Қазақстанда президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған 50-ден астам жас маман Отандарына оралмаған. Олардың кейбірі елде жұмысқа орналасудың қиындығын алға тартады. Қазақстан енді оларды құқық органдары арқылы іздестірмек.
ОТАНҒА ОРАЛМАҒАНДАР
Қазақстандағы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» өкілінің сөзінше, президенттік «Болашақ» бағдарламасының 50-ден аса түлегі шетелден Отандарына қайтып оралмаған. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің Стратегия департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан қазір ол стипендиаттардың қайда және не істеп жүргендігі белгісіз екендігін айтады.
«Халықаралық бағдарламалар орталығындағылардың» атап өтуінше, шетелден қайтып келмей қалып жатқан «болашақтықтардың» саны жыл сайын көбейіп отыр. Сұхбаттасымыздың айтуынша, өткен жылы 25 адам, ал оған дейін 29 түлек Қазақстанға қайтып оралудан бас тартқан екен.
Енді оларды құқық органдары іздестіретін болады. Ақерке Абылайханның айтуынша, Қазақстанға оралғысы келмеген түлектерге қатысты келісім-шарт бойынша шара қолданылады.
– Келісім-шарт бойынша ол азаматтардың осы Қазақстанда кепілдікке қойылған мүліктері бар. Қазақстанда тұрып жатқан ата-анасы бар. Мүліктің құны жұмсалған қаржыны жаппаса, біз стипендиаттың кез-келген жұмыс істейтін, 50 жасқа дейінгі туысымен келісім-шартқа отырамыз. Ол бойынша шетелдегі стипендиат үшін ол кісі ай сайын өз жалақысынан жетпеген ақшасын төлеуі міндетті, – дейді Ақерке Абылайхан.
Дегенмен мәселені бейбіт жолмен шешуге де болады дейді ол.
– Егер барлық ақшасын төлеп, оқу барысында кеткен қаржыдан өзге пайыздық үстем ақысын төлеп, «мені Болашақ бағдарламасы стипендиаттарының санатынан алып тастаңыз» деген мағынадағы арыз жазса, республикалық комиссия оны қарап, қанағаттандыруы мүмкін. Осы күнге дейін бірнеше сондай оқиға болды, – деді Ақерке Абылайхан.
ЖАСТАР ӨЗГЕ ЕЛДІ НЕГЕ ТАҢДАЙДЫ?
Айта кету керек, мемлекет бір стипендиаттың білім алуына жылына он мың доллардан аса қаражат жұмсайды. Келісім шарт бойынша, «Болашақтың» түлектері елге қайтып оралып, кем дегенде бес жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі тиіс. Дегенмен, бағдарламаға қатысушыларының көбі Қазақстанда дағдарыстың кесірінен жұмыс табу қиындығын алға тартып, сондықтан өздері білім алған жерде қалуды қалайтындықтарын мойындап отыр.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша 2003 жылы Лондонның экономика мектебінде білім алып келген Гүлзира Амантулинаның сөзінше, жастардың шет елде қалуының бірнеше себебі бар.
– Бағдарлама бойынша шетелге аттанып бара жатқан кез-келген жас қайтып келгенде өзіне жеткілікті айлық алатындығына сенбейді. Себебі, Қазақстан мен Еуропа елдерінің жалақысын тіпті салыстыруға келмейді. Тағы бір мәселе – адами фактор. Жастар ел көргісі келеді, жер көргісі келеді. Үшіншіден, «Болашақпен» баратындар негізінен бакалавриатта оқитындар. Өзіңіз ойлап қараңыз, төрт-бес жыл үлкен мерзім, жастар ол жаққа тез үйреніп қалады. Сондықтан, меніңше шетелге бір немесе екі жылға ғана барып, негізгі білім мен тәжірибе алып келген жөн, – дейді Гүлзира Амантулина.
Оның сөзінше, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып келіп қазірде Қазақстанда жұмыссыз жүргендер де аз емес. Дегенмен, кәсіби маман әрқашан сұранысқа ие дейді сұхбаттасымыз.
Өткен жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық компанияларды «Болашақ» бағдарламасының түлектерін жұмыспен қамтуға көмектесуге шақырған еді. Мемлекет басшысының сөзінше, «болашақтықтар» – Қазақстанның жоғарғы білікті кадрлар негізін қалыптастырушылар.
Биыл мемлекет бұл бағдарлама бойынша квотаны көбейтіп, 729 қазақстандық жас азаматқа стипендия берді. Маусымның 7-сі күні «Болашақ» бағдарламасының кезекті байқауына құжат тапсыру науқаны басталды. Биылғы жылы мыңнан астам орынға 16 млрд. теңге қаражат жұмсау көзделген. Сондай-ақ осы жылы мемлекеттік тілді білмеген талапкерге стипендия бұйырмайды. Ал ауыл баласына шет тілінен талаптар жеңілдетілген дейді мамандар.