Қырым татарлары қысымның күшейгенін айтады

Қырым татарлары Решат Аметовты жерлеуге жиналды. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

Қырым оккупациясы кезінде Қырым татарларының 18 азаматы жоғалып кетті. Біреуінің, Решат Аметовтың ғана мәйіті табылды. Мүрдеден оны азаптап өлтіргендері белгілі болды.

18 адамның жоғалғаны туралы мәліметті Қырым татарларының лидері, Украинаның халық депутаты Мұстафа Жемилев Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы жиынында айтты.

Құқық қорғаушылар Қырым татарларына негізгі қысымды ресейшілдердің заңсыз құрылған қарулы "халық жасақтары" жасап отыр дейді.

Олардың айтуларынша, қысымның бір түрі - адам ұрлау.

РЕСЕЙШІЛДЕР ТӘСІЛІ

Өткен апта Симферополь мен Белогорск арасындағы тас жолда ақ фургон екі жас жігіттің қасына тоқтайды. Әлгі көліктен бірнеше жігіт секіріп түсіп, 18 жастағы Ислам Жепаров пен 23 жастағы Жебдет Ислямовты көлікке күштеп отырғызған. Содан бері жас жігіттер туралы естіген немесе оларды көрген адам жоқ.

Қыркүйектің 27-сі күні болған бұл оқиға - Қырым татарларын қорқытып-үркітудің бір тәсілі. Белсенділердің айтуынша, ресейшілдер жасап жатқан бұл қылмыстардың ішінде осындай адам ұрлау, тіпті кісі өлтіру де бар.

Одан бөлек, Қырым татарлары мешіттеріне шабуыл жасау, жетекшілеріне қарсы қылмыстық іс қозғау және Мұстафа Жемилев сияқты көрнекті өкілдерін елден аластату сияқты әрекеттер де жасалды.

«Бұл өте сұмдық жағдай ғой» дейді Белогорскідегі Қырым татарлары Меджлисінің аймақтық басшысы Мустафа Асаба.

Ол «Бұл - шектен шығу, тым шетін әрекет. Егер ол жігіттерге қатысты күдік болса, ресми органдар, полиция бар емес пе? Оларды неге полиция тергемейді?» деп ренжиді.

Симферопольден солтүстік-шығысқа қарай 40 километр жердегі Белогорск қаласында түрлі ұлт өкілдері аралас тұрады. Қыркүйектің 29-ы күні 150-ге жуық адам жиналып, жоғалған жігіттерге дұға жасап, билікті бұл істі тексеруге шақырды.

Наразылық білдіруге жиналған Белогорск тұрғындары.

Ресей тергеу комитетінің Қырымдағы бөлімі сол күні тергеу ісін бастайтындарын айтты.

Наразылық акциясына келген белсенді «Бұл - Қырым татарларына жасалған шабуыл. Бар жазығымыз – Қырым татары, мұсылман болғанымыз. Басқа себебін көрмей тұрмын. Олар бізді қорқытқысы келеді» деген пікірін айтты.

Мамыр айында қырым татарларының төрт белсендісі – Леонид Корж, Тимур Шаймарданов, Василий Черныш пен Сейран Зинединов із-түссіз жоғалып кетті. Туыстары "оларды Ресей қауіпсіздік агенттері ұрлап кетті" дейді. Наурызда Ресейге қосылған Қырымның қазіргі билігі сұрау салған журналистерге жауап бермеді.

Наурыздың 16-сы күні Қырым татары Решат Ахметовтың мүрдесі табылды. Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының дерегіне қарағанда, ол наурыздың 3-і күнгі Симферопольде өткен қарсылық акциясы кезінде жоғалып кеткен.

Ұйым мәліметі бойынша, оның денесінен «азаптау белгілері» анықталған. HRW Қырымды «заңсыздық жайлап алғанын» айтады.

Жоғалып кеткен Қырым татарлары белсендісі Тимур Шаймарданов.

Ресей Қырымды басып алғанда осы елдің президенті Владимир Путин 1944 жылы Иосиф Сталин күшпен жер аударған, тарихи отанына Совет Одағы тарар алдында ғана орала бастаған Қырым татарларының ахуалына көңіл бөлетінін мәлімдеген еді.

Алайда аннексиядан кейінгі бірнеше айда татарлар Қырымның қазіргі билігінен қысым көре бастады. Олардың жетекшісі Мустафа Жемилевтің түбекке кіруіне тыйым салынды. Жемилевтің ұлын «адам өлтірді және қару сақтады» деген айыппен тұтқындап, Ресейге алып кетті.

ЗАҢСЫЗ ТІНТУ МЕН АЙЫПТАУ

Өткен айда Симферопольдегі қырым татарларының өкілетті органы – Меджлис ғимаратына полиция қызметкерлері мен қару ұстаған, бетперде киген адамдар басып кірді. Полиция өкілдері басқа татарлардың үйлері мен кеңселерін де тінткен. БҰҰ ұйымдастырған, Нью-Йоркте өткен (қыркүйек - ред.) аз ұлттар мәселесіне қатысты конференцияға бармақ болған Қырым татарларының өкілдерін ресейлік билік жібермей қойды.

Ресей билігі Жемилев пен оның әріптесі, қырым татарларының тағы бір басшысы Рефат Чубаровтың конференцияға қатысуына қарсылық білдірді.

Қыркүйектің 21-і күні «Коммерсантъ» басылымы Қырымның қазіргі билігінің басшысы Сергей Аксеновтен алған сұхбатын жариялады. Аксенов Қырым татарларын «орыстарды моральдық тұрғыда қорлайды», «1944 жылғы депортация құрбандарын еске алады» деп айыптап, «егер олар этносаралық қақтығыс туғызып, адамдар арасына от салса, қайтадан жер аударылады» деп мәлімдеді.

Қырым татарларының жетекшісі Мұстафа Жемилевтің түбекке кіре алмай қайтқан кезі. Қырым мен Украинаның әкімшілік шекарасы, 2014 жылдың мамыры.

Еуропа кеңесінің адам құқықтары бойынша комиссары Нилс Муйжниекс қазанның 1-і күні, осы ұйымның Парламенттік ассамблеясы отырысында Қырым татарларына жасалып жатқан қысым мәселесін көтерді. Ол «Тарихи тағдыры өте аянышты бұл халықтың жағдайы мені қатты алаңдатады. Қауіпсіздік қызметкерлерінің діни мекемелер, мектептер мен татар кәсіпорындарын, жеке үйлерді тінткені; Меджлиске полицияның қарумен басып кіргені Қырым татарларының қауіпсіздігін күшейту қажеттігін көрсетеді» деді.

Ол биліктің "қару немесе экстремистік әдебиет іздедік" деген уәжін сылтау деп бағалайды. Нилс Муйжниекс «Қырым татарларының тарихында экстремизм болған емес, сондықтан мұндай заңсыз тексерістерді тоқтату керек» дейді.

Мустафа Жемилев қазанның 1-і күні осы жиында «Қырым татарлары Ресейдің заңсыз басқыншылығына қарсы шығамыз деп ең қиын әрі қауіпті жағдайға қалып отыр» деді.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)