Испанияның оңтүстік-шығыс аудандарында тоқтаусыз жауған жаңбырдан кейінгі алапат тасқыннан бәрінен бұрын Валенсия провинциясы, Кастилия-Ла-Манча ауданы мен Андалусияның шығысы зардап шекті. Бұл елде 1957 жылдан бері қарайғы ең қатты қырғынға ұшыратқан тасқын болып отыр, сондай-ақ Испанияның заманауи тарихындағы үшінші ауқымды су тасқыны.
Испания Корольдігінде 2 қарашаға дейін үш күн қатарынан қаралы күн. Қазірдің өзінде 200-ден астам адамның қаза болғаны белгілі болып отыр, құтқарушылар әлі де қаза болғандар саны көбейе түсе ме деп қорқады. Испания королі VI Филипп Х әлеуметтік желісінде дауыл салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, бұрын-соңды мұндай ауқымды су тасқынын көрмегенін жеткізді.
Қаланың көптеген көшесі мен ауылдық елді мекендерді қираған үй, құлаған ағаш, бүлінген көлік араласқан үйінді мен балшық аралас лай басып жатыр. Барлығы «суық тамшыдан» (исп. gota fría, әдетте күзде құйып жауатын жаңбырды сипаттау үшін қолданылатын термин), атап айтқанда, елде 29 қазан күні болған қатты дауылдан басталды. Бұл дауыл DANA, яғни Depresion Aislada en Niveles Altos деп жіктеледі («суық тамшының» ғылыми атауы), таратып айтқанда, «төмен қысымның жоғарғы деңгейде жинақталу аймағы» дегенді білдіреді.
Өткен сейсенбіде Валенсия автономды қауымдастығында бір тәуліктің ішінде 1966 жылдан бері жаумаған мөлшердегі жаңбыр жауды. Андалусияда да табиғи апат салдарынан мыңдаған ғимарат қирап, жолдар мен көпірлер бұзылып, ауыл шаруашылығы алқаптары бүлінді. Метеорологтар онсыз да зардап шегіп отырған аймаққа тағы да шелектеп жаңбыр жаууы мүмкін екенін ескертіп отыр. Испанияның AEMET метеорология агенттігі елдің оңтүстігі мен батысында әлі де қауіптің «қызыл» деңгейін қалдырып отыр (ең жоғарғы, төтенше қауіп төндіретін деңгей).
Апат салдарынан кемінде 202 адам қаза болды, соның ішінде 155 адам – Валенсия провинциясында, екі адам – Кастилия-Ла-Манчада, бір адам Андалусияда опат болған. Ондаған адамнан хабар-ошар жоқ. Судың екпіні күшті болғаны соншалық, Валенсия маңында жоғарғы жылдамдықпен жүретін пойызды рельстен шығарып жіберді, пойызда сол сәтте 300 адам болған (абырой болғанда, барлығы дін-аман).
Әскерилер Андалусиядағы Алора елдімекенінде тасыған өзеннің ар жағында қалып қойған тұрғындарды құтқару үшін тікұшақпен баруына тура келді. 25 мың тұрғыны бар Валенсияның шетіндегі Пайпорта елді мекенінде 40 адам қайтыс болды. Билік зардап шеккен аймақ тұрғындарына үйден шықпауды ескертті. Мейлінше қатты зардап шеккен аудандарға испан армиясы мен Азаматтық авиацияның мыңдаған әскері жіберілді.
Валенсия аймағының тасқынға дейінгі және кейінгі спутниктен түсірілген жоғары сапалы суреттері:
«Валенсия – Испаниядағы үшінші үлкен қала, қаланың өзінде 830 мың адам тұрады, агломерация тұрғындарын қосқанда 1 миллион 600 мың адам бар. Валенсия алапат тасқыннан ең көп зардап шеккен қалалар қатарында, тарихқа үңілсек, қаланың тасқын судың астында қалуы жүз жылда шамамен екі-үш рет болып тұрған. ХХ ғасырдың екінші жартысында болған қатты су тасқынынан кейін Турия өзенінің арнасын ауыстырып, басқа жаққа бұру туралы шешім қабылданды. Содан бері осы соңғы тасқынға дейін Валенсияда мұндай тасқын болған емес. Қазір де қаланы құтқарып қалған осы жаңа арна. Жаңа арнаның қарсы бетінде жатқан қала маңындағы аудандар негізгі соққыны қабылдап, қатты зардап шекті», – дейді 12 жылдан бері Валенсияда тұратын ресейлік Татьяна Хрылова.
Спутниктен түсірілген суреттерге қарағанда Турия өзенінің жаңа арнасы Валенсияны қалай сақтап қалғанына көзің жете түседі:
Құтқару жұмысы жалғасуда, бірқатар қалада әлі де көп көшені су басып жатыр. Ұрлық-қарлық болып жатыр деген де ақпарат бар. 150-ден астам жолда қозғалыс жабық. Дауыл кезінде және дауылдан кейін мыңдаған адам автокөліктен және ғимараттардан шыға алмай қалды. Валенсия қаласы мен оның шеткі аймақтарында су бірінші қабаттағы пәтерлерге дейін кіріп, үш метро станциясы мен сауда үйлерін басып қалды. Су астында қалғандар арасында бір қарттар үйі бар, қайтыс болғандардың көпшілігі сол жерден. Жаңбыр мүлдем жаумаған жерде де ағынның екпіні алып кетіп қайтыс болғандар да бар.
Тасқыннан зардап шеккен аудан тұрғындары табиғи апат пен мемлекеттің дер кезінде көмек көрсете алмауы салдарынан ХІХ ғасырға тап болғанын айтып отыр: не таза су, не электр жарығы, не байланыс жоқ. .
«Бәрі қас-қағым сәтте болды, – дейді Татьяна Хрылова. – Валенсия теңіздің жағалауында тұр ғой, түкпірдегі елді мекендерде бір-екі сағаттың ішінде бір жылда жауатын жаңбыр болып, су басып жатқан кезде Валенсияда тамшы тамбаған болатын. Найзағай ойнады, бұлт басты, бірақ құрғақ болды. Халық дайын болған жоқ, әп-сәтте бәрін су басып қалады деп ойламады.
Қазір биліктегілерге қойылатын негізгі сұрақ біреу: неліктен тұрғындарға кеш хабарлады? Бізде апатты ескерту жүйесі қосылды, тура сағат 20:11 кезінде бәріміздің мобильді телефонымыз ойбайлап сала берді. Ешқандай арнайы қолданба орнатылмаған, бірақ телефондарымыз шырылдап, вибрация қосылды, төтенше жағдай болғанын содан білдік. Отырған жерімізден ешқайда кетпеуді, әрі-бері жүрмеуді ескертті. Бірақ бұл кешкі тоғыздың шамасы. Ал Валенсияға жақын маңдағы қалаларды алапат су басып жатқанын билік өкілдері күндізгі үштен бастап білген. Біздің телефонымызға ескерту неге бірнеше сағат бұрын келмеді деген сұрақ туады».
Жергілікті белсенділер төтенше жағдайда дұрыс әрекет етпеді деп билікті айыптап отыр. Қоғамдық ұйымдар мен кәсіподақтар 9 қараша күні Валенсияда наразылық шарасын өткізбек. Ұйымдастырушылар жергілікті билік дауылға дер кезінде назар аударып, әрекет еткенде мұнша адам зардап шекпес еді деп санайды. Мәселен, Валенсиядағы Альфафар мэрі Хуан Рамон жергілікті билік те, орталық билік те халыққа айтарлықтай көмек бере алмай отырғандықтан, тұрғындардың біразы қайтыс болғандармен бір үйде түнеуге мәжбүр болып отырғанын мәлімдеді.
Татьяна Хрылованың айтуынша, қазірге ауыз су мен тамақ тиеген көліктер мейлінше зардап шеккен елді мекендерге, соның ішінде Валенсияның шеткері аудандарына жете алмай отыр:
«Жолдар жабық, оларды тазалап жатыр. Таныс сатушылар дүкенде азық-түлік түгесілді деп отыр. Ауыз су кеше-ақ бітіп қалған. Біреулер суды тазарту жүйесі дұрыс істемей жатқандықтан, қаланың су құбырынан су ішу қауіпті деген қауесет таратып, содан кейін жұрт дүкендегі суды сыпырып әкеткен. Бүгін әскерилер арнайы дәліз жасап, азық-түлік тиеген жүк көліктерінің супермаркеттерге жетуіне жағдай жасайды».
Климатты зерттеумен айналысатын мамандардың көпшілігі Испаниядағы алапат жаңбыр мен су тасқыны адамның іс-әрекеті салдарынан Еуропада және бүкіл жер шарында климаттың күрделі өзгерісі болып жатқанын көрсетеді деп отыр. Олардың айтуынша, әлемде болашақта осындай және бұдан да ауқымды табиғи апаттар жиілейді. Теңіздің үстіңгі қабатындағы температураның күрт көтерілуі мен жердегі атмосфераның жылынуы жауын-шашын мөлшеріне тікелей ықпал етеді.
Төтенше табиғи жағдайлар кезіндегі жаһандық жылытудың рөлін зерттеумен айналысатын «Жаһандық табиғи құбылыстар атрибуциясы» (World Weather Attribution, WWA) халықаралық ұйымының ғалымдары Испаниядағы алапат тасқынға климаттың антропогендік өзгерісі де ықпал етті деп есептейді. «Біз Испанияда жақын күндері болған тасқынның себебін анықтау үшін толыққанды зерттеу жүргізіп үлгерген жоқпыз. Алайда, осы аудандардағы жауын-шашын мөлшері туралы мәліметтерді талдап көрдік, – дейді Associated Press агенттігіне пікір білдірген WWA сарапшысы Клэр Барнс. – Жауын-шашынның тіркелген мөлшеріне сүйене отырып, мұндай оқиғалар шамамен 12% қарқынды жүріп жатқанын және өнеркәсіпті игеруге дейінгі кезеңнен екі еседей артық екенін көріп отырмыз. Адам қолымен жасалған өзгерістерге дейін ол Цельсий бойынша 1,3 градусқа салқын болған».