Accessibility links

Ресей көлік өндірісін Түркияның «тежеуі»


Ресейдегі автомобиль құрастыратын зауыттардың бірі. (Көрнекі сурет)
Ресейдегі автомобиль құрастыратын зауыттардың бірі. (Көрнекі сурет)

Петербургтегі тұрмыстық техника шығаратын зауыттар Түркиядан келетін бөлшектер кеденде бөгелгелі тоқтай бастаған. Автомобиль зауыттары да өндірісті доғаруға шақ тұр.

Желтоқсанның 9-ы күні Петербургте Bosch-Siemens компаниясының кір жуғыш машиналарын шығаратын зауыт жұмысы тоқтаған. Екі күннен кейін – желтоқсанның 11-і күні осы компанияның тоңазытқыш жасайтын зауыты тоқтады. Өндіріс процестері Түркиядан келетін бөлшектердің Ресей кеденінде бөгеліп жатуы себепті кідірістеп қалған.

Ресей тыйым салған Түркия тауарлары тізіміне өнеркәсіп тауарлары ресми түрде енгізілмеген, бірақ Түркия шикізаты мен жабдықтары қарашаның аяғынан бері Ресей кедендерінен өте алмай тұр. Мысалы, «Қуатты машиналар» (Силовые машины) концернінің Колпинода орналасқан еншілес кәсіпорны "Қуатты машиналар – Toshiba. Жоғары вольттық трансформаторлар" ("Силовые машины – Toshiba. Высоковольтные трансформаторы") зауыты қажет бөлшектерін қарашаның 23-інен бері кеденнен ала алмай отыр. Соның кесірінен желтоқсанның 3-інен бастап федералдық желі компаниясы мен «Санкт-Петербург электр желілері» компаниясы үшін салынып жатқан жоғары вольттық үш трансформатор құрылысы уақытша тоқтаған. Бірақ бөлшектердің Ресей кеденінде бөгелуі өзге кәсіпорындарға қарағанда, Ресейдің автомобиль шығаратын зауыттарына қиын тиетін түрі бар.

Түркия автомобиль өнеркәсібі экспортерлері қауымдастығының дерегінше, 2014 жылы Түркиядан Ресейге құны 800 миллион доллардан асатын көліктер мен автобөлшектер экспортталған, оның ішінде көлік бөлшектерінің алатын үлесі - шамамен 440 миллион доллар болған. Автобөлшектерді Түркиядан АвтоВАЗ, КАМАЗ, Renault-Nissan альянсы зауыттары сатып алады. Қауымдастық өкілі Эврен Беленлиоглудың айтуынша, Түркиядан Honda және Тoyota көліктері, жүк көліктері мен түрлі бөлшектер келеді. Олардың тізімі өте үлкен.

Петербургте Тoyota, Nissan және Hyundai жеңіл көлігін шығаратын үш зауыт пен МAN және Scania жүк көліктерін жинайтын бірлескен тағы бір зауыт жұмыс істейді. Осының ішінде Hyundai ғана бөлшектерін Түркиядан әкелмейді. Санкт-Петербургтің вице-губернаторы Сергей Мовчанның федералдық кеден қызметіне жолдаған хатына қарағанда, автобөлшектер көбінесе Балтық, Санкт-Петербург, Пулковская сияқты территориялық кедендерде бөгеліп қалған. Мысалы, Тoyota зауытының Санкт-Петербургтегі филиалына арнап әкелінген тауарларға қарашаның 26-сынан бері бірде-бір декларация толтырылмаған. Эврен Беленлиоглу Петербургтегі автокәсіпорындардың атын атамағанымен, мұндай қиындықтың бар екенін растайды.

Конвейер бір ғана бөлшек жетпесе де тоқтап қалады.

- Бір компания өкілдерінің айтуынша, олар жіберген автобөлшектердің кеденде жатқанына екі аптадан асқан. Өндіріске қажет әлгі бөлшектерді тапсырыс берушілер әлі алмай отыр екен. Егер оларды уақытында алмаса, конвейер тоқтайды. Мұндай бөлшектер тапсырыс берушінің қоймасында бар шығар, бірақ олар қанша күнге жететінін білмеймін. Мүмкін бір аптаға немесе 10 күнге жететін шығар. Конвейер бір ғана бөлшек жетпесе де тоқтап қалады. Ал бұған Түркиядан келетін өзге компоненттерді қосыңыз. Өзге бөлшектерге қатысты жағдайдың қазір қандай екенін білмеймін, бірақ оларды жеткізу қиындығы туындауы мүмкін. Оларды Питерге әкеле алмаса, үлкен проблемаға айналады, - дейді ол. Ал «Ресей мен Түркия арасы нашарлай түсе ме әлде жақсара ма?» деген сұраққа Беленлиоглу:

– Мұны айта алмаймын. Білмеймін. Әрине, бәріміз жақсаратын шығар деп үміттенеміз. Бірақ оны мемлекет шешеді. Жағдайдың қалай өрбитінін білмеймін. Жақсы болып кете ме, нашарлай түсе ме - оны білмеймін, - деп жауап берді.

Петербург автокәсіпорындарында сегіз мыңдай адам істейді, ал қаладағы көлік өндірісінің бүкілресейлік автомобиль саласында алатын үлесі 24 пайызға жуық. Бірақ автомобиль мен тұрмыстық техника шығаратын зауыттардан өзге кәсіпорындарға да жабылу қаупі төнген. Санкт-Петербургтің өнеркәсіп саясаты комитеті басшысы Максим Мейксиннің айтуынша, қазір ондаған зауыт тоқтап қалуға шақ тұр.

TANAP газ құбырын салуға келіскен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Түркия лидері Тайып Режеп Ердоған. Анкара, 13 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
TANAP газ құбырын салуға келіскен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Түркия лидері Тайып Режеп Ердоған. Анкара, 13 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Петербургтегі белгілі түркітанушы ғалым, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті Александр Сотниченконың пікірінше, Ресей мен Түркия арасының ушығуы немесе қазір айтып жүргендей «экономикалық соғыс» зардабы екі елге де тиеді.

– Ең әуелі Түркияның туризмі тұралайды. Бұған қоса, біздің елге азық-түлік сату шектеледі. Ал түрік компаниялары құрылыс саласындағы тапсырыстарынан айырылады, автомобиль өнеркәсібі мен тұрмыстық техникаға арналған қосалқы бөлшектер сияқты өнімдерін өткізе алмайды. Ресейде тұрмыстық техника шығаратын түрік зауыттары бар. Ал газ саласына келсек, Ресей бұл жағынан онша зардап шекпейді. Өйткені Түркия таяу жылдар ішінде Ресей газынан толық бас тарта алмайды. Түркияның келешекте екі газ құбырын тарту жоспары бар. Бірін Әзербайжаннан (TANAP), екіншісін Ирактың Күрдістанынан тартпақшы. Бірақ қазір құрылысын жеделдетуге тырысып жатқанымен, «Транс-Анатолия» газ құбырын (TANAP) тек 2017 жылы ғана аяқталады. Ал солтүстік Ирактан келетін газ құбыры жобасы 2018 жылға дейін бітпейді. Сондықтан әлгі құбырлар тартылғанға дейін Түркия газды Ресейден алады. Оның үстіне, Әзербайжан мен Ирак газы Ресейдің орнын бәрібір толық баса алмайды. Түркияға қарағанда, бұл санкциядан Ресейге түсетін ауыртпалық әзірше аз, - дейді Сотниченко.

Андрей Заостровцев.
Андрей Заостровцев.

Ал «Экономика жоғары мектебі» мемлекеттік университеті профессоры Андрей Заостровцев санкцияның ресейлік өндірушілер мен тұтынушыларына жайсыз зардаптарын айтып, Александр Сотниченконың пікірін онша құптамады.

- Біріншіден, санкция дегеніміз жаңа сатушы іздеуге кететін қосымша шығын. Екіншіден, санкция инфляцияны тездетеді. Үшіншіден, өнім сапасы нашарлайды. Енді отандық өнімдер де қымбаттауы мүмкін. Өйткені ел ішіндегі өндірушілер мына жағдайды өндірісті ұлғайтуға емес, өнім бағасын оның сапасын жақсартпай-ақ қымбаттату үшін пайдаланып қалуға тырысады. Санкция кесірінен халықтың тұрмысы нашарлайды, тұтыну деңгейі төмендейді. Ал мұны халық қалай қабылдайды – оны білмеймін. Меніңше, көңілсіз қабылдап, жағдайға бейімделудің жолдарын іздейді, - деді ол.

Меніңше, біздің биліктің елді дамыту ниеті жоқ сияқты. Мүлде басқа нәрсемен әуре болып отыр.

Санкт-Петербургтегі Еуропа университетіне қарасты модернизация мәселелерін зерттейтін орталықтың ғылыми жетекшісі Дмитрий Травин де Ресей салған санкциядан ешқандай жақсылық күтпейді.

– Бұл - жақсылықтың нышаны емес. 21-ғасырда айналаңдағы елдермен жанжалдасып опа таппайсың, экономиканы да ондай тәсілдермен дамыта алмайсың, сондықтан біздің экономиканы үлкен қиындықтар күтіп тұр. Оның үстіне, Ресей негізгі әріптес елдермен жауығып жатыр. Экономикамыз тоқырап, халық тұрмысы біраз нашарлайды. Тіпті мүлде нашарлап кетуі де мүмкін, бірақ әзірге қатты білінбейді. Еліміз біртіндеп құрдымға кетіп барады. Жалпы айтқанда, елде екінші тоқырау заманы басталып келеді. Қазіргі жағдайымыз кезінде 20 жылға кері кеткен Брежнев дәуіріне ұқсайды. Қазір сөрелерде кейбір тауарлар бар, сондықтан мына тоқыраудың келбеті сәл өзгешелеу болатын шығар. Бірақ мен әлдебір ілгерілеуді күтпеймін. Меніңше, біздің биліктің елді дамыту ниеті жоқ сияқты. Мүлде басқа нәрсемен әуре болып отыр, - дейді Травин.

Виктор Резунковтың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG