HRW 19 сәуірде жариялаған есебінде Қытай басшылары Шыңжаңдағы мұсылмандарды азаптау, жаппай қамау және мәдениетін жою әрекеттеріне жауапты деп мәлімдеді. Ұйым халықаралық қауымдастықты Шыңжаңдағы қысымға жауаптыларға санкция салуды және Қытай үкіметі ұстанымын өзгерту үшін Пекинге қысымды күшейтуге шақырды.
АҚШ Қытайдың мұсылмандарды қудалауын геноцид деп сипаттайды. Ал Пекин геноцид дегенді жоққа шығарып келеді. БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда арнайы лагерь ашып, онда миллионнан аса ұйғыр, қазақ және басқа да түркітілдес мұсылмандарды қамауда ұстаған.
Қытай билігі Шыңжаңдағы әрекетін ішкі мәселе деп, мұсылмандарға қысым жасағанын мойындамайды. Пекин Шыңжаңдағы лагерьлерді қайта тәрбиелеу орталығы әрі экстремизммен күресу амалы дейді.
HRW есебінде Шыңжаңдағы жаппай қамау, азаптау, адамдардың іс-түссіз жоғалып кетуі, адамдарды жаппай аңду, мұсылмандардың діні мен мәдениетін жою, отбасынан ажырату, Қытайға мәжбүрлі түрде қайтару, еркінен тыс жұмысқа жегу, жыныстық зорлық-зомбылық және стерилизациялау сынды құқық бұзу фактілері айтылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақстанды қаралау" һәм "Қытайды мақтау". Шыңжаңда қамалғандардың көргені"Қамалғандарға электрошокер орнатылған "жолбарыс орындығына" байлап сұраққа алу, ұрып-соғу, ұзақ уақыт жалғыз қамауда ұстау, жыныстық зорлау, су мен тамақ бермеу сынды азаптау актілері қолданылған" деп мәлімдеді ұйым "Шыққан тегі мен тамырын үз: Қытайдың ұйғырлар мен басқа мұсылмандарға қысымы – адамзатқа қарсы қылмыс" деген есебінде.
HRW мен Стэнфорд құқық мектебінің адам құқығы және жанжалдарды шешу орталығының бірігіп жасаған есепте "бұл құқық бұзушылықтар – халыққа қасақана және жаппай жасалған шабуылдың бір бөлігі" деп жазылған.
"Қытай билігі түркітектес мұсылмандардың өміріне, дініне, мәдениетіне жүйелі түрде қысым жасап келген. Пекин кәсіп меңгертіп, радикализмнен арылтып жатырмыз дегенімен, бұл риторика адамзатқа жасалып жатқан сұмдық қылмысты жасыра алмайды" дейді Нью-Йоркте орналасқан HRW ұйымының Қытай жөніндегі директоры Софи Ричардсон.
Есепте "Қытай Шыңжаңда мұсылмандардың мәдениеті мен дінін жою үшін мешіттерді, діни және мәдени объектілерді бұзып, әйелдерді бала көтеруден күштеп шектеп, түркітілдес халықтарды лагерьде және лагерьден тыс мұсылмандықтан бас тартуға мәжбүрлеп жатыр" деп жазылған. Ұйым бұл әрекеттерді "мәдениетті жою актілері" деп атайды.
HRW есебінде кейінгі жылдары Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым ұлғайып, оларды еркінен тыс жұмысқа жегу жаңа деңгейге шығып, аңду, балаларды отбасынан ажырату, жаппай қамау мен дінінен ажырату күшейгені аталады.
Your browser doesn’t support HTML5
"Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы мұсылмандарға қатысты саясаты халықаралық қылмыстық заңдардағы адамзатқа қарсы қылмыс стандарттарына сай келетіні күннен-күнге айқындалып келеді. Қытай қылмысты тоқтатуға әрекеттенбей, жауаптыларды жазаламай отырғандықтан халықаралық қауымдастық бірігіп, нақты әрекет жасауы керек" дейді Адам құқығы мен халықаралық әділ сот жөніндегі Стэнфорд орталығының өкілі Бет Ван Шаак.
Есеп авторлары БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесін адамзатқа қарсы қылмыстар деп күдікке ілінген әрекеттерді тексеретін; жауаптыларды анықтап, жазаға тартату жолдарын ұсынатын арнайы орган құруға шақырды.
HRW есебінде Шыңжаңдағы адамзатқа қарсы қылмысқа жауаптыларға виза, сауда санкциясын салуды ұсынады.
"Қытайдың адамзатқа қарсы қылмысына нүкте қою үшін әлем бірігіп әрекет етуі тиіс" дейді Ричардсон.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шетелдегі туысына сыйлық жібергені үшін сотталған". Шыңжаңда ұзақ жылға түрмеге қамалғандар көбейген