ҚДТ-ға тыйым салу нені білдіреді?

Мұхтар Әблязов бұрынғы банкир, қуғындағы олигарх.

Қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязов «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына елде тыйым салынатынын «алдын-ала болжап білгенін, қауіпсіз жолдармен ұйым жұмысын жалғастыра беретінін» айтады. Сарапшылар ұйымның тыйым салынуын «билік транзитіне дайындық кезеңіндегі превентивті шара» деп атайды.

Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) тіркелмеген қозғалысын Қазақстан билігі "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне ел аумағында тыйым салды.

Бас прокуратураның наурыздың 13-інде мәлімдеуінше, енді ұйымның кез-келген жұмысына қатысқан және қаржыландырған тұлғалар Қылмыстық кодекстің 182, 258 және 405-баптары бойынша қудаланады. Мекеменің ресми сайтында: "Қатысу" әрекетіне қозғалыстың идеясын үгіттеу және насихаттау, оның жарияланымдарын, парақшаларын, постыларын, пікірлерін және басқа да ақпараттық материалдарын дайындау, шығару, көбейту және тарату жатады" деп жазылған. Яғни, ҚДТ қозғалысының әлеуметтік желідегі постыларына лайк басып, коммент қалдырудың алдағы уақытта заңмен қудаланбақ.

Бұған қатысты Мұхтар Әблязов Facebook-тағы парақшасында жазба жариялады. Ол биліктің өзі құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының әрекетіне тыйым салатынын алдын-ала білгенін, қозғалыс белсенділерінің сақтық амалдарына көшкенін жазды.

Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл

"Еркіндік пен әділетке ұмтылыс – кез келген адамда болатын қалыпты құбылыс. Мұндай ажырамас құқық тіпті Назарбаевтың конституциясында да бар. Сондықтан "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына тыйым салу халықаралық заңды айтпағанда, Қазақстанның ішкі заңдарына қайшы келеді" деп жазған Мұхтар Әблязов.

Әблязовтың ісі

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, радикалдық, псевдо-діни ұйыммен емес, қазіргі биліктің оппонентімен тығыз байланысы үшін саяси ұйымды экстремистік деп тану – қауіпті құбылыс. Себебі мұндай амал алдағы уақытта кез-келген себеппен елдегі кез-келген қоғамдық, саяси қозғалысты экстремистік деп тануға жол ашуы мүмкін. Әблязов Франциядағы түрмеден шыққалы бері оған қарсы ақпараттық соғыстың күшейгенін айтқан саясаттанушы мұны сол соғыстың жалғасы ретінде қарастырады.

- Меніңше, мұның барлығы билік транзитіне дайындық барысында жасалып отырған превентивті шаралар. Неге? Себебі Мұхтар Әблязовтың өзі билік ауысқаннан кейін Қазақстанға келетінін бірнеше рет айтқан және саяси қызметпен шұғылданатынын да жоққа шығармаған. Бұған қоса, егер естеріңізде болса, ол француз түрмесінен шыққаннан кейін жасаған алғашқы мәлімдемелерінің бірінде 2005 жылғы "Қырғыз революциясын қаржыландырғанын" айтқан еді. Енді қазір билік оған қатысы бар барлық құрылымдардың көзін жою үшін превентивті шаралар жүргізіп жатыр. Олардың арасында медиа құрылымдар, саяси ұйымдар бар. Әлеуметтік желідегі қозғалысқа тыйым салу советтік кезеңнің репрессивті методтарын еске түсіреді, - дейді саясаттанушы.

Ал тәуелсіз журналист Сергей Дуванов биліктің Әблязов қозғалысын қолдаған адамдарды үрейде ұстау механизмін қалыптастырғысы келетінін айтады.

Сергей Дуванов.

- Әблязов мырза әлеуметтік желілерде өте белсенді және бұл билікті алаңдатып отырғанға ұқсайды. Оның өзі де "миллион қол жинаймын», «қозғалысты қолдаушылар күн сайын артып бара жатыр" деп мәлімдеп келеді. Сондықтан билік адамдардың көшеге шығуына кедергі келтіретін алдын-ала шаралар қолданып жатыр. Бұрындары "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымын қолдап, шарлармен, ұрандармен шығу әкімшілік жаза болса, енді қылмыстық жазамен қудаланады, - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, азаматтарды әлеуметтік желіде лайк басып немесе коммент жазғаны үшін айыптау – "халықаралық практика тұрғысынан қарағанда нонсенс".

- Әблязов жақтастарының немесе [әлеуметтік желідегі] жазылушыларының саны көбейіп жатыр. Оларға жақ аштырмас үшін немесе бұл "пәленің" интернетте таралмауы үшін осы заң қолданылады. Себебі ҚДТ постына лайк басқан кез-келген аноним емес адам қылмыскер боп шығады. Оны заңды бұзды деп айыптап, қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады. Міне, осылайша билік өздерін интернетте де қауіпсіздендіруге тырысып жатыр, - дейді Сергей Дуванов.

Сарапшының болжауынша, алдағы уақытта "қалғандарына сабақ болу үшін" қозғалысты қолдаған бес-алты адам жазалануы мүмкін және сәйкесінше қозғалыс мүшелері сирей түседі.

2017 жылы сәуірде шетелде тұратын бірнеше қазақстандық белсенді, оның ішінде Мұхтар Әблязов жалпыазаматтық "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрғанын мәлімдеген.

Қозғалысты құрғандар "Қазақстанның саясаты мен экономикасын түбегейлі өзгерту, парламенттік республика орнату, бір адамға ғана қызмет жасайтын емес, керісінше халық алдында есеп беретін және халық үшін жұмыс істейтін үкімет құруды мақсат тұтқанын" мәлімдеген.

Бас прокуратура мәліметінше, Қазақстанда бұған дейін сот шешімімен алты ұйым экстремистік деп танылған. Олардың арасында "Сенім. Білім. Өмір" қоғамдық бірлестігі, "Хизбут-Тахрир-аль-Ислами", "Таблиғи-Жамағат", "Ат-такфир уаль-хиджра", "Халық майданы" қоғамдық қозғалысы, «Алға» халықтық партиясы бар.