Accessibility links

Ресейдегі ЛГБТ жайлы фильм түсірілді


PUT[IN]LOVE фильмінен көрініс.
PUT[IN]LOVE фильмінен көрініс.

Ресейдегі жыныстық азшылық проблемаларын айтатын «PUT[IN]LOVE» фильмі түсірілді. Авторлар оны «кинематографиялық жолдау» деп атайды.

Чехия астанасы Прагада орыс тілінде түсірілген, ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) өкілі жайлы фильмнің алғашқы көрсетілімі ақпанның 14-і күні өтті. Бұл бір жағы Валентин күніне сәйкес келсе, екіншіден Сочиде өтіп жатқан олимпиада ойындарымен де қабаттас болды.

Қысқа метражды жаңа фильм Ресей түгілі Батыста да көзге көрнеу емес әлемге – өзінің қай жыныс өкілі екенін түсініп бітпеген тұйық жасөспірімнің өміріне зер салуға шақырады.

«PUT[IN]LOVE», СОЧИ ЖӘНЕ ВАЛЕНТИН КҮНІ

Фильмнің атауын «Putin Love» деп те, «Put In Love» деп те ұғуға болады. Туынды құрдастары шетқақпайлайтын, кейде тіпті қорлық көрсететін жасөспірім Женяның өміріндегі бір күнді бейнелейді. Бір көріністе киім ауыстыратын бөлмеде бір топ жігіт Женяны келемеждеп жатады.

Орыс тілді актерлер мен халықаралық топтың қатысуымен Прагада түсірілген бұл фильмнің режиссері – грек текті Эйрини Караманоли. Ол сценарийді әпкесі жазған әңгіме негізінде Прагадағы Pantheon Pictures кинокомпаниясына арнап жазған.

«Жыныстық дискриминация мәселелері соңғы жылдары көп айтылып жатыр. Бұған Ресейдегі ЛГБТ құқықтарының жүйелі түрде бұзылуы да ықпал етіп отыр» дейді Караманоли.

– Ресейде Құдай атымен немесе қоғамдық принциптер үшін осындай адамдарға жасалатын зорлық-зомбылықтардың күннен-күнге көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Мен дәл қазір ресейлік ЛГБТ қауымына жолдау жасаудың уақыты келді деп шештім. Оларға жалғыз еместігін, оларға қарсы не жасалып жатқанын көріп отырғанымызды білдіргім келді. Бұл фильмді өзге адамдар ЛГБТ құқықтары да адам құқықтары екенін ұғатындай етіп түсірдік, – дейді режиссер.



«ЛГБТ ҚАУЫМЫНА ЖОЛДАУ»

Ұзақтығы он шақты минуттық «PUT[IN]LOVE]» фильмі – қазіргі кезде кең таралып келе жатқан «жолдау» фильмдердің бірі. Оны кинематографистер ЛГБТ құқықтарына дүние жүзі бойынша қолдау көрсету мақсатында түсірген.

Фильмнің америкалық өндіріс және кастинг директоры Линдси Тейлор «PUT[IN]LOVE» жыныстық мәселелерді арнайы қарастырудағы бірегей фильм
PUT[IN]LOVE фильмінен көрініс.
PUT[IN]LOVE фильмінен көрініс.
екенін айтады. Тейлор өзі мойындайтын кейбір мәселелер орыс тілді актерлер үшін ыңғайсыздық тудырғанын да айтады.

– Тіпті рольдерді ойнаған және осы жобаны жасаған адамдардың тарапынан да ыңғайсыздық сезілді. Жобаға қолдау көп көрсетілді. Бірақ адамдарды бұның қайда көрсетілетіне, өз аттары жария болатынына да алаңдады. Олардың істерін айтарлықтай батыл деп бағалаймын, – дейді Линдси Тейлор.

Фильм Сочидегі қысқы олимпиадаға тұспа-тұс келді. Олимпиада ресейлік ЛГБТ қауымын қолдайтын және президент Путиннің сексуалдық азшылықтар құқықтарын жүйелі түрде бұзуға жол беруін айыптайтын басқа да халықаралық кампаниялардың нысанасына айналған еді.

Олимпиаданың жеке дискриминацияға қарсы жарғысын талап ететін «Алты принцип» деп аталатын кампаниялардың бірі «PUT[IN]LOVE» фильмін әлеуметтік желілер арқылы таратуға көмектесіп жатыр. Бұған екі құқық қорғаушы топ – «All Out» және «Athlete Ally» кіріскен.

Фильмге түскен актерлердің кейбірі «PUT[IN]LOVE» өз елдеріндегі азшылықтардың құқықтарына деген көзқарастарын өзгерткенін айтады.

Актер, Прагаға Қазақстандағы Қарағанды қаласынан келген 25 жастағы студент Габриэль Коэн ЛГБТ өкілдеріне қарсы еш теріс ойы жоқ, бірақ бұл мәселеге шамадан тыс саяси рең берілгенін жақтырмайтынын айтады.

«Менің жеке көзқарасымды «бұрыс» деп бағалауыңыз әбден мүмкін. Егер адам ұнаса, маған оның ЛГБТ болған-болмағаны керек емес. Ең бастысы, жақсы адам болса болғаны. Ал ЛГБТ белсенділігі, Путиннің оған қатысты көзқарастары сияқты ауқымды мәселелер мен үшін тіпті маңызды емес, – дейді Габриэль Коэн.

Азаттық тілшісі Дэйзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Әзина Мақұлжан.
XS
SM
MD
LG