«Бұрғылау» кәсіпорнының аштық акциясындағы 4 жұмысшысы ауруханаға түсті, мекеме басшылығы шығындарын есептеуде

Жұмысшылары ереуілдеп жатқан «Бұрғылау» ЖШС-нің директоры Төлеген Әжібаев (сол жақтан екінші) әріптестерімен бірге Наурыз мерекесінде. Жаңаөзен, 22 наурыз 2009 жыл.

Жаңаөзен қаласында «Бұрғылау» ЖШС-нің жүздеген бұрғышысының жаппай ереуілі 20 наурызда басталған еді. Алты күн өткенде аштық акциясындағы 16 адамның төртеуі ауруханаға апарылды. Төлеген Әжібаев ереуіл салдарынан 200 миллион теңгеге жуық шығын келтірілгенін айтады.
Өндіріс базасындағы жұмыстың тоқтап тұрғанына алтыншы күн болды. Компания директоры Төлеген Әжібаевтың айтуынша, жұмыс тәртібі реттелмеген жағдайда «Бұрғылауға» өндіріс көлемін тапсырушы «ҚазМұнайГаз» келісімшарттардан бас тартып, жүздеген бұрғышы тіпті жұмыссыз қалуы мүмкін.

«Бұрғылау» ЖШС-нің директоры Төлеген Әжібаев күрделі жөндеу бригадасы жұмысының бір күн тоқтап қалғандағы шығыны – 500 мың теңге. Ал бұрғылау бригадасы бір тоқтап қалса, мекеме 3 миллион теңге шығынға ұшырайды дейді.

- Биыл ақпан айында қол қойылған келісімшарт бойынша біз ұңғыларға күрделі жөндеу жұмыстарының жоспардағы көлемін аяқтауымыз керек. Тапсырыс берушілер жоспар орындалмаса, күрделі жұмыс көлемінің бір бөлігін басқа бір мекемелерге тапсыратындығын ескертті. Аймақта жұмыс таппай отырған, ұңғыларды күрделі жөндеумен айналысушы компаниялар жетеді, - деді Төлеген Әжібаев.

Серіктестік басшысының айтуынша, 2009 жылғы ақпанның 6-ы күні «Бұрғылау» ЖШС-і 130 ұңғыны күрделі жөндеуге қатысты 1 млрд 81 млн теңгенің тендерін жеңіп алды. Бұдан бөлек, наурыздың 6-ы күні серіктестік тағы бір тендерге қатысып, 6 млрд 860 млн теңге болатын 55 ұңғыны бұрғылауға «ҚазМұнайГаз» БұрғылауӨндіру» акционерлік қоғамымен наурыздың 16-ы күні келісімшартқа отырды. Яғни, бүгінгі күні компанияға жүктелген міндеттер және жұмысшыларға артылған жұмыс көлемі де жеткілікті.
Жаңаөзендегі "Бұрғылау" кәсіпорнының жұмысшылары ереуілде. 23 наурыз, 2009 жыл. (сурет түнде түсірілген)


Алайда жаппай ереуілдеп отырған бұрғышылардың өздері соңғы уақыттары өндіріс көлемі мен жалақы мөлшері күрт кемігендігін, компания басшылығы мәжбүрлі түрде қысқарту әрекеттеріне көшкендігін алға тартады. Бұрғышылар ереуілінің басты талабы- «Бұрғылау» компаниясын «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамның құрамына қайта өтуі.

Серіктестік басшысы Төлеген Әжібаев бұрғышылардың бұл талабын орынсыз деп есептейді:

- Менің ойымша, жұмысшылардың қойып отырған талаптары дұрыс емес. Компанияны сатып алған адам оны қайта сатпайды. Бұған қоса «Бұрғылауды» сатушының өзі де саудаға салған дүниені қайта сатып ала ма, жоқ па, ол жағы тағы белгісіз.

Жаңаөзеннен алынған ең соңғы мәліметтерге қарағанда, аштық акциясындағы 16 адамның төртеуі денсаулық жағдайымен ауруханаға түскен. Бұл туралы наразылық акциясына қатысушылардың бірі Қарлыбай Бұтанбаев телефон арқылы хабарлады. Ашығып жатқандардың қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық.

Осыдан екі жыл бұрын «ҚазМұнайГаз» БарлауӨндіру» акционерлік қоғамы өзінің қарамағындағы бұрғылау және барлау қызметін атқаратын «Бұрғылау» ЖШС-нің 100 пайыз жарғылық капиталын саудаға шығарып, соған қатысты 2007 жылы шілденің 2-і күні өткізілген тендерді «СБП «ҚазМұнайГаз-Бурение» ЖШС-і жеңіп алған болатын.

- Қазақстанда бұрғышы маманды табу өте қиын. Оны дайындау үшін қаражат пен уақыт керек. Соған байланысты, жоспардағы жұмыс ауқымын есепке ала отырып, 2008 жылы тағы 253 бұрғышыны жұмысқа қабылдадық. Алайда, қаржы дағдарысына байланысты, жоспарланған инвестиция бізге түспей қалып, сол жұмысшыларды қайта таратып жатырмыз. Өйткені біз оларды жұмыспен қамтамасыз ете алмаймыз. Бұл қысқарту емес, келісімшарттың мерзімінің бітуіне байланысты заңға сәйкес әрекет, - деді серіктестік директоры Төлеген Әжібаев.

Оның айтуынша, басқармада бюджет бойынша жоспарланған орташа айлық - 127 мың теңге. Компания 2009 жылдан бастап, жұмыс көлемінің аздығына байланысты, төрт сағаттық жұмыс тәртібіне көшкен. Соған қарамастан, серіктестік басшылығы «Бұрғылаудың» қазіргі жағдайы, аймақтағы басқа да бұрғылау мекемелеріне қарағанда, жаман деп есептемейді.

- Компания өз қызметі барысында бұдан да қиын кезеңдерді басынан кешірді. Мысалы, біздің мекеме «ҚазМұнайГаз» БарлауӨндіру» акционерлік қоғамына қарайтын 1998-1999 жылдары бұрғылауға тапсырыс болмай, жұмысшылар жан-жаққа қаңғырып кеткен еді. Менің есептеуім бойынша, қазір біздің жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Төрт сағаттық жұмыс тәртібіне көшу қадамы да бұрғылаушылар далада қалмасын деген ниетпен жасалды. «Өле жегенше, бөле же» деген қазақта мәтел бар, - деді Төлеген Әжібаев.

Бұрғылау және ұңғыларды күрделі жөндеу жұмыстарымен айланысатын «Бұрғылау» компаниясы 1997 жылы қазан айында құрылған. Қазіргі таңда серіктестіктің есебінде 1773 жұмысшы бар.

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы "Бұрғылау" кәсіпорнында жүздеген жұмысшының ереуілі мен тағы ондаған адамның аштық акциясы наурыздың 20-ы күні басталған болатын. Наразылық білдірушілер кәсіпорын қайтадан мемлекет меншігіне өтпейінше қарсылығымызды жалғастыра береміз дейді.