Your browser doesn’t support HTML5
Түрме қызметкері "қырындаған" әйел әділет іздейді. Комитет факт расталмады дейді
"ТЕЛЕФОН НӨМІРІҢДІ БЕРШІ"
Алматыдағы №72 қамау мекемесінде жатқан күйеуіне ас-ауқат тасып жүрген Эльмира (аты-жөні өзгертілді) тергеу изоляторы қызметкерінен қысым көргенін айтты. Оның сөзінше, әділет қызметкері күйеуінің қамауда жатқанын пайдаланып, қырындаған, телефон нөмірін сұрап, әуреге салған. Ол бұл әрекетін бір емес, бірнеше рет қайталады дейді.
– Ол айдауыл болып жұмыс істейді. Жолдасымды камерасынан кездесу бөлмесіне дейін апарып, алып келеді. Басында "тұрмыста екенімді білесіз, күйеуімді де танисыз, менің нөмірім сізге не үшін қажет, ондайыңызды қойыңыз" деп сыпайы түрде қарсылық білдірдім. Қоймаған соң бірде дауысымды көтеруге мәжбүр болдым, – деді ол.
Бірақ айдауыл тұрмыстағы әйелге қырындауын қоймаған. Тағы бір келгенінде "райыңнан қайттың ба, телефон нөміріңді беруге дайынсың ба?" деп сұраған. Жауап болмаған соң өз нөмірін жазып берген, Эльмира алмай кетіп қалған.
Алматыдағы №72 тергеу изоляторының сырт жағы. 20 желтоқсан, 2024 жыл
Ол абақтыға барғанда өзі сияқты тағы бір әйелдің сол қызметкерден қысым көріп жүргенін естіген. Оған да тергеу мекемесінің қызметкері әдепсіз қылық көрсеткенін айтқан. "Оған тіпті мессенджерде хат жазып, кездесуге шақырған" дейді Эльмира.
– Әлгі қызметкер басында оған көмектесетінін айтқан: бір жерге кезекке қойып беру, қолдау білдіру деген сияқты қызметтер... Біраздан соң олардың мессенджердегі әңгімесі басқа сипатқа ауысқан. Қызға кездесуді ұсынған. Ол тұрмыста екенін айтып, мазаламауын сұраған. Сосын ол "мен де үйленген адаммын" деп, таныстықты жалғастыруға ниет білдірген, – деді абақтыдағы жақынына барып жүрген басқа қыздың әңгімесін қайталаған Эльмира.
АРЫЗЫ КҮЙЕУІНЕ ТАЯҚ БОЛЫП ТИГЕН
Осыдан кейін екеуі құзырлы органдарға талап-арыз дайындаған. Алайда екінші әйел "күйеуім әлі де мекемеде отыр, оның қауіпсіздігіне алаңдаймын" деп арыз беруден айнып қалған. Ал Эльмира шағымы абақтыдағы күйеуіне таяқ болып тигенін айтады. Мекеме басшылығы қызметкерді жұмысынан шеттетудің орнына "абақтыда отырған күйеуімді шақырып түрлі қысым көрсетіп, түсініктеме жаздыртты" дейді.
– Менің арызым түскен соң мекеме басшылығы дәл сол маған қысым жасаған қызметкерге үстінен арыз түскенін айтып, күйеуімді камерасынан әкімшілік ғимаратқа апаруды тапсырған. Апара жатып, сөзге келген. Басшылық күйеуіме "арызды қандай ниетпен жазды?" деп сұрап, қысым жасаған. Кейін сол қызметкерді күйеуіме қайтадан жіберіп, татуластыруға тырысып, "мәселені жігітше шешуді" ұсынған, – деді ол.
Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отырғандармен кездесу орнына кіретін есік. 20 желтоқсан, 2024 жыл
Эльмираның шағымынан соң қызметтік тексеріс болған. Мекеменің Азаттыққа берген жауабында "тексеріс қорытындысы бойынша, қызметкердің қысым көрсеткені туралы дерек расталған жоқ" деп жазды.
"Шағым қаралды. Қызметтік тексерістің қорытындысы бойынша Алматы қалалық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №72 мекемесіндегі режим және күзет бөлімінің бақылаушысы қатардағы әділет қызметкері Р. Б.-ға қатысты көрсетілген деректер расталмағанын хабарлаймыз" делінген ҚАЖД бастығының орынбасары, әділет полковнигі Азамат Аманжоловтың жауабында.
Ал Алматы прокуратурасы бұл істі өз бетінше тергеп, тексеру жүргізбеген. Заңдылықты қадағалаушы мемлекеттік орган Эльмираның "шағым қаралмай жатыр" деген арызын да, Азаттықтың сауалдарын да тергеу мекемесі қарайтын департаментке бұрды. Ресми жауапта "қылмыстық-атқару жүйесі департаменті тексеріс жүргізіп жатыр, қандай шешім қабылдағанын өздері хабарлайды" делінген.
МЕКЕМЕГЕ КЕЛЕТІН ӘЙЕЛДЕР – ЕҢ ҚОРҒАНСЫЗ АДАМДАР
Эльмира арызын тәулесіз орган қарағанын қалайды, қызметтік тексеріс бейтарап жүргеніне сенбейді. Оның сөзінше, тексеріс жүргізген департаментте басшы лауазымында істейтін адам оқиға болған уақытта тергеу мекемесіне жетекшілік еткен.
Мекемеде қамауда отырған жақындарына келетін әйелдер – ең қорғансыз адамдар, олар ішке кіру үшін тұратын мекенжайы, телефон нөмірі, толық аты-жөні сияқты жеке деректерін жазып, сауалнама толтырады, мекеме қызметкерлері соны пайдалануы мүмкін дейді әйел.
№72 тергеу абақтысында (жұрт арасында СИ-18 деп атайды) отырған жақындарына сәлем-сауқат әкелген адамдар. Алматы, 20 желтоқсан, 2024 жыл.
– Арызда ол мекемеде кіріп-шығатындардың басым көпшілігі қорғансыз әйелдер екеніне назар аударттық. Өйткені олар қамаудағы адамның әйелі немесе әпке-қарындасы болуы мүмкін. Олар кірген-шыққан сайын сол жерге жеке деректерін қалдыруға мәжбүр, – деді Эльмира.
Оған қысым жасаған ер адам азық-түлік пен заттарды қабылдайтын орынға ауысқанымен, әлі сол жерде істеп жатыр, келушілер оған кіріптар дейді кейіпкер.
– Мекеме оқиғаны жылы жауып қойғысы келеді. Күресімді тоқтатпаймын, қажет болса, жоғары тұрған органдарға арызданамын. Сөзім дәлелді болуы үшін, сол қызметкермен полиграфиялық тексеруден (адамның жалған я шын сөйлегенін анықтау – ред.) өтуге дайынмын, оны да ұсындым, – деді ол.
"ЖАЗАҒА ТАРТЫЛУЫ ЕКІТАЛАЙ"
Арыз бойынша әзірге іс қозғалған жоқ, прокуратура тәуелсіз тергеуге жібермеді. Егер іс қозғалып, дерек расталса, түрме қызметкерінің жазаға тартылуы екіталай дейді сарапшы.
Адамға орынсыз қырындау, әдепсіз қылық көрсетіп, әурелеу "харассмент" деп аталады. Ал Қазақстан заңдарында харассментке жаза беру түгілі, ол туралы түсінік те жоқ. Құқық қорғаушының айтуынша, іс қозғалып жатса, бұл адамға ұсақ бұзақылық бабымен айып тағылуы мүмкін. Бірақ бұл айып әдетте біреу біреуге қол тигізіп, ұрса, жеңіл жарақат салса ғана дәлелденеді. Ал көп жағдайда мұндай фактілер тек қызметтік тексеріспен шектеледі дейді сарапшы.
– Жыныстық бопсаға ұшыраған адам мекеменің кадр бөліміне барып, шағым жасауы керек, жүйенің ішіндегі адамдар өз ішінде тексеру жүргізуі керек. Сондықтан жәбір көрген адамның емес, жыныстық бопса жасаған адамның құқығы көбірек қорғалып жатады, – деді құқық қорғаушы, Svet қоғамдық қорының негізін қалаушы Мөлдір Жұмабаева.
Оның айтуынша, мұндай проблема тек жабық мекеме ғана емес, оқу орны сияқты жерлерде де бар. Онда да жәбірленуші сотқа, полицияға шағымдана алмайды. Svet қоғамдық қорына мұндай тығырыққа тіреліп, зәбірлеушіні жазаға тарта алмай жүргендер көп барады.
Тексеріс жүргізу міндеті оқиға болған мекеменің өзіне беріледі де, ұйымның атына кір келтірмеу мақсаты бірінші орынға қойылады деді құқық қорғаушы. Оның сөзінше, сол себепті агрессор көбіне заң алдында жауап бермей, жұмысын ғана ауыстырып, жауапкершіліктен құтылады.
Харассмент түсінігі заңға қашан енгізілетіні белгісіз. Қазақстанда бұл тақырып ұзақ уақыттан бері талқыдан аса алмай қалып отыр. Қазір еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен жұмыс тобы құрылып, мәселе талқыланып жатыр.