Accessibility links

Америкалықты Куба түрмесінен қалай босатты?


Кубадан босатылған соң баспасөз мәслихатын өткізген Алан Гросс жұбайы Джудимен бірге. Вашингтон, 17 желтоқсан 2014 жыл.
Кубадан босатылған соң баспасөз мәслихатын өткізген Алан Гросс жұбайы Джудимен бірге. Вашингтон, 17 желтоқсан 2014 жыл.

Куба түрмесінде бес жыл отырған америкалық Алан Гросты босату жөніндегі келіссөздер бір жылдан көп уақытқа созылды. Оны Куба тыңшыларына айырбастау АҚШ-та дау тудырды.

Келіссөздер үшінші елдердің көмегімен көбінесе Канада территориясында құпия жүргізілді. Бірақ бұл келіссөздерге тіпті Ватикан да араласты. Америкалық АВС телекомпаниясының хабарлауынша, президент Барак Обама бұл келіссөздерді бастауға былтыр көктемде рұқсат еткен. Ақыры Гроссты және «ЦРУ-мен байланысы бар» деп айыпталған тағы бір кубалық тұтқынды АҚШ-тағы кубалық үш тыңшыға айырбастады.

Алан Гросс «Куба мемлекетінің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына қарсы бағытталған қастандық әрекеті үшін» 15 жылға сотталған еді.

Желтоқсанның басында Ақ үй 65 жастағы америкалықты гуманистік ниетпен босату туралы ресми өтінішін Куба үкіметіне тағы жолдаған. Өтініште тұтқынның денсаулығына қатысты алаңдаушылық білдірген әрі Гросс ісіне қатысты жағдай екі елдің арасындағы «сындарлы қарым-қатынастарды дамытуға бөгет болып отыр» деген уәж келтірілген. Баспасөз Гросстың жұбайы Джудидің «45 килограмға арықтап, ауру аяғын баса алмайтын, тісі түсіп, көру қабілетінен жартылай айырылған күйеуімнің денсаулығы түрмеде тағы біраз уақыт қалуға шыдамайды» деген мәлімдемесін таратқан. Оның үстіне Алан Гросс күйзеліске түсіп, АҚШ дипломаттарымен де, туыстарымен де кездесуден бас тартып, өзіне өзі қол жұмсайтынын айтқан.

Қамаудан босап шыққан Алан Гросс. Вашингтон, 17 желтоқсан 2014 жыл.
Қамаудан босап шыққан Алан Гросс. Вашингтон, 17 желтоқсан 2014 жыл.

Гростың соңғы жылда мұндай мүшкіл халге түсуіне Куба түрмелеріндегі тұтқындарды адам төзгісіз жағдайда ұстау себеп деп түсіндіріледі. Бұрынғы кубалық саяси тұтқын Хосе Даниэль Феррердің айтуынша, Куба түрмелерінде тұтқындарды қорлау, ұрып-соғу, азаптау әрекеттері ешқашан тоқтамайды. Хосе Даниэль Феррер: «Азаптаудың тіпті «орындық», «Шакира», «әткеншек» деген атаулары да бар» дейді. Тұтқындар жиі төбелеседі. Оның үстіне тұтқындардың көбі асқазан-ішек ауруларына шалдыққан. Өйткені түрмелерде қарапайым гигиена ережелері орындалмайды. Тамағы ішуге жарамайтын болғандықтан тұтқындар көбінесе аш қалады.

Бірақ Гростың туыстарының пікірінше, оның күйзеліске түсуіне жазықсыз жазаланғаны себеп болған. Жергілікті еврей діни қауымына бірнеше компьютер мен интернетті пайдалануға арналған құрал-жабдықтарды жеткізіп берген Гросты «Кубаның территориялық тұтастығына қарсы бағытталған қастандық жасады» деген айыппен соттаған. Ол тауарларды жеткізудің саясатқа ешқандай қатысы жоқ, Кубада небәрі 1500 адамдық еврей диаспорасы тұрады әрі олардың ешқайсысы саясатпен айналыспайды. Мұны иммиграцияда жүрген кубалық саясаттанушы Ана Карбонель де растап: «Ол құрал-жабдықтарын заңды жолмен әкелген, тіпті Куба кеденінде оларға декларация да толтырған. Бұл құрал-жабдықтар Куба еврейлері интернеттің көмегімен басқа елдерде тұратын діндес адамдармен хабарласуына арналған» дейді.

АҚШ түрмесінде отырған бес кубалықтың суреті. Олардың екеуін бұған дейін босатқан. Куба, 17 желтоқсан 2014 жыл.
АҚШ түрмесінде отырған бес кубалықтың суреті. Олардың екеуін бұған дейін босатқан. Куба, 17 желтоқсан 2014 жыл.

Ана Карбонель Куба режимі әу бастан Гроссты АҚШ-пен саудаласу үшін тұтқындап, соттауы мүмкін деп болжайды. Куба басшысы Рауль Кастро «америкалық азаматты тыңшылық әрекеті және Куба арнайы қызметкерлерін өлтіргені үшін АҚШ-та ұзақ мерзімге сотталған кубалық үш адамға алмастырса ғана босатамыз» деп талай мәлімдеген. Ол үшеуі 1998 жылы сотталған. Гавана олардың АҚШ-та барлау әрекетімен айналысқанын ресми мойындағанымен, «Кубаға қарсы қастандық жасауға жол бермеу әрі АҚШ-тың мүддесіне зиян келтірмеу үшін Майамидегі кубалық эмигранттар ортасында ғана тыңшылықпен айналысты» деп мәлімдеген.

Кубалық иммиграция өкілдерінің көбі АҚШ Гросты тыңшыларға айырбастау арқылы Куба режимінің ығына жығылмауы тиіс деп санайды. Олар Гростың тыңшылыққа немесе әлдебір қастандық әрекеттеріне ешқандай қатысы болмаған, сондықтан мұндай алмасу әділдік емес деп санайды. Кубаның оппозициялық журналисі Кари Рокенің пікірінше, адамға бостандық әперудің бұл жолы мүлде дұрыс емес. «Демократиялық ел террористік мемлекет жалдаған үш қылмыскерді еш жазығы жоқ, гуманитарлық жұмыспен айналысқан адамға алмастырмайды» дейді ол.

Кубаның оппозициялық «Демократия» қозғалысының жетекшісі Рамон Саул Санчес те Куба Гросты ешбір шартсыз босатуы тиіс еді деп санайды. «Мына тұтқын алмасу – Кубаның баяғыдан бері ұстанып келе жатқан бопсалау саясатын қолдау. Гросты жалғыз мақсатпен – АҚШ-қа қоқан-лоқы көрсетіп, тыңшыларын босатуға көндіру үшін ұстап, соттаған. АҚШ-пен ара қатынасын реттеу үшін адам өмірін саудаға салу– бұл режимнің дәстүрлі тірлігі. Кубада этика, заң, құқық деген ұғым жоқ, билік басындағылардың мүддесі ғана бар. Сондықтан режим адамды әдейі ұрлап алып, тұтқын алмасу үшін ұстап отырды» деп мәлімдеді Рамон Саул Санчес.

«Алан Гроссты кубалық тыңшыларға айырбастамау керек еді» деген пікірді Куба оппозициясының кейбір өкілдері мен кейбір америкалықтар құптамайды. Жұрттың көбі өміріне қауіп төнген адамды қандай амалмен болсын құтқару керек деп санайды. Иммиграцияда жүрген кубалық саясаттанушы Марселино Мийарес екі елдің өзара тұтқын алмастырғанын ескертеді. Мийарес бұл қадамды бағалаған кезде адам өмірін құтқару сияқты ізгі ниет басшылыққа алынғанын ескеруді ұсынады.

Бірақ Куба эмигранттары мен АҚШ қоғамының бір бөлігі бұл уәжді де құптамайды. «Форбс» журналы «Обама, Куба және келесі Алан Гросс» деген мақаласында адам өмірін құтқару үшін жасалған бұл мәміленің соңы мұндай құрбандар санының өсуіне ұласады деп ескертеді. АҚШ мұндай проблемаға бұрын да душар болған. АҚШ әкімшілігін саудаласуға мәжбүрлеу үшін Иран мен Солтүстік Корея түрлі сылтаулар бойынша америкалық туристерді немесе студенттерді түрмеге қамаған.

Виктор Черецкийдің мақаласын орыс тілінен аударған – Айжан Оралғазы.

XS
SM
MD
LG