Қазақстан билігі өзбек босқындарын экстрадициялау мәселесін қарап жатыр

Алматыда ұсталған өзбек босқындарының балалары Азаттық тілшісіне сұхбат беріп тұр.

Қазақстан босқын мәртебесін алуға тілек білдірген 29 шетелдік азаматты қамауда ұстап отырғанын мойындады. Қазақ билігінің айтуынша, Өзбекстан кісі өлтіру, экстремизм және терроризм айыбы бойынша бұл адамдарға іздеу жариялаған. Қамаудағыларды Отанына экстрадициялау мәселесі сот арқылы шешілетін болады.

РЕСМИ МОЙЫНДАУ

Алматы прокуратурасы елге баспана іздеп келген жиырма тоғыз шетелдік азаматтың ұсталғандығы туралы мәлімдеді. Бас прокуратураның хабарлауынша, маусымның 9-11 аралығында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер органдары жедел-іздестіру шараларының барысында ұсталғандардың барлығы аса ауыр қылмыс жасағаны үшін Өзбекстан мемлекеті тарапынан халықаралық іздеуде жүрген күдіктілер.

– Өзбекстан Республикасының қылмысты қудалау органдары оларға терроризм, кісі өлтіру, діни экстремистік, сепаратистік және басқа да тыйым салынған қылмыстық қоғамдастық ұйымдастырғандары және оған тікелей қатысқандары туралы айып таққан, аталған қылмыстар үшін ол мемлекетте 10 жылдан бастап бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деді Азаттыққа түсініктеме берген Алматы қалалық прокуратурасы баспасөз қызметінің өкілі Гүлнар Байсаламова.

Прокуратура өкілінің айтуынша, ұсталған шетелдік азаматтар сот шешімі бойынша экстрадициялық қамауға алынған. Қазір жиырма тоғыз босқын оларды Өзбекстанға қайтару не қайтармау туралы мәселенің сотта қаралуын күтіп, Алматының тергеу абақтысында қамауда отыр.

ЖИЫРМА ТОҒЫЗ БОСҚЫН

Маусымның 9-ы күні Алматыда босқын мәртебесіне ие болуды күтіп жүрген шетелдік азаматтардың жаппай ұсталғандығы жайында Азаттық радиосы осыған дейін хабарлаған болатын. Жақын-туыстарының айтуынша, олардың көпшілігі діни көзқарасы үшін Өзбекстан билігінен қуғын көріп, Қазақстанға бассауғалап келген өзбек азаматтары. Қазақстан билігі бұл адамдар «Мигрант» шарасы барысында ұсталғандығын мәлімдегенімен, олардың жалпы санын айтудан бас тартқан еді.

Өз есімін атағысы келмеген, Қазақстандағы өзбек босқындары бастамашыл тобының өкілі Азаттық радиосына Алматы прокуратурасының ресми мәлімдемесінде айтылып отырғандар сол өткен аптада ұсталған, босқын мәртебесін алуды күтіп жүрген жандар екенін айтты.

– Босқындардың алғашқы тобы маусымның 9-ы күні ұсталған. Соңғысын өткен сенбіде ұстап алып кетті. Қазір тергеу абақтысында жиырма тоғыз адам отыр. Олардың арасында бір адам Тәжікстан азаматы, тағы бір адам – Қырғызстандікі, қалғандары Өзбекстан азаматтары. Біз олардың қамалғаны туралы адам құқын қорғаушы ұйымдарға, тіпті ЕҚЫҰ-ға да хабарладық. Әзірге еш жауап жоқ, – дейді өзбек босқыны.

Хабарларға қарағанда, ұсталған босқындардың 18-інде БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының берген сертификаты бар. Дегенмен оларға әлі босқын мәртебесі беріліп үлгермеген.

ПӘТЕР ИЕЛЕРІНЕ ҚЫСЫМ ЖАСАУ

Қамаудағы жиырма тоғыз адам Қазақстан билігінің шешімін күтіп жатса, бостандықта жүрген кейбір босқындар басқа бір проблемаға кезікті. Олар Алматыда жалдап тұрып жатқан пәтер иелері босқындардан баспананы бостауды талап еткен. Алматыдағы босқын әйелдердің бірі Азаттық тілшісімен әңгімеде, өзі жалдап отырған пәтердің иесіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қысым көрсетіп жатқанын айтып берді.

– Бір босқын тұратын пәтер иесі әйел өткен аптада түн ішінде одан пәтерді бостауды талап еткен. Босқын бұндай талапқа қатты қапаланып, күйзеліп жүрді. Ол пәтер иесінен өзін баспанадан шығарудың себебін сұрағанда, әлгі әйел Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оны таң атқаннан кеш батқанға дейін бірнеше сағат бойы ұстап, босқындар жайлы сұрақтың астына алғанын айтыпты. Ал босқындарды ұстағаннан кейін ол әйелді тағы да шақырып алып, оның пәтерінде тұратын босқындар жайлы сұрап, онымен қатал сөйлесіпті, – дейді босқын өзбек әйелі.

Оның айтуынша, қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері өзбек босқындары тұратын өзге пәтерлердің иелерінен де осылайша жауап алыпты. Енді кейбір пәтерлердің иелері босқындармен байланысқысы келмейтіндерін айтып, олардан пәтерді босатуды талап етіп жатқан көрінеді. Оларды қауіпсіздік комитетінің өкілдері арандатушы іс-әрекеттерге барып, қолдан айыптар жасап тағып жүрмей ме деген ой да мазалайды дейді босқын әйел.