Қытай юаны еркін айырбас валютасына айналмақ

Қытайлық фимра қызметкері 100 юаньдық банкноттарды әкеле жатыр. Тайюань, 4 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Осыдан жүздеген жыл бұрынғыдай Қытай әлемді әлі таңдандырып келеді. Әлем экономикасындағы соңғы жайттар қытай капиталы экспансиясының күшейгенін көрсетеді.
Қытай экономикасы әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан қатты дамып, барған сайын нарықтың түр-түрін игере бастады. «АҚШ ұлттық барлау кеңесі» үкіметтік ұйымының болжамына сәйкес, 2022-2030 жылдары Қытай экономикасы көлемі жағынан АҚШ экономикасын басып озады.

Қытай сауда және инвестиция саласындағы әлемдік ықпалын күшейтіп келеді.

ӘЛЕМ АЛТЫН ҚОРЫН ЕКІ РЕТ САТЫП АЛУҒА ШАМАСЫ ЖЕТЕДІ

Қараша айының соңында Қытай экономикасы экспансиясын одан ары күшейтуге мүмкіндік туғызатын оқиғалар болды. Ресми баспасөздің хабарлауынша, 20 қараша күні Цинхуа университетінде сөйлеген Қытай халық банкі төрағасының орынбасары Йи Гана «ҚХР енді валюта қорын ұлғайтуға ұмтылмайды» деген мәлімдеме жасаған.

100 долларлық АҚШ валютасы және 100 юаньдық Қытай ақшасы. (Көрнекі сурет)

Бұл мәлімдеме Қытайдың ең көп айырбасталатын валюталардың бірі – доллардан бас тартпақ ниетін білдірмей ме? 2013 жылдың үшінші тоқсанында Қытайдың алтын-валюта қоры 3,6 триллион долларға жетті. Қытайдың валюта қорының құрылымы құпия болғанымен, оның басым бөлігі АҚШ доллары екеніне ешкім күмәнданбайды. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Қытайдың валюта қоры бүкіл әлем елдерінің орталық банктеріндегі алтын қорын бір емес, екі рет сатып алуға жетеді.

Қытайдың долларға тәуелділіктен шығу жоспарының бар екені жуырда Бухаресте өткен саммитте байқалды. Қарашаның 27-сі күні Орталық және Шығыс Еуропаның 16 елінің премьер-министрі қатысқан Румыния саммитінде Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян Еуропаға есеп айырысуда «юань - еуро» және басқа еуропалық валюталармен жұптастықты қолдануды ұсынды. Бірлескен жобалар Қытай тауарын еуропалық нарыққа жеткізуге, ал Еуропа тауарын Қытайға экспорттауға жол ашуға көмектеседі.

ЮАНЬ ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК САУДА

Bloomberg агенттігінің бағалауынша, 2012 жыл қорытындылары бойынша Қытайдың сауда көлемі (қызмет түрлерін қоспағанда) 3,87 триллион доллар болып, әлемде бірінші орынға шыққан. Ал АҚШ-тың көрсеткіші – 3,82 триллион доллар.

Қытай сыртқы сауда айналымының 55 пайызы Пекиннің негізгі сауда әріптестері АҚШ, Жапония және Еуропа елдерінің үлесінде. Қытайлар басқа елдермен сауда қатынастарында юаньды көбірек пайдалануға тырысып отыр. Қытай мен Жапония арасында валюталық операциялар туралы келісім-шарт бар. Енді мұндай келісім Еуропа елдерімен жасалмақ.

Қытайдағы зауыттардың біріндегі жұмысшылар. Шэньян, 27 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Әлемнің Жапониядан басқа шамамен 20 елімен осындай келісім бар. Оның ішінде Қазақстан, Ресей, Украина, Чили, Бразилия, Австралия, АСЕАН (Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы) елдері бар. Кейбір деректер бойынша, бұл келісімдердің сомасы 1 триллион доллардан асады.

Қытай сыртқы сауда-саттық қатынастары үшін өз валютасын енгізу мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Биыл қыркүйек айында Қытай әлемдегі ең ірі мұнай импорттайтын ел болды. Былтыр Ираннан алған мұнай үшін Қытай юань төледі. Қытайға мұнай сататын Сауд Арабиясы, Венесуэла, Ангола, Ресей, Оман және Судан елдеріне де осындай ұсыныс жасалды.

Трансшекаралық сауданы кеңейту және есеп айырысу процедурасын жеңілдету үшін Bank of China филиалы қыркүйектен бастап Іле-Қазақ автономиялық ауданы мен Үрімжі қаласында юаньды теңгеге айырбастай бастады. Кейін айырбас операциясының бұл тәжірибесі Қорғас ауданында енгізілмек. Қазақстан мен Қытай екі елдің ұлттық валютасын қолдану есебінен тауар айналымын 2015 жылға қарай 40 миллиард долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қытайлар Қазақстан-Қытай шекарасындағы қаржылық есеп айырысу тәжірибесін көршілес елдермен шекарадағы бекеттерге де таратуды көздейді.

ЮАНЬ ЕРКІН АЙЫРБАСТАЛАТЫН ВАЛЮТАҒА АЙНАЛМАҚ

Халықаралық қаржы ұйымдарының «юань долларға тым тәуелді» деген сынынан кейін Қытайдың орталық банкі саясатына кейбір өзгерістер енгізді. 2005 жылы юань курсын еркіне жіберген соң юаньның доллар, еуро, йена, рубль және басқа валюталарға шаққандағы бағамы белгіленді. Қытай юанының курсы сол кезден бері шамамен 30 пайызға нығайды (8,27 доллардан 6,09 долларға дейін).

Юань еркін айырбасталатын валюта емес. Бірақ Халықаралық есеп айырысу банкінің қыркүйек айындағы баяндамасына сәйкес, қытай юаны әлемдегі ең көп сатылатын валюталар ондығына енген (9-орын).

Қытай мемлекеттік банкінің ғимаратындағы жазу. Пекин. 25 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Дүниежүзілік банкаралық қаржы телекоммуникациялары қоғамдастығы (SWIFT) жариялаған деректер бойынша, халықаралық саудада есеп айырысу кезінде юаньның танымалдығы артып, қазан айында екінші орынға шыққан. Еуропаның Лондон, Люксембург, Франкфурт және Цюрих сияқты ірі қаржы орталықтары, Гонконг, Сингапур, Тайбэй және Сидней қытай юанын сатады.

Қытай валютасы Қазақстанда да сұранысқа ие. Қазақстан ұлттық банкі деректері бойынша қазан айында ақша айырбастау пункттері арқылы 18 миллион юань сатылған. Қазақстандықтар бір жылда айырбастау пункттерінен 197 миллион юань сатып алған.

Бірақ Қытай экспансиясы валютасын сатумен ғана бітпейді. Капитал қоры көлемі жағынан әлемде екінші орын алатын Қытайдың құрылыс банкі жазда Люксембургте филиалын ашуға рұқсат алды. Қытайдың «Жэньминь жибао» ресми газетінің хабарлауынша, банк филиалдары бұған дейін Лондон мен Франкфуртта ашылған.

Қытай инвестициялық банкі де осындай рұқсат күтіп отыр. Пекин Еуропаның банк секторына орнығу ниетін жасырмайды.

Қытай коммунистік партиясының қараша пленумы экономикада жаңа ауқымды реформалар басталатынын жариялады. Олардың бірінің мақсаты – 2020 жылға қарай юаньды айырбас валютасына айналдыру.