Тelegram чаты үшін қамалған Жұмаевтың соты басталды

Күдікті Абловас Жұмаев сот залында отыр. Ақтау, 31 шілде 2018 жыл.

Ақтау қалалық соты шілденің 31-інде "әлеуметтік алауыздық қоздырды" және "билікті басып алуға шақырды" деген күдікке ілінген Абловас Жұмаевтың ісін қарауды бастады.

44 жастағы Ақтау қаласының тұрғыны Абловас Жұмаевқа бұл айыптар оның "Тelegram" әлеуметтік желісіндегі Қазақстанда экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының чатындағы жазбаларынан кейін тағылған. Ол мамырдың 11-інде сот шешімімен қамауға алынған.

Ашық сот процесін Ақтау қалалық сотының судьясы Аралбай Нағашыбаев жүргізді. Абловас Жұмаевтың құқығын екі адвокат Жанаргүл Сүндетқалиева мен Максим Невеселов қорғап жатыр.

Әблязовтың ісі

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

Сотқа Абловас Жұмаевтың әйелі Айгүл Ақберді 16 жастағы үлкен ұлымен бірге келді. Абловас Жұмаевқа қолдау білдіру үшін сотқа қатысуға келгендер арасында бір топ ақтаулық қоғам белсендісі мен Италиядағы адам құқықтары жөніндегі федерацияның өкілі Олександр Ратушняк та болды.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева сот басталысымен сөз алып, күдікті Жұмаевтың соталды тергеуінде дәлел ретінде келтірілген аудио, видео материалдарды қарап шығуға үлгермегенін айтып шағымданды. Ол судьядан Абловас Жұмаевпен бірге тергеу материалдарын шолып шығуға мүмкіндік беруді сұрады. Оның өтінішін қанағаттандырған судья Аралбай Нағашыбаев алдымен түске дейін, кейін тамыздың 14-іне дейін үзіліс жариялады.

ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікке Абловас Жұмаевтың 38 жастағы зайыбы Айгүл Ақберді мен тағы бір Ақтау тұрғыны Жеңіс Бисенғазиев те ілінген. Адвокат Максим Невеселовтың Азаттыққа айтуынша, оларға Қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-тармағы бойынша (билікті басып алуға шақыру - ред.) қылмыстық іс маусымның 26-сында қозғалған. Ол Абловас Жұмаевтан бөлек оның әйелі мен Жеңіс Бисенғазиевтің де құқығын қорғап жүр.

Максим Невеселовтың сөзінше, қылмыстық істі қозғауға Ә.Е. есімді әйелдің олардың Тelegram-дағы хабарламаларының өзіне ұнамағаны туралы жазған арызы себеп болған.

Күдіктілер ақпан айында Telegram әлеуметтік желісіндегі "ДВК Активист" чатына "Самурай", "Айкена", "Майк" никтерімен тіркелген. Алайда олар ҚДТ қозғалысын сот ресми түрде наурыздың 13-інде "экстермистік" деп танығаннан бері "ДВК Активист" чатына мүлдем кірмегендерін айтады.

Айгүл Ақберді бұған дейін Азаттыққа Тelegram әлеуметтік желісінде пікір айта бастаған соң наурыздың 6-сында күйеуімен бірге Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне ұстап алып кетіп, үйлеріне тінту жүргізгенін айтқан. Ал наурыздың 15-інде полиция оны тағы шақырып, қала прокуроры қатысқан кездесуде ҚДТ қозғалысын экстремистік деп таныған сот шешімін түсіндірген.

- Мамырдың 10-ы күні күйеуім мені көлікпен Ақтау қаласының орталық Ынтымақ алаңы маңындағы гинеколог дәрігерге көрсету үшін апара жатқан. Бізді сол маңнан құқыққорғау қызметкерлері тоқтатып алып, ішкі істер департаментіне алып барды. Бізге "әдейі митингіге қатысу үшін келдіңдер" деді. Мамырдың 11-інде жолдасымды жұмыстан алып кетті. 13-і күні сот өткізіп, оны екі айға қамауға алды, - дейді Айгүл Ақберді.

Тыйым салынған ҚДТ қозғалысының басшысы, Францияда тұратын бұрынғы банкир, оппозициялық магнат Мұхтар Әблязов бір үндеуінде қазақстандықтарды мамырдың 10-ында митингіге шақырған еді.

Адвокат Максим Невеселов күдіктілерге тағылған айыптаулардың бәрі тек хабарламаларға жасалған сараптама қорытындысына негізделгенін айтады. Оның сөзінше, Жұмаев Telegram чатында жергілікті биліктің кадр саясатымен келіспейтін жеке ойын білдірген.

Бұл пікірді адвокат Жанар Сүндетқалиева да қолдайды.

- Жұмаевтың әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың ешқандай белгісі жоқ. Ол чатта тек өз пікірін ғана айтқан және ол ешкімді қандай да бір нақты әркет жасауға шақырмаған, тыйым салынған қозғалысты насихаттаған үндеулер жасамаған, - дейді Жанар Сүндетқалиева.

Наурыздың 13-інде Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.

Сот сонымен қатар ҚДТ материалдарын БАҚ, әлеуметтік желі, мессенджерлер мен сайттарда таратуға, қозғалыс қызметін құптайтынын білдіруге, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жазбаларға "ұнату" белгісін басуға да тыйым салған. Тыйымнан соң елде "қозғалысты қолдады" деген бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған.