Accessibility links

Иран әйелдерінің қуанышы. Олар ұлттық құрама ойынын стадионнан тамашалайды


Стадионға арнайы шақыртумен кірген Иран әйелдері. Көрнекі сурет.
Стадионға арнайы шақыртумен кірген Иран әйелдері. Көрнекі сурет.

Иран әйелдері қазанның 10-ы күні Тегеранда өтетін әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясында өтетін Иран-Камбоджа ойынын стадионнан тамашалауға мүмкіндік алды. Иран билігі ондаған жыл бойы әйелдерге ерлер қатысатын жарыстарды спорт кешенінен көруге тыйым салып келген.

Иран әйелдерінің бірі Twitter парақшасына "Билет алдым, стадионға барамын! Сөзіме сенесіңдер ме?" деп жазды.

Қазанның 10-ы күні Тегеранның "Азади" стадионында өтетін Иран-Камбоджа ойыны – 1979 жылы Иранда болған Ислам революциясынан бері көрермендер қатарына әйелдер де қосылатын алғашқы спорт шарасы. Бұған дейін жарыстарға арнайы шақырту алған немесе ерлерше киініп, түр-тұлғасын жасырған әйелдер ғана кіретін.

Иранда белсенділер ұзақ жылдардан бері әйелдерді жарыстарға кіргізу үшін тынбай күресіп келеді. Бірақ белсенділердің жанайқайына билік құлақ аспай келген. Биыл наурызда бір әйел сүйікті командасының ойынына кірмек болған еді. Билік әйелді сотқа тартқан. Кейін ол қыркүйекте сот алдында өзін өртеп жіберді. Осы оқиғадан соң Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) Иран билігіне қысым жасады.

80 мың адам сиятын стадионнан әйелдерге оқшауланған 3500 орын бөлінетіні туралы жаңалық футболды сүйетін әйелдерді ерекше қуантты.

Әйелдер ерлер сияқты әлеуметтік желіге билеттің суретін салып, көптен күткен қуанышымен бөлісті. Қазанның 4-і күні сатылымға шығарылған әйелдерге арналған орынның билеттері бір минуттың ішінде өтіп кеткен.

35 жастағы тегерандық әйел футбол матчына өмірінде бірінші рет билет сатып алғанын айтты.

"Футболды түсініп, көре бастағаннан бері стадионға барып, Эстеглал (Тегеранның футбол командасы) мен ұлттық құрамаға жанкүйер болуды армандадым. Бұл [мен үшін] тым кеш, бірақ [әйелдерді футбол матчына кіргізу саясаты] жалғасса, жас қыздарда мұндай өкініш пен арман болмайды деп үміттенемін" деді ол.

УАЙЫМ МЕН КҮДІК

Билет сатып алған басқа әйелдер әлеуметтік желілерде парсы тіліндегі "менімен бірге стадионға кел" хэштегімен алдағы матчқа қатысты уайымы мен күдігін бөлісті. Иран ерлерінің көбі әйелдердің жеңісіне қуанып, олар алдағы уақытта басқа да жарыстарға кіруге рұқсат алады деп үміттенеді.

2018 жылы бір топ әйел Иран - Боливия арасындағы жолдастық матчты көруге рұқсат алған.
2018 жылы бір топ әйел Иран - Боливия арасындағы жолдастық матчты көруге рұқсат алған.

Тегеран спорт муниципалитеті басшысының орынбасары Фарзад Радбой Twitter парақшасына "Анам мен әйеліме билет сатып алдым" деп жазды. Ол қазанның 10-ы күні шешесі мен әйелі матчты алаңдамай көруі үшін он айлық қызына өзі қарайтынын айтты.

Спорт журналисі Мұхаммед Хоссейн Аджорлу көп жылдан бері стадионға бармағанын, бірақ Камбоджамен ойынға футболды жақсы көретін әйелі, әпкелері мен жиендерінің бақытты жүзін көру үшін баратынын жазды.

Бұл шешім әйелдерге еркіндік беруге қарсы діншіл топтардың наразылығын туғызды. Олар қазанның 7-сі күні Иран астанасы Тегеранда наразылық акциясын өткізді.

ПАРЛАМЕНТ СЫРТЫНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Елудей наразы парламент сыртында әйелдерге футбол матчына баруға рұқсат беру шешіміне қарсылық білдірді.

Наразылықтан бұрын жарияланған мәлімдемеде демонстранттар әйелдерге ойынды стадионға барып тамашалауға рұқсат беру Ирандағы белгілі имамдардың айтқандарына қайшы келетінін жазған. Олар Иран имамдарының бірі Аятолла Макарем Ширазидің бұрын "футболшылардың киімінен олардың денесінің көп бөлігі ашық көрінетіндіктен, әйелдердің стадионға бармағаны жөн" дегенін мысалға келтірген. Наразылардың пікірінше, стадиондағы атмосфера әйелдерге сай келмейді.

Иран – әйелдер арасында спорт жанкүйерлерінің көп болғанына қарамастан, оларға футбол матчтарына, кез келген спорт жарысына баруға тыйым салатын жалғыз мемлекет. Соңғы жылдары арнайы шақырылған біраз әйел ғана матчты стадионнан тамашалауға мүмкіндік алған. Бірақ шеттен қысым болған соң Иран билігі 40 жылға созылған әйелдерді жарыстарды көруден шеттету тыйымына уақытша немесе біржола тоқтау салмақ.

Халықаралық футбол федерациясы Иранды әйелдерді тек Камбоджамен ойынға ғана емес, ұлттық құраманың және басқа да матчтарға кіргізуге шақырып отыр.

Ұйым өз позициясын анық білдіріп, "Иран әйелдері стадиондағы футбол матчтарына еркін кіруі керек" деп мәлімдеген.

Діншіл "Кэйхан" басылымы билік шешімін сынап, әйелдердің стадионға кіруге рұқсат алудан да маңызды басқа мәселелері барын жазды.

"СТАДИОНҒА БАРУ ӘЙЕЛДІҢ МӘРТЕБЕСІН ТҮСІРЕДІ"

"Кэйхан" басылымына сұхбат берген бірнеше әйел "стадионға барып, ерлердің ойынын тамашалауға мүмкіндік алу жұмыссыздық пен кедейлік сияқты мәселелерді шешпейді" деген.

Басылым билік шешіміне наразы топтың айтқанын қайталап, "стадионға бару әйелдің мәртебесін түсіреді" деп жазды.

Басылым бетінде "әйелдерді ана болу, үй шаруасымен айналысу және болашақ ұрпаққа білім беру сияқты негізгі қызметінен ажыратқысы келетіндер оларды ерлердің жарысына кіргізу сияқты болмашы мәселелерді көтеріп, елге зиян келтіріп отырғаны" айтылған.

Иран футбол құрамасы 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатына қатысты.
Иран футбол құрамасы 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатына қатысты.

Құқық қорғаушылар "ұзақ жылдар бойы мемлекет ажырасу, балаларды қамқорлығына алу, мұрагерлікті бөлісу кезінде ерлермен тең құқықтар берілмейтін әйелдерді стадионға кіргізбеу арқылы оларды жыныстық шектеп отыр" деген.

1979 жылғы революциядан кейін мектептерде, бірқатар қоғамдық орында жынысына қарап бөлу науқаны жүргенде әйелдерге стадиондарға баруға тыйым салынған.

2000 жылдардың басынан бастап, әйелдер бейбіт жолмен стадионға кіру құқығы үшін күресе бастады. Соңғы жылдары тыйымға бағынбай стадионға барған ондаған әйел жазаланған.

Иран саясатын ел ішінде және халықаралық деңгейде сынау қыркүйектің 9-ы күні 29 жастағы Сахар Ходаяридің (сүйікті командасы "Эстеглалдың" түсіне байланысты "Көк қыз" аталып кеткен) өлімінен кейін өрши түсті. Ол наурыз айында "Азади" стадионына ер адамның киімінде кірмек болғанда ұсталып, сотқа шақырылған. Ходаяри қыркүйекте сот ғимаратының алдында өзін өртеп жіберген. Осыдан кейін қоғамда наразылық күшейіп, бірқатар азамат Халықаралық футбол федерациясынан Иран билігі әйелдерді стадионға кіруге салған тыйымның күшін жоймаса, Иранды халықаралық жарыстардан шектеуді талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG