Серік Бейсембаев: Қаңтар оқиғасы – саяси жүйеге қарсы халық наразылығын көрсеткен көтеріліс

Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған қаласында наразы адамдар құлатқан Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші. Фото авторы - Сандуғаш Дүйсенова.

Билік Қаңтар оқиғасынан сабақ алды ма? Қаңтар оқиғасының себебі мен салдары зерттелді ме? Қаңтардағы оқиғаны нақты қалай атау керек? Шетелге шығарылған ақшаны елге қайтару халықтың билікке деген көзқарасын өзгерте ме? Азаттық осы сауалдарды "Paperlab" зерттеу орталығы жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаевпен талқылады.

"ШАЛ, КЕТ!" САЯСИ ЖҮЙЕНІ ӨЗГЕРТУГЕ СҰРАНЫСТЫҢ ҰРАНЫ БОЛДЫ"

Азаттық: Биыл қаңтардың басында елдің түпкір-түпкірінде алаңға шыққан жұрт билікке түрлі әлеуметтік және саяси талаптар қойды. Бұл наразылықтың себебі мен салдары жіктеп зерттелді ме?

Серік Бейсембаев – әлеуметтанушы, Paperlab зерттеу орталығы жетекшісі.

Серік Бейсембаев: Қаңтар оқиғасына қатысқан Алматы, Семей, Екібастұз, Ақтау секілді бірнеше өңірдегі 15 шақты тұрғынмен сұхбаттастық. Сондағы түйгеніміз – алаңға шыққандар басында әлеуметтік, экономикалық мәселе төңірегінде жиналғанымен, біраз уақыт өткеннен кейін олардың талаптары саясиланған. Бұл адамдар елдегі шешілмей жатқан мәселелердің өзегі саясатта жатқанын түсінетінін және оның саяси өзгерістер болғанда ғана жүзеге асатынын білетінін көрсетті.

Қаңтар оқиғасы кезінде жиі қайталанған ұран "Шал, кет!" болды. Бұл саяси ұран ғана емес, саяси жүйені мүлдем түбегейлі өзгертуге талпыныстың, сұраныстың ұраны болды. Ол барлық қалада байқалды. Талдықорғандағы [Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан] Назарбаевтың ескерткішін құлату – осы саяси талаптың маңызды символы. Қаңтар оқиғасы кедейлік, әлеуметтік теңсіздік туралы болғанымен, ол таза саяси көтеріліс болды, саяси өзгерістерді талап еткен, саяси жүйеге қарсы халық наразылығын көрсеткен көтеріліс болды.

Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Куәгерлердің айтуынша, осы фото түсірілгеннен кейін біраз уақыт өткенде оларға жаппай оқ жаудырған. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Айдана Жанәділова.

Өкінішке қарай, Қаңтар оқиғасы туралы зерттеу жоқтың қасы. Әлеуметтанушы Диана Құдайбергенова мен америкалық зерттеуші Марлен Ляруэльдің "Қаңтарға не себеп болды?" деген сұраққа жауап табуға тырысқан академиялық мақаласын оқыдым. Бұрынғы шенеунік Жақсыбек Күлекеев ["Қаңтар: Ақорда үшін күрес"] кітап шығарды дегенді естідім. Bisam Central Asia орталығы сайтында "Қаңтар оқиғасын қалай бағаладыңыз және ол түсінігіңіз қалай өзгерді?" деген сұрақтың жауаптары жарияланған. Оған жауап бергендердің 36 пайызы "мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылыс" деген ойда болған. Кейін жарты жыл өткен соң ол 23 пайызға азайған. Ал қандай да бір пікір айтудан қашып, "білмеймін" деп жауап бергендер қатары 12 пайыздан 20 пайызға артқан. Ол, менің ойымша, билік пропагандасының нарративі. Билік тарапынан "бір күштердің төңкеріс жасауға ұмтылысы" деген нарративтің де болғанын және оның әу баста қоғамдық пікірге әсер еткенімен, кейін өзінің күшін азайтқанын осы зерттеуден байқауға болады.

Бірақ "Қаңтарда шын мәнінде не болды, оны ұйымдастырған кім, артында кімдер тұрды?" деген сұрақтарға жауаптың болмауы және басым пікірдің қалыптаспағаны адамдардың билікке де, ешкімге де сенбейтінін көрсетеді.

Азаттық: Қаңтардағы қырғыннан соң билік өкілдері "оқиғадан сабақ алу керек" дегенді жиі айта бастады. Билік оқиғадан сабақ алды ма?

Серік Бейсембаев: Қаңтардан кейінгі "сабақ алу керек" дегені биліктің басты риторикасына айналып, кейінгі он айдың ішіндегі саяси реформалар осы "Қаңтардан кейінгі өзгеріс" ретінде қоғамға ұсынылды. Бірақ ол популистік шеңберден аспай қалды. Мысалы, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан соң іле-шала "саяси өзгерістер жасаймыз, ол Қазақстанды шынайы демократияға бастайды, жаңа Қазақстан құрамыз" деген сипаттағы мәлімдемелер жасап, референдум өткізді. Өкінішке қарай, ол тек косметикалық түрде жүзеге асты, ал саяси жүйе сол қалпында қалды. Соған сәйкес қоғамда көңіл қалу бар. Біз талдаулар жасау барысында "Жаңа Қазақстандарың осы ма?" деген пікірді жиі кездестірдік.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың ойыны, реформа имитациясы және Назарбаев дәуірінің сценариі. Сайлау қарсаңындағы Қазақстан

Азаттық: Жыл басындағы оқиғаны "Қаңтар қырғыны", "Қаңтар қасіреті", "Қаңтар оқиғасы" деп жүр. Бұл оқиғаға қандай атау дұрыс?

Серік Бейсембаев: Оның табиғатын тек бір категориямен, бір анықтамамен беру мүмкін емес. Менің түсінігімше, бұл – қоғамның, азаматтардың өзара мобилизациясына негізделген билікке деген қарсылығы, арты үлкен трагедияға алып келген әлеуметтік жарылыс. Сондықтан оны "Қаңтар қырғыны", "Қаңтар трагедиясы" деуге де болады. Негізі бұл сұрақтың жауабын табу үшін біз әлі ізденеміз және тарих бұған бағасын беретін болады. Қаңтар оқиғасының шындығы ашылған жоқ, жауапты адамдар жазасын алған жоқ.

"ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫНЫҢ ҚАҢТАРМЕН СИМВОЛИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСЫ БАР"

Азаттық: Қазақстанда адам өлімімен аяқталған оқиғалар тек Қаңтар ғана емес. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы бар. Сіздің ойыңызша, бұл оқиғаларда ортақ байланыс бар ма?

Серік Бейсембаев: Меніңше, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының Қаңтармен символикалық байланысы бар. Ол кезде текетірестің бір жағында мұнайшылар, екінші жағында билік тұрды. Ал Қаңтарда адамдарды көшеге жаңөзендіктерге деген ынтымақтық алып шықты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әкімді халық сайлауы керек!" Жаңаөзенде саяси талап та айтылды. Билік газ арзандайтынын мәлімдеді

2022 жылы қаңтардың басында Жаңаөзенде газ бағасынан басталған наразылық пен халықтың көшеге шығуы Қазақстандағы азаматтарды бейжай қалдырмады. Өйткені Қазақстандағы азаматтар үшін Жаңаөзен халықты біріктіретін идеяға, билікке наразылықтың символына айналған еді. Сол себепті көп адам бізге сұхбат барысында "үйде отыра алмадық, жаңаөзендіктер шыққанда қалай қарап тұрамыз, осы жолы үндемей қалсақ ол бір сын болар еді" деген пікір айтты.

Азаттық: Қаңтар оқиғасына қатысқандар азаптаулар болғанын ашық мәлімдеді, азаптағандарды жазалауды талап етті. Ел ішінде "үміт ақталмады, жүйе өзгермеді" деген көңіл-күй де байқалады. Халықтың көзқарасына талдау болды ма?

Серік Бейсембаев: Осы уақытқа дейін ашық түрде зерттеулер жарияланған жоқ. Мұндай тақырыпты зерттеу де өте қиын. Билікке қатысты ұстаным, наразылықты айтуда адамдар сауалнаманы былай қойғанда, фокус группа барысында бейтаныс ортада өз пікірін ашық айтудан әлі де жасқанады. Өзін цензуралау басым. Бірен-саран билікті ашық сынап жүрген қоғам белсенділері болмаса қарапайым азаматтар ашық дискуссияда ой айтуға қорқады. Себебі кейінгі жиырма жылда қоғамның таңдауын авторитарлық билік әбден басып тастаған. Жұрт арасында "бәлесінен аулақ, қазір бірдеңе десек кесірі тиіп жүрер" деген пікір мен "билік өз дегенін істейді, билік кімнің қолында болса соның дегені жүреді" деген жаттанды қауқарсыздық та бар. Бұған қоса Қаңтар оқиғасынан кейінгі азаптаулардың әділ тергелмеуі, ешкімнің жазаланбауы "халықтың қолынан ештеңе келмейді" деген осы көңіл-күйді одан әрі күшейте түсті. Бұл азаматтар мен биліктің арасын алшақтатып, сенім азая түседі. Алдағы уақытта билік қандай бастама көтерсе де оны скептикалық көңілмен қабыл алады да, саяси және экономикалық реформалар жасау қиынға түседі.

"ЭЛИТА ШЫНАЙЫ РЕФОРМА ЖАСАУДАН ҚОРҚАДЫ"

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан соң ел президенті Тоқаев көп уәде берді, түрлі экономикалық реформалар жасап, Конституцияны өзгертіп, түрлі саяси шешімдер қабылдай бастады. Бұл өзгерістерді қоғам сезіне алды ма?

Серік Бейсембаев: Тоқаев Қаңтардан кейін бос кеңістікті "Жаңа Қазақстан", "Екінші республика", "конституциялық өзгерістер" тәрізді түрлі идеологиялық конструкциялармен толтырмақ болды. Яғни, еш нәрсені өзгертпей бір нәрсені өзгертуді көздеді. Өйткені шынайы саяси реформа жасаудан саяси элита қорқады, "қоғам демократияға дайын емес" деген советтік кезеңнен қалыптасқан идея өте тереңге сіңіп кеткен. Екіншіден, қоғамнан қорқатын демофобия бар. Оның тамыры жабық авторитарлық жүйеде жатыр. Билікке жаңа адамдар келмеген соң, саяси науқандар шынайы өтпеген соң, саяси бәсеке, тәуелсіз медиа болмаған соң авторитарлық жүйе қоғамға демонизациялау арқылы қарайды. Оны Тоқаев риторикасынан байқауға болады. Кезінде Назарбаев қолданған "белсенділер сыртқы күштердің ықпалымен еліміздегі тұрақтылықты шайқауға тырысып жүр. Біз оған берілмейміз, дезинформациямен күресу үшін барлық қадамдарға барамыз" дегенді кейінгі уақытта Тоқаев та жиі айтып жүр. Бұл қоғамға бостандық беруден қауіптенуді көрсетеді және оның қадамдарының шынайы саяси науқан емес, иммитация екенін президенттік мерзімді жеті жылға ауыстыруынан көруге болады.

Азаттық: Қазақстанда негізгі шешімдерді билік қабылдайды. Ал қоғамның пікірі жағдайды өзгерте ала ма?

Серік Бейсембаев: Ең триггер топ – шенеуніктер екені белгілі. Авторитарлық дамудың нәтижесі – биліктің осы топтың қолында шоғырлануы. Қарап тұрсаңыз, біздегі ақша тауып, баюдың ең оңай жолы осы билік ресурстары арқылы жүзеге асырылады. Биліктің ең төменгі деңгейдегі басшысын алып қарасаңыз олардың тұрмысы орташа есеппен алғанда әлдеқайда жоғары. Олардың қатарына кіретін күштік құрылымдар, прокуратура, ҰҚК, ішкі істер қызметі – саяси реформаларды жасамауды қалайтын ең негізгі қозғаушы әлеуметтік күш. Өйткені олар шынайы реформалар болса билік пен мәртебесінен айырылып қаламыз деп қорқады. Сондықтан олар халықты ешқайда шығармауға мүдделі. Жемқорлықтың, ауқымды әрі қажеті жоқ шығындардың түбірі де осында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың "элитасы", "олигархтармен одақ", "сәтсіздікке ұшыраған" билік транзиті

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан соң Тоқаев "заңсыз берілген жерді қайтару", "олигархтар шетелге әкеткен ақшаны қайтару" тәрізді іс-әрекеттер жасап жатыр. Назарбаевтың жанындағы адамдар жазаланды. Бұл халық алдында ұпай жинау ма, әлде шынымен халықтың мүддесі үшін жасалған әрекет пе? Бұл халықтың билікке деген көзқарасын өзгерте ала ма?

Серік Бейсембаев: Деолигархизацияны, сыртқа кеткен ақшаны қайтаруды Тоқаевтың негізгі жетістігі ретінде көрсетуге талпыныс бар. Басында ол халыққа ұнамды болған риторика еді. Шын мәнінде, бізде сыртқа кеткен ақша, жемқорлар, бірінші президенттің отбасы, оның байлығын халық жақсы біледі. Тоқаевтан күткен де осы қадам болды әрі оны Тоқаев та жақсы білді, сезінді. Сондықтан да Қайрат Сатыбалдыны (экс-президент Назарбаевтың немере інісі – ред.) сол деолигархизациялаудың ірі құрбаны ретінде көрсетуге тырысқанымен, халық соттың берген жазасы мен қайтарған ақшасына қарайды да, "сондағы біздің күткеніміз осы ма?" дейді. Ол – Назарбаев әулетінің бір ғана мүшесі. Одан басқа отбасының, інісі Болат Назарбевтың байлығы жөнінде ақпарат халық арасында кең тараған. Содан соң күйеубаласы Тимур Құлыбаев, қыздары бар. Сол себепті қоғамда "Тоқаев мүдделі емес, Назарбаевпен келісімге келіп сол бұрынғы жүйені жалғастыруға ықыласты әрі бірге билеп отыр" деген нарративтің қалыптасуы да орынды. Өйткені қазіргі уақытта ештеңе жасыру мүмкін емес. Яғни, Тоқаев өзінің лигитимдігін күшейтудің бірден-бір жолы сол Назарбаевқа қарама-қарсы тұру екенін білгенімен, ол шынайы түрде жүзеге асып жатқан жоқ. Бұл ретте Тоқаев нақты қадамдарға бара алмаса оның лигитимдігі де төмендейтіні анық. Тек пропаганда, манипуляция арқылы қоғамды билеуге болады деген – үлкен миф. Пропаганданың Қаңтарға байланысты күшін көріп отырмыз. Қаңтар версиясын өзгерту үшін медианың барлық ықпалын жұмылдырғанымен, қоғамды алдай алмады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қаралау әдісі". Билік шеруге шыққандарға ақша төленгенін айтады, көпшілік сенбейді

"САЯСИ САУАЛНАМА ЖАСАУ ҮШІН АШЫҚ САЯСИ БӘСЕКЕ БОЛУЫ КЕРЕК"

Азаттық: Демократиялық елдерде билікке, басшыға деген халықтың сенімі түрлі әлеуметтік сауалнама арқылы зерттеліп, талданып отырады. Мәселен АҚШ-та Джо Байденді қолдайтындар күрт азайып я көбейгенін білеміз. Қазақстанда билікті қолдау деңгейін зерттеп жатқан тәуелсіз ұйымдар бар ма?

Серік Бейсембаев: Ашық жариялайтын бірен-саран ұйымдар болмаса, жоқтың қасы деуге болады. Саяси сауалнама жасауға тапсырыс беруші жоқ және бұл үшін ашық саяси бәсекелестік болу керек. Сонда ғана сауалнамалар билікке таласудың бірден-бір құралы бола алады. Саяси күштер ашық кеңістікке шыққанда, ашық түрде дискуссия жасағанда зерттеушілердің, саяси технологтардың, пиаршылардың қызметіне жүгіне бастайды. Мұндай сауалнама тұрақты жасалып, өзара бақыланып отырады. Біздегі жабық саяси жүйеде мұндай сауалнамалар энтузиастар күшімен жүзеге асуы мүмкін. Бірақ ол тұрақты болмағандықтан аса көп нәтиже бермейді. Жылына бір рет жасалған зерттеу ұмытылып қалады. Мұндай зерттеулер қоғамдық кеңістіктің, пікірдің индикаторы болуы үшін ол тұрақты түрде мықты әдіспен екі-үш айда бір рет жүзеге асып тұруы керек. Бұл қаражатты қажет етеді.

Азаттық: Олай болса "Қазақстанда билікті қолдайтындар қанша, қарсылар қанша?" дегенді қалай анықтауға болады? Биліктің тапсырысымен әлеуметтік зерттеу жүргізетін орталықтардың цифрлары билікке ыңғайлы болып шықпай ма?

Серік Бейсембаев: Иә, біздегі әлеуметтік зерттеулердің басым көпшілігі тікелей бюджет арқылы қаржыландырылады, олардың беретіні – билікті жағымды етіп көрсететін мәліметтер. Біздің орталықта сауалнама жүргізетін инфрақұрылымдар әлі қалыптасқан жоқ. Мәселен, "Стратегияны зерттеу орталығы" 2022 жылы "Қандай мемлекет құрып жатырмыз?" деген сауалнама жариялаған. Онда "Сіз мемлекет қамқорлығын сезінесіз бе?" деген сауал болған. Оған 2015 жылы халықтың 72 пайызы "иә", "шамасы солай" деп жауап берген. Ал 2022 жылы мұндай жауап 20 пайыз төмендеп, 50-54 пайыз болды, "сезінбеймін" дегендердің үлесі 39 пайыз өскен. Бұл мемлекетке көңілі толмайтындар қатары әжептәуір өскенін байқатады. Тек "Тоқаевты қолдайсың ба, қолдамайсың ба?" деп емес, осындай мемлекетке, болашаққа көзқарас тәрізді түрлі индикаторларды қолданып та қоғам көзқарасын байқауға болады. Бірақ мұндай зерттеулер сирек жүргізілетіндіктен оны мониторинг ретіне пайдалана алмаймыз. Ол маңызды оқиғалардың әсерін байқауға мүмкіндік бермейді.

Қазақстан президентінің резиденциясы – Ақордаға әлеуметтік мәселесін шешіп беруді талап етіп келген азаматтар мен олардың жолын бөгеп тұрған полиция. Нұр-Сұлтан, 24 мамыр 2022 жыл.

Азаттық: Сонда билік қоғамның көңіл-күйін қалай бағдарлайды деп ойлайсыз? Жабық зерттеулер қаншалық объективті жүргізіледі? Оларды кім жүргізеді?

Серік Бейсембаев: Жабық зерттеулер бюджеттен қаржыландырылатынын естимін. Бірақ оның сапасын зерттей алмаймыз, сондықтан баға беру өте қиын. Бір жолы мені мемлекет қаржыландыратын орталыққа шақырды. Жастар және мемлекеттік жастар саясаты туралы президент оқитын құжатты қарап шығу керек болды. Мені таң қалдырғаны, ол зерттеуде жастарды үш топқа бөлген: біріншісі, қала жастары – космополит, батысқа еліктейді, саясаттан алыс. Екінші топ – ауыл жастары, қазақша сөйлейді, дәстүршіл. Үшінші топ – ауылдан қалаға көшкен маргинал жастар. Саясат пен тұрақтылыққа қауіп осы соңғы топтан деген өте қарабайыр талдау жасалған. Бұл сарапшының деңгейінің төмендігін көрсетеді. Егер мемлекетті басқаратын адам осындай құжатты оқып, шешім қабылдайтын болса, онда біздегі жастар саясаты ешқашан тиімді түрде жүзеге аспайды деген сөз. Сондықтан жабық талдау дегенге скептикалық тұрғыдан қараймын. Ол мемлекет басқарудың дұрыс емес жолы деп ойлаймын.

Мемлекет қаржыландыратын орталықтардан бөлек, мемлекет ақшасына немесе билікке жақын топтардың мүддесіне жұмыс жасайтын түрлі талдаушы да бар. Олардың жұмысы көпшілікке белгілі емес. Көбіне арнайы тапсырыспен не мемлекет қаржысына жасалған зерттеулер жарияланбайды, оны сол тапсырыс беруші орган басшылары ғана пайдаланады.

Азаттық: Билік елде әлеуметтік желіде талқыланған жайттарға байланысты шешім қабылдады. Әлеуметтік желідегі шу-шұрқаннан соң қабылданған шешімдер халықты алдарқату емес пе?

Серік Бейсембаев: Биліктің шалағай шешім шығаратынына оның негіздемесінің шикі болуы себеп. Олар жаңағы әлеуметтік желідегі бір резонансқа қарайды не жабық талдаудан келетін қағазға қарап шешім шығарады. Ол тиімді болу үшін түрлі тараптың қатысуымен, парламентте талқыға түсуі керек. Түрлі зерттеу орталықтарының арасында бәсеке болып, әр орталық өз шешімін жария түрде ұсынуы керек. Мұндай мәдениет әлі қалыптаспаған әрі мынадай саяси жүйеде қалыптасуы да екіталай. Жабық саяси жүйелерде әрқашанда кез келген зерттеу белгілі бір шеңберде қалып қояды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жаңа Қазақстанның" ескі әдістері. Реформаға бет бұрғанын жариялап, белсенділерді қудалады

ҚОҒАМ САЯСИ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ШЫНДЫҚ АЙТЫЛҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ

Азаттық: Тоқаевтың қандай шешімдерін қоғам талаптарын орындады деп айтуға болады?

Серік Бейсембаев: Біздің қоғамның негізгі сұранысы – саяси өзгерістер мен шындықтың айтылуы. Ол өз жауабын таппай отыр. Оның орнына Ұлттық қордан балаларға ақша төлеу, несиелерді төлеу тәрізді популистік ұсыныс көп.

Сырттан қарағанда Тоқаев барынша шынайы саяси реформа жасамаудың бар амалын жасап жатқан сияқты көрінеді. Ал қоғам талаптары дегеннің өзі әртүрлі, мысалы несиесін төлей алмай жатқандарға ұнап, Тоқаев қысқа мерзімге ұпай жинай алады. Бірақ оның экономикалық салдары қалай болады? Экономист мамандар бұлай жасау мемлекет мүддесіне қайшы екенін айтады.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Бақытжан Төреғожина: "Амнистия емес, мемлекеттің қару қолданғанын мойындағаны керек"ЕҚЫҰ жиынында белсенділер Қаңтар қырғынын зерттеуге үндесе, шенеунік биліктің "реформасын" мақтады"Билігін сақтап, "жаңа патриарх" болғысы келеді". Президент Тоқаевтың сөзі мен ісіндегі қайшылықҚаңтар оқиғасы бастау алған Жаңаөзенде әлеуметтік наразылық күшейіп тұр"Қайраттарды тұтқындағаннан жүйелі мәселелер шешілмейді". "Жаңа Қазақстан" экономикасындағы сөз бен істің қайшылығы