Мұнайдың арзандауы бюджетке әсер ете ме?

АҚШ-тың Техас штатындағы мұнай бұрғысы. (Көрнекі сурет.)

Әлемдік биржаларда мұнайдың баррелінің бағасы 31 долларға түсті. Сарапшылар биылғы бюджетін «бір баррель мұнай 40 доллар болады» деген есепке құрған Қазақстанға бұл өзгеріс қалай әсер етерін сипаттайды.

Сейсенбі күні Лондон биржасында Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің ақпан айына жасалған фьючерстік келісімшарт бойынша бағасы 31 долларға дейін түсті. Сол күні Қазақстан қор биржасында 1 АҚШ долларының бағамы тағы қымбаттап, 367 теңге 61 тиынға жетті.

Азаттық тілшісі 2016 жылғы бюджетін жасағанда «1 баррель мұнай 40 доллар болады, 1 доллар 300 теңге болады» деп есептеген Қазақстанға бұл қалай әсер ететінін мамандардан сұрап көрді.

«БЮДЖЕТКЕ ӘСЕР ЕТПЕЙДІ»

Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық институттың бас ғылыми қызметкері, экономист Вячеслав Додоновтың пікірінше, «мұнай бағасының төмендеуінің Қазақстан бюджетіне тікелей әсері болмайды».

Экономист Вячеслав Додонов. Астана, 12 қаңтар 2016 жыл.

– Бюджет мұнай табысына тәуелді емес. Мұнай мен басқа да шикізаттан түсетін табыс ұлттық қорда сақталады. Ұлттық қордан трансферт арқылы бюджетке түседі. Бюджетке трансферт жасалып қойғандықтан тікелей әсері болмайтын шығар, – дейді Вячеслав Додонов.

Бірақ экономистің айтуынша, мұнайдың арзандауы ұлттық қорға түсетін түсімді азайтып, келесі жылдардың бюджетіне әсер етуі мүмкін. «Мұнайсаласындағы қиындықтар онымен байланысы басқа да салаларға тиіп, ондай өндіріс орындары да тоқырауы ықтимал» деп болжайды Вячеслав Додонов.

«БЮДЖЕТТІ ҚАЙТА ЖОСПАРЛАУ КЕРЕК»

Экономист Жарас Ахметов 2016 жылға арналған бюджетті жоспарлағанда «мұнайдың бір баррелі – 40 доллар, 1 доллар – 300 теңге, жалпы ішкі өнімнің өсімі – 2,1 пайыз, инфляция – 6-8 пайыз болады» деген билік болжамын сынайды.

– Жылдың басы бюджетті есептеген параметрлердің біразы шыдас бермегенін көрсетті. Теңге құлдырап келеді, түбі көрінер емес. Мұнай да арзандап барады. Жалпы ішкі өнімнің өсімі 2,1 пайыз болады деген әу баста күмәнді көрінген. Енді экономиканы несиелендіруді шектеу мен халықтың атаулы табысына тыйым салу есебінен ғана инфляцияны ғана ұстап тұруға болар, – дейді экономист.

Экономист Жарас Ахметов.

Жарас Ахметовтің пікірінше, Қазақстан теңге бағамы осы күйінде қалып, мұнай бағасы ел билігі жоспарлағандай 40 долларға оралған күннің өзінде де бюджетін қайта қарауы керек.

– Инфляцияның деңгейін төмен күйінде ұстап тұру экономика мен әлеуметтік тыныштыққа кесірін тигізуі мүмкін. Меніңше, бірінші тоқсанның нәтижесі бойынша, яғни биыл сәуірде бюджетті өзімізді өзіміз алдамай қайта қарауымыз керек, – дейді экономист.

«МҰНАЙ ҚЫМБАТТАЙДЫ»

Қазақстанда мұнайдың қайта қымбаттайтынына сенетін мамандар да бар. Солардың бірі, білім және ғылым министрлігі жанындағы экономика институтының профессоры Олег Егоров «мұнай бағасы осы күйі қалса, АҚШ, Қытай, Ресей бәрінің экономикасы күйрейді» деп біледі.

– Өйткені АҚШ-та мұнай өндіру үшін барреліне орта есеппен 36 доллар жұмсайды. Сондықтан олар мұнай саласының дамуын қайта қарайды не дүниежүзілік орталықтардың мұнай бағасына әсер етуіне жағдай жасайды. Бір айдан соң баррелінің бағасы 40 долларға жетіп, кейін одан да өседі, – дейді Олег Егоров.

Профессордың сөзінше, мұнай бағамы барреліне 31 доллар маңында тұра берсе, Қазақстан бюджеті кемінде 1 миллиард доллардан айырылады.

Қазақстанның парламенті «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын» былтыр күзде мақұлдаған. Бюджет 1 баррель мұнайдың бағасы 2016-2017 жылдары – 40 доллар, 2018 жылы 50 доллар болады деген болжамға сүйеніп есептелген. Үш жылдық жоспарда республикалық бюджеттің кірісі (ұлттық қордан келетін трансфертті есептемегенде) 2016 жылы – 3 триллион 665 миллиард 300 миллион теңге, 2017 жылы – 3 триллион 866 миллиард 900 миллион теңге, 2018 жылы – 4 триллион 195 миллиард теңге болатыны жазылған.

«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер туралы» заң жобасы бойынша, 2016-2018 жылдардағы кепілді трансферт көлемі, доллардың айырбас бағамы 300 теңгеге сай болады деген болжаммен алғанда, жыл сайын 2 триллион 400 миллиард теңге болмақ.