандардың көбінің жоғары білімі бар, бірақ оқудан соң жұмыс таба алмаған" деді Магомедов. "[Дағыстанда] келісімшарт арқылы қызмет ету табысы орташадан жоғары. Әрине, [ақпанға дейін] олардың көбі әскери операцияға қатысатынын күтпеген де болар".
Шешенстанда соғысқа адам тарту шаралары құқық қорғаушы топтар мен блогерлердің қарсылығына ұшырады. Оларды сөзінше, әскер жасына жеткен ер адамдар мен олардың туыстары әскер қатарын толтыру үшін оларды аудандағы әскери топтарға қосылуға сес көрсеткен.
Украинадағы соғыстан оралған төрт адам уәде етілген жалақысын ала алмағанын, оларды соғыста арнайы құрал-жабдықсыз тастап кеткенін айтып шағымданған. Шешенстан парламентінің спикері Магомед Даудов телеарна арқылы жауапты адамдарға сөгіс жариялады. Содан кейін олар шағымын қайтарып алған.
БҰЛЫҢҒЫР БОЛАШАҚ
Украинаның шығысындағы кескілескен соғыста Ресей де, Украина күштері де шығынға ұшырап жатқанда, Мәскеу әлі де қанды шайқастағы басқыншылық мүмкіндіктерін сақтап қала алды.
Украина ресми тұлғаларының сөзінше, Кремль агрессиялық түрде жүргізген амалдарының арқасында әскер қатарына 40-50 мың адам тартып, басқыншылық кезінде айырылған әскердің орнын баса алған.
Соған қарамастан, Батыс барлауы Ресей әскерінің мүмкіндіктері жуырда сарқылып, тіпті, Донбасстағы шалбуылды тоқтатуға мәжбүр болуы мүмкін дейді.
"Ресей шабуыл жасай алмайтын жағдайға жетуі мүмкін, себебі оның ресурсы сарқылды" деді Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Германияның Süddeutsche Zeitung газетіне берген сұхбатында өз елінің барлау қызметіне сілтеме жасап.
Ресей кадры мен әскери техникасына күмән өршіп тұрғанына қарамастан, әлеуметтік жеңілдік пен жоғары жалақы ұсыну келісімшартқа әскер тартуда сәтті жүзеге асты.
Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметіне жүгінген Айгүл есімді әйел күйеуі келісімшартпен сарбаз болып, соғыстың мәнсіз екенін біле тұра, Украинаға кеткенін айтты. Ол қауіпсіздік мақсатында тек есімін атауды сұрады.
Татарстанда тұратын Айгүл күйеуінің нақты қанша жалақы алатынын айтпады. Тек шамамен жүз мың рубльден, яғни екі мың доллардан асатынын айтты. Бұл Ресейдегі орташа жалақыдан анағұрлым көп.
Оның күйеуі есімін атамауды сұрап, сұхбат беруден бас тартты. Бірақ соғыстан көңілі қалғанын айтты. Ол Украинаға бару үшін келісімшарт жасауды жоспарлап жүрген адамдарға "Мәжбүрлемесе, ол жаққа бармасын" дейді.
ПІКІРЛЕР