Тоқаевтың "демократия түсінігі" һәм биліктің "бетпақтығы"

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдумға үйден дауыс берген адамға көшпелі дауыс беру жәшігі мен бюллетень әкелген комиссия мүшелері. Қоянды, Ақмола облысы, 5 маусым 2022 жыл.

Ғалымжан Оразымбет – бюджет зерттеушісі, азаматтық белсенді әрі тәжірибелі бақылаушы. Биыл референдум кезінде "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорынан тәуелсіз бақылаушылар координаторы болды. 5 маусымда ұйым еріктілерін учаскелерден қуып, кейбірі өз еркімен қатыса алмағанда дауыс беру орындарының біріне барып, өзі де бақылаушыға айналды. Оразымбет Азаттыққа берген сұхбатында учаскеде өзі және әріптестері қалай қудаланғаны, науқанға қатысқандар санын көп етіп көрсетуге биліктің неге мүдделі екені жайлы айтып берді.

"ӘДІЛ ӨТКІЗЕМІЗ ДЕГЕН НИЕТ БОЛҒАН ЖОҚ"

Азаттық: Қазақстанда бұған дейін дауыс беретін саяси науқандар қалай өткенін білеміз. Батыс бақылаушылары ешбір сайлауды таза өтті демеген. "Жаңа Қазақстан" құрамыз" деп, реформалар туралы айтып жүрген Ақорда, сіздің ойыңызша, бұл референдумды қаншалықты әділ әрі ашық өткізді?

Ғалымжан Оразымбет.

Ғалымжан Оразымбет: Біріншіден, әділ және ашық дегенді түсініп алайық. Әділ деген, менің түсінігімде, бәрін заңға, Қазақстанның референдум және сайлау туралы конституциялық заңдарына сай өткізу. Бұл жолы әдетінше тағы сол – бұрмалау, бақылаушыларды учаскеден қуу, қысым көрсету, бюллетеньдерді топтап тастау, құжаты жоқ немесе сол учаскеде тіркелмеген адамдарға бюллетень беру сияқты заңсыз әрекет көп болды. Ондай референдумның қорытындысын әділ деуге келмейді. Сондықтан бұл жолы да ешқандай әділдік туралы айта алмаймын.

Ашықтық деген де сол – нәтижелерді бұрмаламау, бұрмалауға тосқауыл болатын бақылаушыларды учаскеден қумау, "бір орында отыр, видеоға, фотоға түсірме" деп тыйым салмау. Сонымен бірге, қорытынды хаттама беру. Ашықтық өлшемі бола алатын бұл шарттардың барлығы дерлік бұзылды. Өйткені "Міне, осындай референдум өткізіп жатырмыз, бәрі ашық, таза, қалағаныңша бақыла да, нәтиже шынайы екенін көз жеткізе бер" деген ниет те, ықылас та болған жоқ.

Шынайы нәтиже мен олар күткен нәтиженің айырмасы жер мен көктей болатынын алдын ала білгендіктен, заңды осылай оңды-солды бұза берді. Жалпы бұл бізге ешқандай жаңалық болған жоқ. Одан басқаны күткен де жоқпыз, алдын ала шама-шарқымызша дайын болдық.

Алматы қаласындағы N529 референдум учаскесінде бір кабинада бірге дауыс беріп тұрған адамдар. 5 маусым 2022 жыл.

Азаттық: Сол "дайындығыңыз" тәжірибеде қалай кәдеге жарады? Өзіңіз қандай заңбұзушылыққа куә болдыңыз?

Ғалымжан Оразымбет: Ауырып тұрған бір бақылаушымызды алмастыру үшін № 324 референдум учаскесіне сағат бестен өте бардым. Кірген кезде ешқандай кері реакция болған жоқ. Еш кедергісіз отырып, бақылай бердім.

Бір кезде кабинадан шығып бара жатқан дауыс берушінің қолында бірнеше бюллетень барын байқап қалдым. Оларды референдум комиссиясы мүшесінен алған сәтін анық көрген жоқпын. Өйткені бақылаушыларды өте алыс отырғызып қойған, "орныңнан тұрма, жүрме, бір-біріңмен сөйлеспе" деп тыя береді. Сол дауыс беруші кабинадан енді шыққан кезде байқап үлгердім де, жәшікке жақын тұрған хатшыға, басқа да комиссия мүшелеріне "мына кісінің қолында бірнеше бюллетень бар, тоқтатыңыздар" дедім. Бәрі "Қане? Қане?", "Біреу-ақ қой", "Жоқ, біреу-ақ" деп араласпай қойды. Байқап тұрғаны жүзінен көрініп тұр. Сөйтті де басқа бақылаушылардан "Қолында біреу ғана болды ғой, иә?" деп сұрады. Олар хормен "Иә, біреу, біреу ғана болды" деп жауап берді. Сөйтіп бірнеше бюллетень жәшіктің тесігіне әрең сиып, дауыс беруші қиналып, әйтеуір әрең түсірді.

Жалпы референдум сайлау туралы конституциялық заңның нормаларымен реттеледі. Ал оның 20-1-бабының 5-тармағында "Бақылаушы дауыс беру процесінің барлық кезеңін толық әрі анық көруге құқығы бар" деп жазылған. Бұл жерде комиссия төрағалары осы заңның нормаларын бұзып тұр. Бақылаушы дауыс беру процесіне кедергі келтірмесе болды, өзіне ыңғайлы, процесс толық көрінетін кез келген жерден бақылай алуы керек. Ал бұл бап сайлау комиссиясының, ОСК-нің (Орталық сайлау комиссиясының) мүддесіне қайшы келіп қалады да, солай заңды еркін бұза береді. Бастысы, жоғарыдан келген тапсырманы орындау.

Заң бұзылған екінші жағдай – референдумның қорытынды хаттамасын бермеу. Нақтырақ айтсам, мөр қойылған нұсқасын бермеу. Санақ біте салысымен күндіз хормен "біреу ғана болды" деген бес бақылаушының бәрі бір мезетте тұрды да, "Хаттаманың не керегі бар, бастысы ауызша айтты ғой" деді де, кетіп қалды. Референдум комиссиясының сұрағына неге бір ауыздан "біреу ғана" деп жауап бергенін енді ұққан шығарсыз.

Бақылаушы Ғалымжан Оразымбетке учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру қорытындысы туралы хаттаманы мөр баспай берген:

Your browser doesn’t support HTML5

Учаскелік референдум комиссиясының хаттамасы мен бақылаушы талабы

Мен "Маған хаттама керек" деген кезде, комиссия төрағасы "Біз оны беруге міндетті емеспіз ғой" деді. Мені келісе салады не заңды білмейді деп ойласа керек. Бірден "Заңның 43-бабына сәйкес, хаттаманы беруге міндеттісіз және мөр қойылған нұсқасын бересіз" дедім. Ол айла өтпейтінін бірден түсіне қойды ма, "Береміз ғой, иә. Әлі таңға дейін он екі сағатымыз бар" деп жымиды. Мені учаскеден қуып жіберуіне еш себеп бергім келмей, "Күте тұрайын" дедім де, спортзалдың еденіне жайғасып алдым. Ол кезде үстелдерді жинап тастаған.

Сөйтіп 20:30 шамасында санақ бітті. 22:30-ға дейін хаттаманы күтіп отырдым. Комиссия мүшелері "Кете береміз бе? Бітті ме?" деп кіріп-шығып жүрді. Комиссия төрағасының кіріп-шығуы, қоңыраулары көбейді. Арасында учаскеге келіп, біраз отырып, қайта шығады. Біраздан кейін комиссия хатшысы жойылған, саналған бюллетеньдерді жылдам жинай бастады. Осымен аяқталғанын түсіндім. Бұрыннан сондай тәжірибе бар. Қолында бір қағазы бар хатшы маған қарай жүрген кезде бірден түсіндім де, камерамды қоса қойдым. Ол жүгіріп келіп, қолыма ешбір мөрі жоқ хаттаманы ұстатты да, ештеңе айтпай бұрылып асығыс кетіп қалды. Учаскеде жүрген екі полиция қызметкері бюллетеньдерді алды да, маған қарап "Болды, бітті, кеттік" деді. "Хаттаманың мөрі болуы керек. Мынаның мөрі қайда?" дегенді бірнеше рет айттым. (Бұл сәттің видеосы Азаттықта бар – ред.) Ештеңе жауап берген жоқ. Сөйтіп оларды көлігіне дейін камерамен шығарып салып, үйге қайттым. Мен көрген референдум осындай.

Азаттық: Бірақ ертеңіне, 6 маусымда Тоқаев "референдум демократиялық талапқа сай өтті" деп мәлімдеді…

Ғалымжан Оразымбет: Тоқаев мырзаның демократия талаптары біздегі заңдармен сәл үйлеспейтін сияқты. Мен айтқан заң бұзу жағдайлары демократия талаптары болса, онда біз жақын арада дені сау сайлау көрмейміз. Бұл – "біздің шамамыз жеткені осы, бұдан артық демократия бере алмаймыз" деген сөз. Сайлауда, дауыс беру кезінде болатын заң бұзу мысалдарының бәрі болып шықты. Қайдағы демократия?

"САЙЛАУ ТИТУШКАЛАРЫ" ҚАЙДАН КЕЛДІ?

Азаттық: Бұған дейінгі дауыс беру науқандарында да бақылаушы болғансыз. Биылғы заңбұзушылықтар несімен ерекше? Мүмкін билік жаңа бір тәсілге көшкен шығар?

Ғалымжан Оразымбет: Биылғы ерекшелік былтырғы сайлаудан туып отыр. Ол – бақылаушыларды бақылаушылар қолымен қудалау. 2019 жылғы президент сайлауында билік күтпеген жерден тәуелсіз бақылаушы саны күрт өсіп, жылдар бойы өзі еш алаңсыз, қалағанынша өткізіп келген сайлауының бар былығын білетін адамдар көбейіп кетіп, масқарасы шыққан соң, келесі сайлауларда шұғыл бірдеңе істеуі керек болды. Сөйтіп былтырғы парламент сайлауында фейк бақылаушыларды кірістірді. Бұрынғыдай "Аманат" деп, басқа деп республикалық ұйым құрған жоқ. Жергілікті, "ұсақ десантпен" әрекет етуге көшті. Көресіні сондай ұйымдардан көрдік. Биліктің фейк бақылаушылары кері эволюцияның тағы бір деңгейіне шықты. Келесі жолы одан да жоғары деңгейге жетеді, жаңа машықтарды меңгеріп, жаңаша әрекет ете бастайды. Оған еш күмәнім жоқ.

Your browser doesn’t support HTML5

Тәуелсіз бақылаушылар референдум күні қысым көргеніне шағымданды

Бірақ бұл жаңалық емес. Себебі Алматы қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде бақылаушымыз Оразай Қыдырбаевты учаскедегі бөтен адам күш қолданып, шығарып тастаған. Артынша сөмкесін алып шығып, лақтырып жіберген. Соның бәрін көріп тұрған комиссия төрағасы ешқандай шара қолданбаған. Биылғы референдумда да бір учаскеде "ешкім танымайтын бөтен азамат" біздің бақылаушыға күш қолданды. Біздің бақылаушы комиссия төрағасына заң бұзылғанын айтып тұр. Бір кезде әлгі жігіт келіп, бақылаушыны сүйрелей жөнелген. Ол жерде де әлгі "бөтен кісіге" еш шара қолданбады. Ештеңе болмағандай немесе ол да сайлаудың міндетті бір бөлігіндей қарайды.

Айтқанға қызық көрінетін шығар, бірақ мұндай зорлықтың учаскеде ашықтан-ашық бола беруі – өте қауіпті жағдай. Ал биліктің бар әрекеті мен әрекетсіздігі – оның сондайға қалай қарайтынының көрсеткіші. Ал сайлау комиссиясының төрағасы – биліктің учаскедегі өкілі, соның атынан әрекет ететін адам, соның саясатын орындайтын, тапсырмасымен жұмыс істейтін адам. Биылғы түрлі ұйымдардан келген "тәуелсіз бақылаушылар" – сайлау титушкалары. Басқа ештеңе де емес.

Бұдан не қорытынды жасаймыз? Билік ешқашан әділ сайлау өткізбейді. Оған қабілеті де жетпейді. Өйткені ондай тәжірибеден ада. Екіншіден, оған мүдделі де емес. Өтірік ұран, пропаганда – бәрі сөз ғана. Негізгі және жалғыз өлшем – нақты әрекеттер. Ал биліктің әрекеті – тек осындай.

Азаттық: Өзіңіз айтқан "сайлау титушкалары" қалай жұмыс істейді екен?

Ғалымжан Оразымбет: Олар заңмен танысып, дайындықтан өтпеген я басты міндеті - тәуелсіз бақылаушыны қуып шығуға негіз жасап беру болғандықтан, актіге не жазып жатқанына бас қатырмайды. Яғни, бақылаушылар не жазса да, комиссия соны негіз деп алып, қуып шыға беруге алдын ала дайындалған.

Мысалы, 5 маусымда түске дейін астанадағы № 45 учаскеден бір бақылаушымызды қуып жатқанда оны қорғауға бардым. Сөйтсем акт толтырған "Батыр" қоғамдық бірлестігінің бақылаушысы екен (Бұл бірлестік 2022 жылдың басынан бері Ақмола облысы әкімдігінен 110 миллион теңгеден аса тендер алған – ред.). Актісінде "заңсыз фото, видео түсірді" деп жазып қойыпты. Мен комиссия төрағасына "Сіз біреу акт жазды екен деп қуа бермей, біреудің актісіне емес, заңға сүйенбейсіз бе? Заңда оған құқығы бар деп жазылған ғой" деймін.

Your browser doesn’t support HTML5

Фотоесеп және провокаторды аңдитын бақылаушы. Референдумдағы заң бұзушылықтар

Заңның 20-1-бабының 9-тармағына сәйкес, бақылаушының сайлау процесінен видео, фото түсіріп, аудио жазуға толық құқығы бар. Ең бастысы дауыс берушілердің жеке дерегін, кабинаның ішін түсірмесе болды. Ал олар маған Азаматтық кодекстің нормаларын айтқысы келді. "Заңдар иерархиясына сәйкес, конституциялық заң кодекстен жоғары тұратынын, екеуінің нормасы қайшы кеп қалса, басымдық конституциялық заңда болатынын білесіз бе?" деп сұрадым. Төраға үндемеді. Ал әлгі "Батырдың" бақылаушысы координаторына қоңырау шалып: "Нақты дәлел қазір бере алмаймын, бірақ бұл заңды бұзды" деп қоймайды. Екі ортада полиция өкілдерін де шақырып үлгерді. Сөйтіп комиссия төрағасына, полицияға, "Батырдың" бақылаушысына заңды түсіндіруге тура келді. Сөйтіп бақылаушымызды учаскеде қалдырдық. Кейін дауыс санау кезінде оны бәрібір қуып шықты.

Азаттық: "Сайлау титушкалары" қандай ұйымдардан келгенін анықтай алдыңыз ба?

Ғалымжан Оразымбет: Олардың көбі жаңадан құрылмаған. Баяғыдан жұмыс істеп келе жатқан ұйымдар. Бірақ бұған дейін сайлауды бақылап, әділ пікірмен көзге түскенін көрмеппін. Қазір есіме түсіп отырғандары – "Батыр" қоғамдық бірлестігі, "Астана Диалог" қоғамдық қоры, "Қазақ әйелдері" сияқты бас-аяғы он шақты ұйым.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Референдумды бақылағандар арандату, қорлау мен учаскеден қууға тап болғанын айтады

Бір қызық жағдай болды. Бір бақылаушымызды заң бұзды деп астанадағы № 1 учаскеден шығарып жіберді. Еуразия ұлттық университетінде болған. Одан шығып, басқа учаскеге барғанда, ол жақтағылар "Сен жаңа бір учаскеден шығарылғансың" деп, ол жерден де шығарып жіберді. Миға сыймайтын нәрсе ғой. Кінәсіздік презумпциясы жұмыс істемей қалды. Кінәлі презумпциясы болып кетті. Айтайын дегенім, сол екінші учаскеден шығаратын шешімнің артына қосымша бір парақшаны тіркеп жіберіпті. Ашып қарасақ, "Референдум учаскелеріндегі өзіміздің ұйымдар" деген тізім тұр. Соның ішінде жаңағы "Батыр", "Қазақ әйелдері", "Астана -Диалог", "Казахстанская ассоциация "Даму" дегендердің бәрі жүр. Тізім соңында барлық референдум комиссияларының назарына деген бұйрық райдағы қосымша бір сөйлем жазылған.

Оны көріп не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Референдум комиссиясының сол қағазды берген мүшесі бізге жанайқайын осылай жеткізіп, қолынан келгенше көмектескісі келді-ау деп әзілдеп, өзімізді жұбатқандай болдық. Ал негізі күлетін нәрсе емес. Сол тізімнің, осындай "дайындықтың" кесірінен қанша адам психологиялық жарақат алды, қанша жерде заң бұзылды, қанша адам тура мағынасында қылмыскер болды.

Конституцияға өзгеріс енгізу туралы референдум

Фейк бақылаушылардың әрекеті кәдімгі титушкалардыкіндей. Жанасып кетіп ұрынады күш қолданады, орныңнан тұра қалсаң, камераңды қоса қалсаң бас салып ұрсып, акт толтыра бастайды. Кей бақылаушы тіпті біздің бақылаушыларға "тұруға қақың жоқ, сөйлеуге қақың жоқ, түсіруге қақың жоқ" деп дікеңдей берген. Бақылаушының біреуге олай деуге қақысы жоқ. Ондай құзыреті де жоқ. Ол не ескертуі болса да, оны тек төрағаға айтуы керек.

Өзін тәуелсіз көрсеткісі келетін, бірақ биліктегі адаммен байланысы бар ұйымдар да болды. Солар тәуелсіз сияқты түр істеген болып, "Иә, биліктің айтқаны өтірік, дауыс беруге соншалық көп адам келген жоқ" деп, бірақ бәрібір 50 пайыздан жоғары деген қорытынды шығарып берді.

Азаттық: Билікшіл бақылаушыларды тәуелсіз еріктілерге қарсы арандатуға пайдалану билікке несімен тиімді?

Ғалымжан Оразымбет: Өйткені заңда бақылаушылардың құқығы тең. "Бақылаушы сен ғана емес, басқалардың сен сияқты қақысы бар, заңсыздық туралы олар айтса, оларды да тыңдауымыз керек" деген айласымағы ғана. "Біз емес, еш қатысымыз жоқ, сол сияқты тәуелсіз бақылаушының өзі оның заң бұзғанын айтып отыр" деп заңсыз әрекетін бақылаушының қолымен заңдастыру, өзінен бар жауапкершілікті алып тастау. "Арым таза, кемшілік болса, шағымыңды бақылаушыға айт" деген әпенделік. Бір нәрсені ескермеді не біз білмей қалады деп ойлады ғой деймін. Мына нерсені түсіну керек: комиссия төрағасы бар уақытта тек заңға сүйеніп шешім қабылдауға тиіс. Сен бір бақылаушыға еш кедергі келтірмей, соның актісіне бас шұлғыдың ба, екіншісіне де еркін бақылауға, өз құқығын толық пайдалануға мүмкіндік бер. Басқа бақылаушы мың акт толтырса да, оның біреуді учаскеден қуатын құзыреті жоқ. Қуатын, шығаратын шешімді сен қабылдадың ба, жауапкершілік те сенде. Ол – "менің қатысым жоқ" деген айлаға көнбейтін шарт. Дауыс беретін күні учаскеде сайлау не референдум комиссиясының төрағасына қатысы жоқ нәрсе жоқ. Мүлдем жоқ.

"БИЛІК ҚИЫНДАТУ, ҚУДАЛАУДЫҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІНЕ КЕТІП БАРА ЖАТЫР"

Азаттық: Командаларыңыздағы кейбір бақылаушы қысымға шыдамай, учаскеден қайтып кеткен екен…

Ғалымжан Оразымбет: Қысымның түрі көп. Ең ауыр болғаны – еш негізсіз, заңсыз қуып шығу және полицияның қысымы. Бұрын полиция дәл биылғыдай учаске сыртында қысым көп көрсете қоймаған. Мысалы, полиция бір базаларынан сұрау салып, біздің жеке мәліметтерімізді, қосымша ақпарат іздегеніне жиі куә болдық. Бақылаушының жеке мәліметтеріне сұрау салудың не керегі бар?

Азаттық: Бұл қысым жасаған түрі ме? Батыл бақылаушы болуға именіп қалсын дегендей…

Ғалымжан Оразымбет: Мұны тіпті не деп атарымды да білмеймін. Бұл маған жаңалық болды. Біз туралы деректі біздің көзімізше қолындағы қондырғысынан іздеп жатты. Полицияның бақылаушыны учаскеден шығарып қана қоймай, жеке бөлмеге апарып сөйлесуі де жиі қайталанды. Бұл – адамның қозғалыс еркіндігін шектеу, қамап ұстау. Оны жеке бөлмеде ұстап сөйлесуге не қажеттік болды? Учаскеден шығар да, жібер.

Оның үстіне бір учаскелерде бақылаушымыздың жеке мәліметтерін "ұлттық қауіпсіздік комитетіне жібердік" деген жағдайлар болды. Жіберген сәтін бақылаушымыз көретіндей қылып істеді. Сайлау қайда, ұлттық қауіпсіздік комитеті қайда деп таң қалмай-ақ қойыңыз. Таң қалатын ештеңе де жоқ. Бүкіл сайлауда осылай болған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс беріп шыққан сәт. 5 маусым 2022 жыл.

Тағы бір мәселе, қорытынды хаттаманы бермей, уақыт созу. Бұл – психологиялық та, физикалық та зорлық. Өйткені бақылаушы учаскеге таңғы сағат алтыда барады. Содан ертеңгі таңғы сегізге дейін отыруы керек пе? "Комиссия мүшелері де солай ғой, олар да таңнан бері жұмыс істеді" деп алдаудың керегі жоқ. Олар дауыс санап біткен соң, шығып тамақ ішіп келе алады. Әжетханаға бара алады. Олар ол жағынан еркін, күш жинап тынығып алуға мүмкіндігі көп. Ал бақылаушы учаскеден бір шықты ма – болды, қайтып кіре алмайды. Дәрет қысса да, басы ауырса да, қарны ашса да, ол сонда отыруға мәжбүр. Әрине, бақылаушының қорытынды хаттама алып келуін бәріміз құптаймыз, соған дайындаймыз. Бірақ біз олардың өмірін қатерге тіге алмаймыз. "Шыдай алмай бара жатсаң, қайта бер" дейміз. Бірақ соған әу баста принципшіл, жігерлі азаматтар келетіндіктен, көбісі соңына дейін отырады.

Аяғына қарай тәуелсіз бақылаушылардың қатты қысымға шыдай алмай, жүйкесі сыр берген, жылап жіберген кездері болды. Біздің бақылаушыларымыз – жап-жас балалар. Ертең солар сенің өтірік пропагандаңа, көбік сөзіңе сенеді деп ойлайсың ба? Ол – сенің бетпердесіз бейнеңді көрген, тәжірибелі адам.

Азаттық: Осындай қысым-қудалауды көрген соң алдағы науқандарда тәуелсіз бақылаушылар саны азаяды деген уайым жоқ па?

Ғалымжан Оразымбет: Нақты айта алмаймын. Бәрі мүмкін. Бірақ соңғы үш дауыс беру науқанында бақылаушылар өспесе, кеміген жоқ. Сондықтан бақылаудың ретін табармыз. Кемімес деген үміттемін.

Азаттық: Былтыр парламент сайлауынан бұрын бақылаушыларға қатысты талап қатаңдап еді. Алдағы науқандар қарсаңында тәуелсіз бақылаушылар ұйымдарының еркін жұмысы бойынша қандай да бір алаңдаушылық бар ма?

Ғалымжан Оразымбет: Әрине, алаңдайсың. Өйткені билік жақсартуға емес, қайта қиындату, қудалаудың жаңа деңгейіне қарай кетіп бара жатыр. Кері динамика жүріп жатыр. Сондықтан келесі сайлаулар бұдан да сорақы болады дегенге сенімім басым. Ал былай жасауы мүмкін, сөйтуі мүмкін деп ештеңе айтқым келмейді. Оларға идея бергендей болмайын. Олар ол жағынан бізді мың орап алатын тәжірибесі бар ғой.

"БИЛІККЕ ПАЙЫЗДАР МЕН САНДАР КЕРЕК"

Азаттық: Желідегі парағыңызға "неге дауыс берушілер тәуелсіз бақылаушылар отырған жерге келуден қорқады" деп әзілдепсіз. Ресми дерек бойынша, референдумға қатысқандар саны 68,05 пайыз болды. Бұл дерекке күмән келтіруге қандай негіз бар?

Ғалымжан Оразымбет: Біздің бақылаушылар учаскелерде қосымша санақ жүргізеді. Олар учаскеге келгеннің бәрін емес, жәшікке бюллетень салғандарды ғана санайды. Бұл санақта ары кетсе 1-2 пайыз айырма болуы мүмкін. Ал 30-40 пайыз айырма деген мүмкін емес. Қазір бәрін санап болған жоқпыз. Аралық есепте ортақ көрсеткіш 36 пайыз шамасында болды. Оның үлесін екі жабық мекемедегі 100 пайыз көрсеткіш көбейтіп тұрған сияқты. Оларсыз есептесе, пайыз одан да төмен болуы мүмкін. Ал шынайы тәуелсіз бақылаушылар бармаған учаскелерде дауыс бергендер әлдеқайда көп болып шыға келеді. "Дауыс бергендердің шынайы көрсеткіші билік айтқаннан төмен" десең, өзіңе "Сен бар-жоғы жүз учаскеде отырған шығарсың, елде оң мыңнан астам учаске бар ғой" деп шығады. Шынайы себебін екі жақ та біліп тұрады. Бірақ сол үйреніп қалған өтірігі, бетпақтығы. Одан басқаға қабілетсіз ғой, не күтесің одан.

Your browser doesn’t support HTML5

"Лениндей көсем Тоқаев" және жоқ партиялардың өкілдері. Бір учаскеден репортаж

Азаттық: Сіз жұмысын үйлестірген бақылаушылар дауыс берушілердің науқанға қатысу белсенділігі жайлы не деді? Олар бақылаған жерлерде де дауыс бергендер аз болды ма?

Ғалымжан Оразымбет: Негізінен кез келген сайлау, дауыс беруде белсенділік сағат 11:00-ге дейін болады. Содан кейін кешкі уақытта, жұрт жұмыстан қайтқанда, алтыдан кейін болады. Жексенбі күні де жұмыс істейтін, жеке жұмыстағылар көп қой. Биыл да солай болды. Бірақ биылғының айырмасы – фотоесепке түсушілер өте көп болды. Ол 2019 жылы да, 2021 жылы да болған. Бірақ биыл ерекше көп болды. Бұрын кабинаның ішінде, жасырын түсуге тырысса, биыл ашықтан-ашық түсіп, оны есепке істеп жатқандарын ашық айта береді. Ал заң бойынша, біреуді дауыс беруге мәжбүрлеуге, оның есебін сұрауға ешкімнің қақысы жоқ. Бұл – сайлау туралы заңды, азаматтардың дауыс беру құқығын бұзу. Ал азаматтардың соны ашық істеп, ашық айта бастауы соны норма ретінде қабылдай бастағанын көрсетеді. Бұл да қауіпті нәрсе. Сайлауда заңды оңды-солды бұза беру нормаға айналмауы керек. Оған жалғыз жауапты тарап – билік. Ал биылғы қатысу белсенділігі туралы жаңа айтып өттім. Белсенділік өте төмен. Адамдарды мәжбүрлеп, есебін сұрамағанда, одан төмен болар еді. Оған күмәнім жоқ.

Азаттық: Белсенділік неге төмен болды деп ойлайсыз? Ең төменгі қатысу нәтижесін көрсеткен Алматыдағы статистикаға Қаңтар оқиғасы әсер етті деген пікір бар…

Ғалымжан Оразымбет: Меніңше, бірнеше себебі бар. Бізде референдумның не екенін көрмеген жаңа ұрпақ өсті. Яғни, соңғы референдум 1995 жылы болды. Қазіргі дауыс берушілердің өте үлкен бөлігі ол кезде әлі кәмелетке толмаған (оның ішінде мен де бармын), немесе әлі тумаған. Адамдарда референдум деген не деген түсінік қалмаған. Оның не шешетінін, не қаралатынын, қалай болатынын білмейді. Оның үстіне тайталасып, жарнамаланып жатқан партиялар болмаған соң, бұл не деп қызығатындар да аз. Қызығы мен интригасы жоқ іс-шара.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Евгений Жовтис: Тоқаевтың дара билігін бекіткен шара болды

Тағы бір негізгі себеп – сайлау, референдум дегенге халықтың сенімі қалмауы. Жалғыз сенім, жалғыз үміт – тәуелсіз бақылаушылар ғана. Солар белсендірек болса, әйтеуір бір реті болар немесе солар бар ғой, нәтижесі қалай болар екен деп баратындар да бар. Билік сайлаудың шынайы мақсаты, болмысы, ұғымын бұзып, масқаралап болды. Айтып отырмын ғой, сайлаудың өңі айналып кеткені сонша – қазір көп заңсыздықты норма деп қабылдай бастады. Ол дұрыс емес десең, өзіңе жынды көргендей қарайды, енді қалай болуы керек еді дегендей.

Ал Алматыдағы төмен көрсеткіш Қаңтар қырғынымен тікелей байланысты деп есептеймін. Алматы – наразылық деңгейі ең жоғары қала. Билік жақта "жұрт Тоқаевтың референдумына сене салып, көзқарасын өзгерте қалады дегенге ел сенбейді" дейтін бір адам бар болып тұр ғой. Алматыға елу пайыз жазсақ, жұрт мазақ қылады, наразылық одан сайын күшейеді деп миға қонатын сөз айтып, оған мынау рас екен дейтін құлақ табылған болып тұр, меніңше. Бірақ бір нәрсені ескермепті. Бақылаушы бар аймақтар бар. Алматыда сендіруге тырысқан әрекеті бәрібір басқа жақта әшкере болып қалды.

Азаттық: Билік қатысқандар санын шын көрсетуден неге қорқады? Бұл нені көрсетер еді?

Ғалымжан Оразымбет: Сайлауда билік үшін пайыз деген ешқашан жай сан болмаған. Ол – пропаганданың негізгі аргументі, негізгі бетпердесі. Бар пропагандасына соны қалқан қылып ұстайды. Яғни сан, пайыз деген – өте үлкен саясат. Дауыс берушінің елу пайызы ғана қатысты десе, оның елу пайызға жетер-жетпесі қолдады немесе көп бөлігі қолдаған жоқ десе, ел қазіргі билікке қарсы, оның жүргізіп отырған саясатқа қарсы, биліктің бастамаларын қолдамайды дегенді ашық мойындау болар еді. Ал олар ондайға жол бере алмайды. Оларға "халық бізді қолдап отыр, демек біздің саясат – бар саясаттың асылы, жалғыз дұрыс саясат" деуіне бірінші кезекте осындай шаралардағы пайыздар мен сандар керек. Онсыз ешқандай пропаганда жүргізе алмайсың.

Бірақ бәрібір әшкере болып қалады. "Нұр Отан" (қазіргі атауы "Аманат") партиясын қолдаған тоқсан пайыз оның атын өзгерткенде немесе ол отырған парламентті таратқанда біреуі мұның қалай демейді. Отыз жыл бойы осы сен болмасаң күнім қараң деп жүздеген форум мен съезд өткізіп келгендер сол мәңгі көшбасшысы кеткенде (Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты айтады – ред.) бұл қалай деген жоқ, оның саясатын ішінара болса да терістеп жатқанда келіспейміз деген жоқ. Ал бізде миллиондаған дауыстың артында аздаған адам тұрады. Яғни, дауысты қолдан жазатын – санаулы ғана адам. Ал олар мұның қалай, келіспеймін деп ешқашан айтпайды. Пайыздардың, сандардың артында шынайы адамдар тұрса, жағдай басқаша болар еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Назарбаев, Тоқаев, бюллетенді топтап тастау. Референдум қалай өтті? Назарбаев тұсында қабылданған Конституцияға Tоқаевтың кезінде өзгеріс енгізу Президент «әлсіреп», парламент «күшейетіні» рас па? "Конституцияны сылап-сипап, Тоқаевтың беделін жақсарту". Референдум туралы сарапшы пікіріНазарбаевтың аты Конституциядан өшірілмек. Билік басты заңды неге жедел өзгертіп жатыр?