Қытай Ресейдің Украинада басқыншылығын және АҚШ пен НАТО-ның Киевті қолдауын Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы Пекин мен әскери блок арасында болуы мүмкін шиеленістердің бастамасы деп қарастырып жүр.
Пекин соғыс басталғалы екі кеменің құйрығын ұстауға тырысып келеді: 24 ақпанда соғыс басталғанда Пекин Мәскеуді ашық қолдаған жоқ. Бірақ НАТО-ны Кремльдің қарсылығына қарамастан шығысқа қарай кеңейіп, соғысты арандатты деп айыптады.
Украинадағы соғыс жалғасып, Ресей әскері сәтсіздікке ұшырап жатқанда, Қытай бұл риторикасын күшейтіп, НАТО мен АҚШ-тың Азияға ықпалына кедергі келтіруге тырысып жатыр.
"Кейінгі жылдары Солтүстік-атлантикалық әскери альянс, яғни, НАТО ықпалын күшейтіп, шиеленістерді ушықтыру үшін Азия-Тынық мұхиты аумағына келді" деді сәуірдің аяғында Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбин. "НАТО Еуропаны шиеленістіріп алды. Енді Азия-Тынық мұхиты аумағы мен бүкіл әлемді құртуға тырысып жатыр ма?" деді ол.
Ван Вэньбин бұл сөзін Ұлыбритания сыртқы істер министрі Лиз Трасстың мәлімдемесіне жауап ретінде айтқандай болды. Трасс Украинадағы соғыстан кейін НАТО-ны күшейтуге шақырып, Қытай ережеге сай әрекет етуі керек екенін ескерткен еді.
Қытай да, АҚШ та Ресейдің Украинаға басқыншылығын екі елдің Азиядағы шиеленістерінің бастамасы көреді. Сондықтан Пекин НАТО-ға қатты назар аудара бастады.
Былтыр НАТО Қытайға көбірек ден қоюға ниетті екенін және әскери одақтың стратегиясында Пекин үлкен рөл атқаратын болады деп күтілетінін мәлімдеген.
Вашингтон Украинадағы соғыс ұзақ мерзімде оған артықшылық беретініне көз жеткізді: 10 мамырда Bloomberg АҚШ шенеуніктері Еуропадағы қорғанысқа қаржыны көбейтіп, Ресейді әлсірету қауіпсіздік мәселесінде Қытайға назар бұруға мүмкіндік береді деп айтқанын хабарлады.
Бұл мақсат кейінгі жылдары байланысы арта түскен Пекин мен Мәскеудің НАТО мен АҚШ-қа деген сенімсіздігінің көрінісі саналады. Сарапшылардың көбі Қытай Украинадағы соғыста Ресейді жалғыз қалдырмады деп есептейді.
Сарапшылар мен Батыс шенеуніктері Ресей басқыншылығына қандай реакция болып жатқанын Пекиннің мұқият бақылап отырғанын, осылайша Тайбэй Қытайға бағынудан бас тартса, не істейтіні жайлы сабақ алып жатқанын айтады. Пекин Тайваньды өз жері деп атап, басып алатынын айтып сес көрсетіп келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайдың Украинадағы соғыс жайлы ақпараттық саясаты қалай өзгерді?"Қытай Батысқа қосылып Ресейді сынаса, мұны Вашингтон мен Еуропа елдері қуана қабылдайды. Бірақ ол Ресейдің әріптестігінен айырылады" деп жазды Қытай халық азаттық армиясының отставкадағы офицері, полковник Чожу Бо The Economist басылымына. "Американың Қытайға тағы қашан шүйлігетіні уақыт еншісіндегі мәселе. Байден әкімшілігінің менің еліме қатысты саясаты – соғыс алдында айылын жиятын "соңғы тайталас".
УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС НЕ БАЙҚАТТЫ?
Американың Үнді-Тынық мұхитындағы стратегиясы мен НАТО-ның Еуропадағы кеңеюі бұрыннан айтылып жүр. Қытай мен Ресей мұны ақпанда екі ел президенттері кездескен соң жарияланған бес мың сөзден тұратын бірлескен мәлімдемесінде де айтқан еді. Онда екі елдің "НАТО-ның кеңеюіне келіспейтіні", АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы стратегиясына мұқият болуы керек екені айтылған. Осы кездесуде Си Цзиньпин мен Владимир Путин "шексіз әріптестік" жайлы мәлімдеген еді.
Сарапшылар НАТО-ның рөлі мен АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхитындағы стратегиясының айырмашылығы барын айтады. Олар НАТО экономикалық және саяси мүддеге ұмтылса, АҚШ шекара мәселесіне басымдық береді дейді.
Украинадағы соғыс аймаққа да әсер ететіні сөзсіз. Наурызда Қытай сыртқы істер министрінің орынбасары Ле Юйчэн дағдарысты Азия-Тынық мұхитындағы қауіпсіздік мәселесін бақылаудың "айнасы" ретінде қарастыруға болатынын мәлімдеді.
АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі үшін Азияға қарай бетбұрыс пісіп тұрған мәселе саналады.
Вашингтон Қытайдың әскери және экономикалық ықпалын асыра пайдаланғанын ескертіп, елдің Гонконгқа бақылау орнату амалдарын, Оңтүстік-Қытай теңізіндегі әскерін арттыруын, Шыңжаңдағы адам құқықтарын бұзып, бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамауын айыптап келеді.
АҚШ пен Қытай ресми өкілдері Украинадағы соғыс пен Азиядағы шиеленістің күшеюін салыстырып отырса да, әрқайсы бұдан өзінше қорытынды жасап жатыр.
АҚШ ресми өкілдері Еуропадағы қорғанысқа бөлінетін қаржыны көбейтіп, Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылу шешімін қауіпсіздік саласындағы жағымды оқиға деп қарастырып, бұл АҚШ-тың Азияға толық бет бұруына мүмкіндік береді деп есептейді.
Бұл саясат жайлы алғаш рет АҚШ президенті Барак Обама айтқан. Америкалық саясаткерлер елдің негізгі әскери бәсекелесі Ресей емес, Қытай деп қарайтындықтан бұл қажет қадам саналады.
Бірақ Қытай шенеуніктері мен сарапшылары Украинадағы соғыстан кейін басқадай қорытындыға келген.
Ресми Пекин, әсіресе Си Цзиньпин "стратегиялық автономия" концепциясын бұрыннан қолдайды. Еуропаның қорғаныс мәселелеріне келгенде АҚШ-қа иек артпай, тәуелсіз болуға шақыратын бұл концепцияны Франция президенті Эммануэль Макрон ұсынған.
10 мамырда Макронмен сөйлескен Си Цзиньпин Франция президенті мен оның әріптестерін қауіпсіздікті өз қолына алуға шақырды. Оның алдында 9 мамырда Германия канцлері Олаф Шольцпен сөйлескенде де соны айтты.
Украинадағы соғыстың ұзақ мерзімді салдары да, Еуропаның "стратегиялық автономиясының" болашағы да әлі бұлыңғыр болғандықтан, Пекин бұл жайт Американың Қытайға стратегиялық бетбұрысын тоқтатады және Еуропа мен НАТО арасын алшақтата алады деп сенеді.
"Джо Байден Американың Үнді-Тынық мұхитындағы стратегиясына ден қою үшін Ресейге қатысты саясатын тұрақты және бірізді етуге тырысты. Украинадағы соғыс Американың назарын басқаға бұрып, ресурстарын [алатыны] белгілі" деп жазды Қытай армиясының отставкадағы офицері Чжоу. "Мәселе Байденнің Украинаға назар аударуы қаншалықты ұзаққа созылады дегенге тіреледі".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Украинадағы соғыс Қытайдың Еуразиядағы ықпалына қалай әсер етеді?Украинадағы соғыс Қытай-Ресей әріптестігіне әсер етті ме?Ресей мен халық "қаһарына қалмау" амалын іздеген Тоқаев және аймақта үстемдігі артқан ҚытайЖаңа әлемдік тәртіп пе, билік үшін күрес пе? Қытай-Ресей қатынасы туралы сарапшылар пікіріҚытай Ресей мен Украинаға араағайын бола ала ма?