Accessibility links

"Қордай ісі": 50 адам сотталып, біреуі ақталды. Ең ауыр жаза - 20 жыл


50 адам сотталды. "Қордай ісі" бойынша сот қалай аяқталды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:49 0:00

Таразда Қордайдағы ұлтаралық жанжалға байланысты айып тағылған 51 адамға сот үкімі оқылды. Ең ауыр жаза - 20 жыл түрме жазасы. Бір адам толық ақталып шықты. Дүнгендер қауымдастығы өкілі шабуылға ұшыраған ауылда тұратын азаматтар "өз үйін қорғағаны" үшін сотталғанын айтып, үкім әділ емес деп санайды.

27 сәуірде Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында былтыр ақпанда Қордай ауданында болған ұлтаралық жанжалға байланысты қылмыстық іс қаралған сот процесінде судья Айдарбек Замбаев 51 айыпталушыға үкім шығарды. Жанжал кесірінен дүнгендер тұратын төрт ауылда ондаған тұрғын үй мен өзге де ғимараттар бүлініп, өртенген және 11 адам қаза тауып (көбі – дүнген), ондаған адам жараланған еді.

Қылмыстық іс бойынша 51 адам – 37 қазақ және 14 дүнгенге айып тағылған. Оларға Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап), "Қаруды, оқ-дәрi, жарылғыш заттар және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" (287-бап), "Қорқытып алу" (194-бап), "Қарақшылық" (192-бап) және "Адам өлтіру" (99-бап) баптары бойынша айыптар тағылды. Сот процесі былтыр 3 желтоқсанда Тараздағы СИ-13 тергеу абақтысында басталған. Айыпталушыларды шамамен 60 адвокат қорғады.

— 24 адам кінәсін мойындады, 14 адам ішінара мойындады. 17 адам оларға тағылған айыпты мойындаудан бас тартты. Сотталушы [Жұмахан] Ботабасов топ адамға мылтықтан оқ атқан. Салдарынан үш адам қаза тауып, төрт адам зардап шеккен. Ол жаппай тәртіпсіздікке қатысып, үш адамның өліміне, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін айыпты деп танылып, 20 жылға бостандығынан айырылды. Сотталушы Медет Тоқабаев бірнеше адамды көлікпен қаққан. Бір адам оқиға болған жерде қайтыс болып, үш адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Тоқабаев жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, екі адамнан көп адамды өлтіруге оқталғаны, атыс және өзге де заңсыз әрекеттері үшін 17 жылға бостандығынан айырылды, – деді Жамбыл облыстық сот әкімшілігінің жетекшісі Берік Құлтасов сот үкімі жарияланғаннан кейін өткен баспасөз жиынында.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Сотталушылардың кейбірінің адвокаттары үкімге келіспей, апелляция шағымын беретінін айтты.

Қордайдағы ұлтаралық жанжал бойынша сот үкімін журналистер басқа бөлмеге қойылған монитордан тыңдады. Тараз, 27 сәуір 2021 жыл.
Қордайдағы ұлтаралық жанжал бойынша сот үкімін журналистер басқа бөлмеге қойылған монитордан тыңдады. Тараз, 27 сәуір 2021 жыл.

Осы іс бойынша ең ұзақ мерзімге – 20 жылға сотталған Жұмахан Ботабасовтың туыстары үкіммен келіспейді. Олардың сөзінше, оқиға болған түні Ботабасов жас жігіттерге ілесіп кеткен ұлын іздеп шығып, көз ұзамай үйіне оралған.

– Топқа еріп кеткен ауру баласын іздеп барған бауырым жалаға ілініп отыр. Нақақтан нақақ, ешқандай жазығы жоқ. Дәлел де бар, ол телефон соғып, бала келді ме, не болды деп сұраған. Телефонды қызы алып, Шерхан үйге келді деген, кейін өзі де үйіне оралған. 27 наурызда ештеңе айтпастан, түсініктеме жазасың деп үйден алды да кетті, – дейді туысы Ерхат Ботабасова.

Мектепте қазақ тілі мұғалімі болып істеген дүнген Мәлік Ясыровты өлтірген деген айып тағылған Ерік Бәйтеновке сот 15 жарым жыл түрме жазасын кесті. Бәйтеновтің адвокаты Талғат Бейісбеков тергеушілер сотталушының қылмыс жасағанына ешқандай дәлел ұсынған жоқ дейді.

– Бірақ соған қарамастан сот үкім шығарғанда 15 жыл 6 айға заңсыз, әділетсіз соттап жіберіп отыр. Егер жаппай тәртіпсіздік сағат 02:35-тен өте басталса, ал менің қорғауымдағы адам түнгі үштен кейін [үйіне] кірген болса, ол қалай жаппай тәртіпсіздікке қатысады? – деген сұрақ қояды Бейісбеков.

Медет Тоқабаев бірнеше адамды көлікпен қасақана қаққан (оның біреуі өлген) деген айыппен 17 жылға, дәл сондай айып тағылған Мәрлен Кәрібаев 16 жылға сотталды. Сот екеуін де адам өлтіру және жаппай тәртіпсіздік қылмысына айыпты деп таныды. Мақсат Солтанаев топ адамға мылтықтан оқ атып, бір кісіні өлтірген деген айыппен 17 жылға бостандығынан айырылды.

"Қордай жанжалы" ісі бойынша сот процесі. Тараз, Жамбыл облысы, 3 желтоқсан 2020 жыл.
"Қордай жанжалы" ісі бойынша сот процесі. Тараз, Жамбыл облысы, 3 желтоқсан 2020 жыл.

Сот айыпкер Ерса Дауровты полицияға қарудан оқ атқаны үшін айыпты деп танып, 16 жылға бостандығынан айырды.

– Сотталушылар Сангуй мен Чешонло топтасып адам өлтірген. Сангуй жәбірленушінің кеуде тұсына бірнеше рет аша жұмсаған, ал Чешонло ол адамның басынан металл затпен ұрған. Сангуй мен Чешонло қылмысқа айыпты деп танылып, [әрқайсысы] 16 жыл алты айға сотталды, – деп хабарлады облыстық сот әкімшілігінің өкілі Берік Құлтасов.

Түрме жазасын алған сотталушылардың көбінің адвокаттары сот үкіміне келіспей, апелляция шағымын беретінін мәлімдеді. Қазақстан дүнген қауымдастығының өкілдері де үкімге наразы екенін айтады.

– Біздің балалар, яғни айыпталған 14 жігіт өз үйін, бала-шағасын қорғады деуге болады. Олардың бәрін ақтау керек еді. Алтауы бірнеше жылға сотталды. Біз апелляция шағымын береміз, – деді дүнген қауымдастығы төрағасы Хусей Дауров.

Қордайда болған ұлтаралық жанжалға байланысты сот процесі. Тараз, 3 желтоқсан 2020 жыл.
Қордайда болған ұлтаралық жанжалға байланысты сот процесі. Тараз, 3 желтоқсан 2020 жыл.

Сот процесі барысында айыпкерлерге сотқа дейінгі тергеу кезінде электрошокер қолданылғаны жайлы мәлімдеме жасалған еді, бірақ ол бойынша тергеу жүргізілмеді.

Бұған дейін соттағы жарыссөз кезінде прокурор судьядан айыпкерлерге екі жыл шартты жазадан бастап 18-20 жылға дейін түрме жазасын беруді сұраған. Кейін дүнгендер ассоциациясы прокурор тым қатал жаза сұрады деп наразылық білдірген.

2020 жылы 8 ақпанға қараған түні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы дүнгендер көп тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты және Бұлар батыр ауылында болған ойран салдарынан 11 адам (көбі – дүнген) қаза тауып, жүзден астам адам (соның ішінде 19 полиция өкілі) жараланды. 20 мыңнан астам адам, негізінен дүнгендер үй-жайын тастап, көрші Қырғызстанның дүнгендер көп тұратын ауданына қашуға мәжбүр болды.

Кейін Қазақстан үкіметі көрші мемлекетке қашқан дүнгендердің көбі үйіне оралды деп мәлімдеген. Қазақстан прокуратурасының мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам сараптама жүргізіліп, 1,5 мыңнан астам адам сұралған.

Қордай ауданында болған бұл жанжал Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі қантөгіске айналды. Жанжалдың тұтануына жол үстіндегі екі оқиға себеп болған. Полицияның мәліметінше, жолға таласқан екі көліктің жүргізушілері қол жұмсауға дейін барып, салдарынан бір адам – егде жастағы қазақ зардап шеккен. Келесі бір оқиғада дүнген жігіті көлігін тоқтатпақ болған полиция қызметкерлеріне бағынбай, туыстарымен бірге билік өкілдеріне қарсылық көрсеткен. 8 ақпанға қараған түні Ауқатты, Бұлан батыр, Масанчи мен Сортөбе ауылдарына топтасып келген көп адам (кей дерек бойынша, бірнеше жүзден бірнеше мыңға дейін) ойран салып, дүнгендердің дүние-мүлкі бүлініп, өртенген.

Бұл оқиғадан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов отставкаға кетті, бірнеше лауазымды шенеунік, соның ішінде облыстық полиция департаментінің басшысы қызметтен босатылды. Сол кезде премьер-министрдің орынбасары болып істеген Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысына әкім болып тағайындалды. Қордайдағы қантөгістен кейін билік орындары 120-дан астам іс бойынша тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеген.

Былтыр қыркүйекте Алматы гарнизонының әскери соты Қордайдағы жанжалдан кейін айып тағылған 60 адамның жетеуіне үкім шығарған. Ал кейін солардың төртеуінің түрме жазасын бостандығын шектеу жазасына алмастырған. Сәуір айында Қордай аудандық соты осы аудандағы бір елдімекенде жол үстінде болған оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша айыпкер екі адамға үкім шығарды.

Ресейдегі "Мемориал" дискриминацияға қарсы орталығы былтыр мамырда жариялаған мақаласында Қордайдағы жанжал бойынша қылмыстық істі тергеудің біржақты әрі жабық жүргізіліп жатқанын айтып сынаған. Әділ тергеу жүргізуге үндеген ұйым дүнген қауымдастығы өкілдерінің Қазақстан билігіне үндеуін жариялаған. Онда ұсталғандардың азапталғаны жайлы да айтылған.

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:24 0:00

Халықаралық басылымдар 2020 жылы ақпанның 8-іне қараған түні Қордай ауданында болған оқиғаны ұлтаралық қақтығыс деп атады. Орталық Азиядағы көлемі жағынан ең үлкен, әртүрлі ұлт өкілдері тұратын постсоветтік елдегі ұлтаралық келісім мен конфессияаралық татулықты үнемі мысалға келтіретін билік болса оны "тұрмыста болып тұратын жанжал", "басқаруға көнбеген тобырдың әрекеті" және "арандатушылардың тыныштық шырқын бұзуға талпынысы" деп сипаттады.

Қазақстанда ұлтаралық сипаты бар оқиғалар бұған дейін де болған. Бірақ билік ондай жанжал, толқулардың этникалық астары барын жоққа шығарып келді. Қазақстандағы этносаралық қақтығыстарға байланысты пікір білдірген кейбір сарапшылар елге реформа қажет екенін, бірақ "халықтан алыстап кеткен билік қандай да бір өзгеріс жасауға құлықсыз" екенін айтқан еді.

Дүнгендер (оларды хуэй деп те атайды) ислам дінін ұстанады. Ұқсас болғанымен қытай тіліне жатпайтын дүнген тілінде араб, парсы және түркі тілдерінен енген сөздер де бар. 1862-1877 жылдары Қытай билігі Цин үкіметіне қарсы көтерілісті қанға бөктіріп басқаннан кейін дүнгендер патшалық Ресейге қарайтын Орталық Азияға қашып келген.

Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы постсоветтік елдерде 120 мыңға жуық дүнген бар. Олардың көбі Қырғызстанның солтүстігіндегі Шу облысы мен Қазақстанның Жамбыл облысында тұрады.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG