Бір қарағанда қазақстандық шенеуніктер ел тарихындағы ең атышулы қылмысқа қызу реакция білдіріп жатқандай көрінуі мүмкін. Осы аптада депутаттар тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң ережелері қатаңдайтынын айтты.
Алматы қаласының билігі қарашаның аяғында әйелге қарсы зорлық-зомбылық тақырыбында митинг өткізуге рұқсат беріп, көпті таңғалдырды. Бейбіт наразылық пен қоғамдық талқыға 31 жаст ағы Салтанат Нүкенованың өлімі себеп болды. Әйелін өлтірді деген күдікке ілінген жұбайы – бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеге жабылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Экс-министрдің өз жұбайын өлтірді деген күдікпен ұсталғаны әйелдердің жағдайын өзгерте ала ма?Мәселенің астарына үңіліп қараған адамның көкейінде "Шенеуніктердің көздегені не?" деген сұрақ туады. Мысалы, зорлық-зомбылыққа қарсы митинг өткізуге өтініш берген екі топтың бірін қолдаған билік екіншісіне неге рұқсат бермей қойды?
Әйелдерді қорғау тақырыбы күн тәртібінде тұрғанда, зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектерге құқықтық көмек көрсетіп, қылмыскерлерді жауапқа тарту үшін жанталасып жүрген азаматтық топты қудалаудың астарында не жатыр?
БІРТҮРЛІ МИТИНГ
Қазақстан билігі бейбіт наразылық акцияларын өткізуге көбіне рұқсат бермейді. Сондықтан 26 қарашада Алматыда өткен митингінің жөні бөлек.
"Хайуандар әлеміне жоқ де!" деп аталатын митингінің атауы да, себебі де қызық. Азаттық тілшісі бейбіт шараға жиналған азаматтармен сөйлесіп (көбі журналистер сұрағына жауап бергісі келмеді), демонстранттардың басым бөлігі Алматыдан мың шақырым алыстағы Астанадан келгенін анықтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бауырым, бұл хайуан іспетті адам". Билікшіл ұйымның зорлық-зомбылыққа қарсы митингісі қалай өтті?Митингіге қатысқандардың көбі билікке нақты талап қоя алмады. Бәрі бірауыздан аң кейпіндегі адам жасайтын зорлық-зомбылыққа тоқтау салу керегін айтты. Олар жартылай жануар түрінде бейнеленген адамдар туралы плакаттар ұстап, тордағы мүсіндерге жыртқыш аңдардың маскасын кигізді.
Наразылық шарасын ұйымдастырған "Жаңа адамдар" қозғалысының өкілі Әлихан Сәрсенов тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заңды қатаңдатқаннан пайда жоқ, одан да халықтың санасын өзгерту керек деп есептейді.
– Жазаны 5-10 жылға ұзартқаннан адамдардың санасы өзгермейді. Жұрт зорлық-зомбылық көрсету дұрыс емес екенін түсінуі үшін санамызды өзгертуіміз керек, – деді ол.
Бұл – биліктің зәресін алмайтын, ыңғайлы позиция. Ұйымдастырушылардың митингіге оңай рұқсат алуы да олардың бұрын президентпен кездескен, билікшіл топ екендігімен байланысты болса керек.
"Жаңа адамдарға" митинг өткізуге рұқсат берілгені мәлім болған соң, тәуелсіз феминистік топтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігі гендерлік зорлық-зомбылық туралы қоғамдық талқыға бақылауды күшейтті деп шағынды.
"Жаңа адамдар" тобы митингіде президент Тоқаевты қолдайтынын жасырған жоқ.
– Бүгін "хайуандыққа жол жоқ" деп айтуға жиналдық. Президентіміз ережелер мен заңдарға бағынатын ел болуымыз керегін айтып отыр, – деді ұйымның тағы бір өкілі Әсел Баденова.
"НЕ МОЛЧИ" ҚОЗҒАЛЫСЫНА ҚЫСЫМ
Полиция митингіге келген екі белсендіні алаңға өткізбей қойды. Олар жыныстық зорлыққа ұшыраған әйелдерге қолдау көрсетумен айналысатын "НеМолчи.kz" үкіметтік емес ұйымына қарсы тергеуді тоқтатуды талап ететін плакат ұстап келген еді.
Жақында "НеМолчи.kz" қорының банктегі шоттары бұғатталған. Полиция белсенділерге істің жай-жапсарын түсіндірмеген. Қор басшысы Дина Смайылова өзіне краудсорсинг арқылы қайырымдылық жолмен келген ақшаны жымқырды деген жалған айып тағылып отырғанын айтады.
Мемлекеттің қысымына ұшыраған азаматтық ұйымның жайын ұйымдастырушылар айтпаса да, экс-министрдің қолынан қаза тапты делінген Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелді өз сөзінде бұл мәселеге ерекше тоқталды.
Ол биліктің әйелдерді қорғайтын заң қабылдауға құлықсыздық танытып, қиын жағдайда қалған жандарға қол ұшын созып келген ұйымды қудалап жатқанын сынады.
– Бұл қор жабылса, мыңдаған қыз-келіншек қолдаудан қағылады. Бір жылдан кейін Салтанаттың басына барғанда, бірнәрсе өзгерттік, "бір-бірімізге бұрынғыдан да мейірімді, жақсы қарайтын болдық" дегім келеді, – деді Амангелді.
"Жаңа адамдар" гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шаралар тізбегін жалғастыруға уәде берді.
4 желтоқсанда Feminita тәуелсіз феминистік тобы Алматыдағы екі алаңда да митинг өткізуге рұқсат ала алмағанын айтты. Олар бұған дейін 9 желтоқсанда митинг өткізгісі келетіні туралы қала әкімдігіне хат тапсырған. "Жаңа адамдарға" бейбіт шара өткізуге рұқсат берген Алматы билігі Feminita-ның өтінішін қанағаттандырған жоқ.
Алматы билігі "алаңдардың бірінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, екіншісінде жалпыхалықтық мәдени шара өтеді" деген. Бұл туралы Feminita тобы әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде жазды.
"ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ӨЗІ ҚҰЛЫҚСЫЗ"
Қазақстанда жыл сайын тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан жүздеген әйел көз жұмады. Соған қарамастан, заңда мұндай қылмыс жасағандарға жазаның жеңіл түрлері әлі де бар.
Нүкенованың өлімінен кейін қоғамдық резонанс туып, халық әйелді қорғамайтын заңдарға шүйлікті.
Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Қылмыстық кодекстің тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан денсаулыққа орташа және ауыр зақым келтіргендерге қатысты баптарына өзгерістер енгізіліп, қылмыскерді бостандығынан айыру жазасынан өзге жеңіл жаза түрлері алынып тасталатынын айтты.
Қошановтың сөзінше, Қазақстан жыл басында қылмыскерді ұстауға жәбірленушінің ғана емес, зорлыққа куә болған басқа адамдардың арызы мен видеоайғақтары негіз бола алады деген шешімге келіп, бұл салада біраз прогреске жеткенін айтады.
Бірақ бұл өзгеріс басты мәселені айналып өтеді, мұны депутат Қошанов та біледі.
Қазіргі заңға сәйкес, жеткілікті айғақ болса да, қылмыскер мен жәбірленуші өзара мәмілеге келіп, қылмыстық істі тоқтата алады. Бұл зорлық-зомбылық көрген әйелдің жағдайын одан әрі қиындатады.
Құқық қорғаушылар полиция көбіне қылмыскерден пара алып, жәбірленушіге қысым көрсетіп, арызын қайтарып алуға көндіруге әрекет жасайтынын айтады.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы заң қабылданса, осы және өзге де мәселелерді шешуге болар еді. Бірақ 2020 жылы парламенттің қарауына берілген заң жобасы бірінші оқылымнан кейін елеусіз қалып қойды.
Заң жобасының авторы Маргарита Өскембаеваның айтуынша, құжатта тұрмыстағы зорлық-зомбылық болған жағдайда полицияның, денсаулық сақтау, білім беру және еңбекпен қамту министрліктерінің қандай міндеттері бары нақты көрсетілген.
– Прогрессивті сарапшылардың пікірінен асып түскен жек көрушілік салдарынан заң кейінге қалды. Құқық қорғау органдарының өзі тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заңның жұмыс істегенін қаламайды, – деді Өскембаева.
Кейде полиция қызметкерлерінің өзі зорлық-зомбылыққа барады.
Дина Смайылова өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалардан бірнеше күн бұрын – 16 қарашада Facebook парақшасына Қонаев қаласында 2 полиция қызметкері 14 жасар қыз баланы зорлады деген күдікке ілінгенін жазды. Белсендінің айтуынша, полицейлер қызметінен шеттетілген, ал басшылық бұл хабарды жасырмақшы болған. Ал Смайылова әлеуметтік желі арқылы қылмыстық іске қатысты толық ақпарат беруді талап етті.
Бұл әрекеті кері реакция туғызатыны белгілі еді.
Белсендінің жазбасына дейін де полицияның беделі аса жақсы емес еді. Желіде зорланған әйелдің есігіне келіп, оны арызын қайтарып алуға мәжбүрлеп жатқан полиция қызметкерінің видеосы тарады. Ал Талдықорған қаласында полиция бастығы әйел зорлады деген күдікпен ұсталды.
""НеМолчи.kz" тарихында осымен үшінші рет қор өкілдеріне қарсы қылмыстық іс қозғалып отыр.
Белсенді мен адвокаты полиция Қазақстанның әр өңірінде тұратын, қорға ақша аударып жүрген азаматтарды қудалап, Смайыловаға қарсы арыз жазуға үгіттеп жатыр дейді.
Азаттық тілшісі іс қозғаған Шығыс Қазақстан облыстық полиция басқармасына хабарласып, ақпарат алуға тырысты. Тұтқаны көтерген полиция өкілі "Тергеу құпиясын ашуға болмайды" деп жауап берді.
– Тергеу деректерін беруге құқығым жоқ, мені мазаламаңыз, – деді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұят әрі қорқынышты болса да айтуға тиіспіз". Әйелдер зорлық-зомбылықты ашық айыптай бастады