АРМАННЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Бірнеше ай бұрын Азаттық қазақстандық гей-жұп — Арман мен Бекзаттың хикаясын жариялаған. Биыл ақпан айында ұзақ талпыныстан кейін олар елден кетуге мүмкіндік алған. Қазір Арман біраз уақыт бұрын елге оралған Бекзатпен тағы да байланыса алмай отыр.
— [Қазақстаннан] кетпес бұрын, Бекзат төлқұжат жасатуға өтініш берген. Наурызда дайын төлқұжатын алып кету үшін Алматыға оралды. Бірақ төлқұжатын ала алмады, өйткені оған "іздеу жарияланған" екен, - дейді Арман.
Арман Ресейде қалып, Бекзат Қазақстанға жалғыз кеткен. Елде Бекзатқа әртүрлі ұйым өкілдері көмектескен. Пәтер тауып беріп, полициямен байланысуға жәрдемдескен. Осы ұйымдардың көмегімен Бекзаттың "жоғалғаны туралы" іс жабылған.
— Істі жабу үшін полициямен байланысып, арыз жазуға көмектесті. Бекзаттың ата-анасы ұлына "жоғалды" деп іздеу жариялаған. Ұйымдардың көмегімен, іс жабылды, — дейді Арман.
Бекзат төлқұжатын алған кезде елде коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланып, шекаралар жабылған. Ол Қазақстаннан кете алмай, Алматыда қалуға мәжбүр болған. Осылай Бекзатты ата-анасы тауып алған.
— Мен Бекзатпен үнемі байланыста болдым. Бір кезде Бекзатты ата-анасы іздеп жүргенін білдік. Олар Бекзат тұрған үйдің жанындағы дүкенге келіп, сатушыдан ұлы туралы сұрапты. Ертеңіне, 13 маусым күні, ата-анасы Бекзатты дәл осы дүкеннің алдынан ұстап әкеткен, — дейді Арман.
Гей-жұп қарым-қатынасы басталған бір жылдан көп уақыт ішінде Бекзатты жақындары бірнеше рет ұрлап әкеткенін бұған дейін де мәлімдеген. Туыстары бала кезінде "гидроцефалия" диагнозы қойылған Бекзатты өзінің айтуынша, қажет болмаса да, ота жасатуға мәжбүрлеген.
— Бекзаттың әкесі — өте ықпалды адам. Оның өзі тұратын [Батыс Қазақстан] өңірінде ғана емес, басқа қалаларда да байланысы көп сияқты. Бекзатты бірнеше рет зорлықпен ұстады: үйге қамап, телефонын тартып алып, ұрып-соқты. Соңында ата-анасы миына ота жасатты. Бекзаттың айтуынша, туыстары осындай әдіспен оның ішінен жын шығаруға тырысқан, — дейді Арман.
Арман Бекзат жоғалып кеткеннен кейін "Kok.team" ЛГБТ-қауымдастығынан көмек сұраған. Осыдан кейін қауымдастықтың әлеуметтік желідегі парақшаларында жас жігіттің жоғалғаны туралы хабар тараған. Қазір жастарды қолдау үшін #FreeBekzat хэштегімен қозғалыс құрылды.
— Арманмен 24/7 байланыста болған Бекзат қоңырауға жауап бермеген кезде оны ұрлап әкеткенін түсіндік. Бекзат жоғалардан екі күн бұрын видеоүндеу жазып, ата-анасына жіберген. Бірақ мұның көмегі болмады, — дейді ЛГБТ-қозғалыс белсендісі және "Kok.team" қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі Анатолий Черноусов.
Өзім қалағандай өмір сүргім келеді...
Видеода Бекзат ата-анасын жақсы көретінін, оларға жақсылық тілейтінін айтады. Ол жақындарын өз таңдауына құрметпен қарауға, ориентациясына "бастағы құрт" пен "денедегі жынның" еш қатысы жоғын түсінуге шақырған.
Видеода Бекзат "Бұл ары қарай да жалғаса берсе, полицияға барып, "өмірімізге қауіп төніп тұр" деп, сіздерге қарсы арыз жазамын. Мені осындай қадамға баруға мәжбүрлеп отырсыздар. Өзім қалағандай өмір сүргім келеді" дейді.
ОТБАСЫНЫҢ СӨЗІ
Орал қаласындағы белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты, Бекзаттың әкесі Бекболат Мұқашев ұлының "еркіндігі шектелмегенін" айтады. Оның сөзінше, ұлы қазір Алматыда емес, астанада тұрып жатыр.
Ол емделіп жүр, оған ешкім кедергі емес.
— Камерадан қарасаңыздар болады. Ол "Хан-Шатырда", "Азия-Паркте", "Керуенде" қыдырып жүр. Қасында ешкім күзетіп жүрген жоқ. Ол емделіп жүр, оған ешкім кедергі емес, — деді Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Бекболат Мұқашев.
Бекзаттың әкесі өз сөзінде ресейлік "Новая газета" басылымының материалында жарияланған қысқа видеоны меңзеп отырғанға ұқсайды.
Видеода жас жігіт өзін Бекзат Мұқашев деп таныстырады.
Ол "Бүгін, 16 маусым 2020 жыл, отбасымыз туралы материал жазуға тыйым саламын және бұлай жасамауды өтінемін. Болмаса, құқық қорғау органдарына арыз жазамын" дейді.
Бекзат шілденің басында Мәскеуге барып, "бәрі жақсы" екенін өз аузымен айтуға уәде береді. Бекзаттың жағдайы туралы әкесінен толығырақ ақпарат алып, оның жеке нөмерін сұрау мүмкін болмады. Бекболат Мұқашев "журналистерден тыным жоқ" деп әңгімесін қысқа қайырды.
Бекзаттың әпкесі Лиза да жағдайға қатысты шағын пікір берді.
— Бекзат қазір ата-анасымен бірге астанаға кеткен. Ол отадан кейін емделіп жатыр. Бар білетінім – осы. Оны ешкім ұрып-соғып жатқан жоқ, мұны нақты айта аламын. Ондай ештеңе жоқ, қаланы емін-еркін аралап жүр. Арманмен неге байланысқа шықпай жүргенін білмеймін, — деді Лиза.
Лиза өзі Оралда тұрып жатқанын, бірақ ағасының жағдайы жақсы екенін, "отадан кейін жоспарлы ем-домын алып жүргенін" айтты (бұл жерде отбасының Бекзатқа бала кезінде қойылған "гидроцефалия" диагнозы бойынша бірнеше ай бойы көндіріп, жасатқан отасы туралы айтылса керек. – Ред.)
Лиза ағасының нөмерін беруден бас тартты.
— Ата-анам Бекзатқа жақында ота жасалғанын ескеріп, оны ақпарат құралдарымен сөйлестіргісі келмейді. Олар Бекзаттың тыныштықта емделгенін құп көреді. Ақпарат құралдарының кері әсері болғанын қаламайды, - деді Лиза.
ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК
Бекзат жоғалардан алдын адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюродан көмек сұраған. Құқық қорғаушылар Бекзаттың 13 маусым күнгі арызы негізінде полиция көмегіне жүгінуді жоспарлап отыр.
— Қазір Арманмен бірге бюроның атынан арыз жазамыз деген шешімге келдік. Арыз дайын, басшылықтың алдында жатыр. Арызды Бекзаттың бізге берген арызының негізінде береміз, — деді адам құқықтары жөніндегі бюроның алғашқы құқықтық көмек көрсету орталығы басшысы Мария Расулова.
Арманның мүддесін адвокат Гүлхан Окапова қорғайды. Ол қазіргі жағдайға және қолға алған шараларына қатысты пікір берген жоқ.
Қазақстанда біржынысты қарым-қатынас 1998 жылы декриминализацияланған. Бірақ ЛГБТ белсенділер елде оларды қудалау, тұрмыстық, қоғамдық және мемлекеттік деңгейде қысым көрсету әлі де кездесетінін айтады.
Биыл наурызда БҰҰ-ның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстан заңдарында азаматтарды жынысы мен сексуалды ориентациясына қарай дискриминациялауға тікелей тыйым жоғын мәлімдеген.
АҚШ мемлекеттік департаментінің Қазақстандағы адам құқықтарының жайы туралы 2019 жылғы баяндамасында қазақстандық ЛГБТ-қауымдастық өкілдерінің 48 пайызы зорлыққа ұшырағаны немесе сексуалды ориентациясы үшін жеккөрініш нысанына айналғаны жазылған. Көбіне оларға қарсы сөзбен қорлау, ізіне түсу, жеке өміріне қол сұғу және физикалық шабуыл сияқты қысым түрлері қолданылады. Бұған қарамастан, ЛГБТ өкілдері жеккөрініш сезімі, мазақ қылу мен зорлықтан қорқып, құқық қорғау органдарының көмегіне аз жүгінеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жыннан аластау" һәм миға ота жасау. Оралдық гейдің хикаясы