"ТҮНГІ ТӘРТІПСІЗДІК"
Алматы облысы Панфилов ауданы әкімі Талғат Өмірәлиев сәрсенбі күні Пенжім ауылында болған оқиға "ұлтаралық қақтығыс емес, өзара келіспей қалған екі оқушының төбелесінен шыққан түсініспеушілік" дейді. Бұл туралы аудан әкімі 28 қазанда Пенжім ауылына барған Азаттық тілшісіне айтты.
– Ол (жанжал) неден шықты? Розыбакиев атындағы мектепте балалар төбелесіп қалып, бір бала ауруханаға түскен. Жарақат алған, бала аман-есен. Бүгін кіріп шықтым. Бас дәрігерді көрдік. Аяқ-қолы сау, сөзі дұрыс, түнде операция жасады. Басынан жарақаттанған. Гематоманы алып тастады. Баланың өзімен сөйлескен кезде "жағдайым жақсы, бәрі дұрыс" деді. Сол үшін түнде жастар ұлттық мәселені көтеріп жиналған. Бұл жерде ұлттық мәселенің еш қатысы жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасымен штаб құрылды, – деді Талғат Өмірәлиев.
Әкім өткен түні Пенжім ауылында полицияның көшеге топ болып жиналған жастарды тарқатқанын айтты.
Өмірәлиевтің сөзінше, Пенжімдегі тәртіпсіздіктер кезінде 53 жастағы тағы бір адам зардап шеккен. "Жастардың лақтырған тасы басына тиіп, жарақат алған. Қазір ауруханада жатыр, жағдайы қалыпты, дәрігерлер көмектескен" деген әкімнің сөзін берген Tengrinews сайты.
Қытаймен шекарадан 15 шақырымдай жердегі Пенжім (ұйғырша "бас ауыл" деген мағынада) ауылдық округінде 12 мыңнан астам адам, соның ішінде 7 мыңнан аса қазақ, 5 мыңға жуық ұйғыр тұрады.
Пенжім ауылында 5 мыңнан астам адам тұрып жатыр, жергілікті халық негізінен егіншілікпен айналысады, жүгері өсіреді деді бейсенбі күні ауыл тұрғындарының бірі Азаттық тілшісіне.
Облыстық полиция департаменті сәрсенбінің кешінде 30 шақты адам жиналып, Пенжімдегі бірнеше үй мен көліктің терезесін сындырғанын хабарлады.
"27 қазанда сағат 20:00-да 102 қызметіне Пенжім ауылында мектеп оқушылары арасындағы төбелеске қатысқандардың бірі тұратын үйдің жанына 30 шақты адам жиналғаны туралы ақпарат түсті. Топ адам бірнеше жеке тұрғын үй мен бірнеше көлік құралының терезесін сындырған. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі ("Топтасып жасалған бұзақылық") бойынша іс қозғалды" деп жазылған бейсенбіде полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Бұға қоса полиция сәрсенбінің кешінде Пенжім ауылындағы жеке меншік үй өртенгені туралы хабар түскенін, ол жерге полиция өкілдері мен төтенше жағдай қызметкерлері барғанын хабарлады.
"Үй иесі әйелдің айтуынша, өртке пештегі ақау себеп болған. Сағат 23:30 кезінде өрт сөндірілді. Ешкім зардап шекпеген. Бұл өрттің болған оқиғаға қатысы жоқ" деген облыстық полиция департаменті жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік артылатынын ескерткен.
Бейсенбіге қараған түні әлеуметтік желіде тараған, "Пенжім ауылындағы жағдай" деп сипатталған бірнеше видеода түн мезгілінде көшеде топтасып айқайлап, әлдебір нысанаға кесек лақтырып жүрген адамдар, өртеніп жатқан ғимараттар, дабыл қосып, асығыс кетіп бара жатқан полиция көлігі көрсетілген.
МЕКТЕПТЕГІ ТӨБЕЛЕС, ЗАРДАП ШЕККЕН ОҚУШЫ
Сәрсенбі күні Пенжім мектебінде оқушылар арасында болған төбелес кезінде зардап шеккен 16 жастағы жасөспірімнің жағдайы ауыр. Бұл туралы 28 қазанда Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлаған. Ол қазір Панфилов аудандық көпсалалы ауруханада жатыр.
"Басынан жарақат алған науқастың жалпы жағдайы ауыр. Бас сүйегі жарылған, миына қатты зақым келген, оң жақ самайында жарақат бар, 2-3-дәрежелі травматикалық шок алған. Есін біледі" деп хабарлады басқарма.
28 қазанға қараған түні әлеуметтік желі мен мессенжерде "Пенжім ауылындағы мектеп оқушылары арасындағы жанжал" деп сипатталған видео тараған еді.
Күндіз көпқабатты мектептің ішінен түсірілгенге ұқсайтын видеода ғимарат ауласында бір топ жасөспірімнің төбелесіп жатқаны, бір сәтте әлгілердің бірі сұлқ түсіп жерде жатып қалғаны, оған өзге оқушылар мен ересек адамдардың жәрдем көрсетуге тырысып жатқаны көрінеді.
Бейсенбі күні Алматы облыстық полициясы Пенжім мектебіндегі төбелеске байланысты іс қозғалғанын хабарлады.
"Тексеру барысында 9-шы және 10-сыныптың екі шәкірті тәжікелесіп, оның аяғы топты оқушының төбелесіне ұласқаны және оның салдарынан жасөспірімнің зардап шеккені белгілі болды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру") бойынша қылмыстық іс тіркелді, жанжалға қатысушылардың барлығы анықталды" деп жазылған полиция таратқан ақпаратта.
Баспасөз қызметі облыстық полиция департаменті басшысы, Панфилов ауданы әкімі мен ауыл ақсақалдарының "Пенжімде жергілікті халықпен кездесіп, түсінік жұмысы жүргізілгенін" айтады.
Полиция Пенжім ауылы мен көрші елдімекендерге күзет қойған.
Билікті қолдайтын Қазақстан халқы ассамблеясының ресми өкілі Майя Бекбаева бейсенбі күні Пенжім ауылындағы оқиғаға байланысты пікір білдірді. "Ауыл тұрғындары арасында, этносаралық қандай да бір жанжал, әсіресе қақтығыс жоқ екендігін және оған жол берілмейтіндігін ерекше атап өткім келеді. Жергілікті тұрғындар – қазақтар да, ұйғырлар да көп жыл бірге тұрады, бір-бірімен дос әрі көрші, барлығы шын жүректен бейбітшілік пен тыныштықты қалайды" деп жазды ол Facebook парақшасына.
Парламент депутаттары Пенжімдегі жанжал жайлы не дейді?
Your browser doesn’t support HTML5
ПЕНЖІМДЕГІ ЖИЫН, КІЛТ ҮЗІЛГЕН ТІКЕЛЕЙ ЭФИР
Бейсенбі күні Азаттық тілшілері оқиға болған Пенжім ауылына барды. Сағат 12:00-де ауылдағы мәдениет үйінде Панфилов ауданы әкімі Талғат Өмірәлиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Жандос Қалиев және Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов жергілікті халықпен кездесті.
Залда отырғандардың бірі Азаттық тілшісіне кеше болған жайт осы ауылдағы "бірінші оқиға емес" екенін айтып келе жатыр еді, дәл сол сәтте жиналыс басталып кетіп, әлгі адам көкейіндегісін толық айтып үлгермеді.
Пенжім ауылында болған төтенше оқиға талқыланған жиында сөз алғандар ондаған жылдан бері қазақ пен ұйғыр бірге тұрып келе жатқан ауылда татулықты сақтау, өзара сыйластық пен құрмет танытуға шақырып сөйледі.
Ауыл тұрғындары мұндай жайттың "бұрын да болғанын", қазіргі "жастар басқадай тәрбие алып, бөлектенуді" шығарғанын айтып, билікті ішкі саясатта осы мәселелерге жіті назар аударға үндеді.
Сонымен бірге "шаңыраққа қарау", "тұрып жатқан елді сыйлау" деген сияқты сөздер де айтылды. Бәзбіреулер ондай сөзді қолпаштап қол соқты, алайда келіспегендер де болды. Өз пікірін көптің алдында айтпақ болған кейбіреуге сөз тимей қалды. Ауыл тұрғындарын ауызбіршілікке шақыруды мақсат тұтқан жиында айтылған әңгіменің ауанынан Пенжімде аса күрделі ахуал қалыптасқаны байқалды.
Азаттық тілшілері көкейкесті мәселеге байланысты түрлі пікірдегі ауыл адамдарының барлығына микрофон ұсынып, ой-тілегін білмек болған. Бірақ мәдениет үйінде өтіп жатқан жиыннан Азаттықтың тікелей трансляциясы кенет сағат 13:30 кезінде интернеттегі бұғаттау салдарынан үзіліп қалды.
Your browser doesn’t support HTML5