Accessibility links

Бразилияға кеткен балуан Панамерика чемпионатының жүлдегері атанды


Марат Гарипов (қызыл формада), грек-рим күресінен Бразилия құрамасының мүшесі.
Марат Гарипов (қызыл формада), грек-рим күресінен Бразилия құрамасының мүшесі.

Қазақстанның Тараз қаласында туған, қазір Бразилия атынан жарысқа қатысып жүрген балуан Марат Гарипов Перуде өткен Панамерика чемпионатында қола жүлдегер атанды. Балуан Азаттыққа берген сұхбатында Бразилияға қалай барғаны және ол елдегі жетістігі жайлы айтып берді.

Өткен аптада Перу астанасы Лимада күрес түрлерінен Панамерика чемпионатында Бразилия құрамасының мүшесі ​Марат Гарипов грек-рим күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде Перу балуаны Кристиан Наварродан басым түсіп, қола жүлде иеленді. Оған дейін Гарипов ширек финалда Чили өкілі Кристовал Алонсо Торрес Нунесті жеңіп, жартылай финалда Доминикан Республикасының спортшысы Мигел Пиментел Гонсалестен ұтылып қалған еді.

Марат Гарипов пен Кристиан Наварро кездесуінің видеосы

- Панамерика чемпионатына қатысу үшін Бразилия біріншілігін жеңу керек. Бразилия чемпионатында алтын алдым. Ал Перудегі Панамерика чемпионатында 2019 жылы өтетін Панамерика ойындарына лицензия берілді. Алғашқы үштікке енген спортшы Панамерика ойындарына жолдама алады. Сол жолдаманың бірін иелендім, - дейді балуан Азаттыққа.

Панамерика чемпионатында қола медаль алған Марат Гарипов грек-рим күресінен әлем рейтингіне алғаш рет еніп, қазір 60 келі салмақ дәрежесінде 14-орында тұр.

"ҚАЗАҚСТАНДА БӘСЕКЕ МЫҚТЫ"

32 жастағы Марат Гарипов Қазақстаннан Бразилияға 2011 жылы кеткен. Ал оған дейін грек-рим күресінен жастар арасында Қазақстан чемпионы атанып, 2010 жылы Үндістанда ересектер арасында өткен Азия чемпионатында қола медаль иеленген. Бірақ Қазақстан құрамасына іріктеуден өтпей қалған спортшы ересектер арасындағы әлем чемпионатына бара алмаған.

- Қазақстан құрамасына өкпем жоқ. Күрестің негізін туған елімде үйрендім. Азия чемпиондары Ермек Көкетов, Нұрмахан Тінәлиев, Әсет Имамбаевтармен бір залда жаттықтым. Ал күресті Жамбыл облысы Жаңатас қаласында бастағам. Кейін анамның жұмысы Таразға ауысып, сол жаққа көшіп бардық, сонда жаттықтым. Бірақ Қазақстан ересектер құрамасына ену қиын болды. Содан кейін күресі аса қатты дамымаған елдердің біріне кетем деп шештім, - дейді балуан.

Бала Марат пен Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров. (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды.)
Бала Марат пен Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров. (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды.)

Марат Гарипов 2010 жылы Мәскеуде өткен әлем чемпионатына көрермен ретінде барып, сол жақта Бразилия күрес федерациясының президенті Педро Гама Филомен кездескен.

- Екеуміз ұзақ сөйлесіп, мені Бразилияға шақыратын боп келістік. 2011 жылы Бразилияға барып жаттыға бастадым. 2015 жылы Рио олимпиадасы қарсаңында сол елдің паспортын алып, олимпиадаға қатысам деп ойладым. Бірақ жарақатыма байланысты қатыса алмадым. Бірнеше рет Бразилия чемпионатында жеңдім. Рио-де-Жанейро, Сан-Паулу қалаларында жаттықтым. Қазір Гояна қаласында дайындаламын. Бізді Кубадан келген бапкер Анхело Алдама Торрес жаттықтырады. Бразилияға өзім бардым. Балуан ретінде Қазақстанда қалыптастым. Бразилия – мақсаттарымның орындалуына мүмкіндік берген ел, - дейді Бразилия құрамасының мүшесі Марат Гарипов.

АЙЛЫҚ ЖӘНЕ ТЕГІН ТАМАҚ

Балуанның айтуынша, Бразилия құрамасының мүшесі ретінде айына мың доллар айлық алады. Федерация спортшының тұратын жері мен үш мезгіл тамағын да қаржыландырады.

- Бізге жағдай жасалған. Сондықтан тек жаттығуымыз керек. Биыл 26 мамырда Боливияда Оңтүстік Америка ойындары басталады. Соған қатысамын. Жазда Венгрия, Грузия және Түркияда рейтингтік жарыстарға барамыз. Қазанда Венгрияда өтетін әлем чемпионатына қатысамын. Қазақстанда ата-анам, туыстарым бар. Елге жиі барып тұрамын, - дейді ол.

Марат Гариповтың (жоғары тұғырда тұр) Бразилиядағы жарыстардың бірінде жеңімпаз атанған сәті. (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды.)
Марат Гариповтың (жоғары тұғырда тұр) Бразилиядағы жарыстардың бірінде жеңімпаз атанған сәті. (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды.)

Мараттың мақсаты – 2019 жылы маусымда Перу астанасында өтетін Панамерика ойындарында алтын медаль иелену. Одан кейін Токио олимпиадасына жолдама алуға талпынып көрмек.

Оқи отырыңыз: Риоға Австралия атынан барған қазақ балуан

Бұған дейін ондаған қазақстандық спортшы әлем және Олимпиада ойындарына қатысу үшін басқа елге кеткен. Мәселен, Қазақстан құрамасына ене алмаған шымкенттік балуан Ермұрат Тасмұратов Өзбекстан азаматтығын алып, Рио олимпиадасында қола медаль иеленген. Риодағы жетістігінен кейін Азаттыққа сұхбат берген балуан "Қазақстанда мүмкіндік бермегенін, жаттығу жиындарына шақырмағанын" айтқан еді.

Бокстан Ақтөбе құрамасының мүшесі болған Камран Шахсуварлы (75 килограмм) да 2013 жылы Әзербайжан азаматтығын алған. Ол 2016 жылы Рио олимпиадасында ширек финалда Қазақстан боксшысы Жәнібек Әлімханұлын жеңіп, қола медаль иеленген.

2013 жылы Қазақстан құрамасы сапында жастар арасындағы әлем чемпионы атанған ауыр атлет Анастасия Швабауэр Әзербайжан азаматтығын алған. Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы болған Яна Мыслейко (қазіргі фамилиясы – Кондрашова) 2015 жылы Грузияда өткен Еуропа чемпионатына Ресей атынан қатысып, күміс медаль иеленген.

XS
SM
MD
LG