НАУҚАСТЫ ІЗДЕП ТАБУ
Таңертеңгі сағат 9:00. "Үміт" қоғамдық бірлестігінің аутрич қызметкерлерімен бірге рейдке шығып барамыз. Маған олар туберкулезге шалдыққан болуы мүмкін жандар кейде өзін агрессивті ұстайды деп ескертті. Аутрич қызметкерлер науқас адамды басында үйі жоқ, қайыр тілеп күн көретін, қаңғыбас, түрмеден шыққан, ВИЧ инфекциясын жұқтырған, нашақор, ішкілікке салынғандар арасынан іздейді. Ондай жандар көбіне құжатсыз, қоғамнан тыс өмір сүреді. Мамандар оларды медициналық көмек қажет ететін "мақсатты" және "жабық" топтарға жатқызады. Өзінің ауру екенін білмейтін немесе мойындамайтын науқастар дертті айналасындағыларға жұқтыруы мүмкін.
Рейд Қарағанды облысы Осакаров ауданындағы Ошағанды ауылынан басталды. Бұл жерде әр өңірден келген алкоголь мен есірткіге тәуелді жандарды оңалту орталығы бар. Осындағы адамдардың арасында бұрын түрмеде отырған, көптен бері өкпесін тексертпеген, тіпті туберкулезбен ауырып, жазылғандар да кездеседі. Олардың бірқатары тексеруден өтуге келісті.
– 28 жыл туберкулезбен ауырдым. Тамырға ине салып, есірткі пайдаландым, түрмеде отырдым. Сегіз жыл бұрын бостандыққа шықтым, – дейді оңалту орталығындағы науқастардың бірі.
Ошағанды ауылынан кетіп бара жатқанымызда аутрич қызметкерге танысы хабарласып, Қарағандының іргесіндегі саяжайда полиция мен дәрігер десе тұра қашатын, ешқандай құжаты қаңғыбастар мен нашақорлар тұратынын айтты. Олардың сау етіп жетіп барған бейтаныс адамдарды, оның үстіне журналисті қалай қабылдайтынын білмеген соң, әуелі аужайын барлап, ұйым қызметін түсіндіріп көру керек деп шештік.
Сондықтан саяжайға емес, Теміртауға баруды ұйғардық. Бұл қалада аутрич қызметкерлер іздеп жүрген топтағы адамдар жиналатын бірнеше жер бар. Базар маңындағы жылу құбырының жанынан екі әйел кезікті: бұрын тексеруден өткен әйел қайыр сұрап, екіншісі оған еріп жүр екен. Әңгіме барысында үйі жоғын айтқан екінші әйел флюорографияға түсуге келісті. Өкпесі таза екен. Тексеріп болған соң әлгінде өзін жолықтырған жерге жеткізіп тастадық.
Осыдан кейін қаланың басқа бөлігіндегі топ адам күнде жиналып, ішімдік ішетін орынға бардық. Әуелгіде олар бөтен екенімізді көріп, жатсына қарады, агрессия да танытты. Аутрич қызметкерлермен сөйлескеннен кейін ғана сабырға келіп, едәуір уақыт алған түсіндіру жұмысынан кейін бір әйел өкпесін тексертуге келісті.
Аутрич қызметкерлер жұмыс нәтижелі аяқталғанына қуанды: олар рейд барысында бірнеше адамды тексеруден өткізіп, туберкулезге шалдыққан болуы мүмкін деген топқа кіретін басқа адамдармен байланысу жолын біліп қайтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Синтетикалық есірткіге тәуелді жігіттің жанайқайыДӘРІГЕРГЕ ҚАРАЛУҒА КӨНДІРУ ОҢАЙ ЕМЕС
Биыл рейд кезінде туберкулезбен ауыратын жиырмадан астам науқас анықталған. Аутрич қызметкерлер дертке шалдыққан болуы мүмкін "клиенттері" туралы түрлі ақпарат көзінен хабар алып отырады. Қоғамдық ұйым өкілдері ондай адамдардың қайда жүретінін біледі, олармен жақсы тіл табыса алады, дәрігерге қаралуға көндіріп, медицина мекемесіне ертіп апарады.
– Мақсатты топтардың бәрі оқшау өмір сүреді. Олар полиция мен дәрігерден іргесін аулақ салуға тырысады. "Қайдағы флюорография?" деуі мүмкін. Сондықтан оларды қызықтыруға тырысамыз. Әсіресе қаңғыбастар арасында топқа ықпалы бар адаммен тіл табысып аламыз. Айтқан сөзімізде тұрамыз: флюрографияға түсіп болған соң алып кеткен жерге қайтадан жеткізіп тастаймыз. Олардың арасында өз байланысым бар. Металл, картон, темір ыдыс қабылдайтын, спирт сататын жерлерде іздеген "клиенттерім" жүруі мүмкін, – дейді "Үміт" қоғамдық бірлестігінің аутрич қызметкері Андрей Шабалин.
Аутрич қызметкерлер жылу құбыры, құдықтарды аралап, нашақорлар жиналатын жерлерге барады. Мұндай адамдарды тауып, туберкулезден аман екеніне көз жеткізу үшін дәрігерге қаралуға, қажет болса емделуге көндіру оңай шаруа емес. Медицина мекемелері облыстық денсаулық сақтау басқармасымен және емханалармен жасалған келісім бойынша қоғамдық ұйым "клиенттерін" арнайы ваучер арқылы құжатсыз, кез келген күйде тексеруден өткізеді.
– Олардың жүретін жерін табу қиын. Біз дәрігерге қаралмағанына жылдан асқан немесе ауру белгісі бар адамдарды іздейміз. Оларды флюорографияға түсуге апарамыз. Өкпесінде өзгеріс байқалса, қақырығын алып, тексеруге жібереміз, қажет болса, стационарға жатқызамыз. Амбулаторияда ем қабылдасын деген науқастың дәрі-дәрмекті уақытылы қабылдауын қадағалаймыз. Өйткені емге немқұрайды қарау қауіпті, – дейді "Үміт" ұйымы қызметкері Мәдина Қонақбаева.
Қоғамдық ұйым Қарағанды қаласында, Теміртау, Шахтинск, Абай, Шахан ауылы, Бұхар жырау, Абай және Жаңааарқа аудандарында жұмыс істейді. Аутрич қызметкерлер жақын маңдағы басқа ауданда науқас барын естісе, ол жаққа да баруға тырысады. Құжатсыз жүрген адамдарға қажет қағазды рәсімдеуге көмектеседі. Ұйым өкілдері ғаламдық ВИЧ, малярия мен туберкулезге қарсы күрес қорының қолдауымен "клиенттердің" айыппұлын төлеп, құжат алуға жағдай жасайды.
– Бұл азаматтар медициналық көмек алудан қашқақтайды. Қоғамнан оқшауланып өмір сүретіндіктен көбінің құжаты не тұратын жері жоқ, емханаға тіркелмеген. Ауру белгілерін байқаса да дәрігерге бармайды. Олар әлеуметтік бейімделмеген, көбіне есін білмей жүреді. Мұндай адамдарды іздеп табу да қиын. Тексеруден қашатындар да, флюрографияға баруға шамасы келмейтіндер де бар. Олармен қызметкерлеріміз жұмыс істейді, өйткені өздері емханаға бармайды. Міндетіміз – инфекция тауып, оның таралуына жол бермеу. Мысалы, тұратын жері жоқ адамдарды алайық. Өзім жүргізген сараптамаға сәйкес, олар көбіне азық-түлік дүкені алдында, вокзал, базар сияқты жерде қайыр сұрап жүреді. Демек күніне үш жүзге жуық адаммен байланыста болады. Егер ол туберкулезбен ауыратын болса, қанша адамға ауру жұқтыруы мүмкін екенін елестетудің өзі қорқынышты, – дейді эпидемиолог дәрігер, "Үміт" қоғамдық бірлестігі үйлестірушісі Сергей Дадыверин.
ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІНІҢ УАЙЫМЫ МЕН ҮМІТІ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегінше, ВИЧ-ке шалдыққан науқастар мен Covid-пневмониямен ауырып жазылған адамдарға туберкулез тез жұғады. Өйткені ВИЧ жұқтырған науқастың иммунитеті әлсіз келеді, ал Covid-пневмониямен ауырған адамда өкпе тіні фиброзы болады, ал ол туберкулезге ұласып кетуі мүмкін. Қазір Қазақстанда пандемия салдары қатты сезіліп жатыр: карантин кезінде жоспарлы медициналық тексеру тоқтап, флюрографиядан өтпеген адамдар мен туберкулезі асқынған науқас көбейген.
Қоғам өкілдері "Ғаламдық ВИЧ, малярия және туберкулезге қарсы күрес қоры қаржы бөлуді тоқтатса, бұл адамдар тағы да қараусыз қалады, өйткені оларды бізден басқа ешкім іздеп, тексеруден өтуге көндіріп, ауруханаға апармайды" деп алаңдайды.
– Ғаламдық қор жобасы болмаған кезде бұл адамдарға мүлде көңіл бөлінбейтін. Аталған жоба жабылып қалуы мүмкін деген қауіп бар. Аутрич-қызметкерлерге жалақы төленбесе жоба жұмысы тоқтайды. Олар тегін жұмыс істей алмайды ғой. Бұл лас әрі қиын жұмыс: құдықта немесе қоқыста жатқан адамды орнынан тұрғызып, көндіріп, көлікке отырғызып, емханаға апару керек. Дәрігер жылу құбырларын аралап, науқас іздеп жүрмейді. Оның міндеті – емдеу, ал науқасты тауып, медицина қызметкерінің алдына апару тек арнайы дайындықтан өткен адамның ғана қолынан келеді. Бірақ жобаның бюджеті көп емес, аралайтын аумағымыз да шектеулі. Алысқа шыға алмаймыз, сондықтан бұл жобаның ауқымын кеңейтіп, барлық шығынды (науқас іздеу, аутрич қызметкерінің жалақысы, барлық өңірді қамту) мемлекет өз мойнына алуы керек. Елде есірткіге немесе ішімдікке тәуелді, сотталған адам көп. Олар кейде медицина мекемелерінің назарынан тыс қалады. Көбі емханаға тіркелмеген, сондықтан есепке алынбайды. Ондай адамды іздеп табу керек. Бұл айқын нәтиже көрсеткен жаңа тәжірибе, енді тек оны сақтап, жалғастыру керек, – дейді "Үміт" қоғамдық бірлестігі директоры Гүлмира Смаилова.
Қазақстанның кей өңірінде билік үкіметтік емес ұйымдардың осындай жобаларына мемлекеттік тапсырыс негізінде қаржы бөле бастаған. Белсенділер бұл бастама Қарағанды облысын да айналып өтпейтін шығар деп үміттенеді.
ҚОРҚЫНЫШТЫ БОЛЖАМ
Билік өкілдері елдегі туберкулез ауруы статистикасын "салыстырмалы түрде жақсы" деп бағалайды. Қазақстанда туберкулезбен ауыратын 10 423 науқас бар. Биылғы тоғыз айда осы дертке шалдыққан 5100 адам анықталған. Бұл 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда көп. Мамандар статистикадағы өсімді Covid-19 пандемиясына байланысты енгізілген шектеу алынып тасталғаннан кейін туберкулезді анықтау шараларының қайта жандануымен байланыстырады. Коронавирус жұқтырған болуы мүмкін деген күдікпен тексергенде кей науқастан туберкулез анықталған кездер де болған.
Сарапшының сөзінше, пандемия кезінде медицина мекемелері коронавирусқа қарсы күреске жұмылдырылып, емдеу мекемелері жабылып, жоспарға енгізілген скрининг, флюрография, балаларды тексеру, диагностика шаралары тоқтап қалуына байланысты туберкулезді анықтау қарқыны бәсеңдеген. Елдегі фтизиопульмонология орталықтарының көбі Covid-ке қарсы инфекциялық стационарға айналған.
Your browser doesn’t support HTML5
– Дүниежүзілік ұйымдар әлемдегі туберкулез ауруы мен салдарынан болатын өлім көрсеткіші 10-нан 40 пайызға дейін өседі деген болжам жасап отыр. Былтыр тексеріліп, есепке алынбаған науқастар біраз уақыттан кейін дерті асқынып, ауру ауыр формаға өткен кезде анықталады. Мұндай науқасты емдеген күннің өзінде аяғында өлімге әкеп соғуы мүмкін. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша туберкулез асқынуынан 224 адам көз жұмған. Кей облыстарда (Атырау, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Алматы) өлім көрсеткіші сәл артқан. Республика бойынша өсім болмайды деп ойлаймыз. Бірақ өлім көрсеткіші артуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені биыл алдыңғы жылдармен салыстырғанда бұл аурудың сырқат өкпесінің екі жағын да зақымдаған ауыр түрлері анықталып жатыр. Дер кезінде анықталса, туберкулезді емдеп жазуға болады. Ал диагноз кеш қойылса, өкінішке қарай, науқасты аман алып қалу қиын, – дейді Қазақстан фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы мониторинг, бағалау, эпидемиология, статистика және ақпараттандыру департаментінің басшысы Панагүл Жазыбекова.
Ғылыми орталық дерегінше, ғаламдық ВИЧ, малярия мен туберкулезге қарсы күрес қоры Қазақстанның 17 өңірінде туберкулезбен ауыратын науқастарды іздейтін 19 үкіметтік емес ұйымға грант бөліп, қаржыландырып отыр. Бірақ кейде сырқаты бар азаматты олар да іздеп таба алмайды…
Жазыбекованың айтуынша, ғаламдық ВИЧ, малярия мен туберкулезге қарсы күрес қоры Қазақстанға бөлетін қаржы көлемін біртіндеп азайтады, ал мемлекет соған дайын болу керек. Болашақта мұндай үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру міндеті мемлекетке өтеді.
– Науқастармен жұмыс істеуде жақсы нәтиже көрсетіп отырған ұйымдардың қызметін жалғастыру үшін әкімдіктерден кем дегенде үш-бес жылға ұзақмерзімді жобаларға мемлекеттік тапсырыс беруді сұрап отырмыз. Бұл тапсырысты әр жолы жаңа ұйымға бергеннен әлдеқайда ыңғайлы. Әкімдік қаржы бөліп, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік берсе жақсы болар еді. Оның үстіне, тәжірибе бар. Әлемде әртүрлі мәселені шешуге, оның ішінде туберкулезге қарсы күресуге көмектесу үшін азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру тенденциясы байқалады, – дейді Панагүл Жазыбекова.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Синтетикалық есірткі саудасын қалай жоюға болады?