Ресейдің Челябинск облысында тұратын Жамбыл Айтпаев осыдан бірнеше жыл бұрын достарымен бірге сүт өңдеумен айналысатын "Лидер" ауылшаруашылық кооперативін құрған. Қазір ол басқаратын кооператив қызметкерлері күнделікті таңертең ауылдарды аралап, тұрғындардан сүт жинап, оны сүт өңдейтін кәсіпорынға өткізеді.
- Мен - қазақпын, қазақ екенімді мақтан тұтамын. Атам 1960 жылдары осында қоныс аударған. Челябинск облысы Қызыл ауданы Увальский ауылында дүниеге келдім. Атам осы маңда жер үйде тұрып, қой баққан, - дейді 42 жастағы кәсіпкер.
Ресейдегі кәсіпкер қазақ Жамбыл Айтпаев жайлы "Настоящее время" телеарнасының репортажы (орысша)
Жамбыл сүт өңдеу кәсібін бірден қолға алмаған. Мектеп бітірген соң мал дәрігері мамандығы бойынша білім алған. Кейін тері, ет және басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін жинаумен айналысқан.
- 2002 жылы [әйеліммен бірге] дүкен аштық. Бұл біздің алғашқы ортақ кәсібіміз болды. Кейін колхозға жұмысқа тұрып, біраз уақыт сонда істедім. Бірақ колхоздың жұмысы тоқтап, шаруашылық күйрегеннен кейін жеке кәсіп ашу керегін түсіндім, - дейді ол.
Жамбылға ауыл тұрғындарынан сүт қабылдап, оны табыс көзіне айналдыру туралы идеяны күйеу баласы айтыпты.
- Ол маған осы кәсіппен айналысуды ұсынды. Сүт тез бұзылатын өнім болғандықтан басында қорықтым, - дейді Жамбыл.
Кәсіпті жалғыз бастауға жүрексінген Жамбыл сүт жинап, өткізу туралы ойын досына айтқан. Ал досы бірден іске кірісіп, Жамбылдың алғашқы бәсекелесіне айналған.
- Бірінші кезекте аумақ үшін бәсекеге түсуге тура келді. Істі өз ауылымнан, туыстарымнан бастадым. Алғаш рет сүт зауытына 40 литр сүт өткіздім. Жұрт "Бір күбі ғана әкелгенің не?" деп күлді, - дейді Жамбыл.
Кәсіпкер жігіт бастапқы кезде жанына көмекші алмай, барлық ауыр жұмысты жалғыз өзі істегенін айтады.
- Сиырды таңертең және кешке сауады. Күніне екі рет сүт өткіземіз. Таңғы сағат 6-да ұйқыдан тұрып, елден сүт жинайтынбыз. Күні бойы зауытта болатынмын. Одан келіп, үйдегі шаруашылықпен айналысам. Кешке тағы да сүт жинауға шығамын. Ерте тұрып, кеш жатқандықтан ұйқым қанбайтын. Ауыр болды, - дейді ол.
Жамбыл біртіндеп өңірдегі шаруа қожалықтарымен әріптестік орнатып, көрші ауылдардың тұрғындарынан да сүт сатып ала бастаған. Ол кезде сүт өткізген жергілікті халыққа уәде еткен ақшасын толық бермей жүрген жылпостар да болған деп еске алады кәсіпкер қазақ. Сондықтан ауыл тұрғындары сүтті қолма-қол ақша төлеген Жамбылға өткізген. Уақыт өте келе жұмыс көбейіп, 2008 жылы Жамбыл кооператив ашқан.
- Кооператив ашылғанда, оған "Лидер" деген атау бердік. "Кемені қалай атасаң, солай жүзеді" деген мәтелдің жаны бар, - деп күледі ол.
Жамбыл Айтпаевтың кооперативінде тәулігіне екі рет сүт жинауға шығатын бірнеше көлік бар. Жаз мезгілінде сүт жинауға - он, күз бен қыста (сиыр суалады) бес көлік шығады. Айтпаевтың сөзінше, қазір "Лидер" кооперативі шамамен 600 үйден сүт сатып алады. Күнделікті бірнеше елдімекендегі әр үйді аралап, сүт жинайды. Қазіргі уақытта (қараша айында) күнделікті орташа есеппен 8 тонна сүт жиналады дейді кәсіпкер.
- Жаз кезінде бір күнде 15 тонна сүт жинаған кездер болған. Ал бұрын, сүт көп болғанда тәулігіне 20-22 тоннаға дейін жинайтынбыз, - дейді ол.
Жамбыл тұрғындардан бір литр сүтті арзанға, 20 рубльге сатып алады. Бірақ үйінде сүтті өңдеуге мүмкіндігі жоқ ауыл тұрғындары өзінен артылған сүтті өткізуге асығады. Одан түскен ақша ауылдағы мардымсыз жалақы мен зейнетақыға аз да болса сеп дейді олар. Кәсіпкер болса бағаны өзі сүт өткізетін кәсіпорын қоятынын айтады.
Айтпаевтың кооперативі өңделген сүттен дайындалатын сүзбе, айран және қатық тәрізді өнімдерді қайтадан ауыл тұрғындарына сатады.
- Сүт өткізген тұрғынға әр он күн сайын ақшасын беріп отырамыз. Бұрын қолма-қол ақша төлейтінбіз, қазір банк карталарына аударамыз, - дейді Жамбыл.
Оның айтуынша, кейде алдауға тырысатындар да кездеседі: сүтке су немесе ашыған я қаймағы айырылған көк сүт қосып өткізеді.
- Соның кесірінен көліктегі 600-1000 литр сүт түгел ашып кетеді. Мұндайда, әрине, ренжисің. Бірақ сонда да олармен жұмыс істейміз, - дейді кәсіпкер.
Жамбылдың үш баласының екеуі – студент, ақылы білім алып жүр. Балалары болашағын Ресеймен байланыстырады. Жамбыл кенже ұлы ауылда қалып, өзінен кейін кооперативтің жұмысын жалғастырады деп үміттенеді.
- Ауылымды, мұнда тұратын адамдарды жақсы көремін, - дейді ол.
"Ресей ауылында тұратындар жақсы өмір сүру үшін не істеуі керек?" деген сұраққа фермер "Мүмкін, өзіне көбірек жауапкершілік алуы керек шығар? Жұмыс істеп, еңбек етіп, шаруашылық жүргізуі керек" деп жауап берді.
"Настоящее время" сайтының тілшісі Екатерина Пономареваның репортажы негізінде әзірленді.
ПІКІРЛЕР