Accessibility links

«Борттағы бомба»


Египетте қазанның 31-і күні жарылған ресейлік жолаушылар ұшағының сынығы.
Египетте қазанның 31-і күні жарылған ресейлік жолаушылар ұшағының сынығы.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі ресейлік туристер отырған ұшақтың Синай түбегінде апатқа ұшырауына террорлық әрекеттің себеп болғанын мойындады.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) басшысы Александр Бортников қазанның 31-і күні «ресейлік ұшақтың апатына Египеттің Синай түбегінде террорлық әрекет жасалуы себеп болды» деп мәлімдеді. Ресей президенті Владимир Путин 224 адамның өліміне себеп болған қылмыскерлерді «тауып, жазалауға» уәде берді.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің директоры Александр Бортников дүйсенбі күні кешке, Ресей президенті Владимир Путин өткізген жиында, «Когалымавиа» компаниясының Airbus А321 ұшағы қазанның 31-і күні борттағы қолдан жасалған жарылғыш зат кесірінен апатқа ұшырағанын» мәлімдеді. Бортниковтың сөзіне қарағанда, «болған оқиғаны террорлық әрекет деуге болады».

«Египетте қираған ұшақтағы адамдардың жеке заттары, жүктері мен ұшақ бөлшектеріне зерттеу жасалды. Нәтижесінде барлық бұйымдардан шетелде жасалған жарылғыш заттың ізі табылды. Мамандар бағалауы бойынша, әуе кемесі ұшып келе жатқан кезде борттағы қолдан жасалған жарылғыш зат іске қосылған, оның қуаты тротилмен есептегенде бір килограмм болған. Ұшақ әуеде жарылған, фюзеляж бөліктерінің бір-бірінен алысқа шашылғаны соны көрсетеді. Бұны террорлық акт деуге болады» деді Александр Бортников.

Бұған жауап ретінде мемлекет басшысы қылмыскерлерді тауып, жазалауға уәде берді. Владимир Путин Сириядағы Ресей әскери операциясы «жалғасып қана қоймай, кеңейтіледі» деп мәлімдеді.

A321 құлаған жер.
A321 құлаған жер.

«Ресей варварлық террорлық шабуылмен алғаш рет ұшырасып отырған жоқ. Оның сыртқы және ішкі себептері көбіне көзге көрінбейді... Синайда құрбан болған адамдар саны көп, жүрегіміз бен жанымыздағы жасты сүртіп тастамаймыз. Ол бізбен мәңгі қалады, бірақ қылмыскерлерді тауып, жазалауға ол кедергі келтірмейді. Қайда тығылса да, оларды іздеп, табамыз. Оларды жердің кез келген түкпірінен тауып, жазалаймыз. Сириядағы біздің әскери авиация әрекеті жалғасып қана қоймай, күшеюі тиіс. Қылмыскерлер жазасыз қалмайтынын түсінуі керек» деді Путин.

Владимир Путин Ресей сыртқы істер министрлігін (СІМ) барлық серіктес елдерге өтініш білдіруге шақырды. «Қылмыскерлерді іздеу және табу жолында бізге септеседі деп барлық достарымызға сенеміз» деді ол.

Сәлден соң ресейлік СІМ өкілі Мария Захарова Facebook парақшасына «президент бұйрығы орындалады» деп жазды. Ал ФСБ «Когалымавиа» әуе компаниясының ұшағын жарған терроршыларды анықтауға көмектескен адамға 50 миллион доллар береміз» деп мәлімдеді.

Бірақ енді қарапайым сұрақ туындай бастады: террормен күрес нәтижесі қандай? Терроршыларды жеңудің орнына неліктен терактілер күшейді?
Александр Гольц

Дүйсенбі күні АҚШ үкіметіндегі дереккөз «АҚШ федералдық зерттеу бюросының (ФБР) әуе апатын зерттеуге көмектесу туралы ұсынысын Ресей мен Египет қабылдамады» дейді. Бюроның баспасөз хатшысы Джошуа Кэмпбелл «сот-медицина көмегін ұсынғандарын» айтты.

Reuters агенттігінің жазуынша, АҚШ барлауы өкілдері «терроршылар Шарм-эш-Шейх курорт қаласының әуежайына кіріп, ресейлік ұшақ бортына бомба салып кетуі мүмкін» деп болжаған. АҚШ шенеуніктерінің сөзінше, ресейлік ұшақтың бортына әуежай қызметкері кіруі мүмкін.

Әуе лайнері апатқа ұшыраған соң «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымының (Қазақстанда да, Ресейде де тыйым салынған террористік топ – ред.) «Синай провинциясы» аталатын жергілікті филиалы апатты мойнына алды. Содырлар «теракт Сириядағы азамат соғысына араласқаны үшін Ресейден өш алу мақсатында жасалды» деп мәлімдеді.

Бұл топ Синайда Египет армиясымен соғысып жатыр, қақтығыстар жүріп жатқан жерлер жабық әскери аймақ болып саналады.

Әскери сарапшы Александр Гольцтің пікірінше, «Ресей Сириядағы әскери әуе операцияларын кеңейтуі мүмкін. Бірақ шиеленіске жаяу әскерді араластыру Ресей үшін апатқа айналады».

Александр Гольц
Александр Гольц

- Әрине, Ресей бұл оқиғаны террорлық әрекет деп мойындамауға күш салды, оның себебі белгілі. Террорлық актіні мойындау Ресейдің Сириядағы керемет операциясына көлеңке түсіретін еді. Әлбетте, қарапайым ресейлік тұрғын елдегі телеарналар түсініктемесіне құлақ асуға бейім, бірақ логикаға жүгінсек, Ресейдің [Сириядағы] террорға қарсы «тамаша» операциясына дейін ұшақтар жарылмаған, ал мұны кез келген ресейлік азамат түсініп отыр. Енді Ресей билігінің ары қарайғы әрекетін болжау қиын. Билікке бұл операцияны ресейліктер опат болмайтын компьютерлік ойын тәрізді көрсетіп келген тиімді болған еді. Бірақ енді қарапайым сұрақ туындай бастады: террормен күрес нәтижесі қандай? Терроршыларды жеңудің орнына неліктен терактілер күшейді? Бұл тұрғыдан алғанда, шара қабылдауға тура келеді, бәрі әуе операциясының табысымен аяқталады деп сенгім келеді. Ал жаяу әскер апарудың соңы катастрофа болмақ, - дейді Гольц.

- Ол апат сонда Ресей экономикасында бола ма?

Әскерге Путин сияқты Асад режимін қолдау немесе ИМ-мен күресу тәрізді міндет жүктеу мүлде мағынасыз. Ондай соғыс үздіксіз жалғаса береді.
Александр Гольц

- Соңғы 60 жылда отандық тұрақты армия бүлікшілерді бірде-бір рет жеңе алмады. Мұндай жеңіске теориялық тұрғыда жету үшін Ресейге 200 мыңға жуық әскери қызметкер керек. Олай істеу мүмкін емес, тіпті оны жүзеге асырған күннің өзінде сонша көп әскерді қамтамасыз ету мәселесі туады. Ресейдің ресурсы оған жетпейді.

- Сіз әскерге шақырылатын қарапайым солдаттарды мысалға алып отырсыз ба?

- Олар болуы міндетті емес. Келісімшартпен қызмет етуші әскерилерден құралған күш жасақтауға да болады. Бірақ мен тек жорамал түрінде айтып отырмын, ондайдың іске асуы мүмкін емес.

- Енді шын жағдайға келсек, Сириядағы әскери операция қаншалықты тиімді? ИМ-мен күресті айтамын?

- Бірнеше жыл бұрын әскер алдына саяси міндет қоюдың мағынасыз екені айтылған еді. Әскерилерге ИМ-мен күресу міндетін жүктеудің еш мәні жоқ. Оларға нақты әскери тапсырма беру керек, мысалы, майдан желісін 10-15 километрге жылжыту, Рак қаласын азат ету немесе Түркия шекарасы түбінен шығу деген сияқты. Мысал үшін дегенім ғой. Әскерге Путин сияқты Асад режимін қолдау немесе ИМ-мен күресу тәрізді міндет жүктеу мүлде мағынасыз. Ондай соғыс үздіксіз жалғаса береді.

- Сіз «террорлық акт жасалды» деген болжамға иланасыз ба?

- Әбден мүмкін. Қалай болғанда да, Ресейдің туристер жүктерінен бөлек таси бастауына бір себеп болды. Демек ресейлік мекемелер мен билік теракт болғаны жайлы сенімді мәлімет алған.

- Енді осындай қайғылы жағдайлар жалғасады, тіпті Ресей аумағында болады деп қауіптенуге негіз бар ма?

Сириядағы Ресей әскери ұшағы.
Сириядағы Ресей әскери ұшағы.

- Оны мүлде жоққа шығара алмаймыз. Барлық бақылау, тексеру шаралары нәтижесі бәрібір шектеулі. Үлкен қалалар, әуежайлар мен вокзалдар терроршы алдында қорғансыз, оны мойындау керек. Тиімді күрестің жалғыз жолы – террористік ұйымдар арасында агентуралық барлау жүргізу. Менің түсінуімше, Ресейдің (басқа елдер сияқты) ИМ сапындағы жансыздары көп емес, бар болса деңіз. Демек, террорлық әрекеттер болуы мүмкін, - дейді Александр Гольц.

Өткен аптада Ресей Египетке ұшатын жолаушылар рейсін тоқтатты. Өткен демалыс күндері Синайда қалған мыңдаған ресейлік демалушыларды әкелу үшін әуе көпірі орнатылды.

Шарм-эш-Шейхтен Петербургке ұшып келе жатқан А321 ұшағы қазанның 31-і күні Синай түбегіндегі Эль-Хасна елді мекені маңында апатқа ұшырады. Борттағы 224 адамның бәрі қаза тапты, олардың көбі ресейліктер болған. Құрбан болған азаматтар қатарында Украинаның төрт азаматы мен Беларусьтің бір азаматы бар.

Светлана Павлованың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG