Гүлбақыт Қызылташ – Атыраудағы мамырдың 11-і және 12-сі күндері болған қатты нөсерден соң, үйін су басып, баспанасыз қалғандардың бірі. Ол бастапқыда үш баласымен Атыраудағы политехникалық институт жатақханасына орналастырылған.
БӨЛМЕНІ БОСАТУ ЖӘНЕ ЖАРАМСЫЗ ҮЙ
Алайда Гүлбақыт «институт жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін орынды босатуды ескерткенін» айтады. Жатақханада есігіне ілінген «жөндеу жұмыстарына байланысты орын босату» туралы хабарламаны мамырдың ортасында Атырауға барған Азаттық тілшісі де көрді.
Гүлбақыт Қызылташтың айтуынша, «1949 жылы салынған барак үйі тасқынға дейін де төбесінен су сорғалаған, тұруға жарамсыз баспана болған». Ол «тасқыннан одан бетер бүлінген үйіне енді бара алмайтынын, әкімдіктен үй сұрап отырғанын» айтады. Гүлбақыт Атырау облысы әкімінің мамырдың 13-і күні «ешкімге үй берілмейді» деген мәлімдемесіне де наразы. Азаттық әкімнің ол мәлімдемесі тасқыннан үйлері құлаған атыраулықтарды алаңдатып отырғанын бұған дейін жазған болатын.
Үш баласымен баспанасыз қалу қаупі туған Гүлбақыт Қызылташ «облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің отставкасын Атырау облысы әкімдігі алдында жөргектегі сәбиімен бірге жатып талап етпекші болғанын» айтады. Осы сәтте оны Атырау қаласы әкімдігі өкілдері кездесуге шақырған. Әкімдік өкілдерінің оның наразылық акциясына әзірленгенін білген-білмегені Гүлбақыт Қызылташқа белгісіз.
- Мені сол әрекетімнен кейін қала әкімдігіне шақырып, «сен жалғыз емессің, басқа ел де күтіп отыр, бір реті болар» деп тыныштандырмақ болды. Алған бетімнен қайтпайтынымды білген соң, баламды емдеуге квотаға жазған арызымды пайдаланып, «кезек келді» деп, Астанадағы карантинге қарамастан, ауру баламмен жіберді. Баламның диагнозы - «симптоматикалық эпилепсия», есепте тұрмыз, - дейді ол.
«АСТАНАДА ДА ДАЛАДА ҚАЛДЫМ»
Гүлбақыт Қызылташтың сөзінше, ол квота құжаттары мен 10 айлық кенже ұлы Тимурды алып, «екі баласын (біреуі студент, екіншісі 4 жасар – ред.) жалдамалы пәтерге орналастырып», Астанаға мамырдың 30-ы күні пойызбен жеткен. Алайда жолдамамен қабылдауы тиіс Астанадағы республикалық «Ана мен бала» орталығы маусымның 18-іне дейін карантинге жабылған болып шыққан. «Ауру баламмен бұл жақта да далада қалдым» деген әйел «облыс билігі бұл әрекетке (Астанаға жіберуді айтады – ред.) менің наразылық шарамнан құтылу үшін барды» деп санайды.
- «Ана мен бала» орталығы дәрігері «Сіз неге келдіңіз? Біз аймақтардың бәріне «маусымның 18-іне дейін ешкімді жібермеңдер» деп хабарлама жөнелткенбіз» деді, - дейді ол.
Гүлбақыттың айтуынша, сол күні баланың денсаулығы күрт нашарлап, жедел жәрдеммен №2 балалар ауруханасына түскен.
- Ол жерде жоспарлы ем жасаған жоқ. Бірақ алты күн жатып шықтық. Атырауға кері билет маусымның 19-ына алынған еді. Жаздық күні билет те қат. Алыпсатарлар қолынан маусымның 6-сына билетті әзер тауып, Атырауға қайттым, - деді ол Азаттыққа.
Ал Астанадағы «Ана мен бала» ұлттық орталығының өзін «неврология бөлімі мейірбикесі Әнел» деп таныстырған қызметкер «маусымның 26-сынан бері карантин жарияланғанын, оның аймақтарға хабарланғанын» айтты.
«КЕШ ЖЕТКЕН» ХАБАРЛАМА МЕН ӘКІМДІК ӨКІЛІ СӨЗІ
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Дина Камелова Азаттық тілшісіне «Қызылташ хабарлама келгенде жолға шығып кеткен» дейді.
Үйде әлі тобықтан су, қабырға топырағы құлап жатыр. Тұру мүмкін емес. Еш амал таппасақ, сол үйдің ауласына орналасамыз.
- Мен қазір ешнәрсе айта алмаймын. Бізге ол хабарлама келген кезде Гүлбақыт Астанаға кетіп қалған, - деді Дина Кемелова.
Алайда Гүлбақыт Қызылташ денсаулық сақтау басқармасы бастығы орынбасарының сөзімен келіспейді.
- Құжаттарым алдын ала рәсімделді. Мамырдың 23-і қолыма талондарымды алдым. 28-і күні жолға шықтым. Ал Астанадағылар аймақтарға мамырдың 26-сы күні хабарлаған, - дейді ол.
Гүлбақыт Қызылташ «квотамен ем жасалынбағандықтан, жолға кеткен ақшамды (60 мың теңгеге жуық – ред.) қайтармауы мүмкін, барып білуге уақытым болмай тұр» дейді.
- Пәтерге айына 70 мың теңге (200 доллардан астам - ред.) деп келістік. Екі аптасы өтті, ақша жетпей, үш күннен кейін шығатын болдық. Үйде әлі тобықтан су, қабырға топырағы құлап жатыр. Тұру мүмкін емес. Еш амал таппасақ, сол үйдің ауласына орналасамыз. Бірақ маса қалың, жеп барады, - дейді үш балалы ана.
Ал қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі маманы Рафхат Жолдиев:
- Үйлердің қашан жөнделетінін ешкім айта алмайды. Комиссия жұмысының қорытындысы шыққан жоқ. Шекті мерзім екі ай деп белгіленген. Көшірілген адамдарға уақытша баспана берілген. Ал Бақытгүл Қызылташтың жағдайын білмеймін. Ешкімге жаңа үй берілмейді. Зиян келген үйлердің бәрі жөнделеді, - деп, әкімдіктің басқа да бөлімдерімен хабарласуға кеңес берді.
Алайда қала әкімдігі басшыларынан жауап алу мүмкін болмады. Хатшылар «Әкім және оның орынбасарлары жиналыста екенін» айтумен болды.
Атыраудағы мамырдың 11-12-сінде жауған қалың нөсерден соң 1 мың 56 үй суға кетіп, жеті үй құлап қалған еді. Қаладағы мектептердің спорт залдарына бөліп орналастырылған жұртшылыққа облыс билігі кейін екі айға пәтер жалдау үшін 60 мың теңгеден қаражат беріп, мектептен шығарған болатын.