Біз білмейтін «біз кестенің» шеберлері

Кестелі сурет жасайтын шебер Зейнелхан Мұхамеджанұлы. Алматы, 7 сәуір 2013 жыл.

Қазақстанда кестеден картина жасайтын шеберлер мен зерттеушілер бұл өнердің жаңа кәсіби деңгейге көтерілгенін айтады. Азаттық тілшісі сирек өнер иелерімен және олардың тұтынушыларымен танысып қайтты.
Ою-өрнек, кесте десе, ойымызға ең бірінші оралатыны – түскиіз. Бірақ қазіргі заманауи интерьерде түскиіздің орнын басқа да бейнелеу өнерінің туындылары басып жатыр. Алайда бұл ою-өрнектің көнеріп, кестелеу өнерінің артта қалғанын білдірмесе керек. Зейнелхан Мұхамеджанұлының қазақ халқының дәстүрлі кестелеу өнерімен айналысқанына 30 жылдан астам уақыт болған. Ол ер адам үшін біз ұстап кесте үйренудің оңай болмағанын айтады.

КЕСТЕДЕН КАРТИНА ЖАСАУ

– Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде қаны қызу жас ұстаздарым болды. Олар бейнелеу өнеріне келген адам ұлттық құндылықты заман талабына сай етіп өз қолтаңбасын қалдыру керектігін құлағымызға құйып оқытты. Сол кезден үнемі ізденісте жүретінмін. Бір кеш келіншегімнің кесте тігіп отырғанын көріп, бір ой санама сап етті. Неге кестені картинаға айналдырмасқа! Қыл қаламды қармақ біз, майлы бояуды түрлі түсті жіп алмастырды. Бірақ кестені үйрену оңай болмады. Қолымның икемі келмей біраз қинады, - дейді ол.

Зейнелхан Мұхамеджанұлының бірқатар еңбектері АҚШ, Германия, Оңтүстік
Бір қарысқа жетпейтін қармақ бізбен кестелегенде, қазіргі заман талаптарына сай бейнелеу өнерінің қай түрімен де иық тіресіп тең тұратындай туынды жасауға болатынын мойындаттым.
Корея, Ресей мен Моңғолия елдерінің жеке коллекцияларында сақталған. Оның сөзінше, дүние жүзіне таралып келе жатқан кестені өнер ретінде таныстыру оңай болмаған.

Көнеден келе жатқан дәстүрлі өнерді қазіргі заманғы кәсіби деңгейге шығаруды арман еткен суретші кестенің әлі де ашылмаған мүмкіндіктері көп деп есептейді.

– Бір қарысқа жетпейтін қармақ бізбен кестелегенде, қазіргі заман талаптарына сай бейнелеу өнерінің қай түрімен де иық тіресіп тең тұратындай туынды жасауға болатынын мойындаттым. Бұл – мен ойлап тапқан дүние емес. Тек кестенің ашылмаған қырларын, оның бейнелеу мүмкіндіктерін көрсеттім, - дейді Зейнелхан Мұхамеджанұлы.

Шебердің сөзінше, кесте өнерімен айналысатын адамдар аз болғанымен қызығатын адам көбейген. Бірақ біз кестені кәсіби деңгейге көтеру үшін бейнелеу өнерінің теориясын меңгеру қажет.

Моңғолияда туып-өскен Зейнелхан Мұхмеджанұлы 1992 жылы атамекенге оралғаннан бері кесте өнерімен 20-ға жуық жеке көрме ұйымдастырған. Қазір оның кейбір туындылары 5-6 мың АҚШ доллары көлемінде бағаланады. Шебер қазір Орал Таңсықбаев атындағы Алматы қалалық сәнді қолданбалы өнер колледжінде ұстаздық етеді.

«КЕСТЕЛЕУ ӨНЕРІ ТӨЗІМДІ ТАЛАП ЕТЕДІ»

Ал «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, суретші Гүлназым Өмірзаққызы Астана қаласындағы Менеджмент және бизнес колледжінің дизайн факультетінде біз кесте өнерінен сабақ береді.

Суретші Гүлназым Өмірзаққызы өз шеберханасында. Жеке мұрағаттағы фото.

– Жұмыстарыма қарап студенттерім қатты қызығады. Үйренуге талпынады. Бірақ ары қарай алып кетуге көп жастарымыздың шыдамдылығы жетпей жатады. Бұл таланттың сыртында төзімді қатты қажет ететін өнер ғой. Бірақ талантты да төзімді, республикалық денгейде өтетін байқауларда гран-при алып, жеңіспен оралатын студенттерім де бар. Оларды мақтан тұтамын, - дейді ол.

Біз кестені анасынан үйренген Гүлназым Өмірзаққызы «ұлттық бренд жат елдің қолында кете ме» деп қауіптенеді.

– Ұлттық бренд болатындай құндылықтарымыз басқа елдердің еншісінде кетіп жатқанын көріп жүрміз. Енді кестеден айырылып қалмайық деп барымды салып жұмыс жасаймын. Оны заман талабына қарай абстракция мен ою-өрнекті ұштастырып картина етіп кестелеймін. Кесте өнері мен үшін теңдесі жоқ керемет өнер. Сондықтан да қолым қалт етсе ішкі дүниемді кестеге түсіруге тырысамын, - дейді ол.

ОТБАСЫЛЫҚ ЖОБА

Белгілі өнертанушылар «қазақ бейнелеу өнерінің жаңа ағымын қалыптастырушы» деп бағалаған суретші Өмірзақ Рыстанұлы «дәстүрлі өнер – жаһандану заманында ұлттық ерекшелікті сақтап қалудың кепілі» деп ойлайды.

– «Ата-бабамыздан қалған өнерді қазіргі заманға лайықтап, қазақ бейнелеу өнерінің жаңа ағымын қалыптастыру керек» деген ойға келдім. Сондықтан өз өнерімде қазақ ою-өрнектерін пайдаландым. Өрнектерді қаз қалпында емес оларды классикалық-реалистік өнердің саласына кіргізіп туындылар жасадым.

Қылқалам шебері Өмірзақ Рыстанұлы. Алматы, 6 сәуір 2013 жыл.

Өзім кесте тіге алмаймын ғой. Сондықтан суретін салып беріп, жұбайым кестелей бастады. Бұны екеуіміздің біріккен шығармамыз деуге болады. Ал әйелім екі қызыма үйретті. Осылай отбасымызбен кестелеп сурет салатын болдық, - дейді ол.

Өмірзақ Рыстанұлы кесте өнерін меңгерген адамның аздығынан өнердің шарықтап кете алмай тұрғанын айтады.

– Өнерде әркімнің өз үні болады. Өң таңдаудағы стиль деген бар. Мысалға, біреуіміз жұмсақ түсті ұнатсақ, екіншіміз ашық түстерді жақсы көреміз. Сызу стилі, оны тігу стилі әр түрлі. Бұл өнермен айналысатын адам аз болғандықтан түрлі стильмен көріне алмай жатыр. Сондықтан да кесте өнерінің дамуы әлі биік деңгейге көтеріле қойған жоқ. Мемлекеттің қолдауымен шәкірт тәрбиелеу ісін қолға алатын болсақ, әлі бағындырар шыңымыз биік, - дейді суретші.

Кесте өнеріне өзіндік үлесін қосып жүрген Рыстанұлы әулеті 10-ға жуық жеке көрме ұйымдастырған. Сонымен бірге отбасы коммерциялық мақсатта халыққа қол жетімді бағадағы суреттерді жәрмеңкелерге шығарып сатып тұрады.

«БЕЙНЕЛЕУ ӘН МЕН БИДІҢ ТАСАСЫНДА ҚАЛДЫ»

Азаттық тілшісі өнертанушы жастардың пікірін білмек мақсатпен Қастеев атындағы мұражайға барған еді. Дәстүрлі қол өнері көркем өнер деңгейіне көтерілуге талпынып, шетелдерге танылып жатса да, қазақ жастарының ішінде бұл өнерді алғаш көріп тұрғандар да кездесті. Алматы индустриалдық колледжінің студенті Ертуған:

– Кестемен салған суретті алғаш көріп тұрмын. Біз бен жіпті осындай өнер туындысына айналдыру деген мүмкін емес сияқты боп таңырқап тұрмын. Егер бұл өнерді мемлекет жақсылап қолдаса, ұлттық бренд боларына сенімдімін, - дейді.

Ал Ақмоншақ есімді студент қыз қолөнер жәрмеңкелерінен кестеленген суретті көргенін айтады.

– Қолөнер жәрмеңкесінен осы кестеленген суреттің дәптердей пішіндегісін көрдім. Бағасын қызығып сұрағанымда 10-15 мың теңге аралығында болған. Ал осындай үлкен көлемдегі кәсіби өнер туындысын көріп тұрғаным осы.

Өнертанушы Гүлнәр Жұманиязова. Алматы, 9 сәуір 2013 жыл.

Апа-әжелеріміздің тігіп жүрген түскиіздің осындай өнерге айналғанына қарап аң-таң боп тұрмын, - деді ол.

Өнертанушы Гүлнәр Жұманиязова кестеленген сурет арқылы қазақ бейнелеу өнерінің жаңа ағымы, жаңа мектебі қалыптасты деп санайды.

– Қазір негізі қазақ дәстүрлі қолөнерінің халық өнерінен көркем шығармашылық дәрежеге дейін көтерілетін уақыт жетті деп айтсақ болады. Соның ішінде кестелеу өнерінің өзіндік жеке мектебі қалыптасты деуге толық негіз бар. Біздің Қастеев атындағы мұражайға келушілердің ішінде «Кестеден картина салған ба?» деп таң қалатындар көп болады. Бұл әлі де болса кесте өнердің насихатының аздығын көрсетсе керек. Жалпы бейнелеу өнері ән-би өнерінің тасасында қалып бара жатыр. Сондықтан өнертанушылар ізденуіміз керек. Жас таланттар мен жаңа қалыптасып жатқан мектептерді көре білуіміз керек,- деді өнертанушы.