Accessibility links

Саратов қазақтары. Тұрмысы төмен отбасының қамы үшін соғысқа кеткен еріктінің хикаясы


Соғысқа кеткен еріктінің құжатының көшірмесі.
Соғысқа кеткен еріктінің құжатының көшірмесі.

Саратов тұрғыны Виктор Потапов қыркүйекте ішінара мобилизациядан бір апта бұрын ерікті түрде Украинаға соғысуға кеткен. Үйінде әйелі мен екі баласы қалған. Потаповтың үлкен ұлы – мүгедек. Гүлайым Дербесова күйеуінің соғысқа шарасыздықтан кеткенін айтады. Ол Украинадан көшіп келген туыстарымен бірге тұратын ескі үйін жөндеуге ақша таба алмаған.

Гүлайым Дербесова үлкен бөлмедегі үстел басында отыр. Алдында күйеуінің төлқұжатының көшірмесі жатыр. Виктордың еріктілерге берілетін "губернатор" төлеміне жинаған құжаттары Росгвардиядан өңірлік әлеуметтік даму министрлігіне жетпей жоғалып кеткен. Гүлайым өздеріне тиесілі ақшаны алу үшін біраз сандалған.

Гүлайым Дербесова.
Гүлайым Дербесова.

Саратовтың тозығы жеткен тарихи бөлігінде орналасқан шағын үйде Виктордың әйелі және балалары – Дарина мен Данила тұрады. Ұлы Данила церебралды сал ауруына шалдыққан. Ол өздігінен сөйлеп, жүре алмайды. Отбасымен бірге Виктордың анасы (аты – Айгерім, бірақ бәрі оны Оля әпке деп атайды) және оның Донецк облысынан көшіп келген әпкесі Галя тұрады. Галяның ұлы Солтүстік Донецкідегі оккупацияланған аймақта қалған.

Отбасы Виктордың Украинаға соғысқа кетемін деген шешімін естігенде таңғалған.

– Ол Росгвардияға адам жинап жатқанын көріп, құжат тапсырды. Бір аптада медициналық комиссиядан өтіп, келісімшартқа қол қойды. Кейін жаттығуда жүрген жерінен хабарласып, "Маған қанша ақша беретінін білші. Басқа жауынгерлердің әйелдері мемлекеттен ақша алып жатыр екен" деді.

Гуля күйеуі соғысқа ақша тауып, отбасына көмектесу үшін кетті деп есептейді. Ақпанда үйдің жанынан қосылған бөлменің қабырғасы құлап қалған. Оны жөндеу үшін отбасы біраз қарыз алған.

ҚАБЫРҒАСЫ ҚҰЛАҒАН ДӘРЕТХАНА

Потаповтар отбасы жүз жыл бұрын салынған ағаш үйде тұрады. Бұрынғы иесі үйдің жанынан жылы дәретхана мен душ қосқан. Гүлайым кейін салынған бұл үйшіктің іргетасы дұрыс қаланбағанын, уақыт өте келе дымқылданып борша үгітілген қабырға құлап қалғанын айтады. Қабырға құлаған соң, үйшіктің шеті үңірейіп қалған. Отбасы мүшелері дәретханаға сарайдың артындағы ескі орынға, жуынуға қалалық моншаға барып жүрген. Жазда пластик ыдысқа су толтырып, ауладан жаздық душ жасап алатын.

Сарайдың артындағы дәретхана.
Сарайдың артындағы дәретхана.

Құлаған қабырғалардың қаңқасын тұрғызуға кем дегенде 250 мың рубль (4 мың долларға жуық) қажет болған. Гүлайым өзі танитын депутаттың бәрін аралап шықса да, мүгедектігі бар бала өсіріп отырған отбасына ешкім көмек қолын созбаған. Саратов облысының бала құқығы жөніндегі уәкілі Татьяна Загородняя 50 мың рубль берген. Соның өзінде "салық төлеушілердің есебінен шалқып өмір сүріп жатырсыңдар" деп мінеген.

Басқа амалы қалмаған соң, Гүлайым мен енесі несие алған.

Отбасының табысы аз. 1990 жылы Қазақстаннан Саратовқа көшіп барған Гүлайымның да, Виктордың да кәсіби білімі жоқ. Дербесова өңірлік үкімет үйін тазалайды. Билік органының дәлізін жинағаны үшін айына 24 мың рубль (380 доллар) жалақы алады. Данилаға 16,6 мың рубль зейнетақы төленеді. Ресми жұмысқа тұра алмаған Виктор қыркүйекке дейін мүгедек балаға қарағаны үшін тағы 10 мың рубль жәрдемақы алып келген. Енесі де облыстық үкімет үйінде еден жуып, Гулямен бірдей табыс табады.

– Бірнеше жыл бұрын күйеуім полицияға, кейін Росгвардияға жұмысқа тұрмақ болды. Әскерде болған, қызметке ілінсе, істеп кетер еді. Бірақ жұмысқа алмады. Росгвардияға жасы келмеді, полицияға денсаулығы жарамады: медкомиссия жүрегінде ақауы бар депті, – дейді Гуля.

Бір қызығы, 2022 жылы қыркүйекте дәрігерлер Потаповтың денсаулығынан еш ақау таппаған. Виктор биыл қырыққа толған, Росгвардияда жұмыс істеуге жарамаған жасы соғысқа дәл келген.

– Бізге ерікті болып кетіп бара жатқанын айтпады, "Энгельсте жұмыс істеймін" деді. Бірден Украинаға алып кететінін білдім. Соғысқа баратынын білсе де, бізді қорқытқысы келмей, жасырған екен, – дейді Виктордың анасы Айгерім.

Виктор Потаповтың анасы Айгерім.
Виктор Потаповтың анасы Айгерім.

Үйдің жанындағы қабырғасы құлаған тамның құрылысы аяқталуға жақын. Ішіне жаңа, жылы дәретхана, Даниланы қоларбамен кіргізуге ыңғайлы душ қойылған. Ас бөлмесінде де жөндеу жүріп жатыр: жақында ыдыс жуатын жердегі еден тесіліп қалған, соны жамау керек. Шағын дәлізде бесінші сыныпқа көшкен Дарина сабақ оқып жатыр. Залда Данила теледидардан стендап-шоу қарап отыр.

Қаңтарда Данила он сегізге толады. Ол өздігінен жүріп, сөйлей алмайды, бірақ көп жымияды. Ренжігенін білдіріп, бұртиюды да үйреніп алған. Анасы теледидар дауысын азайтқанда, бізге арқасын беріп, басын диванға тіреп, ренжіген сыңай танытты. Гүлайым амалсыздан теледидар дауысын көтерді.

"ДӘРІГЕРЛЕР БАЛАНЫҢ БҰҒАНАҒЫН СЫНДЫРАМЫЗ ДЕП ШЕШТІ"

Гуля баласының денсаулығына зақым келгенін босанған күні білген. Жүктілігі жеңіл өткен, құрсағындағы сәби жақсы дамыған. 2004 жылы перзентхана таңдау мүмкіндігі жоқ еді. Ерлі-зайыпты алдын-ала дәрігер тауып, ешкіммен келіспеген. Саратов перзентханасының дәрігерлері арық, жамбас сүйегі кішкентай әйелді сәбидің салмағы үлкен болғанына қарамастан (3800 грамм) өз бетінше босануға жіберген.

– Босанып жатқанда баламның иығы қысылып, шыға алмай қалды. Үш сағат бойы басы ғана шығып тұрды. Дәрігерлер ішіме секіріп, итеріп, нәрестені мойнынан тартып, білгенін істеді. Кейін дәрігерлер кеңесіп, баланың бұғанағын сындырамыз деп шешті. Осыдан кейін ғана баланы шығарып алды, – дейді Гүлайым.

Гүлайым мен Виктордың ұлы Данила.
Гүлайым мен Виктордың ұлы Данила.

Перзентханадан шығарда дәрігерлер баланың туған кезде жарақат алғанын жазбаған. Тек нәресте жатырда пайда болған пневмониямен туды деп көрсеткен. Гүлайым ұлының мойын бұлшықеттері жыртылып, омыртқасы сынғанын балалар неврологиялық ауруханасында бір-ақ білген.

Осыдан кейін үздіксіз оңалту, жарты жыл сайын ауруханаға жату машақаты басталған.

– Екінші рет босанғанда қорыққан жоқпын. Даринаны босанарда алдын-ала дәрігермен келісіп, ақша жинап, ота жасатып, тудым. Данянаны да табиғи жолмен емес, отамен туғанымда, жауырыны қақпақтай жігіт болып өсер еді. Сап-сау бала еді ғой, – дейді Гуля.

2023 жылы 23 қаңтарда Данила кәмелет жасына толған соң, балаларға арналған медициналық-әлеуметтік комиссия берген мүгедектігі туралы анықтаманың күші жойылады. Мұның алдын-алу үшін күзде балалар емханасының, кейін ересектерді қарайтын дәрігерлердің тексеруінен өтіп, 18 жастан жоғары азаматтарға арналған комиссияға құжат жинау керек. Комиссия балаға мүгедектік беру туралы шешім қабылдайды. Мүгедектік санаты мен зейнетақы мөлшерін де солар анықтайды. Зейнетақы алу үшін Гуля ұлын құқық қабілетінен айырып, оған қамқоршы болып тіркелуі тиіс. Ресейде ересек адамға қамқоршы болып тіркелу қиын. Туған анасы болса да, ол кейінгі он жылда ұлымен бір үйде тұрып келе жатқанын дәлелдеуі керек.

"Осы уақытқа дейін көп көшіп-қондық", – дейді Дербесова. Жастар жаңа үйленген кезде Виктордың ата-анасының қолына барған. Саратовтың орталығындағы 32 шаршы метрлік пәтерде ата-енесі, Гуля мен күйеуі және Виктордың әпкесі отбасымен бірге тұрған. Бәрі ортадан ақша жинап, бөлек шығуға тырысқан. Басында Виктордың әпкесіне несиеге баспана алған. Дарина туғанда ана капиталына қосымшалап несие алып, шағын үйге көшкен.

– Жаңа қонысқа көшкенімізге бір апта болғанда "Үйлеріңіз сүріледі" деген хабарлама келді. Көшеде қалатын болдық деп қорықтық. Бірақ орнына пәтер берді, – дейді Гүлайым.

Гүлайым мен оның отбасы қазір осы үйде тұрады.
Гүлайым мен оның отбасы қазір осы үйде тұрады.

Гүлайымға жаңа пәтер қатты ұнаған: үлкен, жарық бөлме, ұзын дәліз. Бірақ пәтер қаланың шалғай ауданында орналасқан. Жұмысқа қатынау, баланы оңалтуға тасу, аулаға алып шығу қиын болған соң, пәтерді сатып, орнына қазіргі үйлерін алған.

Гүлайым кейінгі он жылда ұлын бағып келе жатқанын дәлелдеу үшін осыған дейін тұрған мекенжайларын аралап, анықтама жинаған. Кейінгі жеті жылды растау қиынға соқпаған, үш анықтамасын оңай алған. Бірақ алғашқы жылдары тұрған жерде "тұрғындардың тізімі жоғалып кетті, ақпаратты қалпына келтіру мүмкін емес" деген. Гүлайым он жылдың алғашқы үш жылында да ұлы жанында болғанын растай алмаса, сотқа жүгініп, толық тексерістен өтіп, өзінің психикалық ауруы жоғын дәлелдеуіне тура келеді.

– 18 жыл ұлым ешкімге керек болмады. Қалай өмір сүріп жатыр деп сұраған жоқ. Енді оған қарауға құқығым барын дәлелдеуім керек екен… – дейді Гүлайым.

Дербесова қамқоршылық мәселесін шешуге түбегейлі кіріспеген. Күйеуі соғысқа кеткелі отанасының шаруасы күрт көбейген.

"БҮГІН-ЕРТЕҢ ӨЛІП ҚАЛУЫ МҮМКІН"

Виктор Потапов 14 қыркүйекте келісімшартқа қол қойып, 16-на Нижегород облысына әскери жаттығуға кеткен.

– Жолға көп нәрсе салған жоқпыз. Әскери формасын алды, қыстық етік сатып әпердік. Берген етіктері қатты екен, жүруге ыңғайсыз болды. Әскери бөлімшеде Украинадан келген жігіттермен сөйлесіп, солардың кеңесі бойынша қажет болады-ау деген заттарды жинады, – дейді Дербесова.

Виктор Потапов соғысқа осы үйшік үшін кетті.
Виктор Потапов соғысқа осы үйшік үшін кетті.

Бөлімшенің жанында әскери заттар сататын сауда орны бар. Ішінара мобилизация жарияланғалы ондағы баға бір жарым-екі есе өскен. Украинадан оралған жігіттердің кеңесімен, Потапов рюкзак, заттарын салатын қапшық, жылы резеңке етік, палатка, дәрі-дәрмек, темекі мен азық-түлік алған. Алғашқы жалақысын отбасына жібермей, киім-кешегін бүтіндеуге жұмсаған.

– Күйеулері соғысқа кеткен әйелдермен сөйлесіп тұрамын. "Жұмыстан материалдық көмек сұра" дейді. Бір-екі әйелге жұмысынан 200 мың рубль беріпті. Бухгалтерияға барып, "материалдық көмек беріле ме?" деп сұрадым. Олар "Сол сегіз мың рубль неге жетеді?" деп қайтарды, – дейді Гүлайым.

Қазанның соңында Дербесова Саратов облысы губернаторының 12 тамыздағы қаулысын көрген. Оған сәйкес, соғысқа ерікті түрде кеткен азаматтарға 250 мың рубль көлемінде бір реттік өтемақы төленуі керек. Оның 125 мыңы келісімшарт жасалғаннан кейін он күн ішінде (Потаповтың әйелі ақшасын екі айдан кейін алған), екінші жартысы үш айдан кейін немесе жарақат алып, соғысқа жарамсыз болып қалған жағдайда аударылады делінген. Қаулыда жауынгер соғыста қаза тапса, отбасына өтемақының екінші жартысы төлене ме, жоқ па, ол жағы жазылмаған.

– Үкіметтегі "азаматтардың өтінішін қабылдау бөліміне" бардым. "Ақша неге берілмеді?" деп сұрадым. Мені облыстың әлеуметтік даму министрлігіне жіберді. Ол жақтан "күйеуім тізімде бар ма?" деп сұрадым. Жоқ екен. Росгвардияға хабарласу керек деген соң, оны да істедім. Телефонға жауап берген қыз күйеуіңіздің құжаттарын жіберіп қойдым деді. Кейін қайта хабарласып, төлқұжатының көшірмесі жетпей тұрғанын, сол үшін құжаттарды ақша төлейтін бөлімге жібере алмай отырғанын айтты. Бұл қалай болғаны? Күйеуім соғыста жүр, онымен хабарласа алмаймыз, бүгін-ертең өліп қалуы мүмкін, ал олар құжатын жоғалтып отыр! Өзім іздеп, жүгірмесем, осылай отыра берер ме еді? Осыдан кейін кім ерікті болып, соғысқа барғысы келеді?

Росгвардия мен әлеуметтік даму министрлігі Потаповты ұмытып кетсе де, әскери комиссариат ұмытпаған. Ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін бір аптадан соң Дербесова күйеуіне әскерге шақырту хат келгенін көрген.

Аудандық әскери комиссариат "Қайдағы ерікті? Қай жаққа кетті? Ештеңе білмейміз. Росгвардиядан анықтама әкелмесеңіз, әскери міндетін орындаудан қашып жүр деп, күйеуіңізге іздеу саламыз" деген.

– Өздері шақыртуды қате әкелген. Хатты пошта жәшігіне қалдырғаны несі? Қолымызға бермей ме? – дейді Гүлайым.

Үш айдан соң отбасы Викторсыз өмір сүруге үйреніп қалған. Гуля түнгі үште тұрып, жұмысқа кетеді. Таңғы сегізге үкімет үйі айнадай жалтырап тұруы керек. Қызын мектепке жібереді, ұлын дәрігерге қаратады. Ұйықтап үлгермейтіні болмаса, үй мен түздің шаруасын ойдағыдай атқарып жүр.

– Ұйықтамаймын. Басында Данька да көз ілмейтін. Әкесі жанында болғанға үйреніп қалған. Күйеуім жұмыс істеп жүргенде алыс жолдан шаршаса да, түнде үйге келетін. Ұлым күтіп отыр дейтін.

Үйдің ауласы.
Үйдің ауласы.

Гүлайым күйеуінің соғысқа неге кеткенін түсінбейді. Виктор әскерде жүргенде Екінші шешен соғысына тап болған. Әскери қызметінің соңғы айларын Моздокта өткізген. Ол соғыста көргендері туралы ашылып әңгіме айтқан емес, тек әскерден кейін бірнеше жыл бойы ұйқысы бұзылып, қараңғылықтан қорқатын. Өткенін ұмыту үшін ішімдікке салынған, бірақ отбасын ойлап, есін жиған.

– Соғыс жаңа басталғанда Виктор "Соғыстың қандай сұмдық нәрсе екенін елестете де алмайсың" деп еді. Бір күні соғыс Ресейге келеді деп қорықты.

Гүлайым "еріктілер соғыста адам өлтіретінін білесіз бе?" деген сұраққа үнсіз басын изеді.

– Қырық жастағы ер адамның ойын оқып, өзгерте алмаймын. Істеген ісі үшін Құдайдың алдында өзі жауап береді, – деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG