Accessibility links

Бердімұхаммедов алабайдың бейнесін ұнатпай қалды


Түркіменстанда өтетін ғимараттағы спорт және жауынгерлік өнер түрлері бойынша Азия ойындарының символы.
Түркіменстанда өтетін ғимараттағы спорт және жауынгерлік өнер түрлері бойынша Азия ойындарының символы.

Түркіменстан тарихында алғаш рет өткізетін ірі халықаралық спорт жарысының нышаны ретінде Орталық Азиядағы алабай тұқымды аңшы итті таңдап алған. Алайда ойынның «Вепалы» деп ат қойған символы елдің авторитар президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің көңілінен шықпаған.

Түркіменстан басшылығы былтыр желтоқсанда «алабай итінің сүйкімді бейнесі ғимараттағы спорт және жауынгерлік өнер түрлері бойынша Азия ойындарының символы болады» деген еді. Дайындығына миллиардтаған доллар жұмсалған, биыл қыркүйекте өтетін бұл бәсекеге әлемнің ондаған елінен 5 мыңға жуық спортшы қатысып, баскетбол, шахмат, теннистен бастап ежелгі жауынгерлік өнер – күрес сияқты 21 спорт түрі бойынша сынға түспек.

Түркімен тілінен аударғанда «сенімді дос» деген мағына беретін Вепалы деген иттің бейнесі (маскот) наурыздың 1-інде сән-салтанатпен таныстырылған. Оның дәстүрлі түркімен шапаны мен тақиясын не заманауи киім киген сүйкімді бейнесі ел астанасы Ашғабаттың көшелеріне іліп тастаған.

Табиғи газға бай елде қоғамның барлық саласына бақылау жасайтын авторитар президент Бердімұхаммедов наурыздың 17-сіндегі үкімет жиынында күтпеген жерден монтиған иттің бейнесін сынады.

Өзіне «Арқадағ» («Қорғаушы») деп ат қойған президент Түркіменстан өнер академиясының директоры Ахатмұрат Нувваевқа Вепалының түр-әлпетін «ұлттың мінез-құлқы» мен «талғамына» сәйкес етуді тапсырды.

Түркіменстан осы халықаралық жарысқа дайындалу кезінде өте көп шығынданды. Қанатын жайған бүркіт формасындағы әуежай ғимаратын салудың өзіне 2,5 миллиард доллар қаржы жұмсалған.

Кей ақпарат құралдарының хабарлауынша, қыркүйекте ашылған әуежай ғимаратының іргетасы шөгіп барады. Алып әуежай жылына 17 миллион жолаушыны күтіп алуға лайықталған. Бірақ кей деректерге қарағанда, Түркіменстанға мұншама туристің жуықта келе қоюы екіталай. Мәселен, 2015 жылы бұл елге бар-жоғы 100 мыңдай кісі келген.

Мұнымен қоса үкімет «Олимпиада қалашығын», түрлі заманауи спорт нысандарын, сол кешендердің арасында спортшыларды, ресми адамдарды және жанкүйерлерді тасымалдайтын монорельсті пойыз жолын салуға 5 миллиард доллар қаражат жұмсаған.

Табиғи газ бағасы төмендегелі Түркіменстан экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Соның кесірінен дүкенде тауар азайып, жұмыссыздық артқан, елдің түкпір-түкпірінде мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін адамдардың жалақыларын кешіктіріп беріп жатыр.

Бердімұхаммедовтің өзінен бұрын Вепалының бейнесін спорт жарысының символына айналдыруға жануарлар құқықтарын қорғау ұйымдары қарсы болған. Олар Түркіменстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда және Ресейде иттердің құлағы мен құйрығын кесу дәстүріне наразылық білдірген.

– Біз жануарларды, соның ішінде итті еш қажеттіліксіз жарақаттауға үзілді-кесілді қарсымыз. Егер ешқандай мұқтаждық болмаса, мұны тек сән үшін істеу, оларды жарақаттау адамшылық емес, – деді Ресейдің «Вита» жануарлар құқықтарын қорғау тобының директоры Ирина Новожилова.

Алабай мен иесі.
Алабай мен иесі.

Ит өсірушілер мен алабай иелері «жануарлардың құлағын кесу оларға пайдалы» дейді. Олардың айтуынша, қасқыр иттің көбіне құйрығы мен құлағынан тістейді, сондайда құлағы кесілген иттер жыртқышқа ұстатпай кетеді.

– Алабайдың құлағы мен құйрығын кесу керек. Бұл – 5 мың жылдан бері келе жатқан дәстүр, – дейді Түркіменстанның бұрынғы атбегілік өнер министрі Гелди Киаризов.

Оның айтуынша, бұдан ит бәлендей жарақат алмайды, әрі бұл өскен соң оларды көп аурудан құтқарады.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Берлин, 29 тамыз 2016 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Берлин, 29 тамыз 2016 жыл.

Бірақ Вепалының мінезі құбылмалы президент Бердімұхаммедовке несімен жақпай қалғаны әлі белгісіз. Себебі содан бері мәселенің жай-жапсары айтылған жоқ. Түркіменстан басшысы халықаралық жарыстың символын өңдегісі келе ме, әлде оны мүлде басқа символмен ауыстыруды қалай ма – ол жағы анық емес.

Қыркүйектің 17-сінде басталатын үлкен жарысқа бар-жоғы алты айдай ғана уақыт қалды. Осы аралықта ғимараттағы спорт түрлері және жауынгерлік өнер бойынша Азия ойындарының жаңа символын жасап шығу оңай емес.

Пит Баумгартнердің материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG