Шаруалар «тезек салығына» наразы

Өрістен қайтқан сиырлар. Алматы облысы, Үмбетәлі ауылы, 25 наурыз 2012 жыл.

Шаруа қожалықтары төлейтін салық саны артып келеді. Қоршаған орта министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстанда экологиялық кодекс арқылы енді малдың тезегіне де өндіріс қалдығы ретінде салық салынады. Биыл мұндай салық жергілікті биліктің үкімімен көптеген аймақтарда енгізіліпті. Ал мамандар «бұл - заңсыз» дейді.

Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны Нұрлан Алжанбаев мал шаруашылығымен айналысады.

«САЛЫҚ ЕМЕС, АЙЫППҰЛ ШЫҒАР»

Нұрлан Алжанбаевтың негізгі мамандығы - механизатор, бірақ осы өңірдің барлық тұрғындары сияқты ол да мал асырауға мәжбүр.

- Қысы-жазы малдың бейнеті бірдей, бізде егістік жоқ, тек қана мал шаруашылығы. Біреуден арзан алып, басқаға қымбатқа сатасың. Былтыр Жезқазған облысынан мал әкеліп, қыстай бордақыладым. Тиімді екенін байқадым. Енді арнайы қора салмақпын», - дейді шаруа.

Ол мемлекет тарапынан шаруаларға жасалып жатқан көмек туралы естіпті, бірақ оны алуға талаптанбаған. «Өз күшіммен өмір сүріп келе жатырмын» деген Нұрлан Алжанбаев үкіметтен көмек алуға тырысып, бірақ нәтижеге жете алмаған шаруалар көп екенін айтты.

Малшы ауылындағы киіз үй мен қамыс қора.Мерке ауданы, Жамбыл облысы 27 Мамыр 2011 жыл (Көрнекі сурет).


Шаруа мал тезегіне салынатын салық туралы естімеген екен. Ол «Егер қоршаған ортаны ластап жатса, салық емес айыппұл салынатын шығар, тезекке салықты қалай төлеуге болатынын білмеймін» - дейді.

Ал қоршаған орта министрлігінің Азаттыққа жіберген ресми жауабында «Салық кодексінің 495-бабының 6-тармағы 1,3,6-тармақшаларына сәйкес, ауыл шаруашылығы қалдықтарына төлем 1 тонна үшін 0,009 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген» деп жазылған. Қазіргі бір айлық есептік көрсеткіш - 1618 теңге.

Министрліктің баспасөз хатшысы Ғажайып Күмісбек өндірістік қалдықтарға белгіленген салықтар туралы айта келіп, «Жаңа экологиялық кодекс қабылданған жоқ. Ол бұрыннан бар» дейді.

«ЗИЯН БОЛСА, МАЛШЫҒА ТӨЛЕСІН»

Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Әуесхан Дарынов мұндай салыққа қарсы екенін айтты.

- Бұл «Сау адамның тамағын ішіп, ауру адамның сөзін сөйледі» деген мақалға келетін жағдай. Экологтардың сөзінше, тезек иісі, әсіресе, су болғанда адамның денсаулығына зиян тигізеді. Оның зияны кімге тиеді? Малшыға. Ол зиян болса, сол адамға ақша төлеу керек қой. Олар керісінше, ақшаны малшыдан алып жатыр, - дейді Әуесхан Дарынов.
Экологтардың сөзінше, тезек иісі, әсіресе, су болғанда адамның денсаулығына зиян тигізеді. Оның зияны кімге тиеді? Малшыға. Ол зиян болса, сол адамға ақша төлеу керек қой. Олар керісінше, ақшаны малшыдан алып жатыр.
Оның сөзінше, бұл «ұсынысты» жасаған экологтар және ол өзгерістер 2011 жылы енгізілгенімен, тек биыл ғана көп жерде қолданыла бастаған. Әуесхан Дарынов:

- Былтыр бұл салық әр жерде ғана ұсталған, сондықтан ешкім шулаған жоқ. Ал биыл көп жерде ұсталып жатыр. Бұл салық барлық малға салынады. Кей жерлерде екі қойы бар адамдар да төлеп жатыр. Әр жерде әр түрлі. Негізі бұл - заңсыз нәрсе, себебі - заңда жоқ. Мұнда тек тарифтер ғана бар. Бірақ жергілікті жерлерде салық салынып жатыр, облыс маслихаттарында тарифты бекіткен ғой, - деді.

«МӘДЕНИЕТ ЖАҒЫНА КЕЛЕТІН ЗИЯН»

Алайда қоршаған орта министрлігінің өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ғажайып Күмісбектің айтуынша, бұл - тек ірі шаруа қожалықтарына қатысы бар салық. Мұны эколог Мэлс Елеусізов те растады. Ол осы ұсыныстарды жазуға қатысқанын айтты. Маман бұл салық қажет болғандықтан, оның заңды түрде қабылданатынына сенімді. Ол:

Қазақстан кәсіпорындарының "Табиғат" экологиялық қауымдастығының төрағасы Мэлс Елеусізов. Алматы, 8 қазан 2008 жыл.


- Жас тезек шіріген кезде газдар шығады. Метан деген жанатын газ бар. Сондықтан ондай салықты тезек көп болғандықтан жасаған. Оның зияны жоқ. Мақсаты – тазалық сақтау. Қазір қай ферманың қасына барсаң да тезек тау-тау болып жатыр. Сосын ол шіриді, одан табиғатқа зияны бар газ шығады, - дейді.

Экологтың сөзінше, қазір ауа райының жылуына байланысты «апатты жағдай туындап отыр». Мэлс Елеусізов:

- Қазір жер (планета ретінде айтып отыр - ред.) температурасы жарты градусқа көтерілді. Қанша апаттар болып жатыр! Екі градусқа апарсақ, адамзат өле бастайды. Өте үлкен апат келе жатыр. Сондықтан да салықтың еш зияны жоқ. Әр фермердің биогаз құрылғысын қоюға мүмкіндігі бар. Газын шығарып алып, сосын оны жер тыңайтқышы ретінде қолдансын. Ал былай жата берсе, ол мәдениет жағына да зиянын тигізеді, - дейді.

Оның сөзінше, мұндай тәжірибе әлемнің бірнеше елдерінде бар. Ол «мұны қазақстандық экологтар ойлап тапқан жоқ» деген пікірін айтты.

- Батыс мемлекеттерінің көбінде бар - Дания, Франция сияқты елдерде. Мен оны зерттеп көрген жоқпын, бірақ болуға тиіс.

«ТЕЗЕККЕ, АУАҒА, ШӨПКЕ САЛЫҚ САЛАЙЫҚ»

Фермерлер одағының алматылық бөлімінің өкілі Қанай Жүнісовтің айтуынша, «осындай бағытпен жалғаса берсе фермерлердің жағдайы қиындайды». Ол:

- Үкіметтен ешқандай көмек жоқ, онсыз да күйреп тұрған дүниеге, енді тезекке, ауаға, шөпке салық салайық. Бұл басшылардың ақымақтығын ғана көрсетеді, - дейді.

Әуесхан Дарынов тезекке салынатын салықтың қажеті жоқ екенін айтып қоршаған орта министрлігіне хат жазған. Одан нәтиже шықпаса, мемлекет басшыларына да хабарласуға дайын екенін ескертті. Әуесхан Дарынов:

- Кімнің қанша малы бар екенін ауыл әкімдігінен біледі. Сосын шаруаға келіп «Осынша малың бар, тариф бойынша мынандай салық төлейсің. Төлемесең, айып пұл саламыз» дейді. Бұл заңды ма, жоқ па, ол жағын білмейтін шаруа айыппұл төлегенше, салық төлейін деп шешеді. Әр жерде бағасы әр түрлі, біреулері - 100 теңге, өзгелері 200 - 300 теңге төлеп жүр. Жергілікті билік ойына келгенін істеп жатыр, - дейді.

Маманның сөзінше, елдегі шаруа қожалықтары төлейтін салықтардың саны жылдан жылға артып отыр. Әуесхан Дарынов:
Техниканың 87 пайызы ескі дейді. Жаңарту үшін неге салықты азайтпасқа? Қытайда ауыл шаруашылығына мүлдем салық салынбайды.

- Табыс салығы, экологиялық салық, әлеуметтік салық, бірыңғай жер салығы да бар. Жыл сайын осы салықтардың санын азайту мәселесін көтереміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруа қожалықтарындағы техниканың 87 пайызы ескі дейді. Соны жаңарту үшін неге салықты азайтпасқа? Оның орнына жыл сайын салықты көбейтіп жатыр. Алыстағы Батыс елдерін мысалға келтіріп шаршадық - көршілерімізді айтайық. Мысалы Қытайда ауыл шаруашылығына мүлдем салық салынбайды. Ресейде техника ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді, - дейді.

Ауыл шаруашылық өндірісі қалдықтарына салық төлеу туралы толығырақ ақпарат алу үшін Азаттық радиосының тілшісі ауыл шаруашылығы министрлігіне ресми сауал жолдаған болатын. Алайда министрліктің баспасөз хатшысы бұл сұрақты оларға емес, қоршаған орта министрлігіне бағыттауды сұрады. Ал қоршаған орта министрлігі салық туралы сұрақтарды салық комитетіне жолдау қажет екенін айтты.