Шабуыл шошытқан қаланың кейпі

Немерелерін ойнатып отырған ақтөбелік зейнеткер Құралай Әжікеева. Ақтөбе, 7 маусым 2016 жыл

Ақтөбедегі шабуылға байланысты айыпталып, іздеу салынған азаматтардың басым бөлігін жергілікті дін істері өкілдері «радикалдық исламды ұстанушылар» деп сипаттайды. Азаттық тілшісі оқиға куәгерлерімен әңгімелесті.

Қарулы шабуылшы топ пен полиция арасында қақтығыс басталған маусымның 5-і күні түс ауа Ақтөбе қаласы интернеттен ажыратылған болатын. Қала интернет желісіне маусымның 7-сі күнгі таңғы сағат 07.00 шамасында ғана қосылды. Осы аралықта ұялы байланыс сапасы да күрт нашарлап кетті. Ақтөбедегі стратегиялық маңызы бар нысандардың күзеті күшейтіліп, банктер мен ірі сауда орындарының жұмысы, қоғамдық көліктің қозғалысы тоқтатылды.

ТҰРҒЫНДАР СЫРТҚА ШЫҒА БАСТАДЫ

Немерелерін ойнатып жүрген ақтөбелік зейнеткер Құралай Әжікеева екі күн бойы үреймен күн кешкендерін айтады.

- Азық-түлік сататын дүкендердің барлығы жабық, қоғамдық көлік тоқтап қалды. Қалада түрлі қауесет қаулап, үйден мүлдем шыға алмай қалдық, - дейді ол.

Ақтөбе қалыпты тірлігіне маусымнан 7-сінен бастап оралды. Такси қызметі де сейсенбі күні ғана жолаушы тасымалдай бастады.

"Азия" такси қызметінің көлік жүргізушісі Қанат есімді азамат жұмыстарына екі күндік еріксіз демалыстан соң кіріскенін айтып отыр. Ақтөбе, 7 маусым 2016 жыл

- Маусымның 5-і күні түстен кейін бәрімізді рациямен шақырып алып, көліктерімізді базаға қамады. Жексенбі, дүйсенбі күндері жұмысқа шыққанымыз жоқ. Тек біз емес, Ақтөбедегі такси қызметінің барлығы сөйтті. Біз жұмысқа шықпаған күндері жеке көлігімен жолаушы тасушылар біраз жырғап қалыпты. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін ағам теміржол вокзалынан «Шанхай» ауданына 2500 теңге төлеп жеткен. Әншейінде 400-500 теңгемен баратын жер ғой, - деді «Азия» такси қызметінің көлік жүргізушісі Қанат есімді азамат.

Ал жедел жәрдем қызметінің жұмыс қарқыны жексенбі мен дүйсенбі күндері еселене түскен. Жедел жәрдем қызметі бас дәрігерінің орынбасары Дастан Ниеталиева:

- Біздің адамдар бораған оқтың ортасында жүрді. Қарулы қақтығыстың екінші күні жүйкелері сыр берген фельдшер қыздар жылап та алды, -дейді ол.

Дастан Ниеталиева, Ақтөбедегі жедел жәрдем қызметі бас дәрігерінің орынбасары. 7 маусым 2016 жыл

Сейсенбі күні жедел жәрдем орталығы қалыпты режимге қайта түсті.

Ақтөбеде мекемелер мен кәсіпорындар ғана емес, қоғамдық көліктің де қозғалысы қалпына келді. Қарулы шабуылшылар тобына тойтарыс берілгені туралы жаңалықтардан естіп-білген тұрғындар сейсенбі күні көшеге шыға бастады.

ҚАРУЛЫ ТОП ТУРАЛЫ БОЛЖАМДАР

Қала тұрғындарын шошытып тастаған белгісіз қарулы топ өкілдері туралы анық мәліметтен гөрі қауесет көп. Маусымның 5-і күні Ақтөбеде «полиция мен әскери бөлімге қарулы шабуыл жасады» деп сипатталған топ өкілдерін полиция «радикалдық діни топ жақтаушыларына» жатқызған. Жергілікті имамдар БАҚ-та аты-жөндері мен суреттері жариялана бастаған бұл топ мүшелерін танитындарын айтқанымен сұхбат беруден қашқақтады. Маусымның 7-і күні Азаттық тілшісімен әңгімелескен Ақтөбедегі дін істері департаментінің басшысы Бауыржан Есмахан шабуылшыларды сырт сипатына қарап «тәкпірші» («такфиризм» діни ағымын ұстанушылар – ред.) деп бағалады.

Әлеуметтік желілерде тараған Ақтөбеде болған атыстан соңғы көріністер. 5 маусым 2016 жыл

- «Тәкпір» - адамдарды кәпірге шығару деген сөз. Дін жолын ұстамайды екен деп полицияға оқ ату, тал түсте «Аллаху әкбар» деп айқайлап, кісі өлтіру дені сау адамның ісі емес, - дейді Бауыржан Есмахан.

«Қаладағы екі қару дүкенін тонап, полиция көлігі мен жолаушылар автобусын айдап әкетті» деп суреттелген шабуылды ұйымдастырушылар «естен адастыратын препараттар қолдануы мүмкін» деген де болжам ұсынушылар бар. Солардың бірі – Түркияда оқитын ақтөбелік теолог Төлеген Талдыбаев бұрын дін істері департаменті жанындағы «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығын басқарған. Ол шабуылға қатысы бар күдіктілер ретінде іздеу салынғандардың бірқатарын танитынын айтады. Жергілікті бірқатар БАҚ маусымның 6-сынан бастап полиция басшылығы таратқан іздеу жарияланған 14 күдіктіден тұратын бағыттама көшірмелерін жариялаған еді.

Төлеген Талдыбаев, теолог. Ақтөбе, 7 маусым 2016 жыл

- Іздеу салынған жігіттердің бір-екеуін ғана жыға тани алмадым. Қалғандары – осы «Нұрғасыр» мешітіне үнемі келіп жүрген азаматтар. Ағайынды Арман мен Асхат (Айтуған – ред.) есімді жігіттердің үстінен былтыр жергілікті имамдар шағым айтып, тәртіпке шақырғанбыз. Мешіт ережесіне бағынбай, тәртіпсіздік жасағандардың қатарында Дмитрий Таңатаров та болды. Оған да іздеу салыныпты. Кезінде бірқатарының отбасылық жағдайына да кірісуге мәжбүр болғанбыз. Өйткені осы жігіттердің біріне қызын ұзатқысы келмеген ақтөбелік бір азамат бізге келіп мұңын айтқан, - дейді Төлеген Талдыбаев.

Ресми мәлімет бойынша маусымның 5-6 күндері Ақтөбедегі қарулы топқа қарсы операция кезінде күштік құрылымдарға қарсы шыққан 12 адам оққа ұшқан, бес адам түрлі жарақат алып, полицияның қолына түскен.

Дүйсенбіде «Ақтөбе-Ақпарат» орталығында баспасөз мәслихатын ашқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың мәліметінше, күштік құрылымдарға тағы жеті күдіктінің аты-жөні белгілі. Әзірше олар қолға түспей, іздеу жарияланған. Жас шамалары 25 пен 36 аралығындағы күдіктілердің басым көпшілігі Ақтөбе облысында туып-өскен. Араларында Қызылорда мен Ақмола облысының тумалары да бар.

БІР МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ӨТЕМАҚЫ

Ақтөбедегі қарулы топ пен полиция арасындағы атыс кезінде 12 күдіктіден өзге тағы жеті адам қаза тапты. Оның үшеуі – Ұлттық гвардияға қарасты 6655 нөмірлі әскери бөлімнің қызметкері. Екеуі – қақтығыс алаңында кездейсоқ қалып қойған қала тұрғыны. Біреуі – дабыл қағылған соң оқиға орнына жеткен жедел күзет қызметінің өкілі. Тағы біреуі – қару-жарақ сататын «Паллада» дүкенінің сатушысы. Туыстары оларды ақтық сапарға шығарып салудың қамын қылып жатыр.

Шабуылдың кездейсоқ құрбандарының бірі - «Пантера» дүкеніне барған жерінде мерт болған сатып алушы 35 жастағы ақтөбелік Михаил Матросовтың мәйіті маусымның 8-і күні жерленеді. Шабуылшылардың бір тобы қару-жарақ сататын «Пантера» дүкеніне баса-көктеп кіргенде Михаил Матросовтың қасында інісі Виктор болған.

"Пантера" дүкеніндегі атыс кезінде қаза болған ақтөбелік Михаил Матросовтың жұбайымен бірге түскен суреті.

- Миша таңғы асын ішіп алған соң інісі Витя мен досы Костя үшеуі балық аулауға баратындарын айтты. Қармақ салуға қажетті керек-жарағын сатып алмаққа жолай «Пантера» дүкеніне соққан. Костя көлікте қалады да, ағайынды екеуі дүкенге кіріп кетеді. Сол сәтте дүкеннің жанына полицияның көлігін мінген адамдар келіп тоқтаған. Әй-шәйға қарамастан оқ жаудыра бастаған. Сатушы қыздарды қорғамақ болып, қарсылық көрсеткен Мишаның бауыр тұсы мен бүйрегіне лаңкестердің бірі қанжар сұғып алған. Ол аз болса, кеуде тұсына оқ атқан. Ал Витяның маңдайына мылтық кезеніп, «Аллаху әкбар!» деп айғай салады. Лаңкестердің бірі атқан оқ Витяның аяғына тиіпті. Құдайға шүкір, ол ажалдан аман қалды. Ағалы-інілі Матросовтар ата-аналарынан ерте айрылып, еңбекпен ер жеткен жігіттер еді, - дейді оққа ұшқан Михаилдың енесі Людмила Петровна.

Михаил Матросовтың артында 13 жастағы ұлы мен зайыбы қалды. Ал інісі Виктор Матросов қазір Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасында емделіп жатыр. Виктор Матросов 6 маусым күні ауруханаға барып, жаралылардың халін сұраған Азаттық тілшісімен сөйлесуге ыңғай білдірмеді. Көрпесін тас бүркеніп алып, жылап жатты.

Бердібек Сапарбаев жаралы жауынгерлер мен полиция қызметкерлерінің жағдайын білу үшін Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруxанасына барды. Ақтөбе, 6 маусым 2016 жыл.

Маусымның 7-сі күні облыстық әкімдікке қарайтын «Ақтөбе Ақпарат» орталығы Азаттыққа Ақтөбедегі атыс кезінде қаза болған жеті азаматтың отбасына бір миллион теңгеден материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады. Жергілікті билік қаза тапқандарды жерлеуге кететін шығынның барлығын өтеп бермек.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ардагер Уайдиннің айтуынша, аймақта әлі де террорлық қауіптің қызыл деңгейі сақталып отыр. Стратегиялық маңызы бар нысандардағы күзет күшінде қалған. Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі полицияның бас ғимаратындағы күзет бұрынғыдан да күшейе түскен. Азаттық тілшісі полиция ғимаратына бөгде адамдардың мүлдем кіре алмай қалғанын байқады. Маусымның 7-і күні тіпті полиция қызметкерлері жұмыс орындарына жіті тексеруден соң әрең өтіп жатты.