Грузин әйелдері «қыз абыройын тексеру» ғұрпына наразы

«Қалыңдық абыройын тексеру» ғұрпына наразылық білдіріп тұрған белсенділер. Тбилиси, 30 шілде 2013 жыл.

Грузин әйелдері тұрмысқа шығатын бойжеткеннің «пәктігін тексеру» ғұрпына қарсы наразылық шарасын бастады.
Бұл елде күйеу жігіт қалыңдығынан пәктігін құжат жүзінде дәлелдеуді талап етсе, қыз бала ақысын төлеп, арнайы тексеру жүргізеді.

Қалыптасқан дәстүрді қолдамайтын топтың айтуынша, «пәктікті тексеру» – 21-ғасырда әйелдердің моральдық құндылықтарын бағалаудың оңтайлы әдісі емес әрі әйелді қорлау.

ЖЫЛЫНА 200 ТЕКСЕРУ

Грузияның консервативті қоғамында қыздың пәктігі маңызды рөл атқарады. Ал ол «пәктікті» тексеру әдістері – өз алдына бөлек әңгіме.

Жергілікті «Имеди» телеарнасы жақында Грузияның ұлттық сот сараптамасы бюросы жылына 200-ге жуық «пәктікті тексеру» шарасын өткізетінін хабарлады. Белсенділердің ызасын тудырған – осы ақпар.

Телерепортажда қыздың пәктігін тексеру процедурасының жай-жапсары баяндалды. Шараға үш дәрігер қатысып, гинекологиялық құралдарды пайдалану арқылы қорытынды шығарады.

«Қалыңдық абыройын тексеру» ғұрпына наразылық акциясы. Тбилиси, 30 шілде 2013 жыл.

Содан бері әлеуметтік желілерде бұл дәстүрді айыптап пікір айтушылар көбейіп кетті. 30 шілдеде бір топ әйел сот сараптама бюросы ғимаратының маңына жиналып, айқай-шуға толы наразылық шарасын өткізді.

Шараны ұйымдастырған «Тәуелсіз феминистер тобының» мүшесі Натия Гвианишвилидің айтуынша, грузиндердің «қыздың пәктігі» дәстүрімен, яғни қалыңдықтың әйел және ана ретіндегі болашағын қыздық абыройымен бағалайтын үрдіспен қош айтысатын кез келді.

– Сот сараптама бюросын мұндай қызмет түрлерін көрсетуді тоқтатуға шақырамыз. «Қыз абыройы» үрдісі әйелдердің құқықтарын еркектердікінен төмендетеді, – дейді ол.

ТЕКСЕРУ ҚҰНЫ – 100-200 ДОЛЛАР

Сот сараптама қызметкерлерінің өздері телерепортажда мұндай қызмет түрінің бар екенін мойындағанына қарамастан, бюро тұрмыс құрғалы жатқан қыздарды мұндай тексеруден өткізбейтінін айтып, веб-сайты арқылы мәлімдеме жасады. Сот сараптама бюросы «тек қыз зорлау, сексуалдық әлімжеттік сияқты сот істерінде ғана тиісті тексеру жүргіземіз» дейді.

«Имеди» телеарнасынан берілген репортаждағы мәліметке сенсек, тұрмысқа шыққалы отырған қызды «абыройы туралы анықтама алуға» көбіне анасы, үйленгелі отырған жігіті, болашақ енесі ертіп келіп, 100-200 доллар көлемінде ақы төлейді. Сынақтан өтпеген қыздардың тойы болмай қалады немесе туған-туыстарының табасына ұшырайды.

«Қыз абыройы» ұғымының маңыздылығы сондай, кейбір бойжеткендер «пәктік
Ерлер өздері ұнатқан қыздарға жақындай алмағандықтан жезөкшелердің қызметін пайдалануға мәжбүр болады. Оның да салдары бар.
пердесін» қалпына келтіру үшін операция да жасатады. Бұл қымбат процедура үйленуге бірнеше күн қалғанда орындалады. Бір хирург тіпті екінші рет күйеуге шыққалы отырған 40 жастағы әйелдің осындай операция жасатқанын айтты.

Мұндай операциялар көбіне заңсыз медициналық мекемелерде жасалатындықтан, сәтсіз болады. Біреулер қыздардың пәктігін талап ететін, ал бозбалалардың ересек өмірді ерте бастауына еш шек қоймайтын дәстүрді айыптайды.

Наразылық шарасына қатысушы профессор Тата Цопурашвилидің айтуынша, бұл «ескінің қалдығынан» еркектер де зардап шегіп отыр.

– Ерлер өздері ұнатқан қыздарға жақындай алмағандықтан жезөкшелердің қызметін пайдалануға мәжбүр болады. Оның да салдары бар, – дейді ол.

Наразылық шарасына шыққандардың айтуынша, «қыздың абыройын тексеру инспекциясы» БҰҰ-ның әйелдерді кемсітпеу конвенциясына қайшы келеді, ал Грузия осы халықаралық шартқа қосылған ел ретінде мұндайға жол бермеуі керек.

ДӘСТҮР

Ресми тұлғалардың кейбірі бұл дәстүр Грузияның прогрессивті демократиялық ел ретіндегі беделіне нұқсан келтіреді деген пікір айтады. Мәселен, Грузия әділет министрі «абырой тексеру» шарасын «керітартпа дәстүр» деп атады.

Бірақ Грузия парламентіндегі денсаулық сақтау комитетінің әрі гендерлік теңдік кеңесінің мүшесі Гугули Маградзе бұл ұсыныстармен келіспейді. Оның айтуынша, грузин қоғамында мұндай қызмет түріне сұраныс болса, үкімет оған тыйым сала алмайды.

Жас жұбайлардың шіркеуде неке қию рәсімі. Көрнекі сурет.

Енді біреулердің айтуынша, грузин православ шіркеуінің беделінің арқасында бүкіл елге жайылған бұл дәстүр ерте үйлену, ажырасу сияқты көптеген әлеуметтік мәселелердің алдын алуға, мектептен кете салып жеңіл жолға түсіп, оң жақта отырып бала туу фактілерін азайтуға септігін тигізіп отыр.

Олардың айтуынша, қоғамның бұл тақырыпты қозғалуы жыныстық сауаттылық бойынша білім беру, әйелдің денсаулығына деген либералдық көзқарасты қалыптастыру қажет екеніне назар аудартады.

Грузиндердің көпшілігі «қыз абыройын тексеру» ісі – шектен шыққандық дегенімен, үйленгенге дейін қосылу мәселесіне келгенде әртүрлі пікір айтады. Тбилисиде тұратын жігіт «Үйленгенге дейін жігітімен қосылған қыз ар-ұятынан айырылады» десе, енді бірі мұны әркімнің өз шаруасы деп санайды. Абыройынан айырылған қызға үйленуден бас тартатын жігіттер де бар.

Азаттық тілшісі Нино Тархнишвилидің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.