Ресей азаматы мен мигранттың көрешегі бір

Жұмыс істеуге рұқсат алу үшін Ресей федералдық миграциялық мекемесі алдында кезекте тұрған мигранттар. Мәскеу, 25 қазан 2013 жыл.

Ресейге шетелден келген еңбек мигранттарының өмірі кісі қызығарлықтай емес. Бірақ мигрант пен Солтүстік Кавказда туып-өскен Ресей азаматының Мәскеудегі тауқыметі ұқсас болып шықты.
Азаттық тілшісі Мәскеуде тұрып жатқан тәжік және ингуш ұлты өкілдерімен сөйлесіп, осыған көз жеткізді.

«ӨЗ ЕЛІМДЕ БӨТЕНМІН»

Бұл екі азаматтың өмірінде ұқсас жағдайлар көп. Екеуі де жиырмалар шамасында, екеуі де Мәскеуге табыс іздеп келген. Екеуі де жұмыс іздеп жүріп дискриминацияға ұшырайды, полиция оларды көрсе, тергей жөнеледі. Екеуі де баспана іздеп сандалады. Екеуінің де орыс достары жоқ. Бірақ бір айырмашылық бар: 22 жастағы Мирзо Курбонов - Тәжікстаннан келген мигрант, Мәскеуде тұрғанына екі жыл болған; ал аты-жөнін толық айтқысы келмеген ингуш ұлты өкілі Зубейр – Ресей азаматы. Солтүстік Кавказ аймағынан келген оның Мәскеуде тұрып жатқанына 7 жылдан асқан.

Зубейрдің тағдыры төлқұжаттағы «Ресей азаматы» деген жазуға қарамастан, мигранттар тағдырына қатты ұқсайды. Ол өз елінде бөтен болып жүргенін айтты.

- Мен өзімді осы елдің азаматы ретінде сезіне алмаймын, - дейді ол.

ДИСКРИМИНАЦИЯ МЕН БЮРОКРАТИЯ

Екі жігіт Азаттық тілшісімен Мәскеудің солтүстігінде орналасқан өзбек кафесінде сөйлесті. Кафеге жақын жерде Савеловский теміржол станциясы бар. Жақында ғана сол жерден полиция шеттен келген еңбек мигранттарын ұстаған еді.

Көкөніс базарында жұмыс істейтін мигранттар. Мәскеу, 11 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Шетелдік мигрант ретінде Курбоновтың көп қиындық көргені анық, бірақ екі адамның басынан кешкендері қатты ұқсайды. Қиындықтар баспана іздеуден басталады. Жалға пәтер беретіндердің көбі «славян тектес» ұлт өкілдерін немесе батыстан келген шетелдіктерді тәуір көреді. Зубейрдің айтуынша, жалға берушілермен телефон арқылы сөйлескенде акцентсіз, орыс тілінде еркін сөйлеп, олардың көңілін тапқанымен, пәтерді көруге келгенде оның түріне қарап әлгі адамдар айнып қалатын көрінеді. Ол пәтер көруге келгенде «басқа адамға беріп қойдық» деген сөзді жиі естіген.

Зубейр де, Курбонов та баспананы ақыр аяғында мұсылман жамағаты арасындағы таныстары мен достары, туыстары арқылы тапқандарын айтады.

- Бұл - өте қиын мәселе, өзіңді қор сезінесің. Славян болмасаң, пәтер жалдай алмайсың. Бұл - әділетсіздік. Ал егер пәтер жалдауды «күрес» деп атасақ, қызметке орналасу кезіндегі кемсіту – бөлек мәселе, - дейді ол.

Бірнеше жыл бухгалтер болып істеген, банкте клиенттермен байланыс бөлімінде тәжірибеден өткен ингуш ұлтының өкілі Зубейр банк филиалы бастығының орынбасары қызметіне орналасуға өтініш берген екен. Сұхбат кезінде «қайдан келдің?» деп сұрайды. «Ингушетияның Малгобек қаласынан» деген сөзді айтуы мұң екен, әңгіме кілт үзілген. Асығыс жинала бастаған банк қызмкеткері «Жақсы, сізге кейін хабарласамыз» деген.

Мәскеудің Бирюлев ауданында мигранттарға қарсы бүлік жасаған орыс ұлтшылдарының бірі. Ресей, 13 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Зубейр осындай тәжірибеден соң ресейлік компаниялардан үміт үзген. Оның орнына жақын туысының ұсынысымен шетелдік фирмаға қызметке тұрған. «Ресейлік компанияларға жолағым келмейді» дейді ол.

Мәскеуде жеке бас құжаттарыңды реттеудің өзі бір қиямет. Бұл қалада тұрмайтын азаматтар, оның ішінде ресейліктер де билік орындарына жыл сайын мекенжайын хабарлап тұруы тиіс. Талапты орындамаған жағдайда полиция қызметкерлері тергеуі мүмкін, сырт келбеті славяндарға ұқсамайтын адам тексеріске көп ілінеді.

Достары арқылы баспана тапқан Зубейр тұрып жатқан жеріне тіркеле алмай, Мәскеулік бір танысының пәтеріне тіркелді. Жергілікті ауызекі тілде «резиновый» (созылмалы – ред.) деп аталатын пәтерлерге тіркелу шетелдік мигранттар үшін таңсық жайт емес.

«БАСҚА БАРАР ЖЕРІМ ЖОҚ»

Курбонов сияқты мигранттар үшін бұндай бюрократиялық кедергілер мәселенің бір қыры ғана. Көптеген компаниялар шетелдік мигранттарды қағаз жұмысының көптігі мен артық шығыны үшін жалдағысы келмейді. Нәтижесінде олардың көбі миграциялық полицияға тіркелу, жұмысқа тұруға рұқсат алу, медициналық сақтандыру және тағы басқа құжаттар үшін өздері жүгіреді. Осыншама бюрократиялық сатыдан өту үшін ресми және бейресми төлемдер жасау керектігін Курбонов жақсы біледі.

Оның айтуынша, мигрнаттардың көпшілігі осының бәріне бас ауыртпау үшін бұл жұмыстарды тындырып беретін компаниялардың қызметіне жүгінеді.

Жұмыс істеуге рұқсат алу үшін Ресей федералдық миграциялық мекемесі алдында кезекте тұрған мигранттар. Мәскеу, 25 қазан 2013 жыл.

- Жұмыс істеуге рұқсат керек пе – ол да ақша. Тіркелу – ол да ақша. Егер компания арқылы құжаттар жасасаң – 43 мың рубль (1 мың 344 АҚШ доллары), ал өзің жүгірсең 23 мың рубль кетеді. Пәтерге тіркелу деген өте қымбат, айтудың өзі қорқынышты, - дейді Мирзо Курбонов.

Әрине, мұның бәрін жасамай-ақ, тіркелмей, жасырынып жүруге де болады. Бірақ ондай мигрантты басынатындар тіпті көбейе түседі.

Осыншама машақатқа қарамастан, Мәскеуде жүрген Курбонов жұмысын жиі ауыстырады. Ол көлік жуды, курьер, аспаз болды, пицца мен суши пісірді. Еңбек мигранты болғандықтан, жұмыс орнының шығыны көбейсе, ең бірінші болып қысқартуға түседі.

Бірақ осы қиындықтың бәрінен полицияның қысымы асып түседі. Мигранттар үнемі полициядан қорқып жүреді, олар мигранттарды қорлап, пара сұрайды. Зубейрдің айтуынша, мешітке кетіп бара жатқан жерде оны полиция тоқтатып, тінткен, бірақ ресейлік төлқұжаты мен Мәскеуге тіркелгенін көрген соң бірден босатқан.

Қараторы жүзінде секпілі бар Курбоновтың орыс емес екені бірден байқалады. Оны полиция кейде күніне 2-3 рет тексереді.

- Бір топ полиция метрода күтіп тұрады. Кавказдық немесе азиялық адамдарды, қысқасы славяндарға ұқсамайтын кісінің бәрін тоқтатады. Құжаттарын тексеріп, уақытша қамау орнына апарып, уақытыңды алады, - дейді Курбонов.

Тәжік мигранты телефонымен хабарлама жіберіп тұр. Мәскеу, 23 қыркүйек 2009 жыл.

Осының бәріне шыдап келе жатқан Курбонов сияқты мигранттар Ресейден кетіп қалғысы-ақ келеді, бірақ басқа барар жерлері жоқ. Жұмыссыздық пен кедейшілік жайлаған Тәжікстандағы үйіне олардың оралғысы келмейді.

- Шынымды айтсам, осының бәрінен құтылғым-ақ келеді. Бірақ Тәжікстандағы жағдай бұдан да жаман. Мен әділетсіздік пен сыбайлас жемқорлықты барлық жерден көріп келемін. Тәжікстанда не бар? Онда жұмыс та, жағдай да жоқ, - дейді Мирзо Курбонов.

Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.