Қыркүйек айында Санкт-Петербург қаласында өткен «ПитерФото-Fest-2015» фотофестиваліне Қазақстанның Қарағанды қаласынан «Карлагтың қара қарындашымен» («Черным карандашом Карлага») кітабын, «Карлаг суретшілері» альбомын және «Болашақ» университетінің ғылыми-зерттеу орталығы шығарған төрт компакт-дискі мен кітаптар апарылды. Бұл жобамен академиялық орта өкілдері болмаса, көпшілік жұрт таныс емес.
«Карлаг: болашақ үшін есте сақтау» ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі, профессор Нұрлан Дулатбеков Азаттыққа берген сұхбатында «біздің міндетіміз – сирек кездесетін құжаттарды жариялау, ал бағасын өзге зерттеушілер берсін» дейді.
Азаттық: – Нұрлан Дулатбеков мырза, «Болашақ» университеті сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, университеттің ғылыми-зерттеу орталығы 10 жыл ішінде Карлаг пен «Алаш Орда» қозғалысы тарихы жайлы 20 шақты кітап шығарыпты. Жуырда кітаптарыңызды Санкт-Петербургке апарып көрсеттіңіздер. Бірақ олармен көбінесе академиялық орта ғана таныс сияқты. Мұның себебі әдеттегідей шектеулі бөлінетін грант бюджетіне байланысты ма әлде сіздерге әлдебір цензура тұсау болып отыр ма?
Нұрлан Дулатбеков: – Жоқ, біздің университет бүкіл зерттеуін өз қаражаты есебінен жүргізеді. Грант – көп есеп тапсырып, қағаз толтыруды қажет ететін әуре-сарсаңы көп әрі алуы қиын шаруа. Бірақ ұсынған көмектен бас тартпаймыз. Құдайға шүкір, көмектескісі келетіндер табылып жатады. Игі іс атқарып жатырмыз, шетелдің назарындамыз деп айта аламын. Кітаптарымыз Оксфорд, Гарвард университеттері кітапханасынан бастап Мәскеудегі «Мемориал» қоғамына дейінгі 28 кітаханаға түсті. Ал өзімді Бостондағы Гарвард университетіне лекция оқуға шақырған, бірақ оған уақытым болмады.
Журналист әрі біздің масс-медиа орталықтың фотографы Диана Әкімжанова Санкт-Петербургтегі фотофестивальге кітаптарымызды тарту етіп келді, оның ішінде өзіміз мақтаныш ететін «Қарлаг суретшілері» альбомы бар. Бұл – Баян Жүнісова, Нұршан Жұмаділова, Екатерина Кузнецова сияқты өз ісіне берілген зерттеушілер мен өзге де қызметкер, студенттеріміздің еңбегі. Кітаптарымыздың көбі бірден қазақ, орыс және ағылшын тілінде шығады, сондықтан шетел ғалымдары олардың аудармасын іздеп әуре болмайды.
Бірақ көлемі Францияның территориясына тең аумақта 70 жыл бұрын жүздеген мың саяси және әскери тұтқын ГУЛАГ-тың құлдық жұмысына жегілгенін Қазақстанның өзінде тұратын жұрттың көбі білмейді, бұл – парадокс. Тарих тұрғысынан алғанда, бұл күні кеше ғана болған оқиға, бірақ мектеп оқулығы аясында оқығаны болмаса, жас ұрпақ бұдан хабарсыз.
Біздің университете мынадай жақсы дәстүр бар. Біз бірінші курс студенттерін Долинка кентінде орналасқан Карлаг мұрайына апарамыз, оған арнайы бөлінген автобусымыз бар. Ғылыми жұмыспен шұғылданатын студенттер кенттегі мұражайға барып, зерттеу жүргізеді. Карлагта жүздеген мың жазықсыз жан каторгада болды, оның ішінде совет заманының рухани және ғылыми элитасының үздік өкілдері бар. Олардың арасында атақты ақын Сергей Есениннің баласы Александр Сергеевич Есенин-Вольпин де болған. Ол қазір АҚШ-та тұрады, жасы 91-ге келді. Бір жыл бұрын Александр Сергеевичті Бостондағы қарттар үйінен тауып, жазғы демалысымда арнайы іздеп бардым. Қоштасар сәтте ол маған ақын Есениннің мынадай жолдары бар әйгілі өлеңін оқып берді:
«До свиданья, друг мой, до свиданья.
Милый мой, ты у меня в груди.
Предназначенное расставанье
Обещает встречу впереди.
До свиданья, друг мой, без руки,
без слова,
Не грусти и не печаль бровей, –
В этой жизни умирать не ново,
Но и жить, конечно, не новей».
Азаттық: – «Болашақ» университетінің кітаптарының көбінің мұқабасы қалың, жақсы қағазға басылған әрі фотолар мен суреттер көп. Бірақ Сіз бұл кітаптарда авторлардың сталиндік репрессияны айыптауы жетіспейді деп ойламайсыз ба? Кітаптарыңызда лагерь басқармасы құжаттарындағы «тұтқындар күніне үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілді» немесе «бір тұтқынға шаққандағы нан нормасы күніне 600 грамм болды» деген сияқты сөздерді қайта басып немесе құр келтіре салған. Карлагтың адамды мардымсыз ас-суға қамап, құлдық жұмысқа жеккен жүйе, қоғам әлі сабақ алмаған ажал конвейері болғаны ашылмаған сияқты көрінеді.
Нұрлан Дулатбеков: – Айтпақ ойыңызды түсініп отырмын. Біз публицистикалық кітап шығаруды көздеген жоқпыз, біздің міндетіміз – Карлаг жүйесінің құжаттарын тезірек әрі толық көлемде ғылыми ортаға ұсыну.
Жапонияда «Қарағанды облысындағы жапон әскери тұтқындары» деген кітабымды таныстырған кезде Карлагта отырған бұрынғы жапон тұтқыны «Кітабыңыз не туралы, онда тұтқындардың «үлкен дәретке» қалай барғаны жазылған ба?» деп сұрағаны есімде. Оның айтқан әңгімесі бойынша, таңертең 150 адамды түзге шығарады. Ал ашық далада 150 шұңқырды үш қатарға 50-ден бөліп қаздырған. Әлгі жапон тұтқыны «біреудің артын немесе ұлы мүшесін көріп отырып дәрет сындыруға мәжбүр ету адамды қорлаудың ең тұрпайы түрі ғой» деген еді. Бірақ бұл қорлық күн сайын қайталанып, жылдарға созылған. Мұндайды кешіруге де, ұмытуға да болмайды.
Айналамыз Карлаг тарихына толы, ол қазір де тірі. Тіпті біздің оқу корпустарымыз бен әкімшілік ғимараттарымыз жапон тұтқындары салған үйлерде. Оқу корпусы орналасқан ғимараттың үстіндегі күзет мұнарасы әлі бар. 1996 жылы университетті ашқан кезде әлгі мұнараны бұзбай, тарих үшін сақтап қалайық деп ұсынғанмын.
Азаттық: – Дулатбеков мырза, ГУЛАГ-тың қасіретті іздерін бүкіл Қазақстаннан табуға болады, бірақ көп жерде естелік таңба немесе мемориалдық тақтайша сияқты белгілер орнатылмаған. Біздің елде саяси репрессиялар тарихын зерттеумен айналысатындар неге аз? Сіздердің университет – сол аздың бірі. Әлде өзге университеттер мен ғалымдардың мұндай зерттеулер жүргізуіне біреу тыйым салды ма?
Нұрлан Дулатбеков: – Жоғарыдан түсіп жатқан ондай тыйым жоқ. Туған ауылы Шамалғандағы жер аударылған халық өкілдері арасында өскендіктен, ГУЛАГ тарихы маңызын білетін ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстанда бұл тақырыпты зерттеуге мүмкіндігіміз бар.
Бірақ зерттеушілердің көбі бұл тақырыпқа қызықпайтыны рас. Біз Алматыдағы «Әділет» қоғамы жүргізген зерттеулер жайлы жиі айтамыз. Оның жетекшілерінің бірі – Бейбіт Қойшыбаев. Сталиндік зобалаңның кесірінен Украинадағы сияқты біздің Қазақстанда да халық саны азайып кетті. Мұны халықтың санасына жеткізуіміз керек. Украина сталиндік репрессия халыққа қарсы ұйымдастырылған зұлмат екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, саяси баға беріп қойды, ал біздің қолымыздан әлі келмей жатыр.
Ресейде Сталин әлі тірі, бірақ тұлға ретінде емес, тарихи құбылыс ретінде тірі. Бұл – сталинизмді көксеу. Яғни халықтың бойында «кім менімен бірге емес, ол маған қарсы» деген психология қалған.
Ал Ресейді алсақ, зерттеу көрсеткендей, ондағы халықтың 30 пайызы Сталинді ақтауды қолдайды. Бұл Ресейдің баяғыдан келе жатқан империялық пиғылын көрсетеді. Яғни Ресейде Сталин әлі тірі, бірақ тұлға ретінде емес, тарихи құбылыс ретінде тірі. Бұл – сталинизмді көксеу. Яғни халықтың бойында «кім менімен бірге емес, ол маған қарсы» деген психология қалған. Артықшылық идеясы қалған, ал біз мұны байқамаймыз. Бұл елде кез келген мәселеге большевиктік көзқарас тұрғысынан қарау сақталып қалған, бұл – қауіпті.
Азаттық: – Бұл құбылыс Қазақстанда да байқала ма, әлдебір өзгерістер бар ма? Қоғамда сталинизм мен саяси репрессияларды жаңғыртуға қарсы иммунитет қалыптасты ма?
Нұрлан Дулатбеков: – Біздің елде саяси репрессияның кейбір жақтары зерттелмей жатыр, билік «әлі ерте» дегендей сыңай танытады. Назарбаев ғалымдармен бір кездесуінде бұл тақырыпты зерттеу қажет екенін айтқан, бірақ бұған біз, ғалымдар әлі дайын емес сияқтымыз.
Билік саяси репрессиялар тарихына радикалды тұрғыдан баға беру қоғамның тыныштығын бұзады деп қауіптенеді. Сондықтан қазір біз радикалды емес, орташа саясат ұстануымыз керек. Бірақ халықтың көзін ашып, белгілі бір тарихи кезеңдерді радикалды көзқарас тұрығысынан айта алмаймыз. Біз азбыз, сондықтан халықтың саны ғана емес, сапасын да ойлап, халық арасына іріткі салмауымыз керек. Қазір орыс халқының бір бөлігі Қазақстаннан кетіп жатыр, ал біз үшін, еңбек нарығы мен қоғам үшін бұл жаман емес пе?
Азаттық: – Университетте өзіңіз айтқандай, халықтың көзін ашуға үлес қосып жатқан зерттеулер бар ма?
Нұрлан Дулатбеков: – Бұған бір ғана мысал келтірейін. Румыния мен Молдовадан зерттеушілер «Қазақстанға қоныс аударған жерлестеріміздің тарихын зерттегіміз келеді» деп келді. Шынымды айтсам, оларға «уақытым жоқ» деп, студенттерден көмек сұрадым. Үш студентімді шақырып, «Мұрағаттан 300 адамның есімін тауып қойдым, ал қалғанын іздеуге уақытым жоқ. Көмектесесіңдер ме?» дедім. Олар келісімін берді, сөйтіп үш күнге келген шетелдік қонақтарымыз бес айға қалып, ақыры студенттер мұрағаттардан ішінде қоныс аударушылар да, әскери тұтқындар да, бас еркінен заңсыз айырылған азаматтар (интерн-тұтқындар) да бар 12 мың адамның есімін тауып берді. Мұны көргенде румын әріптестеріміздің көзі шарасынан шығып кете жаздады. Қазір румындармен бірлесіп ғылыми жоба әзірлеп жатырмыз, румын әріптестеріме шарт қойып, үш студентімізді жоба авторы етіп тағайындадық. Бірақ олардан грант сұрамадық, іздеу жұмыстарын өз ақшамызға жүргіздік. Румындар біздің студенттер жайлы фильм түсірді.
Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рахмет.