"Томирис" фильмі қоғамды әйел басшыға дайындау ма?

Томирис патшайымының рөлін сомдаған актриса Альмира Тұрсын. Алматы, 9 наурыз 2018 жыл.

Қазақстанда ежелгі көшпелі тайпалардың патшайымы туралы «Томирис» фильмі жарық көрді. Кинотуынды продюсері - бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы. «Фильм қоғамдық сананы әйел басшының билікке келуіне дайындап жатыр» деген пікір де бар. Киносыншылардың бірі фильмді бұрынғы мемлекет басшысының үлкен қызының «сайлауалды ролигі» деп атады.

Режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі Қазақстан аумағында екі жарым мың жыл бұрын болған оқиғаларды баяндайды. Сюжет желісі бойынша Томирис сақ-массагет тайпаларының әскерін басқарып, өз жерін парсы патшасы Кирден қорғап қалады.

Фильмнің бас продюсері - Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева. Ол осыған дейін Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильміне продюсер болып, фильм авторлары сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан мемлекеттік сыйлық алған.

Қыркүйектің 25-і күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен фильмнің тұсаукесерінде Әлия Назарбаева көрінбеді. Ол келесі күні Алматы қаласында фильм авторлары мен актерлерінің қатысуымен өткен көрсетілімге де келмеді. Бас продюсердің фильм тұсаукесеріне неге келмегені белгісіз.

Фильм тұсаукесеріне келген бұрынғы президенттің үлкен қызы, сенат спикері Дариға Назарбаева.

Нұр-Сұлтанда өткен тұсаукесерге есесіне Әлия Назарбаеваның үлкен әпкесі — парламент сенатының спикері Дариға Назарбаева қатысты. Оның оң жағында «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Шәріпбаев отырды. Назарбаева мен Шәріпбаев залға жоғары лауазымды шенеуніктермен бірге кірді. Олардың қатарында вице-премьер Бердібек Сапарбаев, мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Нұр-Cұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов болды. Тұсаукесерге Дариға Назарбаеваның парламенттегі әріптестері де қатысты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жақсыбековті ығыстырып, Дариғаның шарықтауы

ФИЛЬМ СЦЕНАРИІНДЕГІ «САЯСИ АСТАР»

Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары билік «Томирис» фильмі арқылы қоғамдық сананы Қазақстан президенттігіне әйел адамның келуіне дайындап жатыр» деп есептейді.

Журналист және киносыншы Төлеген Байтүкенов Facebook парақшасында «Томирис» — Дариға Назарбаеваның өте қымбат «сайлауалды ролигі» деп жазды.

Режиссер Сатаев мәселені мұндай қырынан қарау дұрыс емес деп санайды. Ол суретші ретінде өнер мен саясатты араластырмайтынын атап өтті.

— Мұндай фильм түсіру туралы ой үш жыл бұрын пайда болған. Ол кезде қазіргідей саяси процестердің болатыны-болмайтынын ешкім біліп, сезген жоқ, - деді Сатаев Азаттық тілшісіне.

"Томирис" фильмінің режиссері Ақан Сатаев тұсаукесерден кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 25 қыркүйек 2019 жыл.

Үш жыл бұрын қазіргі саяси өзгерістерден «хабар» болды ма, жоқ па, кесіп айту қиын. Бірақ елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін президент болған Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында берген сұхбатында бұрынғы мемлекет басшысы үш жарым жыл бұрын оған «Келесі президент сен боласың!» деп айтқанын жеткізген.

Қазақстанда биліктің династиялық жолмен берілуі мүмкін деген болжамдар 1990-жылдардан бері айтылып келеді. Мұндай әңгіме біраз билігін сақтап қалған Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін де жалғасты.

Бұған бұрынғы президенттің үлкен қызының мемлекеттік қызмет иерархиясында екінші орынға ие болуы да себеп болып отыр. Конституцияға сәйкес, қазіргі президент мерзімінен бұрын қызметінен босаса, лауазымынан бас тартса немесе қайтыс болса, билік сенат төрағасының қолына өтеді. Назарбаева әкесі отставкаға кеткен күні парламенттің жоғары палатасын басқаруға көшті. Бұл қызметке оның кандидатурасын сенаттың бұрынғы спикері Тоқаев ұсынып, депутаттар бірауыздан қолдап дауыс берді.

Назарбаеваның Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Томирис» фильмінің тұсаукесеріне келген сенаттағы әріптесі, Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Бектас Бекназаровтың сөзінше, фильм «сақтар мен массагеттер дәуірінен бастап отбасында қыздың, ананың рөлі жоғары болғанын» көрсетеді.

- Біз әйелдің бетін жауып, ерлерден бөлек отырғызған емеспіз. Оларды бөлектемей, төбемізге көтергенбіз. Соның арқасында бүгін әйелдер қоғамда өздерін еркін ұстайды, - дейді Бекназаров.

Алматыдағы "Томирис" фильмінің алдын ала көрсетілімі. 26 қыркүйек 2019 жыл.

Алматыда фильмді тамашалаған көрермен Қарлыгаш Мақатова қолбасшының әйел болғанына назар аударды.

— Бұл фильм туған жерге махаббатыңды оятып, тарихты оқуға құлшынысыңды арттырады. Сол кездегі тайпалардың басшысы әйел болғанына назар аударым келеді. Қуантатыны, оларда матриархат болған. Бұл фильм әйелдердің мәртебесін көтеріп, ерлерге ой салатын шығар. Әйел басқарып, басқаларды соңынан ерте алады. Фильмде әйел жетекшілік еткен әскермен жерімізді сақтап қалдық. Бұл өте маңызды, - дейді ол.

ТАПСЫРЫС БЕРУШІ — МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІ, АТҚАРУШЫ - «ҚАЗАҚФИЛЬМ»

«Томирис» фильмін түсіруге Мәдениет және спорт министрлігі тапсырыс берген. Кинотуындыны «Қазақфильм» кинокомпаниясы жекеменшік Sataifilm компаниясының қатысуымен түсірген.

Екі жыл бұрын берген сұхбатында Ақан Сатаев Томирис фильмінің түсіріліміне сенімсіздік танытып, қазақ кинематографиясының бюджеті Голливуд деңгейіндегі шығындарды көтере алмайтынын айтқан. Бірақ ақша табылды. Фильм авторларының айтуынша, фильмге 10 миллион доллар кеткен. «Қазақфильмнің» басшысы Арман Әсенов осы аптада өткен баспасөз конференциясында «Киномыз бен мәдени мұрамызды қайдағы бір бюджетпен салыстырудың қажеті жоқ. Біз бұл мұраны кейінгі ұрпаққа қалдырғымыз келеді, тарихымызды түгендеуге тырысып жатырмыз» деген.

Режиссер Ақан Сатаев (сол жақта) және «Қазақфильм» басшысы Арман Әсенов «Томирис» фильмінің тұсаукесерінде. Алматы, 26 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақ кинематографиясында Томирис фильмін Талғат Теменов, Игорь Вовнянко, Рүстем Әбдірашев, Ресейде Сергей Бодров (үлкені), Егор Кончаловский түсіргісі келген. Бірақ әзірге бұл идеяны Ақан Сатаев қана жүзеге асырып үлгерді. Оның айтуынша, идеяны үш жыл бұрын Алматыдағы Республика сарайында өткен «Анаға апарар жол» фильмінің тұсаукесерінен кейін шәй ішіп отырып, Әлия Назарбаева ұсынған. Ақан Сатаев ол күнді былай еске алады:

— Фильмнің тұсаукесерінен кейін біз шәй ішуге бардық. Ол [Әлия Назарбаева] «Томирис фильмін түсірейік!» деген ұсыныс айтты. Осында дәл осы ғимаратта идея пайда болды. Үш жылдан кейін енді осы фильмнің тұсаукесерінде тұрмыз, - дейді Сатаев.

«Томирис» фильмінің титрында Әлия Назарбаева бас продюсерден бөлек, сценарий авторларының бірі ретінде (Ақан Сатаевтың басқа фильмдеріне де сценарий жазған Тимур Жаксылықовпен бірге) көрсетілген.

— Сценарийдің жобасын құрастыруға Әлия Нұрсұлтанқызы белсенді қатысты. Ол сценарийдің құрылымын, оқиғаларды, сюжет желісін және кейіпкерлерді өзгертті. Бұл – салмақты жұмыс болды, - деді Ақан Сатаев.

Бұрынғы президенттің кіші қызы және "Томирис" фильмінің бас продюсері Әлия Назарбаева.

«ГЕРОДОТ ЖАЗБАЛАРЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН»

Ақан Сатаевтың сөзінше, фильм авторлары ежелгі грек тарихшысы Геродоттың Каспий теңізінің қос жағалауында көшіп жүрген еркін тайпаларды өзіне бағындыруды көздеген парсы патшасы Кирді жеңген Томирис туралы жазбаларын негізге алған.

Геродот дерегіне сәйкес, біздің дәуірімізге дейінгі 529 жылы болған соғыста парсылар күйрей жеңіліп, оған дейін бірде-бір рет жеңіліп көрмеген Кир майданда қаза тапқан. Ежелгі грек тарихшысы Кирдің денесі табылғанда, Томирис ашкөз билеуші «қанға тойсын» деп, оның басын адам қаны құйылған тері ыдысқа салып қоюға бұйрық бергенін жазады.

Кирдің өлімі туралы басқа нұсқалар да бар. Тұсаукесерге дейін «Томирис» фильмінің трейлері шыққан кезде ирандықтар режиссер Ақан Сатаевтың Instagram парақшасына фильмде тарихи фактілер бұрмаланған деген пікір қалдырған.

Олардың айтуынша, Томирис қазақ та, моңғол да болмаған. Ал Кир соғыс алаңында емес, жасы келгенде қайтыс болған.

Томирис өмірінің түрлі кезеңін сомдаған актрисалар (солдан оңға қарай): Альмира Тұрсын, Лия Фомина және Салтанат Серкебаева. Алматы, 26 қыркүйек 2019 жыл.

Сатаев «Томирис» фильмінде ежелгі дәуір көрінісін сақтауға тырысқан. Фильм кейіпкерлері ежелгі түркі (сақтар), ежелгі парсы (парсылар) және араб (әл-Фараби) тілдерінде сөйлейді. Сондықтан фильмдегі кадр сыртындағы дауыс орыс тіліне аударылып, астына қазақ тілінде субтитр берілген.

Фильмде оқиғаны Геродот жазбаларын мысалға келтірген әл-Фараби баяндайды. Фильм жарық көргенге дейін сақ патшайымы туралы жалғыз еңбек - Болат Жандарбековтың 1982 жылы шыққан «Томирис» кітабы болған. Бірақ кітаптағы Томиристің өмірі фильмдегіден бөлек. Мәселен, романда Томиристің әкесі қартайып, дүние салғаннан кейін оның билігі жалғыз мұрагері Томириске өтеді. Фильмде Томиристің әкесін қастықпен өлтіреді. Кітаптағы нұсқада Томирис рулас тайпадан Рустам атты батырға тұрмысқа шығып, кейіннен күзетшімен көңіл қосады. Фильмдегі Томирис рулас тайпа көсеміне адал жар болады. Болат Жандарбеков Рустам батырдың Кирге қызмет етуге келісіп, парсылардың жаулап алу жорықтарына қатысқанын жазса, фильм режиссері оны өз елінің патриоты ретінде көрсеткен.