Жаңа мазмұнға көшкен сыныптар көбейді

Ауыл мектебіндегі сабақ. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда алдағы қыркүйектен бастап жалпы білім беретін орта мектептің үшінші және сегізінші сыныптарында Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі бойынша жаңартылған білім бағдарламасы енгізілмек. Бұған қоса жоғарғы сыныптарға "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" атты жаңа пән қосылады. Жаңа мазмұнмен оқытып жүрген мұғалімдердің пікірі әрқилы.

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫ

Былтыр күзде елдегі мектептерде 2, 5 және 7-сыныптар, ал оның алдындағы оқу жылында бірінші сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшіріліп, оқушылардың білім деңгейін критериалды бағалау тәртібі бекітілген болатын.

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы орта мектептің мұғалімі Нұржанат Еркімбаеваның пікірінше, жаңа білім мазмұны балалардың сыни тұрғыда көбірек ойлануына мүмкіндік береді. Оның сөзінше, мұғалім бұрын дәстүрлі білім беру бойынша сабақ кезінде төрт-бес баланы ғана бағаласа, қазір 25 оқушыны түгел бағалауға мүмкіндік туған.

- Бұрынғы дәстүрлі білім беру бойынша негізгі салмақ мұғалімге түсетін, жаңартылған білім мазмұны оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге ынталандырады, - дейді Нұржанат Еркімбаева.

Сонымен бірге ол оқушы үшін тиімді жаңа бағдарламаның мұғалім жұмысын ауырлататын тұстары да бар екенін айтады.

- Бұрын оқушылар тапсырманы кітаптан орындай беретін. Қазір қалыптастырушы бағалау бойынша әрбір балаға жеке тапсырма беріледі және ол әртүрлі түспен боялу керек. Мысалы, менде үш сынып бар. Әр сыныпта 25 оқушыдан, демек күніне 75 ақ парақты түрлі-түсті принтерден шығарып, оқушыға тапсырма беруім керек. Кейде мұғалімдерге қағаз, принтер жетіспей жатады, - дейді ұстаз.

Нұржанат Еркімбаеваның айтуынша, жаратылыстану бағыты бойынша мектеп мұғалімдері үш айлық курсты енді оқи бастаған.

Бөген ауылындағы мектептегі сабақ. Қызылорда облысы 17 сәуір 2017 жыл

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, 2019 жылғы қыркүйектен бастап жалпы білім беретін мектептерде жеке пән ретінде енгізілетін "Бизнес және кәсіпкерлікті дамыту негіздері" оқулығы қазіргі уақытта 16 пилоттық мектепте апробациядан өтіп жатыр.

"Пән оқушылардың бизнестік ойлауын және кәсіпкерлік, бизнес пен экономика негіздері туралы базалық білімді және өз таңдауы бойынша жауапкерлікке баулу және кәсіпкерлік ойлауын, белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға, нарықтық жағдайда болашақ өзіндік қызметі үшін практикалық дағдылар базасын құруға бағытталған" делінген Білім және ғылым министрлігінің Азаттыққа берген жауабында.

ОҚУШЫ БІЛІМІН БАҒАЛАУ

Білім және ғылым министрлігі бекіткен білім деңгейін критериалды бағалау тәртібіне сәйкес, оқушының пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен – қалыптастырушы және жиынтық бағалау бойынша өлшенеді.

Күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылатын қалыптастырушы бағалау тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі; шәкірт пен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Ал жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы жүргізіледі.

Оқи отырыңыз: "Біліктілігін растаған ұстаз үстеме ақы алады"

Білім және ғылым министрлігінің Азаттыққа берген жауабында "Критериалды бағалау жүйесі қалыптастырушы бағалау мен жиынтық бағадан тұрады. Негізгі бағалау кезінде балл мен баға қойылмайды. Негізгі баға оқушының ата-анасына кез келген әдіспен жеткізіліп отырады" делінген.

Астанадағы мектеп-гимназия оқушылары. 2 қыркүйек 2017 жыл

Жиынтық баға екі факторға тәуелді болмақ. Біріншісі, оқушыға пәннің қандай да бір бөлімін немесе ортақ тақырыпты оқып бітірген соң бір баға, ал тоқсан аяғында жалпы пәнді игеруіне байланысты екінші баға қойылады. Шәкірттің білімі балл бойынша және дәстүрлі бағамен өлшенеді.

Ал, жарты жылдық пен жыл соңында оқушы білім деңгейін айқындау үшін сынақ тапсырады. Осылайша, бір бөлімді игеруіне және тоқсандағы біліміне байланысты оқушыға 50/50 пайыз принципі бойынша қорытынды жылдық баға қойылады.

"ОҚУШЫ ТҮГІЛІ ӨЗІМ ТҮСІНБЕЙ ЖҮРМІН"

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Айман Сағидулла "жаңа бағдарламаны өзі әлі толық түсінбей жүргенін" айтады.

Ауыл мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаева

- Жаңартылған мазмұн бойынша 7-сыныпқа сабақ беремін. Оқулықтағы "Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны", "Гендік өзгеріске ұшыраған тағамдар" тәрізді тақырыптар әр саланы қамтыған. Мен ол үшін биологияны да, информатиканы да, тарихты да оқимын. Өйткені, балаға бірдеңе айту үшін алдымен өзім білуім керек қой. Бір жағынан алғанда, бала берілген тақырыптарды толық меңгеріп шығады. Өйткені, әрбір тарауға тоғыз сағаттан берілген. Бірақ нақты сол пәннің ережесі екінші жақта қалып қояды. Яғни, бала грамматикалық жағынан сауатсыз болып қалады, - дейді ол.

Мұғалім критериалды бағалау жүйесі оқушыларға ауыр тиеді деп санайды.

- Жиынтық және қорытынды бақылау кезінде балалар жеті-сегіз сағатқа дейін отырады және бес күндік оқу жүйесі жаңартылған мазмұнда оқитын сыныптарға арналған. Бірақ мектептер жаппай бес күндік оқу жүйесіне көшкендіктен оқушылар күніне жеті сағатқа дейін оқуға мәжбүр, - дейді Айман Сағидулла.

МИНИСТР: "АҒЫЛШЫН ТІЛІН МЕҢГЕРГЕН МҰҒАЛІМ КӨБЕЙДІ"

Жалпы білім беретін мектепте енгізілген тағы бір өзгеріс – пән мұғалімдерінің ағылшын тілін меңгеруі мен бес күндік оқу жүйесіне өту.

Жоғарғы сыныптарда жаратылыстану бағытындағы химия, биология, информатика және физика пәндері ағылшын тілінде оқытылады.

Талғар ауданындағы үш тілде оқытатын мектепте ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл

Білім және ғылым министрлігінің Азаттыққа берген мәліметінше, пән мұғалімдерінен ағылшын тілін оқыту курстарынан 2016 жылы - 750, 2017 жылы - 11587, ал биыл 6510 адам өтіп және 2361 адамнан қосымша өтініш түскен. Сондай-ақ, алдағы уақытта жаратылыстану бағытындағы пәндер жоғары сынып оқушыларына ағылшын тілінде оқытылмақ.

Қазіргі кезде елде 153 мектепте химия, биология, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту жобасы сынақтан өтіп жатыр. 16 мектепте аталған төрт пән бойынша сегізінші және оныншы сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдары апробациядан өткізіліп жатыр.

Білім және ғылым министірі Ерлан Сағадиев

Сәуірдің 9-ы күні Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа елдегі орта білім мектептерін Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша жаңа мазмұнға көшірудің нәтижелері жөнінде баяндады.

– 2016 жылы ағылшын тілінде 2 мың ғана мұғалім сабақ берсе, өткен жылы ағылшын курсынан өтуге өтініш білдірген 11,5 мың мұғалімнің 3 мыңға жуығы даярлықтан өтіп, сабақ беруге кірісті. Сегіз мың мұғалім оқуын жалғастырып жатыр. 2019 жылы 13,5 мың мұғалім төрт пәнді ағылшын тілінде беруді бастайды, – деген Сағадиев.

Сейсенбіде парламентте "2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы" заң жобасын таныстырған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов елде жаңартылған мазмұндағы бағдарламамен оқытатын барлық мұғалімдердің лауазымдық жалақысына 30 пайыз мөлшерінде қосымша ақы төлеу жоспарланып отырғаны туралы хабарлаған. Оның сөзінше, 1, 2, 5 және 7-сыныптардың мұғалімдерін қосымша ақы биылғы қаңтардан бастап төленеді. Сонымен бірге, педагогикалық шеберлік үшін мұғалімге жалақысының 30-дан 50 пайызына дейінгі мөлшерінде қосымша ақы төленетін болады деді Бақыт Сұлтанов.