Ресми ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, бұл - Джон Керридің Орталық Азияның бес еліне жасайтын алғашқы сапары. Керри Самарқандта осы аймақ елдері сыртқы істер министрлерінің жаңа С5+1 форматындағы кеңесіне қатысады. Қазақстанға бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшыларынан 2005 жылы Кондолиза Райс, 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитіне Хиллари Клинтон келген.
Джон Керри қарашаның 1-3 күндері Астанада болып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі және стратегиялық серіктестік бойынша комиссия отырысына қатысады деп жоспарланған. Азаттық тілшісі саясаттанушы Расул Жұмалымен сұхбаттасып, АҚШ мемлекеттік хатшысының сапары кезінде талқылануы мүмкін жайттар жөнінде сөйлесті.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: - Таяуда ғана Жапония премьер-министрі аралап кеткен Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға да енді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керридің сапары басталады. Бұл осы аймаққа әлемнің жетекші елдері ерекше назар аудара бастады деген сөз бе?
Расул Жұмалы: - Ауғанстанның Орталық Азияға жақын солтүстік аймақтарында «Талибан» қозғалысының қайта шабуылға шығуы, Сирия мен Ирак аумағында «Ислам мемлекеті» содырларының күшеюі, Сирияның халықаралық жанжал ошағына айнала бастауы, әлемдік деңгейдегі терроризмнің көбеюі, Ресей мен Батыс арасындағы текетірес, меніңше осы мәселелердің көпшілігінен Орталық Азия тыс қала алмайды. Әрине тек саяси мәселелер ғана емес инвестиция, екі жақты қатынас мәселелері сөз болады, бірақ әуелі аталған жағдайлардың Орталық Азияға қаншалықты әсер ететіні талқыланады. Осыған байланысты АҚШ-қа Орталық Азия елдерінің ой-пікірі мен бағыт-бағдарын білу маңызды. Себебі бұған дейін Ресей өкілдері ҰҚШҰ күштерін Сириядағы шиеленіске араластыру мүмкіндігі туралы да айтып қалды. ТМД мемлекеттері, Еуразия экономикалық одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы бұл мәселеде Ресейді қаншалықты қолдауы мүмкін дейтін мәселелер талқыланады.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясы
Тағы бір талқыланатын мәселе – ТМД кеңістігінде Ресей жетекшілігімен жүріп келе жатқан интеграциялық механизмдер. Оның ішінде Еуразия экономика одағы жөнінде сөз болады. Кремль жай ғана интеграциялық құрылым емес, шын мәнісінде бұрынғы Совет Одағын қалпына келтіру, сол арқылы Мәскеудің саяси үстемдігін орнатуды көздейді. Бұл ұйымға басқа мемлекеттердің сыни көзқарасы белгілі. Соның ішінде Джон Керридің алдындағы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтоннің «аймақты қайта советтендіруді көздейтін құрылымдарға жол бермейміз» деген пікірін еске түсіруге болады. Осы ұйым төңірегінде оқтын-оқтын айтылатын ортақ валюта, ортақ қауіпсіздік туралы мәселелер әлемнің жетекші мемлекеттерінің алаңдаушылығын туғызуы ықтимал.
Азаттық: - Ресми БАҚ-тарда Қазақстанның көп векторлы саясат ұстанатыны, АҚШ-пен, Батыспен қарым-қатынасқа ерекше мән беретіні айтылады. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа бірнеше ресми сапар шекті. Ал екі жақты мәселелер бойынша Қазақстанға АҚШ-тың конгресмендері мен сенаторлары, мемлекеттік хатшысы немесе оның көмекшілері ғана келеді екен. АҚШ президентінің бұрынғы ТМД елдеріне сирек келетіні байқалады, не себептен?
Расул Жұмалы: - АҚШ президенттері бұрынғы Совет Одағының құрамында болған Балтық жағалауы елдеріне, Ресей, Украина мен Грузияға ғана ресми сапармен барды. Тәуелсіздік алғалы 24 жылда Қазақстанға АҚШ-тың бірде-бір президенті келген жоқ. Ол, әрине, АҚШ-тың сыртқы саясаттағы басымдықтарына байланысты. Қай мемлекетке, қай аймаққа ерекше басымдық берсе, АҚШ президенті сол елдерге ғана барады.
Азаттық: - 1994 жылы Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, Будапешт меморандумына қол қойды. Осы меморандум бойынша ядролық қаруы бар бес мемлекет, соның ішінде АҚШ-та бар, Қазақстанның аумақтық тұтастығының бұзылмайтындығына кепілдік берді. Джон Керримен кездесулерде Украина-Ресей жанжалы айтылғанда бұл меморандум Қазақстан тарапынан сөз болуы мүмкін бе?
Расул Жұмалы: - Ол кепілдіктің қалай сақталатынын былтыр басталған Украина-Ресей арасындағы жанжалдан кейін көрдік. Аталған меморандумға қол қойып, ядролық қарудан бас тартқандардың бірі – Украина, ал кепілдік берушілердің бірі – Ресей болатын. Украинаның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіргенін көргенімен кезінде меморандумға қол қойған АҚШ бастаған елдер Ресейге экономикалық санкция салумен шектелді. Сондықтан халықаралық қатынастарда жекелеген келісімдерге тоқмейілсуге болмайды. Меніңше қандай да мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мемлекеттің өзіне байланысты. Әрине кепіл берген мелекетттерді сынауға болады. Қазақстан ядролық қарудан бас тартқанда қол жеткізгені кепілдік қана. Сол кездің өзінде бұл кепілдікке күмәнмен қараушылар болды. СССР мен АҚШ арасындағы текетіресте Қазақстан ядролық сынақтардан жапа шекті. Сондықтан кезінде Қазақстан ол кепілдіктен әлдеқайда қолайлы жайттарды талап етуіне моральдық құқығы бар еді.
Азаттық: - Осы сапар алдында халықаралық «журналистерді қорғау комитеті» Орталық Азия елдерінде БАҚ-қа қысым жасалатын айтып, Джон Керриді ықпал етуге шақырды. Джон Керридің Қазақстан басшылығымен кездесуінде бұл мәселе талқыланады деп ойлайсыз ба?
Расул Жұмалы: - Мұндай сыни пікірлерді Қазақстанға келген АҚШ өкілдері бұрын да айтқан, осы сапарда да айтуы мүмкін. Оған негіз де бар. Бірақ АҚШ демократиялық стандартты таратуға күш салады десек те, кейде оны өзінің саяси, әскери, энергетикалық мүдделері үшін де пайдаланатынын жоққа шығаруға болмайды. Мысалы АҚШ-тың саяси мүдделеріне сай саясат жүргізген Сауд Арабиясы мен Катар сияқты елдерде демократияның ұшқыны да жоқ. Қазақстан билігі демократиялық құндылықтарды халықаралық стандарттарға сай келу, не болмаса жекелеген мемлекеттердің сынына ұшырамау үшін емес, өзінде әділетті қоғам орнықтыру үшін енгізуі қажет.
Азаттық: - 2005 жылы президент сайлауы өтер қарсаңында Қазақстанға келген АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Қазақстанның оппозициялық күштерінің жетекшілерімен де кездескен еді. Джон Керри де солай етуі мүмкін бе?
Расул Жұмалы: - Меніңше, дәл қазір Джон Керри кездесетіндей Қазақстанда оппозициялық күштер жоқ. Қазіргі қоғамдық саяси жағдай осы деңгейде. Ал қуыршақ саяси партиялар мен топтарды АҚШ жақсы біледі. Егер Қазақстандағы сөз бостандығы, демократия мәселелерін қатқыл сынға алатындай болса, жалпы демократияшыл күштердің өкілдерімен кездесуі де мүмкін. Барлық мәселе АҚШ-тың мақсатына байланысты. АҚШ көтерген басқа да ауқымды геосаяси мәселелерге Қазақстан тарапынан оңды көзқарас аңғарылса, демократия проблемалары байқалмай қалуы да ғажап емес.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!