Адвокат: Қазақстан соты Боқаев пен Аянның шағымын қарамай қайтарады

Сотталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.

«Жер шеруіне» қатысып, бес жылға сотталған атыраулық белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаевтың қорғаушылары соттың әділ өтпегенін көрсеткен шағымдарының ескерілмегенін айтады. Халықаралық ұйымдар «ар-ождан тұтқыны» деп таныған түрмедегі екі белсендінің туыстары олардың денсаулығына алаңдайды.

Қарашаның 28-і күні Атырау сотының азаматтық белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаевты "әлеуметтік араздық тудыру", "митинг өткізу туралы заңнаманы бұзу" және "жалған ақпарат тарату" баптары бойынша айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру туралы шығарған үкіміне жыл толды.

Бес жыл түрме жазасына қоса сот оларға 250 айлық есептік көрсеткішке (ол кезде бір АЕК - 2121 теңге) тең сомада айыппұл салған.

Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Жақтастары мен құқық қорғаушылар белсенділерге қарсы істің саяси астары бар деп біледі.

ҮКІМГЕ ШАҒЫМ БЕРУ

Талғат Аян мен Макс Боқаевтың адвокаты Төлепқали Аянов екі белсендінің сот үкіміне берген шағымын үш күн бойы қараған Атырау облыстық апелляциялық сот алқасы 2017 жылы қаңтардың 20-сы күні үкімді күшінде қалдырғаннан кейін үш мәрте кассациялық арыз жазғанын айтады.

- Боқаев пен Аянға тағылған айыптардың заңсыз екенін көрсетіп, істі қайта қарауды, жаза мерзімін азайтуды сұрап Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасына жазған арыздарым қаралмады. Істе саяси реңк барын алғашқы соттың судьясы ашық айтқан, - дейді Төлепқали Аянов.

Адвокат Төлепқали Аянов Азаттыққа комментарий беріп тұр. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл.

Ол сот тергеуі барысында сотталушылардың кінәсіздігінің дәлелі ретінде ұсынылған айғақтардың бірде-бірі қабылданбай, белсенділерге мүлде қатысы жоқ айыптар тағылып, үкім сот тергеуінде зерттелмеген дәлелдерге сүйеніп шығарылды дейді. Сонымен бірге адвокат қылмыстық процессуалдық заң талаптары сақталмағандықтан сотталушыларға қорғануға мүмкіндік берілмеді деп санайды.

Боқаев пен Аянға қатысты сот процесі барысында «Жер туралы заңның өзгеруіне қоғамның назарын аударып, митингке шақыру үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің шетелдік компаниялар мен азаматтарға берілетіні туралы Жер кодексіне 2015 жылы қарашаның 2-сі енгізілген түзетулерді үкімет жоспары мен мақсаты етіп көрсетіп, жалған ақпарат таратты», «Қазақстан Республикасы мүддесі мен ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге алып келуі мүмкін заңға қайшы іс-қимыл жасады», 2016 жылы сәуірдің 18-і Талғат Аян әлеуметтік желідегі «Атыраудың азаматтық бастамасы» парақшасында «1,7 миллион гектар жердің жеке меншікке берілетіні белгілі болды, 1 миллион гектар жер шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі» деген жалған ақпарат жариялады деген «айғақтар» негізге алынған еді.

Адвокат Төлепқали Аяновтың айтуынша, тергеу тобы бұл айыптарды 2016 жылы маусымның 21-і қылмыстық істен алып тастап, қозғалған істі қылмыс құрамы болмағандықтан қысқартқан.

Сотқа дейінгі тергеу органының қылмыстық істі қысқарту туралы бұл қаулысын ешкім бұзған жоқ. Бірақ соған қарамастан, жабылған қылмыстық іс еш негізсіз қайта қаралып, Боқаев пен Аян абақтыға қамалды. Осыны қанша айтқанымызбен не прокуратура, не сот тыңдамады, егер сот әділ болғанда бұл істің заңсыздығы бірден мойындалатын еді.

- Сотқа дейінгі тергеу органының қылмыстық істі қысқарту туралы бұл қаулысын ешкім бұзған жоқ. Бірақ соған қарамастан, жабылған қылмыстық іс еш негізсіз қайта қаралып, Боқаев пен Аян абақтыға қамалды. Осыны қанша айтқанымызбен не прокуратура, не сот тыңдамады, егер сот әділ болғанда бұл істің заңсыздығы бірден мойындалатын еді, - дейді ол.

Сонымен бірге адвокат Аянов соттың белсенділерге Қылмыстық кодекстің «Жиналыстарды, митингілердi, пикеттерді, көше шерулерiн және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн бұзу» бабы бойынша 250 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуымен де келіспейді.

- Олар «ұйымдастырды» деген митинг Атырауда 2016 жылғы сәуірдің 24-і сағат 12:00 мен 16:15 минут аралығында өткен. Жиналғандар қарар қабылдаған соң ел бейбіт тарқаған. Не мемлекетке, не қоғамға титтей де зиян келмеген. Ендеше оларға тағылған қылмыстық кодекстің 400-бабында айтылған материалдық зиян туралы айтуға мүлде негіз жоқ,- дейді ол.

Атыраудағы «жер сатуға қарсылық» жиыны (24 сәуір 2016 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

Атыраудағы «жер сатуға қарсылық» жиыны

Төлепқали Аянов Боқаев пен Аянға тағылған «азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратты» (274-бап) деген айыптаумен де келіспейді. Адвокаттың сөзінше, олардың жазбаларында ешқандай жалған ақпараттың жоқтығын, барлығы баспасөзде жарияланған деректер екені туралы нақты дәлелдер мен сілтемелердің де сот барысында ескерілмегенін айтады.

- Сот тергеуі кезінде және одан кейін де 20-дан аса өтініш жасалды. Алғашқы сот отырысында оларды қабылдамаса, кейінгісінде мүлде кері қайтарып тастады, - дейді ол.

Төлепқали Аянов Боқаев пен Аянға қатысты Атырау қалалық 2-сотының үкіміне наразылық келтіріп, оның күшін жоюды және қылмыстық істі қысқартуды сұрап Қазақстан бас прокуратурасына да бірнеше мәрте арызданғанын айтады.

- Бас прокуратура «іске наразылық білдіруге негіз жоқ» деп жауап берді, - дейді ол.

ТҰТҚЫНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Биыл қаңтарда апелляциялық сот Талғат Аян мен Макс Боқаевқа шығарылған үкімді күшінде қалдырғаннан кейін қорғаушылары мен туыстары бес жылға бас бостандығынан айырылған белсенділерді Атырау қаласындағы УГ-157/9 мекемесіне жібереді деп күткен еді. Бірақ екеуін әуелі Ақтөбе қаласындағы түрмеге жеткізіп, біраздан соң этаппен Петропавл маңындағы ЕС-164/3 мекемесіне жөнелткені мәлім болды.

Тамыз айында Талғат Аянды Ақтөбедегі К-168/2 колониясына ауыстырған, Макс Боқаев Петропавлдағы колонияда қалған.

Төлепқали Аянов Талғат Аянның Ақтөбеге жеткізілуіне қос белсендінің ісіне халықаралық ұйымдардың араласуы себеп болды деп санайды.

- Макстың кәрі анасы бар, Талғаттың шиеттей балаларымен Петропавлға жету оңай емес. Бірақ Атырау түрмесі «орын жоқ» деген сылтауы айтып отыр. Сөйте тұра, Аянды тез арада Ақтөбеге ауыстырып жіберді, - дейді ол.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның апелляция шағымын қараған сот отырысы. Атырау. 16 қаңтар 2017 жыл.

Төлепқали Аяновтың сөзінше, белсенділер түрмедегі жағдайларына қатысты шағым айтпаған.

- Кездесулер мен сәлемдемелерді уақтылы алып отыр, - дейді ол.

Макс Боқаев биыл маусымда өзін Петропавл түрмесіне ауыстырған қылмыстық атқару комитетінің шешіміне наразылық ретінде аштық жариялап, бірнеше апта бойы астан бас тартқан. Оның қорғаушысы Жанаргүл Боқаева қазан айында тұтқынның денсаулығы сыр беріп, колонияның санитарлық блогында емделгенін айтты. Оның сөзінше, құқық қорғаушылар Боқаевқа қатысты мәселе көтергеннен кейін түрмеде оны дәрігерлік тексеруден өткізген.

- Оның сол жақ аяғы бастырмай жүр. Дәрігерлер әлі диагнозын нақтылаған жоқ. Макс өзі шағымдануға жоқ адам. Хал-жағдайын сұрағанда «әрине, курорт емес, бірақ мұнда да адамдар өмір сүріп жатыр» деп жауап береді, - дейді Жанаргүл Боқаева.

ҚҰҚЫҚҚОРҒАУШЫ ҰЙЫМДАР РЕАКЦИЯСЫ

Құқық қорғаушылар Қазақстан билігі азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға таққан айыптардың "саяси астары" бар деп санайды.

Биыл тамыз айында БҰҰ-ның қисынсыз тұтқындау жөніндегі жұмысшы тобының 78-сессиясында қабылданған №16/2017 тұжырымында Макс Боқаев пен Талғат Аянды ұстаған Қазақстан билігінің ісін "жөн-жосықсыз, қисынсыз" деп бағалаған. Жұмысшы тобының бас хатшысы Геральд Стаберок Боқаев пен Аянға қатысты сот процесі Қазақстандағы бейбіт қарсылық жиынын өткізу құқығы сынаққа түскен оқиға болғанын, ал белсенділерге шығарылған жаза елде адам құқықтары қорғалмайтындығын айқын аңғартқанын айтқан.

Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Бұған дейін Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы атыраулық екі белсендіні "ар-ождан тұтқындары" деп таныған. Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон "Бейбіт қарсылық акцияларына қатысқан бірде-бір белсенді түрмеге қамалмауы керек. Олар босатылуы тиіс, билік үкіметті сынаған адамдарды қудалауын тоқтатсын" дәп мәлімдеген.

Еуропа Одағы Аян мен Боқаевқа шығарылған үкім Қазақстанның адам құқығы саласында алған халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін айтып, екеуін қамаудан босатуға шақырған. Боқаев пен Аянның үкіміне АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы да алаңдаушылық білдірген.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі сарапшылары ешбір адам "азаматтық құқығын пайдаланғаны үшін сотқа тартылмауы тиіс" екенін ескертіп, белсенділерге сот үкімі Қазақстан қосылған Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге қайшы келетінін атап көрсеткен.