НҰР-СҰЛТАН "ПЕКИННІҢ ЫРҚЫНА ЖЫҒЫЛУ" САЯСАТЫН САҚТАП ҚАЛА АЛА МА?
Америкалық Jamestown.org талдау орталығы "Экономикалық әріптестік тығырыққа тірелген сайын, Қазақстанда Қытайға қарсы көңіл-күй артып келеді" деген мақаласында Қазақстандағы жағдайды саралап, кейінгі жылдары халық арасында Қытайға қарсы наразылық күшейе бастағанын жазды.
Биыл 6 шілде – астана күнінде (бұл мереке бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне тұспа-тұс келеді) Алматыда Назарбаев режимін бұрыннан сынап келе жатқан белсенді Жанболат Мамайдың ұйымдастыруымен наразылық акциясы өтті. Мамай бастаған шағын топ Назарбаевты саяси сахнадан біржола кетуге шақырып, Қазақстанның Қытайға экономикалық тәуелділігін сынап, елдегі ахуалға қатысты наразылық білдірді. Кейінірек наразыларды полиция таратып жіберді.
Наразылық акциясына шыққандар мен полиция, Алматы, 6 шілде 2021 ж.
Your browser doesn’t support HTML5
Jamestown "Кейінгі жылдары Қазақстанда бұл мәселе жиі көтеріліп жүр, бірақ билік бұл тақырыпқа келген үнсіз қалғанды жөн көреді" деп жазды.
Ақпараттық ресурс наурыздың соңында Жанболат Мамай биліктің рұқсатымен (Қазақстанда бейбіт жиындар өткізуге рұқсат беру – сирек кездесетін құбылыс) тағы бір митинг өткізгенін еске салады. Митингінің басты тақырыбы Қытай экспансиясына, яғни, қос мемлекеттің Қазақстан аумағында өндірістік кәсіпорындар салу жоспарына қарсылық болған.
Шыңжаңдағы туыстарымен байланысы үзілген этникалық қазақтар ақпаннан бері Алматыдағы Қытай консулдығының алдында пикет өткізіп келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шыңжаңдағы үш ұлынан тірідей айырылған ананың күресіОлардың туыстары Шыңжаң өңіріндегі ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылман халық өкілдерін күштеп ұстауға арналған "қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" қамауда отырған болуы мүмкін. Әлем елдері Қытайдың Шыңжаңда жүргізген репрессивті саясатын сынап отыр. Кей батыс мемлекеті Шыңжаңдағы оқиғаны "геноцид" деп атаған.
Jamestown "Не Назарбаевтың, не қазіргі президент, қытай тілінде еркін сөйлейтін Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан билігі Қытаймен қарым-қатынасын бүзғысы келмейді” деп топшылайды.
Материал авторы Тоқаевтың 2019 жылы желтоқсанда Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында "[Шыңжаңдағы мәжбүрлі еңбекке тарту туралы] материалдар шындыққа жанаспайды деп ойлаймын. Қайта тәрбиелеу мекемелеріне бірлі-екілі қазақ түскен кездер болған шығар, бірақ […] қазақтарды ол жаққа жаппай қамау тенденциясы жоқ" дегенін мысалға келтіреді.
"2020 және 2021 жылдары Қытайдың Каспийдің энергетика саласындағы экономикалық мүддесіне қарсы аз бірнеше наразылық акциясы өткен. Автордың пікірінше, қоғамға Қытайдың қазақстандық мұнай өнеркәсібіндегі ықпалы артып келе жатқаны ұнамайтынын, халықтың 2014 жылдың өзінде қытай менеджерлерінің қайшылықты басқару әдістеріне қарсы болғанын түсіну қиын емес. Бұл тақырып Жаңаөзендегі мұнайшылар көтерілісі (наразылық шарасы бейбіт халыққа оқ атумен аяқталған) кезінде де көтерілген.
Бірақ Қытайға қарсы көңіл-күйдің шырқау шегі 2016 жылға тұспа-тұс келді. Ол кезде "екі апта бойы күн сайын 2000-ға жуық адам үкіметтің Қытай компанияларына жерді жалға беру жоспарына қарсы шықты". Нәтижесінде жерді жалға беруге мораторий жарияланды. 2021 жылы мамырда мораторий уақыты бітуге таяғанда биліктің жер кодексін өзгертуге талпынысы қоғам қарсылығына ұшыраған соң, президент Тоқаев ауыл шаруашылық жерлерін шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңға қол қойды.
Қытай – Қазақстанның Ресейден кейінгі екінші ірі сауда серіктесі және негізгі инвесторы. Бірақ пандемия мен мұнай саласындағы дағдарыс біраз өзгеріс әкелді. Jamestown дерегінше, Қытай 2013 және 2014 жылдары Қазақстанға 670 және 569,4 миллион доллар инвестиция салып, 2020 жылы 811 миллион доллар пайда көрген. Ресми дерек бойынша, Ресей 2013 жылдан бастап жыл сайынғы таза инвестиция ағымын сақтап келеді.
Мақала авторы қазіргі жағдайда Нұр-Сұлтанға "Пекиннің ырқына жығылу саясатын" сақтап қалу қиынға соғады деп есептейді.
"Орталық Азияда Қытайдың "Бір белдеу – бір жол” бастамасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру процесі баяу жүріп жатқандықтан, Қазақстан билігіне [қоғамдағы] жалған ақпарат пен ескі қорқыныштардан туған Қытайға қарсы мәлімдемелерге қарсы тұру қиындай түседі" деп болжайды Jamestown.
ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІГЕ КЕТІП ЖАТЫР
Ағылшынтілді Eurasianet.org сайты қазақстандық жастардың ақпаратты қайдан алатынын талдап көрген.
Биыл қазақстандық KIMEP және Австралиядағы Канберра ұлттық университетінің зерттеушілері мен оқытушылар тобы Алматыдағы бірнеше жоғары оқу орнында зерттеу жүргізіп, студенттер батыс елдеріндегі әріптестері сияқты жаңалықтарды әлеуметтік желілерден алады деген қорытындыға келген. Респонденттердің 60 пайызы ақпарат алудың негізгі әрі жалғыз көзі – әлеуметтік желі деп көрсеткен.
Сауалнамаға қатысушылар жиі қолданатын әлеуметтік желілер қатарында Instagram (56 пайыз) көш бастап, одан кейінгі орындарда YouTube пен Telegram (екеуі де 11 пайыз) және Facebook-тің ресейлік баламасы VK (үш пайыз) тұр.
Сауалнама нәтижесі AppStore және Google Play платформасындағы қосымша жүктеу тенденциясына сәйкес келеді. Бірақ бір кездері Ресейде танымал болған "Одноклассники" желісі жиі қолданылатын әлеуметтік желілердің алғашқы елулігіне де кірмейді.
Авторлардың пікірінше, барлық тенденциялар күтілген нәтижелерге сәйкес келеді. Бүкіл әлемде Y және Z толқындарының өкілдері (яғни, 40 жасқа дейінгі азаматтар) арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі әлеуметтік желілердің жергілікті және әлемдік жаңалықтармен танысуға арналған ең танымал ақпарат көзі екенін дәлелдеген. Eurasianet Қазақстанда бұл феноменнің басқа астары бар деп санайды.
"Бұл толқын өкілдері билік оңай бақылауда ұстайтын қызықсыз мемлекеттік пропаганда мен ресейлік әлеуметтік желілерден сырт айнала бастады" деп жазады Eurasianet.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың "арсыз пропагандисі" және Қазақстандағы "балама БАҚ"Instagram, YouTube пен Telegram желілеріндегі трафиктің өсуі жас қазақстандықтар интернеттегі балама жаңалық көздері мен ашық талқылауды ұнататынын растайды.
"Дәстүрлі авторитарлы үкіметтер ақпарат құралдарын бақылауда ұстау арқылы өз позициясын күшейтіп отыр. Қазақстан билігі жекеменшік басылымдарға үнемі қысым көрсетеді. "Шекарасыз тілшілер" ұйымының дерегінше, былтыр Қазақстан сөз бостандығы рейтингінде әлдеқайда жабық мемлекет саналатын көршісі Өзбекстаннан да нашар нәтиже көрсеткен" деп жазады Eurasianet.org.
Мақалада "Цифрлық технологиялар дәуірінде бұрынғы мемлекеттік пропагандалық стратегиялар тиімсіз болып қалды. Нұр-Сұлтан тәуелсіз ақпарат құралдарын қолдамайды, сондықтан қоғамдық пікір қалыптастыратын адамдар әлеуметтік желілерге көшіп, сол жақта ой бөлісе бастады. Өйткені әлеуметтік желіні толықтай бұғаттап тастамаса, оған цензура қолдану қиын" делінген.
Eurasianet Қазақстан билігінің әлеуметтік желілерді де бақылауға тырысып көргенін еске салған. 2018-2019 жылдары Қазақстан режимінің белсенді қарсыласы, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов тікелей эфирге шыққан кезде әлеуметтік желілер бұғатталып, істемей қалатын. Ал 2020 жылы Қазақстан билігі азаматтарын мобильді құрылғыларына онлайн-белсенділікті бақылауға мүмкіндік беретін "қауіпсіздік сертификатын" орнатуға мәжбүрлемек болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Apple, Google мен Mozilla қазақстандық "қауіпсіздік сертификатын" бұғаттадыЗерттеу авторлары әлеуметтік желілерде қазақстандық балама жаңалықтар ортасы кеңейіп келе жатқанын байқаған. Қазақстандық танымал La Shapalaque Instagram парақшасының негізін қалаушы Әділ Закенов жақында берген сұхбатында өзіне жазылған 52 мың оқырманның 80 пайызы 35 жасқа толмаған азаматтар екенін; олардың көбі жақында ғана университет бітіргенін айтқан.
Зерттеу авторларының пікірінше, әлеуметтік желідегі бірқатар блогер мен пікір білдіруші қазақтілді журналистикадағы бос кеңістіктің орнын толтырып жатыр. Респонденттердің көбі (69 пайызы) жаңалықтарды орыс тілінде, қалған бөлігі (27 пайызы) қазақ тілінде оқиды.
"Орталық Азияда жүргізілген академиялық зерттеулердің көбі тенденциялардың дамуын [дәстүрлі] басылымдарды зерттеу арқылы түсіндіреді. Бірақ посткеңестік ұрпақтың болашағын жақсырақ түсіну үшін әлеуметтік желілер кеңістігін бақылау қажет" дейді зерттеушілер.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кері кету". Қазақстандағы адам құқықтары ахуалына берілген баға