"АҚШ аймақта маңызды ойыншы екенін көрсеткісі келеді". Байден мен Орталық Азия басшылары не талқылайды? Дженнифер Брик Муртазашвилимен сұхбат

АҚШ президенті Джо Байден. Вашингтон, 17 қыркүйек, 2023 жыл.

Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы аясында алғаш рет өтетін АҚШ – Орталық Азия басшыларының саммитінде не талқыланбақ? Вашингтонның аймақтағы мүддесі қандай? Адам құқығының ахуалы сөз бола ма? Ақ үй осы саммит арқылы Қытай мен Ресейге қандай да бір белгі беруді көздей ме? Азаттық бұл туралы АҚШ-тағы Питтсбург университеті нарық және басқару орталығының жетекшісі, Орталық Азияны зерттеуші Дженнифер Брик Муртазашвилимен сөйлесті.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ "ЕШҚАНДАЙ ДЕРЖАВАҒА ТӘУЕЛДІ БОЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ"

− БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы аясында АҚШ президенті мен Орталық Азия елдері басшыларының алғашқы саммиті өтпек. C5+1 − жаңа формат емес, Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері АҚШ-тағы әріптесімен он жылға жуық уақыттан бері осы форматта бас қосып келеді. Бірақ бұл жолы ол неліктен мемлекет басшыларының деңгейінде өтіп жатыр? Бұл нені көрсетеді?

− Меніңше, АҚШ ақыры Орталық Азияға бағытталған жаңа стратегия қажет екенін ұқты. Бұған дейін АҚШ-тың аймақтағы стратегиясы негізінен Ауғанстан не басқа мәселеге бағытталатын, аймақты сол мәселелер арқылы қамтитын. Тіпті АҚШ стратегиясын оқысаңыз, ол Ауғанстанға көмек көрсетушілерге арналған стратегия болып көрінетін. Ол Орталық Азияға бағытталмаған болатын.

АҚШ-тағы Питтсбург университеті нарық және басқару орталығының жетекшісі, Орталық Еуразия зерттеулер қауымдастығының президенті Дженнифер Брик Муртазашвили.

Украинадағы соғыс Орталық Азия қаншалықты маңызды екенін көрсетті. АҚШ кейінгі екі жылда сыртқы саясатта тап болған екі маңызды мәселені қаперге алсақ (Ауғанстан мен Украинадағы соғыс), Орталық Азия екі мәселенің бел ортасында тұрды. Сондықтан АҚШ аймаққа жаңа стратегия қажет екенін ұқты.

− Қытай басшысы Си Цзинпин биыл мамырда Сиан қаласында аймақ басшыларын қабылдап, алғаш рет Қытай − Орталық Азия саммитін өткізді. Былтыр қазанда Астанада бірінші рет Ресей – Орталық Азия басшыларының саммиті өтті. АҚШ – Орталық Азия басшыларының саммиті өтіп жатқан уақыт мен геосаяси контекст жайлы не дейсіз?

− Қазір аймақ өте қызықты сәтті бастан өткеріп жатыр, себебі көпполярлы жүйеде өмір сүріп жатырмыз. Бұл аймақта державалар үлкен күшке ие деген сөз. Ауғанстандағы соғыс кезінде жұрт Орталық Азияда АҚШ пен Ресей бәсекелес деп жүрді, ал қазір аймақта Қытай мен Ресейдің бәсекесі жайлы айтылады. Қытай мен Ресей – аймақ көршілері, қашанда да Орталық Азиядағы талқыға қатысатын тараптар.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қытай басшысы Си Цзиньпин, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов. Қытай-Орталық Азия саммиті, Сиан, 19 мамыр, 2023 ж.

Сыртқы саясат жайлы талқыда Орталық Азияда Қытай мен Ресейдің үстемдігі жайлы әңгіме тым көп. Аймақ елдері сыртқы саясаттағы бағытты өздері белгілей алатынын түсіну керек. Бұл олар баланс үшін не өз мүддесін көздегендіктен, АҚШ, Еуропа елдері, Еуроодақты тарта алады деген сөз.

Ресей және Қытай [басшылары] Орталық Азия президенттерімен [саммитте] кездесті. Енді мұны АҚШ кешігіп болса да жасап жатқаны дұрыс. Бірақ бұдан да маңыздысы, тұтас аймақпен емес, екіжақты кездесулер өткізу. Бұл АҚШ басшысы Орталық Азияға сапарласа іске асар еді, бұл әлі қолға алынуға тиіс шаруа.

− Кей сарапшылар АҚШ бұл саммит арқылы Қытай мен Ресейге белгілі бір сигнал береді деп топшылайды. Вашингтон бұл саммитте не көздейді, Орталық Азиядағы мүддесі қандай?

− Меніңше, АҚШ бұл ретте аймақта маңызды ойыншы екенін, аймақ басшыларымен қарым-қатынас ұстанатынын көрсеткісі келеді. Бұл сондай-ақ басқалардың әрекетін қайталау: Путин мен Си Цзиньпин саммит өткізді, енді мұны АҚШ та жасап жатыр. Әлбетте, бұл белгілі бір месседж жолдайтыны анық. Бірақ бұл сенімді месседж болуы үшін оны іспен дәлелдеу керек. Бұл іс-әрекеттің көбі екіжақты түрде іске асады. Себебі [аймақта] көпжақты ұйым жоқ.

Былтыр қазанда Астанада өткен Ресей – Орталық Азия саммитінде [Тәжікстан президенті] Рахмон Путинге базынасын айтып, сөкті. Батыста көпшілік Рахмон Ресей жайлы жағымсыз нәрсе айтты деп топшылады. Шын мәнінде, ол Ресейді сынаған жоқ, ол C5+1 форматын әжуалады. Ол АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония, Кореяның әрқайсысы Орталық Азиямен С5+1 форматында саммит өткізетінін айтты. Ол "осымен жетеді, біздің әрқайсымызбен екіжақты қарым-қатынас жүргізіңдер. Әрқайсымызға жеке-дара қараңдар" дегенді меңзеді.

Әрине, АҚШ-тың бұл елдердің басшыларымен кездесіп жатқаны жөн, бірақ артынша екіжақты қарым-қатынас жалғасуға тиіс. Бұл елдерді аймақтағы экономикалық интеграцияға жетелер еді.

Орталық Азия елдері бір державаға тәуелді болғысы келмейді. АҚШ-тың аймақта болуы мұның алдын алады. Мәселе Орталық Азияның Қытай немесе Ресейді жақтырмайтынында емес. Олар қандай да бір елге байлаулы болғанды қаламайды. Теңізге шыға алмайтын ел болсаңыз, [сыртқы саясатта] әртүрлі балама болғаны жөн. Неғұрлым көп балама болса, соғұрлым жақсы. АҚШ сондай баламаның болуына септігін тигізеді, бұл сауда шығынын азайтуға көмектеседі. Орталық Азия оқшауланған, теңізге шыға алмайтын аймақ болғандықтан, ондағы жұртқа сауда жүргізу қиын, шығын көп. Бұдан құтылу үшін көптеген ойыншымен ынтымақтастық орнату қажет.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯНЫ КӨЗДЕЙДІ. ВАШИНГТОН БҰҒАН СЕПТЕСЕ МЕ?

− Ал Орталық Азия мемлекеттерінің бұл саммитке қатысудағы мүддесі не?

− Меніңше, Орталық Азия мемлекеттерінің қандай мүдде көздейтіні өткен аптада Душанбедегі аймақ елдері басшыларының консультативті кездесуінде айтылды, бұл – экономикалық интеграция.

Бұл ретте АҚШ пен Орталық Азияның мүддесі бір. Орталық Азия елдерінің әрқайсысы экономикасы аса ірі Ресей немесе Қытаймен жеке-дара іс жүргізсе, қиындыққа тап болатынын түсінеді. Ал неғұрлым интеграцияланған сайын, сауда және қауіпсіздік мәселесінде ірі елдерге соғұрлым көбірек қарсы тұра алады. [Душанбедегі] консультативті кездесуде Орталық Азия басшылары аймақта сауда жасау, тасымал тізбегі қымбатқа түсетінін айтты. Әзербайжан президенті де сонда болды, ол да осыған ұқсас мәселе көтерді.

Орталық Азия елдері экономикалық ынтымақтастыққа кедергі келтіретін тосқауылдарды жойса, бұл аймақтың халықаралық деңгейдегі рөлін күшейтеді. Олар жеке-дара ірі ойыншыға айнала алмайтынын, бірақ біріксе мақсатқа жете алатынын, қолында көбірек тетік болатынын түсінеді. Меніңше, АҚШ ептілік таныта алса, аймақ елдерімен осы бағытта жұмыс істейді.

− АҚШ аймақ елдеріне интеграция бойынша көмектесе ала ма?

− Ол ресурспен қамтып, қолдау көрсете алады. Аймақта әзірге барлық елдің басын қосатын көпжақты ұйым жоқ. Бұл − әлемде көпжақты ұйым жоқ санаулы аймақтың бірі. Орталық Азияда экономикалық ынтымақтастық бойынша мықты ұйымның болмағаны таң қалдыратын нәрсе. Бәлкім, АҚШ бұған септесер, қолдау көрсетер. Бірақ бұл АҚШ бастамасы болмауға тиіс. Бұған аймақтың өзі бастамашы болуы керек. Меніңше, өткен аптадағы кездесуде аймақ елдерінің басшылары бұған мүдделі екенін көрдік.

− Бірақ аймақта ынтымақтастық − проблема, кей елдердің арасы шиеленісіп тұр. Былтыр жазда Орталық Азия елдерінің саммитінде екі мемлекет – Тәжікстан мен Түркіменстан декларацияға қол қоймады.

− Түркіменстан ештеңеге қол қоймайды. Тәжікстанға Ресей тарапынан қысым бар. [Аймақтағы] елдердің мүддесі әрқилы, сондықтан мұны (интеграцияны) іске асыру қиын. Бұл Еуроодақтағыдай толық экономикалық интеграция немесе ортақ нарық болмайды. Дегенмен екіжақты қарым-қатынаста туындап жататын кеден тәрізді мәселелерді талқылайтын институт керек, себебі тасымал тізбегі бір-бірімен байланысты болғандықтан, екі ел арасындағы мәселе басқа елдерге де әсер етеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Суды бекіту мен шекарадағы кептеліс қазақ-қырғыз қарым-қатынасына қалай әсер етті?

"АҚШ АЙМАҚТА РЕСЕЙ НЕ ҚЫТАЙ ТӘРІЗДІ ЫҚПАЛҒА ИЕ БОЛА АЛМАЙДЫ"

− Ресейдің санкцияларды Орталық Азия арқылы айналып өтіп жатқанына АҚШ алаңдаулы. Былтыр жазда АҚШ Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескен Өзбекстандағы компанияға жанама санкция салды. Биыл жазда дәл осы себеппен Қырғызстандағы компанияларға жанама санкциялар салынды. Саммитте санкциялар мәселесі көтеріле ме? АҚШ тарапынан қандай да бір сигнал немесе ескерту жасала ма?

− Санкциялар саммиттің күн тәртібінде болатыны анық. Бірақ бұл жария түрде бола ма, әлде бейресми айтыла ма, бұл басқа мәселе. Әлбетте, бұл қатты алаңдаушылық туғызатын әрі Орталық Азия елдерін тығырыққа тірейтін мәселе. Бір жағынан Қазақстан сияқты елдер соғысты жақтамайды, соғыстың кесірінен өзін осал сезінеді. Екінші жағынан санкциялардан зардап шегіп жатыр, бұл экономикалық мүмкіндікке қауіп төндіреді.

Санкциялар, шын мәнінде, Орталық Азия үшін күрделі мәселе. Өйткені аймақтан оңтүстікте жатқан Ауғанстанға қарасаңыз, ол жақта санкциялар бар, оңтүстік батыстағы Иранға да санкциялар салынған, енді солтүстіктегі Ресей де санкциялар астында қалды. АҚШ пен Қытай арасы нашар. Орталық Азия сияқты теңізге шыға алмайтын аймақ үшін сауда-саттық жасайтын көршілер керек. Халық кедей болғандықтан, экономикалық өсім қажет. Бірақ айналадағы елдерге АҚШ санкция салғанда, экономиканы ұстап тұру және санкциялар тәртібін бұзбау қиын. Меніңше, Орталық Азия елдері санкциялар тәртібін сақтағысы келеді. Бірақ екінші жағынан экономикалық қиындыққа тап болып жатыр. Меніңше, Орталық Азиядағы кез келген ел Ресейдің Украинада жеңіске жеткенін қаламайды, санкцияларды қолдайды, Ресейге соққы болып тигенін қалайды. Алайда екінші жағынан [санкциялардан] аймақ елдерінің экономикасы зардап шегіп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға қашан жанама санкция салынады? Оған кімдер ілігеді?

− Сарапшылар АҚШ Орталық Азия елдерінен адам құқықтары мен негізгі бостандықтар бойынша кепілдік талап етуге ұмтылуы керек, себебі бес елдің бәрінде адам құқықтары аяқасты етіледі деп есептейді. Байден аймақтағы адам құқықтары мәселесін көтере ме?

− Адам құқықтары құндылығына негізделген сыртқы саясаттың проблемасы сол, қауіпсіздік мәселесі қашанда да адам құқықтарының мәселесінен басым түседі. Мұны USAID-те (АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі) және АҚШ үкіметінде жұмыс істеген адам ретінде айтып отырмын. 20 жыл бұрын Өзбекстанда үкіметпен демократия, адам құқықтары мәселесі бойынша жұмыс істедім. Дәл сол кезде АҚШ Өзбекстанда әскери база ашты. Адам құқығы бойынша ахуал мүлде өзгермеді, тіпті нашарлады. Осылайша АҚШ 2001 жылғы 11 қыркүйектен кейін қауіпсіздік мәселесін үнемі көтеріп жүре бермек, бірақ сөйте тұра адам құқықтары туралы да сөз қозғайды. Меніңше, дәл осы нәрсе аймақ елдерінің түсінбеушілігін тудырады.

АҚШ жетекшілігі осы құндылықтарға негізделген сыртқы саясат жүргізгісі келеді. Бірақ іс жүзінде күрделі ахуал басқа мәселені алға шығарады. Сөйтіп, көп жағдайда демократия жеңіске жетпейді. Әрине, Байденнің осы мәселені (адам құқықтарының ахуалын) көтергенін көреміз. Алайда бұл кездесудің негізгі мәселесі болмайды.

− Орталық Азия қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, су тапшылығы, қуаңшылық сияқты мәселелермен бетпе-бет келді. АҚШ аймаққа бұл мәселелерді шешуге көмектесуге ынталы ма?

− Орталық Азия бұл мәселелер бойынша шын мәнінде көмек қажет етсе, АҚШ-тың көмек көрсететін мүмкіндігі бар. Білім беру, ғылым, техника мен қоршаған орта бойынша бірігіп әрекет етуге болады. Бірақ АҚШ еш уақытта Ресей немесе Қытай тәрізді [аймақта] үлкен ықпалға ие болмайды. Себебі АҚШ аймақтан алыста жатыр. Сондықтан АҚШ білім беру, университеттер мен білім беру бағдарламаларын ашу тәрізді салаларда көмек көрсетіп, ықпалын арттыра алады.

"МӘСКЕУ АЙМАҚТА ӘЛСІРЕП, ПЕКИННІҢ ЫҚПАЛЫ КҮШЕЙІП ЖАТЫР"

− Сарапшылар соғыс кесірінен Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалы азайып, Қытайдың амбициясы күшейіп жатқанын айтады. Сіздің ойыңызша, Ресейдің Орталық Азядағы позициясы әлсіреп, Қытайдың ықпалы күшейіп жатыр ма?

− Иә, бірақ бұл кейінгі 20 жылдан бері жалғасып жатыр. Мұның себебі тек соғыста емес. Бұл аймақ экономикасындағы динамикаға да байланысты. Қытайдың ықпалы артып жатыр, Пекин он жыл бұрын Орталық Азияда "Бір белдеу – бір жол" бастамасын іске қосты. Қытайдың аймақта экономикалық мүддесі бар болғанымен, ол Орталық Азияға негізінен шекара және қауіпсіздік мәселесін басты орынға қояды. Бұл ретте АҚШ немесе Ресей де солай, олар Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесіне алаңдайды. Қытай аймаққа көп-көрім ақша салды, Ресейді айналып өтетін экономикалық дәліз бен көлік бағыттарын дамытқысы келеді. Мысалы, Қырғызстан – Өзбекстан темір жолына ақша салды.

Ресейдің ықпалы азайып жатыр. Дегенмен бұл жылдар бойы жалғасып жатқан нәрсе. Ресейдің білім беру, мәдениет пен ақпарат құралдары саласында ықпалы басым болмақ. Қытай бұл салаларда ықпалға ие бола алмайды, өйткені тіл мәселесі бар, Орталық Азия мигранттарының көпшілігі Ресейде жұмыс істейді.

Меніңше, Орталық Азия елдерінің көпшілігі еңбек мигранттары Ресейде жұмыс істейтіндіктен, өзін Мәскеу алдында осал сезінді. Бәлкім, Өзбекстанмен салыстырғанда, Қырғызстан мен Тәжікстанға бұл көбірек әсер еткен шығар. Қырғызстан мен Тәжікстан Ресеймен қарым-қатынаста өте сақ болды, бәлкім, сол үшін [Қырғызстан] Еуразия экономика одағына кіруге мәжбүр болды, басқа да шартқа көнуге тура келді, себебі еңбек мигранттарының ақша аударымына тәуелді еді. Қазір Ресей қиын жағдайға тап болды, көптеген ер азаматтан айырылды, олар соғысып жүр немесе соғыста қаза тапты. Сөйтіп, Орталық Азия мигранттарының маңызы артты. Бұл Орталық Азия елдеріне Ресейден төнетін қауіп-қатерге қарсы тұруға көбірек мүмкіндік береді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресей үстемдігіне соққы". Қазақстан Каспийдегі әскери теңіз күштерін не үшін күшейтіп жатыр?

− Сарапшылар Ресей әлсіреп жатқанда АҚШ Орталық Азияға қатысты стратегиясын жаңартуы керек дейді. АҚШ бұл мүмкіндікті Орталық Азиямен қарым-қатынасты күшейтуге пайдаланбаса, мүлт кетеді деген пікір бар. АҚШ пен Орталық Азия қарым-қатынасы, ынтымақтастығы күшейе ме?

− Бұл кездесу мұның іске асатынын көрсетеді. Меніңше, аймақта жаңа серіктестікті көреміз. Жаңа стратегияның уақыты келіп жетті. Орталық Азияның қазіргі кейпі қандай, солай қарайтын кез жетті. Ол постсоветтік емес, еуразиялық дер едім. Орталық Азияға әлі де көп ретте постсоветтік кеңістік призмасы арқылы қарайды, аймақты Еуразия құрлығының жүрегі деп қарастырып жатқан жоқ.

АҚШ-тың аймақтағы стратегиясы қауіпсіздік, Украина соғысы немесе Ауғанстан мәселесіне ғана бағытталмай, өзара серіктестік, аймақ елдері ірі бәсекелес я ірі экономикаға қарсы қалай бірігіп қарсы тұра алады дегенді қамтуы керек.

АҚШ аймақтағы кедейшілікке де мән беруі керек. Бұл мәселе мемлекеттердің басшыларын алаңдатады. Кедейшілік мәселесін қалай шешуге болады? Аймақ халқы 25 жыл бойы Ресейде еңбек мигранты ретінде жұмыс істеді, бұл жалғыз шешім болатын. Ел ішінде экономикалық даму мәселесінің шешімі болмады, себебі аймақ көшбасшылары экономикалық өсімге жетелейтін стратегия ұстанбады. Қазір Өзбекстанда көп өзгеріс болып жатыр. Қырғызстан не Тәжікстан жайлы оптимистік дүние айта алмаймын. Қазақстан мен Өзбекстан экономикасы аймақтың қозғаушы күшіне айналады, экономикалық интеграция мен серіктестік аймақ елдеріне кедейшілік мәселесін шешуге көмектеседі деп үміттенемін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресей соғыстан әлсіресе, Қазақстанға төнетін қауіп жойылады"