Accessibility links

Атырауда судан құлаған үй саны жетеуге жетті


Атырау тұрғыны Оңғарбай Ақтілеуовтың үйінің бір бұрышы су соратын техника барғанша 16 мамыр күні құлап қалды. Атырау, 18 мамыр 2015 жыл.
Атырау тұрғыны Оңғарбай Ақтілеуовтың үйінің бір бұрышы су соратын техника барғанша 16 мамыр күні құлап қалды. Атырау, 18 мамыр 2015 жыл.

Атырауда нөсерден кейін суға бөккен үйлер әлі құрғатылған жоқ. Қала мектептерінің спорт залдарын паналаған ел су басқан үйлерінің құлай бастағанын айтады. Облыс әкімі "ешкімге үй берілмейді" дейді.

Атыраудағы мамырдың 11-12-сіндегі қалың нөсерден жиналған судың астында қалған үйлер саны бүгінде 1056-ға жеткен. Сол үйлердің кейбірі қазір құлай бастаған. Бүгінге дейін жеті үйдің қабырғасы құлаған. Облыс билігі 75 автотехника тартқанымен оның су астында қалған үйлердегі жаңбыр іркіндісін сорып, тазартуға әлі келіп жатқан жоқ.

МЕКТЕПТІ ПАНАЛАҒАНДАР

Биліктегілер «далада қалған ешкім жоқ» дегенмен Атыраудағы №27 мектепке орналасқандардың жай-күйі соғыс кезіндегі жағдайды еске түсіреді. Қатар орналасқан темір төсектерде әйелдер, бала-шаға, ер адамдар бәрі аралас жатыр. Үйсіз қалғандардың арасындағы бірнеше аяғы ауыр әйелдердің біреуі ендігі босанып та алыпты.

№27 мектептің спорт залындағы адамдар. Атырау, 18 мамыр 2015 жыл.
№27 мектептің спорт залындағы адамдар. Атырау, 18 мамыр 2015 жыл.

Ал екінші баласына жүкті Шынар Жұмағалиеваның орналасқан үйіне әлі күнге су соратын машина бармаған.

- Несиеге алған заттарымыздан зат қалған жоқ. Жалғыз тоңазытқышты биіктеу жерге қойдық. Судан тазартқанның өзінде бұл үйдің тұруға жарайтынына күмәндімін,- дейді ол.

Ал Оңғарбай Ақтілеуовтің үйі суды құрғатады деп күтіп жүргенде мамырдын 16-сында құлап қалған.

- Біздің үйіміздің екі қабырғасы құлап қалды. Өзім балабақшада жұмыс істеймін, жұмыстан сұрана алмаймын. Дүние мүлкімізді көлкіген судан алып шыға алмадық, бала-шағамызбен бас сауғалап кетіп қалдық,- дейді Оңғарбайдың жұбайы Әлия.

«БІЗГЕ КИІМ-КЕШЕК ЕМЕС, ҮЙ КЕРЕК!»

Тұрғындарды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың мамырдың 13-і күні журналистерге «ешкімге үй берілмейді» деп кесіп айтқаны қатты алаңдатып, наразылық тудырып отыр

- Әкім «үй бермейміз» дейді. Маған бермесе де менің өзі де мүгедек, баласы да мүгедек қыздарыма берсе болды. Екі қызым да 2008 жылдан бері үй кезегінде тұр. Бізге киім-кешек емес, бізге үй керек!- дейді көп балалы ана, зейнеткер Жұмагүл Тоқбергенова.

Он бір баланың анасы, зейнеткер әжей Гүлжан Сапарова балалары жұмыссыз, бірнеше отбасы болып жаңбырға дейін аядай бөлмеде тұрғандарын айтып шағымданды.

- Енді бұл да жоқ. Қайда барамыз? Тым құрымаса үйімізді көтеріп алуға көмектессе,- деп мұңаяды ол.

Гүлбақыт Қызылташ 9 айлық сәбиімен бірге политехникалық институт жатақханасында. Атырау, 18 мамыр 2015 жыл.
Гүлбақыт Қызылташ 9 айлық сәбиімен бірге политехникалық институт жатақханасында. Атырау, 18 мамыр 2015 жыл.

- Мен ешқайда бармаймын, себебі баратын жерім жоқ. Менің қолымда үйдің жарамсыздығы туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасынан алынған анықтама бар. Жаңбырды адамдар әдейі сұрап жаудыртып отырған жоқ қой. Атырау катаклизмге дайын еместігін көрсетті,- дейді үш баласымен баспанасыз қалған Гүлбақыт Қызылташ.

Ол бұған дейін 1949 жылы салынған барак типтес үйде тұрып келген. Үйін су басқаннан кейін оны Атыраудағы политехникалық институттың жатақханасына орналастырған.

- Бірақ менен 31 мамырдан қалдырмай босатуды талап етіп жатыр,-дейді Гүлбақыт.

«КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫ БІТПЕЙ, ЕШТЕҢЕ ШЕШІЛМЕЙДІ»

Атырау облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтен түсініктеме алу мүмкін болмады. Облыс әкімі баспасөз хатшысы Саламат Сабыр Азаттық тілшісіне тиісті мағлұмат беруден бас тартты.

№27 мектепте тұрғындарды орналастырумен айналысып жүрген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шакированың Азаттық тілшісіне айтуынша «мектепте адамдар үш мезгіл тегін тамақ ішіп жатыр, ондай ас мәзірі олардың өз үйінде болған емес». Ол тұрғындардың өздеріне ешкімді кіргізбей отырғаны туралы шағымдарын теріске шығарды.

- Мен күні-түні осындамын. Қалалық білім бөлімінің орынбасары да осы жерден алыстап кетпейді, дәрігерлік көмек те кезекшілікте. Өзіңіз бақылап қараңыз, адамдар жұмыс істеп, өз күндерін өздері көруі тиіс. Бірақ олар біз жұмыс ұсынсақ, жасағысы келмейді,-дейді қала әкімі орынбасары.

Атыраудың кейбір үйлері нөсер суынан әлі арылған жоқ. 18 мамыр, 2015 жыл.
Атыраудың кейбір үйлері нөсер суынан әлі арылған жоқ. 18 мамыр, 2015 жыл.

Оның сөзінше жағдайы өте нашар бес адамға пәтер жалдап берілген. Қалған жұмыс істейтіндердің жұмыс орынмен сөйлесіп, көмек беріліп жатыр.

Гүлмира Шакированың айтуынша су басқан үйлердің жетеуі құлап қалған.

- 11 арнайы топ құрып, 938 үйді зерттеп шықты. Бір үйдегі суды 25 рет сорамыз. Әр үйге екі күн кетеді, сондықтан үлгермей жатырмыз. Комиссия құрамында сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Олар үйлердің жағдайын баға беретін болады. Сол комиссия жұмысы бітпей, ештеңе шешілмейді,-деді Гүлмира Шакирова.

Бұған дейін жергілікті халықтың үй туралы талаптарына орай бұған дейін Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пәтер берілмейтіні туралы айтқан еді.

- Адамдар қашан пәтер беріледі деп сұрап жатыр. Ашығын айтайын, пәтер берілмейді! Пәтер беретіндей жағдай туындап отырған жоқ. Адамдар өз үйлерін жөндеп алуға жағдай жасалады, - деген болатын Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Бұл туралы видеоны көріңіз:

Үйінде су кешкен атыраулықтар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:01 0:00

XS
SM
MD
LG