Ұлттық экономика министрі қол қойып, наурыздың 1-і күні күшіне енген бұйрықта «Қазақстан қалаларының магистраль және транзит көшелері бойында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің сыртқы қабырғасына кондиционер орнатуға болмайды» деп жазылған.
Your browser doesn’t support HTML5
Сонымен біре ол бұйрықта көп қабатты үйлер мен қоғамдық ғимараттардың сыртқы қабырғасына Қазақстан аумағына телерадио хабарларын таратуға лицензиясы жоқ байланыс және телехабар операторларының эфир сигналын спутниктен қабылдайтын құрылғыларды орнатуға да тыйым салынған. Жаңа ереже «халық қауіпсіздігі мен елдімекендердің архитектуралық келбетін сақтау» қамымен енгізілді деп жарияланған.
Бұған дейін шенеуніктер әлгі бұйрықта аталған билік үйлердің сыртқы қабырғасына орнатылған ауа кондиционерлері мен антенналарды алып тастау туралы талап орындамаған тұлғалға 40 мың теңгеден 210 мың теңгеге дейін айыппұл салынады деп ескерткен болатын.
Әлеуметтік желілерде өрбіген қызу пікірталаста биліктің бұл бұйрығын қолдаушыдан гөрі сынаушылар көбейіп, Алматының белсенді тұрғындарының кейбірі жаңа ереженің күшін жоюды талап ете бастаған.
ДАУ ТУДЫРҒАН ШЕШІМ
Алматылық Асылхан Ақбаев – әлгіндей шешімнің дұрыс емес екенін дәлелдеп, заңгерге жүгінген тұрғындардың бірі.
– Мен Самал шағын ауданында тұрамын, пәтерімнің балконы үлкен көше жаққа қарайды. Мұндай бұйрықтарды халықпен кеңесіп алмай неге шығарады? Біреулер мұны желеу етіп қалтасын толтырып жүрген шығар әлде ЭКСПО-ға [2017 жылы Астанада өтетін көрмеге] ақша жинап жатыр ма? – дейді Асылхан Ақбаев Азаттыққа.
Алматының қарапайым тұрғыны «Мемлекетке қарсы шыға алмайсың, сот шешімін орындаушылар келіп, айыппұлды бәрібір төлетеді» деп санайды. Бірақ, Қазақстанның ең ірі қаласы тұрғынының ашуы ұзаққа бармады – жақында көше бойындағы көп қабатты үйлердің сыртқы қабырғасына кондиционерлер мен спутник табақшаларын орнатуға салынған тыйым күшін уақытша жоятын бұйрық шыққаны мәлім болды.
Ұлттық экономика министрлігі комитетіне қарасты техникалық реттеу және межелеу басқармасы бастығы Сәуле Мұстафаеваның мәлімдеуінше, қазір көп қабатты үйлердің сыртына кондиционер орнату талаптары жаңадан салынып жатқан ғимараттарға қатысты ғана қолданылады. Билік өкілдері мәлімдемесінде «Осыған байланысты ертеректе орнатылған кондиционерлерге бұл талап қойылмайды. Бірақ қазір біз елдегі тұрғындардың осы мәселеге қатысты өтініш-талаптарын қарап жатырмыз. Жуырда бұл талап алынып тасталуы мүмкін» деп айтылған.
Алматы қаласындағы кей ПИК-тер (пәтер иелері кооперативтері) күші жойылған бұйрықпен тіпті танысып та үлгермеген. «Азамат» ПИК-і төрайымы Олеся Филимонованың Азаттыққа айтуынша, жаңа ережені тұрғындарға жеткізуді бұйырған ешқандай телефонограмма немесе хабарландыру түспеген. Тұрғындар да ПИК-ке шағымданбаған, әкімдіктен де ешкім келмеген.
«Көктем» ПИК-і төрағасы Серік Балабаевтың Азаттыққа айтуынша, бұйрық шыққанға дейін де, оны өзгерткеннен кейін де халық арасында ешқандай түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген.
– Бізде қабырғасы көше жаққа қарайтын үй жоқ. 298 үйдің ішінде 17-ші және 2-ші үйлер ғана үлкен көшенің бойында тұр, қалғандарының бәрі аула жаққа қарай орналасқан. Тұрғындардың ешқайсысы кондиционерлерді алып тастап жатқан жоқ, бізде жаңа үй жоқ, бәрі 1970 жылдары салынған үйлер. Егер кондиционерлерді алып тастауды талап ететін заң шықса, не шара, орындаймыз. Тұрғындарымыз кондицинерлерді өзге орынға орната алмайды, әлеуметтік проблема – ұрлық басталады, - дейді Серік Балабаев Азаттыққа.
ДЕ-ЮРЕ ЖӘНЕ ДЕ-ФАКТО
Бірақ, елдегі кезектен тыс парламент сайлауы қарсаңында күші жойылған әрі ондаған, тіпті жүздеген мың тұрғынға қатысы бар бұйрық жергілікті белсенділер мен заңгерлердің талқысынан сырт қалмады. Заңгер Мұрат Кемелбеков атқарушы билік халыққа арналған тауарлар мен азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін тексеруге құқылы, бірақ дәл осы мәселеде әлсіз тұстар бар деп санайды.
– Егер әлдебір өнім түрі жұрттың денсаулығы мен қауіпсіздігіне зиянды болмаса, кез-келген жеке азамат немесе заңды тұлға бұл шешімге келіспейтінін айтып, сотқа жүгіне алады. Тұрғын үй ғимараттары ортақ үлестік меншік болып саналады, тұрғындар оған иелік етуге ерікті. Олар архитектуралық жағынан заңға қайшы болса және адамдардың өмірі мен денсаулығына зардап келтірсе ғана шектеу сала алады, - дейді Мұрат Кемелбеков Азаттыққа.
Ал заңгер Бекзат Болатовтың пікірінше, егер жұрт өзімбілемдікке салынып, ғимараттардың әсем келбетін өзгерте бастаса, қаланың архитектуралық келбеті шынымен бұзылады. Заңгер мемлекеттің мұндай заң қабылдауға құқы бар деп санайды.
– Негізі біздің елде, әсіресе оңтүстік аймақтарда мұқият ойластырылмаған жайттар кездеседі, сондықтан бірыңғай стандарт енгізіп, арнайы дизайнын жасап, кондиционер орналастыратын қалташалар орнатып, бұл мәселені шешу қажет. Өкінішке қарай, заң жұртқа ұнап немесе ұнамаса да, оны бәрібір орындау керек, - дейді Бекзат Болатов.
Алматылық сәулетші Абзал Ахаев шенеуніктер бұл мәселенің оңтайлы шешімін ұсынуы тиіс деп санайды. Оның айтуынша, кондиционерлер қала келбетін бұзбайды әрі көзге түспейді.
– Қазір біз жаңа үйлер салу кезінде кондиционер үшін арнайы тор орнатып жатырмыз, ал ескі үйлердегі кондиционерлерді қалдыруға болады, - дейді Абзал Ахаев Азаттыққа.
2014 жылы Түркіменстан билігі Ашғабатта «қаланың сырт келбетін жақсарту мақсатында» тұрғын үйле қабырғаларынан көптеген ауа кондиционерлерін алып тастаған болатын. Халқы наразылық акциясын өткізу мүмкіндігінен баяғыда айырылған авторитарлы мемлекеттің астанасында кей тұрғындар биліктің әлгіндей іс-әрекетіне қарсылық танытып, көшеге шыққан. Бұл оқиғалар сол жылы көптеген елдерде, әсіресе Түркіменстанда әдеттен тыс ыстық байқалған жаз кезінде болған еді.