Accessibility links

Биліктен өлмей кетпеген басшылар


Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ирдің қазасына қайғырған жұрт. Пхеньян, 19 желтоқсан 2011 жыл.
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ирдің қазасына қайғырған жұрт. Пхеньян, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың денсаулығына қатысты әрқилы хабарлар тарап жатқан кезде өмірінің соңғы сәтіне дейін биліктен бас тартпаған басшылар да еске түсті.

Өзбекстанның 1989 жылдан бергі бірінші басшысы Ислам Каримов инсульт алды. Оны «қайтыс болды» деп ақпарат таратқан БАҚ-тар да бар. Сарапшылар «егер Каримов сауығып, қайта қатарға қосыла алмаса, елді кім билеуі мүмкін» деп жорамал жасауға да кірісіп кетті.

Қыркүйектің 1-күнгі Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекелік шарасында ең басты гүл шоғын Ташкенттегі тәуелсіздік ескерткішіне президент Ислам Каримовтың орнына премьер-министр Шавкат Мирзияев қойды.

Ал тамыздың 31-і күні кешке «Өзбекстан» мемлекеттік телеарнасының «Ахборот» ақпараттық бағдарламасында диктор орыс тілінде «Каримовтың тәуелсіздік мерекесімен халықты құттықтауын» оқыған. Алайда әуелде ол жаңалықты жариялаған мемлекеттік УзА ақпарат агенттігі кейін хабарламаны ленталарынан алып тастаған.

Ислам Каримовтың денсаулығына қатысты әрқилы хабарлар кезінде өмірінің соңғы сәтіне дейін биліктен бас тартпаған басшылар да сөз болды.

ӘЗЕРБАЙЖАН. ГЕЙДАР ӘЛИЕВ

Гейдар Әлиев Әзербайжан Республикасына 1993 жылы президент болып сайланды да, 10 жыл ел басқарды. 2003 жылы үшінші рет президенттік сайлауға түспек болып, кандидатурасын ұсынған кезде қатты сырқаттанып, алдымен Түркияға, сосын АҚШ-қа емделуге аттанады. Алайда дерті асқынып, 2003 жылы 12 желтоқсанда бақилық болды.

Гейдар мен Ильхам Алиевтер.
Гейдар мен Ильхам Алиевтер.

Transparency International халықаралық құқық қорғау ұйымының дерегі бойынша, Гейдар Әлиев билік құрған кезеңде Әзербайжан әлемдегі ең авторитарлы елдердің біріне айналып, жемқорлық рейтингінде 119-орында болған.

2002 жылы Әзербайжан конституциясы өзгертілді. Ол өзгеріс бойынша, президент қайтыс болса, премьер-министр оның орнына президент қызметіне кірісетін бап енгізілді.

2003 жылы тамызда Гейдар Әлиевтің ұлы Ильхам Әлиев премьер-министр қызметіне тағайындалды.

2003 жылдың қазан айында президент сайлауына екі апта қалған кезде Гейдар Әлиев Әзербайжан халқына жолдау жасады. Онда өз кандидатурасын сайлаудан алып, орнына ұлын ұсынды.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Әзербайжандағы президент сайлауы әділ өтпеді деп мәлімдеді. Одан бері Ильхам Әлиев тағы да екі рет президенттік сайлауға түсіп, жеңді. Ол Әзербайжанды әлі басқарып отыр.

ТҮРКІМЕНСТАН. САПАРМҰРАТ НИЯЗОВ

Сапармұрат Ниязов советтік Түркіменстанды 1985 жылдан басқарды. 1990 жылы Түркіменстанда президенттік сайлау өтіп, Ниязов 98,3 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Ал 1992 жылы тәуелсіз Түркіменстандағы алғашқы президенттік сайлауда 99,5 пайыз дауыс алды.

Сапармұрат Ниязов (ортада отыр) үкімет мүшелерімен бірге. 1994 жыл.
Сапармұрат Ниязов (ортада отыр) үкімет мүшелерімен бірге. 1994 жыл.

1994 жылы жалпыхалықтық референдум ұйымдастырылып, президенттік сайлаудан бас тартып, Сапармұрат Ниязовтың президенттік өкілеті 2002 жылға дейін ұзартылды. Алайда 1999 жылы түркімен парламенті Ниязовқа өмір бойғы президент лауазымын берді.

Ниязовтың билігі кезінде Түркіменстан әлемдегі ең жабық, репрессивті елдердің біріне айналды.

«Түркіменбашы» Сапармұрат Ниязов 2006 жылы желтоқсанда қайтыс болды. Түркіменстан конституциясы бойынша, президент міндетін сайлау өткенше парламент төрағасы атқаруы тиіс еді. Алайда меджилис басшысы «қызметін асыра пайдаланды» деп айыпталып, оған қарсы қылмыстық іс ашылды, түрмеге қамалды.

Ниязовтан кейінгі билік премьер-министр орынбасары және денсаулық сақтау министрі болған Гурбангулы Бердімұхаммедовқа тиді. Ол Сапармұрат Ниязовты жерлеу рәсімін де басқарды.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашғабат, 23 сәуір 2016 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашғабат, 23 сәуір 2016 жыл.

Бедімұхаммедов 2007 жылғы (89,23 пайыз) және 2012 жылғы (97,14 пайыз) президенттік сайлауларда жеңіске жетті. Ол бұрынғы басшының жеке басына табыну культын әлсірететін реформалар жасады. Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының дерегінше, ол қазір Түркіменстандағы барлық қоғамдық-саяси және әлеуметтік салаларға жеке-дара билік жүргізеді.

СОЛТҮСТІК КОРЕЯ. КИМ ӘУЛЕТІ

Ким Ир Сен Солтүстік Кореяға 1945 жылдан бастап билік етті. Оның басшылық лауазымының атауы бірнеше рет өзгерді. «Солтүстік Кореяның уақытша халықтық комитетінің төрағасы», «Корея Еңбек партиясы орталық комитетінің бас хатшысы», «министрлер кабинетінің төрағасы», «президент» сияқты бірнеше атаулары бар.

Солтүстік Кореяны басқарған Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирдің портреттері. Пхеньян, 6 мамыр 2016 жыл.
Солтүстік Кореяны басқарған Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирдің портреттері. Пхеньян, 6 мамыр 2016 жыл.

Ким Ир Сен 1994 жылы жүрек талмасынан көз жұмды. Ресми түрде билік оның ұлы Ким Чен Ирге берілді. Бұған дейін билік мұра ретінде Ким Ир Сеннің баласы Ким Чен Ирге тиетіні әртүрлі заңдармен бекітілген. Ким Ир Сеннің қайтыс болуына байланысты елде үш жылдық аза тұту жарияланды.

Ким Ир Сен заманындағыдай Ким Чен Ир кезеңінде де билік иесінің жеке басын шексіз ұлықтау саясаты жалғаса берді.

2009 жылы Ким Чен Ир өзінен кейінгі билікті екінші ұлы Ким Чен Ынға тастайтынын мәлімдеді. 2011 жылы Ким Чен Ир бақилық болған кезде Солтүстік Корея билігі мұра ретінде Ким Чен Ынға көшті.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын.
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын.

Кимдер династиясы кезеңінде Солтүстік Корея азаматтарының құқықтары үнемі бұзылып жатқанын халықаралық адам құқығын қорғаушылар мәлімдеп келеді. БҰҰ "қазіргі әлемде адам құқығы Солтүстік Кореядағыдай тапталатын ел жоқ" деп есептейді.

Материал «Настоящая время» шолуы негізінде әзірленді.

  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

XS
SM
MD
LG