Грузия парламентінің ғимаратында 14 желтоқсанда сайлаушылар алқасы президент ретінде таңдаған бұрынғы футболшы, депутат Михаил Кавелашвилидің инаугурациясы өтті. Ол елдің алтыншы президенті ретінде ант берді.
Инаугурацияға қатысқандар арасында АҚШ санкциясына іліккен "Грузин арманы" партиясының негізін қалаушы Бидзина Иванишвили де бар. Грузияда аккредитациядан өткен дипломаттар "залда орын жетіспегендіктен" инаугурацияға шақырылмады. Жексенбі күні таңертең ғимаратта қауіпсіздіктің сары деңгейі режимі күшінде болды. Ғимаратқа кіруге шектеу қойылды. Журналистер алдын ала берілген арнайы аккредитация негізінде кіргізілді деп жазды "Эхо Кавказа" сайты.
Елдің бесінші президенті Саломе Зурабишвили, оппозиция және Грузияның кейбір одақтастары Кавелашвилидің елдің заңды президенті ретінде мойындамайды. Жексенбі күні Зурабишвили президент резиденциясы алдына жиналған жақтастары мен наразы азаматтардың алдына шықты деп жазды Азаттықтың Грузин қызметі.
Зурабишвили президент сарайынан өз еркімен кететінін, алайда өзімен бірге "легитимділік, ту мен халық сенімін" ала кететінін жеткізді.
Ол Михаил Кавелашвилидің қызметке кірісуін "пародия" деп атады.
"Бұл мемлекет мұндай пародияларға лайықты емес... Олар жабық, үрейлі, сатылғыш, заңсыз, мойындалмаған, санкцияға ұшырағандар" деді Зурабишвили.
Ол жаңа парламент сайлауын өткізуге жағдай жасауға күш салатынын айтты.
Оппозиция жақтастары жексенбі күні президент резиденциясынан парламент ғимаратына дейін шерулетіп барып, жаңа президент, бұрынғы футболшы Кавелашвилиге қызық карточка көрсетті.
Конституцияға сәйкес, қазіргі президенттің өкілеті жаңа мемлекет басшысы инаугурациядан кейін қызметіне кіріскеннен кейін аяқталады. Алайда Саломе Зурабишвили өкілетін тоқтатпайтынын, себебі парламентті заңды санамайтынын жеткізді. Ол Михаил Кавелашвилидің сайлануын "демократияны мазақтау" деп атады.
Сенбі күні Грузияда мыңдаған адам көшеде қаз-қатар тізіліп, наразылықтың екінші айының басталғандығынан хабар берді.
Басқарушы "Грузин арманы" партиясы Еуроодаққа қосылу бойынша келіссөзді 2028 жылға дейін шегеретіндігі жөнінде хабарлағаннан кейін елде жаппай наразылық тұтанған. Демонстранттар қайта парламент сайлауын өткізуді талап етіп, қазандағы сайлау нәтижесінің бұрмаланғандығын айтқан. Сенбі күні наразылық Тбилисиден бөлек, Батуми, Кутаиси, Зугдиди, Поти, Самтредиа, Рустави, Гори, Хашури, Телави және Гурджаани қалаларында өткен.
22 желтоқсанда Зурабишвили үкіметке қайта парламент сайлауын тағайындауға бір апта уақыт беретінін айтқан. Ол кезде Зурабишвили қызметінен кетуден бас тартқан. Премьер-министр Ираклий Кобахидзе оған қылмыстық жауапкершілікті айтып, сес көрсеткен.
- Михаил Кавелашвили президент сайлауына қатысқан жалғыз кандидат болған. Ол сайлауға Батысқа қарсы лозунгтар айтып жүрген билікшіл "Халық күші" партиясы атынан қатысқан. Президентті алғаш рет сайлаушылар алқасы сайлады. Оған Грузия парламентінің 155 депутаты, Аджария және Абхазии жоғарғы кеңестерінің депутаттары, жергілікті кеңес делегаттары мүше. Басым бөлігі "Грузин арманы" партиясына мүше. Сайлаушылар алқасындағы оппозиция өкілдері президент сайлауына бойкот жариялап, дауыс беруден бас тартқан.
- Оппозиция мен олардың жақтастары жаңа үкіметті авторитаризм мен ресейшіл бағыт ұстанатыны үшін айыптайды. ЕО-ға қосылу ел Конституциясында бекітілген және мұны халықтың 80 пайызы қолдайды.
ПІКІРЛЕР