Украина әскері «Краматорск оқиғасынан» сескеніп қалды

Краматорск маңындағы Украина әскері. 16 сәуір 2014 жыл.

Украина билігі «армия елдің шығысында тәртіп орнатады, терроризмге қарсы операция жүргізеді» деп мәлімдеді. Бірақ тәртіп орнатудың орнына қарулы күштер Краматорск қаласында алты БТР-інен айырылды.
Сәуірдің 15-і күні Украина армиясының алты бронетранспортері Краматорск қаласында ресейшіл жасаққа берілді. Ел президенті міндетін атқарушы Александр Турчинов «қорқақтығын көрсеткен әскерилер сот алдында жауап береді» деді.

«ЖАСҚАНШАҚ ӘСКЕР»

Сепаратистер БТР жолына кесе көлденең машина қойып, солдаттардан өз жақтарына өтуді талап етті. Ол жерде бейбіт шерушілермен қоса, халық арасында «жасыл адамдар» аталып кеткен ресейшіл (айырым белгісі жоқ) қарулы әскерилер де жүрген. Олардың көбі бетперде киіп алған.

Жағдайды ушықтырмау үшін солдаттар шерушілер талабын орындап, броньді көліктерінен түскен. Бірақ қаруларын бермеген. Кейін бұл әскери техниканы ресейшілдер Славянск қаласына жеткізді.

Дәл осындай жағдайды мен сол күні Краматорскінің оңтүстік шетінде орналасқан Пчелкино ауылынан да көрдім. Жергілікті ресейшіл жауынгерлер түскі сағат үштен бастап кешке дейін 14 БТР-ді қоршап тұрды. Солдаттарды қоршаған ресейшілдер «жараланып қалудан қорыққандарын» айтты.

«Жасыл адамдар» мұнда да болды. Олар Украина жауынгерлерімен келіссөз жүргізді. Украина әскерилері берілуден бас тартты. Солдаттар мылтықтың оқ тұратын бөлшегін өткізген соң ғана екі жақ келісімге келген.

Днепропетровскіде құрылып жатқан антисеператистік батальон еріктілері:

Your browser doesn’t support HTML5

Volunteers Form Antiseparatist Battalion In Eastern Ukraine


Украина әскерінің жауынгерлік рухы жасып, қалжыраған сияқты. Олар жол бөгеген бейбіт тұрғындарға күш қолданғысы келмейді. Кейбір әскери қызметкерлер әлі де айбынын жоғалтпаған, бұйрықты орындауға дайын. Ал енді бір бөлігі радикалды шараларға көшкен бүлікшілердің ығына жығылуға даяр. Айтып отырғанымыз – Донецкі аймағындағы Днепропетровск солдаттары. Мүмкін мұнда басқа аймақтың жауынгерлерін жіберу керек пе еді? Оларға бұйрықты орындау жеңіл тиер ме еді.

ТҰРҒЫНДАР БҮЛІКТІ ҚОЛДАМАЙДЫ

Украина армиясы сепаратистер басып алған бірнеше ғимаратты қайтарып алды. Бірақ шығыс аймақты бақылауда ұстау Киевтің жаңа басшылығына қиынға соғып тұр.

Краматорскідегі полицияның штаб-пәтері сәуірдің 14-і күні кешке қайтарылды. Алайда әкімдік ғимараты әлі күнге ресейшіл күштердің қолында, оған барар жолды бөгеп тастаған. Украина жауынгерлері Мариуполь қаласындағы әскери базаны түнгі шабуыл кезінде қорғап қалды. Қақтығыстан үш ресейшіл сарбаз қаза тапты. Оннан астам адам жараланды. Бұл Украина армиясының әлі де қауқары бар екенін көрсетеді.

Краматорск пен Славянск қалаларындағы жағдай бұдан да қиын. Сепаратистер баррикадалар мен бақылау пунктілерін орнатқан. Бейбіт тұрғындарға қару берілген. Олар қару қолдану ережелерін жетік білмесе де, қолдарына билік тигендей болып жүр. Сәуірдің 16-сы күні ресейшілдер мен отырған автобусты тоқтатып, тінтті. Сепаратистер ойларына келгенін істеп жүр.

Краматорскідегі украинашыл шеру.

Краматорск тұрғындарының 70 пайыздан астамы - этникалық украиндер. Мұнда орыс ұлты өкілдері көп тұратын басқа қалалармен салыстырғанда украиндер көп.

Краматорскідегі көптеген адамдар Украина әскерін қолдайды және серапатистерді жазғырады. Тіпті Украинанның жаңа билігін жақтырмайтындар да қалада тәртіпсіздік болғанын қолдамайды. Көршісінің аяқ астынан мылтық асынып, көше күзетіп жүргені кімге ұнасын.

(Левко Стектің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)