Санкция ықпалына ұшыраған ЕАЭО-ның бүгіні мен болашағы

ЕАЭО-ға мүше елдердің тулары

Тамыз айы мен қыркүйектің басы Еуразия экономикалық одағына (әрі қарай - ЕАЭО) мүше елдердің валюталық нарығына нағыз сынақ болды. Бұл сынақтан бірінші болып Ресей рублі мен Қазақстан теңгесі "сүрінді". Азаттық ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ұлттық валютасының құлдырау себебі туралы Қазақстан, Қырғызстан және Ресей сарапшыларынан сұрады.

Соңғы уақытта АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары Ресей ғана емес, оның төрт жылдан бергі одақтасы - Еуразия экономикалық одағындағы серіктестерінің де валюта нарығына ауыр тиді. ЕАЭО мүшелері – Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейге Еуразиялық интеграцияның ықпалын талқылайтын кез келді.

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылардың пікірінше, интеграциялық бірлестік мүшесінің бірі – Ресейдің агрессиялық сыртқы саясаты мен оған АҚШ пен Еуропаның санкция арқылы берген жауабы валюта нарығы ғана емес, бүкіл ЕАЭО мүшелерінің экономикасына теріс ықпал етіп жатыр.

ВАЛЮТА БАҒАМЫНА СОҚҚЫ

Ресейде доллар бағамы тамыз айының өзінде рубльге шаққанда бес рубльден астам өсті. Тамыздың 1-і күні Ресейдің Орталық банкі бекіткен ресми бағам бойынша, 1 доллар 62,3 рубльге тең болса, тамыздың 31-і күні бұл шама 68,28 рубльді құрады.

Ізінше қазақстандық теңге де дереу арзандады. Қазақстан қор биржасының күн сайынғы сауда-саттығында доллар бір-екі теңгеге өсіп отырды. Салыстыра кетсек: тамыздың 1-і күнгі ресми бағам бойынша 1 доллар 346,7 теңге болса, тамыздың 31-і күні 363,43 теңгеге жетті. Қыркүйекте теңге жылдам құлдырай бастады. Қыркүйектің 12-сі күні Ұлттық банк бекіткен ресми бағам бойынша 1 доллар 380,93 теңге болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжікстанның ЕАЭО-ға қосылуы мүмкін бе?

Ресейге қарсы санкциялар екпіні Қырғызстан валютасына кешірек жетті, бірақ ол дәл рубль мен теңге сияқты құлдыраған жоқ. Қыркүйектің 12-сі күні Қырғызстанның Ұлттық банкі бекіткен бағамға сай бір доллар 69,75 сом болса, тамыздың 1-і күні америкалық валюта 1,75 сомға қымбаттады.

Валюта нарығында Ресей мен Қазақстанның ұлттық валютасы бәрінен қатты зардап шекті

Беларусь тұрғындары валюта дағдарысын бәрінен бұрын - 2011 жылдың наурызында бастан өткерген болатын. 2011 жылы мамырдың 24-і күні Беларусь Ұлттық банкі беларусь рублін арзандатуға мәжбүр болды – шамамен 56 пайызға құнсызданды. Бір доллар 4930 беларусь рублі болды.

​Алайда екі жыл бұрын (2016 жыл, 1-шілде) Беларусьтың ұлттық валютасына деноминация жасалды, беларусь рублі төрт нөлінен айрылды. Деноминалданған рубль ЕАЭО-ға серіктес елдердің валютасынан күштірек болып шықты. Беларусь Ұлттық банкінің ресми бағамы бойынша, тамыздың 1-і күні 1 доллар 1,98 беларусь рубліне тең болса, тамыздың 31-і күні бағам 2,07-ге дейін қымбаттады.

Армян драмы тамыз бойы аздап құнсызданды: тамыздың 1-і күні бір доллар 481,01 драм болса, қыркүйектің 12-сі күні 484,94 драмға жетті. Ресми деректер көрсеткендей, өткен айдың валюта нарығында Ресей мен Қазақстанның ұлттық валютасы бәрінен қатты зардап шекті.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Кейбір сарапшылар ЕАЭО-ның валюталық нарығы ғана емес, ұлттық экономикасының дамуына да ықпал еткен үрдісті Ресейге қарсы санкциямен тікелей байланыстырады.

Азамат Аттокуров

- Ресейге қарсы санкцияға келсек, ол ЕАЭО-ның барлық мүшелеріне әсер етті. Нашар болжамдардың бәрі расқа айналды. Ұлттық валюталар құнсызданып жатыр, әсіресе, Белоруссия, Ресей мен Қазақстанда қатты байқалады. Қырғызстан көршілері сияқты жапа шекпеді, бірақ бәрібір экономикамыз тығыз байланысты. Бізде тігін саласы тұралап қалды, тауарларымыз бәсекеге жарамай тұр. 2014 жылы дамудың жоғарғы сатысына жетсе, қазір тек төмендеп келеді, - дейді мемлекеттік басқару жөніндегі қырғызстандық сарапшы Азамат Аттокуров.

Қазақстандық экономист Бейсенбек Зиябековтың айтуынша, Ресейге қарсы санкциясыз да жағдай дәл осылай өрбитін еді:

- Ресейге қарсы санкциялардың ықпалы бар, бірақ Қазақстан санкциясыз да Ресейге тәуелді. Экономикалық тұрғыда тәуелсіз болу үшін тындырған түгіміз жоқ. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1 және 2-баптарында Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет: деп атайтыны, мемлекеттің "түбегейлі принципі бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму" екені айтылған. Соған қол жеткіздік пе? Жоқ! Жеке өндірісті дамытпайынша, санкциясыз да жерге қарап отырамыз, - дейді экономист Зиябеков.

САНКЦИЯЛАР КҮШЕЙЕ БЕРЕДІ

Еуразия экономикалық одағына төрт жыл толды. Экономикалық интеграция құрылымы ретінде ойластырылған одақ геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта пайда болды.

Украинадағы саяси дағдарыс, Еуромайдан (2013-2014 жж.), Ресейдің Қырымды аннексия жасап алуы, Украинаның шығысындағы қарсылық ("Луганск халық республикасы" мен "Донецк халық республикасы" деп аталған ұйымдардың құрылуы) еуразиялық интеграция бойынша одақ құру процесімен қатар жүріп жатты.

Биыл жағдайды "Скрипаль ісі бойынша тергеу жүргізу" мен "Ресейдің 2016 жылғы АҚШ сайлауына ықтимал араласуы", сонымен бірге Ресейдің Сириядағы әскери қимылы ушықтырды.

Сарапшылардың пікірінше, ЕАЭО мүшелерінің бірі Ресейдің агрессивті сыртқы саясаты АҚШ пен Еуропаның санкция салуына ықпал етті. Одақ құрамындағы елдердің бәріне әсіресе, төртінші жыл ерекше ауыр тиіп тұр.

- Санкция күшейе береді, себебі Ресей Сирияда да, Украинада да агрессиялық саясат жүргізіп отыр. Демек, Еуропа мен АҚШ санкцияны күшейтеді, ол Ресей азаматтары мен ЕАЭО-ға мүше елдерге ықпал етеді, - деді қырғызстандық сарапшы Азамат Аттокуров.

Искандер Шаршеев

- Геосаяси тұрғыдан алғанда, Қырғызстан басты стратегиялық одақтасы [Ресейдің] бәріне қарсы соғыс жүргізіп отырғанынан зардап шегеді, соның кесірінен әлемдік державалар санкция салып жатыр. ЕАЭО елдерін Батысқа қарсы қою, жаулық риторикасы салдарынан АҚШ пен Еуроодақтағы қырғыз экономикасына қаржы салып жүрген инвесторлар үкіметтің талабымен бағдарламаны жауып жатыр. Бізге келуге ниеттенген Boing пен Intel және олардың серіктестеріне АҚШ үкіметі Қырғызстан нарығына енуге тыйым салды. Серіктестер іс-әрекетін тоқтатты, қазір мемлекетке инвестиция салып жатқан инвесторлар бірен-саран, - деді Қырғызстанның шетелдік инвесторлар қауымдастығының атқарушы директоры Искендер Шаршеев.

​Қазақстандық сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжан Ресей мен Батыстың қарым-қатынасына байланысты жағдай ушыға береді деп болжайды.

- Ресей мен Батыстың қарым-қатынасы нашарлай береді, себебі Путин алған бетінен қайтпайды. Батыс оның іс-әрекетіне бейтарап қарап отырмайды, осының бәрі халықаралық байланыс жүйесіне кері ықпал етеді. Сондықтан Путин мен Ресейге қарсы санкция күшейе береді. Экономикалық тұрғыдан алғанда Батыс Ресейден әлдеқайда қуатты. АҚШ-тың өзінде әлемдік ЖІӨ-нің 25 пайызы шоғырланған, оған Еуропа, Жапония, Австралияны қоссақ – әлемдік ЖІӨ 70 пайызы шығады. Ресейге келсек, онда әлемдік ЖІӨ-нің 2,5 пайызы ғана бар, оның өзі шикізаттан құралған. Экономика саласында Путин демократиялық Батысқа қалай қарсы тұрмақ? Қарсы тұра алмайды. Сол себепті де Ресейге қарсы батыс санкциясы ресейлік экономиканы теңселтіп жіберді, Қазақстан Ресейге еуразиялық одақ деген шынжырмен байланған, - деді Азаттық тілшісіне Мұхтар Тайжан.

Ресейлік журналист және саясаттанушы, ТМД елдері бойынша сарапшы Аркадий Дубнов та санкцияның күшейе беретінін айтады.

Аркадий Дубнов

- Ертеңгі ауа-райы болжамына келсек: айтарлықтай өзгеріс болмайды, бұрынғыдай батыстан соққан жел күшейе береді. Қазақстандағы экономикалық және қаржылық жағдайға келсек, санкциялар ұзаққа созылады. Путин билікте отырғанда оның әлсірей қоюы екіталай. Керісінше, үш айға жуық уақытта, яғни, АҚШ конгресіне сайлаудан соң санкциялар қатая түседі. Бұл мәселеде Еуропа Вашингтонды толық құптай ма? Олар құптамаған күннің өзінде Ресейге қатысты теріс көзқарасы беки түседі.

Кремль осындай жағдайда мобилизация кезеңіне бұрынғыдан да белсендірек дайындалып жатыр - элитаны ұлттандыру күшейді, батыс банктеріне құнды қағаздар салу барынша азайды, экономиканы милитаризациялау, "Ресейдің ерекше жолы" туралы идея төңірегінде қоғамды шоғырландыру, батыс құндылығын зиянды, теріс етіп көрсету көбейді. Ресейге тәуелді Қазақстан мен Қырғызстан сияқты елдердің қаржы жүйесі (бұл тәуелдіктен шығу жолын таппаса, оны табуға Батыс уәде беріп отыр) Ресейге жасалған қысымның құрбаны болады, - дейді Аркадий Дубнов.

БАСТАПҚЫ КЕЗЕҢДЕ ДЕ ОҢАЙ БОЛҒАН ЖОҚ...

2014 жылы мамырдың 29-ы күні Еуразия экономикалық одағын құру туралы шартқа қол қойған Қазақстан, Белоруссия мен Ресей басшылары одақтың артықшылығы ретінде еркіндіктің төрт түрін белгіледі. Бұлар – қызмет, капитал, жұмыс күші мен тауар еркіндігі, бұл жағынан алғанда еуропалық аналогтан айырмасы жоқ. Армения мен Қырғызстан ЕАЭО-ны құру туралы шартқа кейін қосылды.

ЕАЭО елдері үшін алғашқы екі жылда экономика табысты болмады. "Еркіндік" орнына ЕАЭО-ның кейбір мүшелері «неоколонияға» айналды дейді сарапшылар. Қырғызстандағы шетелдік инвесторлар қауымдастығының директоры Искендер Шаршеевтің айтуынша, Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) күрт құлдыраған:

- Бізде [Қырғызстанда] ЖІӨ азайды, тек биыл өсті. Біз одаққа кіргеннен бастап ЖІӨ 7,5 миллиард доллардан 6,2 миллиард долларға азайды. Қазір оның өсімі қалпына келіп жатыр, бірақ көрсеткіші өте төмен. Саудада операциялар саны аз, экспорт көрсеткіші төмен, өнеркәсіп пен өндірісте құлдырау бар, - деді Азаттыққа Искендер Шаршеев.

Барлық ЕАЭО мүшелері сияқты Қазақстанда да екі таңдау болды – одаққа кіру немесе шет қалу. Қазақстандық экономист Бейсенбек Зиябековтың пікірі бойынша, Қазақстанға екінші жолды таңдаған тиімді болатын еді.

Бейсенбек Зиябеков

- Кез келген одаққа дайын болғанда кіруіміз керек. Қазақстан өндірістік өнеркәсібін көтермей тұрып ЕАЭО-ға кіруге асықты. Мен интеграциялық бірлестікке қарсы емеспін. Бірақ қысқа мерзімде асығыс шешім қабылдадық деп ойлаймын, оны ұзақ мерзімді болашаққа жоспарлау керек еді. Одақ мүшелері ішінен өнеркәсібі, өндірісі барларға, мысалы Беларусьқа тиімді, - дейді Зиябеков.

Сарапшы Мұхтар Тайжан кезінде ЕАЭО-ға қарсы шыққанын айтады:

- Біз Қазақстанның ЕАЭО-ға қосылуына қарсы болдық, бірақ бәрібір одаққа кірдік. Енді Ресейге қарсы санкцияның ықпалын сезіп отырмыз. Қайтадан неоколонияға айналдық, нарығымызды Ресейге беріп қойдық, сыртқы сауда саясатын, өкілеттігімізді мәскеулік мекемелерге ұстаттық. Зияны болмаса, пайдасы жоқ. Ұтқанымыз не десек... осындай одаққа оралу арқылы Қазақстан халқы оның еш пайдасы жоқ екенін түсінді. Енді ондай одаққа қосылмау керектігін ұқтық. Одақ тек демократиялық негізде, ерікті түрде, тең құқықты түрде құрылуы керек.

ЕАЭО БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ?

Азаттық хабарласқан сарапшылар еуразиялық интеграция мен ЕАЭО болашағын түрлі бағалайды.

- Қырғызстан қазір Белоруссия, Қазақстан, Ресей мен Армения кіретін "диктаторлық клубқа" мүше болды. Болжамым бойынша, ЕАЭО-ның өмірі ұзаққа бармайды - одақ жабық экономика нарығын қорғауға негізделген, өзара сыйластық емес, қорқытып-үркітуге құрылған, ондай одақтың өмірі ұзаққа бармайды. Ары кетсе он жыл өмір сүрер. Бір нәрсенің басын ашып алу керек: Ресей, Белоруссия мен Қазақстандағы режим болашақта демократияға негізделе ме? Онда бұл құрылымның күні бітеді. Болмаса, жаңа диктаторлар келсе, онда ол сақталады, - дейді қырғызстандық сарапшы Азамат Аттокуров.

Қазақстандық сарапшы Бейсенбек Зиябеков ЕАЭО сақталады, бірақ нәтижесі болмайды дейді.

- ЕАЭО ерте ме, кеш пе тарайды деп ойламаймын. Көзбояушылық үшін құрылған көп пайдасыз ұйымдар тәрізді нәтижесіз қоғам болып қалады, - дейді Зиябеков.

Екінші қазақстандық сарапшы Мұхтар Тайжан ЕАЭО-ның тарауы – уақыттың еншісінде дейді.

Мұхтар Тайжан

- Мұның бәрі ЕАЭО-ның тарауына сеп болады, кем дегенде еуразиялық одақ болмаса Ресейдің өзі тарап тынады. Неліктен? Себебі, Ресейдің көп аймақтары федералдық бюджетке тәуелді. Ең алдымен Шешенстан мен Дағыстан. Егер Ресей бюджеті осы республикалар мен өзге де аймақтарға дотация жасай алмаса, орталықтан алшақтау үрдісі күшейеді. Ресей өз ішінен ыдырайды. Қазақстан оған дайын болуы керек. Бұл бір жылдың ішінде бола қалатын іс емес. Біз сондай мүмкіндік туған бетте еуразиялық одақтан қашуымыз керек, жеке сыртқы сауда саясатымыз бен жеке ішкі экономикалық саясатымыз болуға тиіс, қазір бізде ол жоқ, - дейді Мұхтар Тайжан.

ТМД елдері бойынша ресейлік сарапшы Аркадий Дубнов Азаттыққа бес мемлекеттің серіктестігі инновациялық жетістікке әкелмейтінін айтты. Бірақ интеграция құрамынан шығудың да теріс жақтары бар дейді:

- Қазіргі жағдайда инновациялық және технологиялық даму құралы ретінде ЕАЭО-ның болашағы жоқ. Еуразиялық одақ, ары кетсе, сақтандыру белдігі сияқты - ұлттық экономиканың ауыр күйзелісінің алдын алады, тоқырау деңгейінде сақтайды. Екінші жағынан, Қазақстан мен Қырғызстанның одақтан шығуынан пайда көрмей тұрмын. Ол екінші рет СССР-ді өз еркімен тарату сияқты болмақ, салдары тіпті ауыр тиіп, Орталық Азияға Қытай экспансиясы күшеюі мүмкін. Солайша "цугуванг" (шахмат пен дойбыда ойыншының кез келген жүрісі пайда әкелмейтін кез) жағдайы қалыптасты. Бізде де, сізде де жақсы жүріс жоқ. Кремльдегі билік парадигмасы өзгермейінше осылай болып қалады, - дейді ресейлік сарапшы.

Дмитрий Медведевтің ЕАЭО-ға мүше елдерге үндеуі: "Ақша жинаңдар!"

Your browser doesn’t support HTML5

"Копите деньги!" – обратился к главам правительств стран ЕАЭС Дмитрий Медведев

2019 жылы қаңтардың 1-і күні ЕАЭО аясындағы еуразиялық интеграцияға төрт жыл толады. Еуразия экономикалық комиссиясы (ЕЭК) "ЕАЭО-ның тұрақты даму мақсаттарын" талмай айтып келеді. Қыркүйектің басында Тбилисиде Орталық және Солтүстік Азия елдерінде тұрақты даму мақсатына жету жөніндегі халықаралық форумда айтылған ЕЭК ақпараты бойынша, Одақ туралы шартта бірегей нарық қалыптастыру, экономиканың жекелеген саласында бірегей әрі үйлесімді саясат жүргізу қарастырылған.

Еуразиялық комиссияның пікірінше, бұл бағыттар "арзан, сенімді, тұрақты әрі заманауи энергия көзін алу", "үздіксіз, тұрақты әрі инклюзивтік экономикалық өсімге ықпал ету", "мемлекеттер мен өз арамызда теңсіздік деңгейін төмендету" мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал етуі керек.