АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамп 7 қаңтарда Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында брифинг өткізді.
Трамп өз сөзінде қазіргі президент Джо Байден әкімшілігінің Украина бойынша саясатын сынады. Қайта сайланған президенттің пікірінше, Байден тұсында Ақ үй Киевтің НАТО-ға қосылуға талпынысы бойынша келіссөздер кезінде көп қателік жіберген.
Трамптың пікірінше, Байден әкімшілігінің әрекеті Ресейдің Украинаға шабуылдауына қозғаушы күш ретінде әсер еткен болуы мүмкін, себебі Кремль "Вашингтонның біліксіздігіне куә болған". Трамп әлемді қақтығыстар жайлаған шақта президенттікке кірісетінін айтты.
Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысы ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, жағдай "бұдан да нашарлауы мүмкін". Егер өзі президент болған кезде, "мұндай соғыс болмаушы еді" деп мәлімдеді.
"Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуіңіз мүмкін бе?" деген сұраққа Трамп "мұны айта алмаймын, бірақ Путин кездескісі келетінін білемін" деді.
Желтоқсан соңында Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуіне әлі ешқандай алғышарт жоқ" деп мәлімдеген.
Трамп сайлауалды кампаниясы кезінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын 24 сағат ішінде аяқтай алатынын айтқан. Сейсенбілік брифинг кезінде ол екі ел арасындағы соғысты жарты жыл ішінде тоқтатудан үміттенетінін жеткізді.
"Бәлкім, одан да сәл ертерек болуы мүмкін. Ресей де, Украина да өте көп жастарынан айырылып жатыр. Мұндай соғыс мүлде болмауы керек еді" деді қайта сайланған президент.
Трамп өз мақсаттарына жету үшін (Панама каналын басқаруды қайтару, Дания бақылауындағы Гренландияны иелену) әскери немесе экономикалық тетіктерді пайдалануы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
"Панама мен Гренландияға қысым жасаудан бас тартуға дайынсыз ба?" деген сұраққа Трамп "жоқ, мұндай гарантия бере алмаймын. Бірақ бір нәрсені айта аламын: бізге бұл аумақтар экономикалық қауіпсіздік үшін қажет" деді ол.
Трамптың сөзінше, Дания "еркін әлемді" қорғау үшін аралды Вашингтонға беруі керек.
Трамп сонымен бірге Мексика шығанағының атауын Америка шығанағы деп өзгертуге уәде беріп, Мексика мен Канададан келетін тауарларға едәуір баж салығын енгізетінін айтты.
Reuters-тің жазуынша, әдетте жер-су аттарын тиісті кеңестер бекітеді, ал бірақ президенттер жер-су аттарын жарлық арқылы өзгерте алады.
5 қарашадан бері Трамп екінші рет баспасөз жиынын өткізіп отыр. Дүйсенбі, 6 қаңтарда АҚШ Конгресі оның сайлауда жеңгенін ресми түрде бекіткен.
ПІКІРЛЕР